Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Жаңа жыл тілегі

Ақындық

Ақындықты мәртебе біліп,

Қалам ұстап жүргендер көп-ақ.

Тапқан сөзін ұйқасқа бұрып,

Біреулерге жазады мадақ.

Аңдамайды, ақындықпенен,

Қос жүреді дертпенен жәбір.

Сатылмайды шын ақын деген,

Ақын жаны — үлкен бір қабір.

Өлгенінше жырлап өтеді,

Туған жерін, сүйіп, расында.

Өтіріктің кебін шешеді,

Ақындықтың босағасында.

Қазақ қызына

Атыңа сай жүзің неткен көркем еді,

Жанарың жанды баурап, өртеп еді.

Ақ арман алыстарға жетеледі,

Ерке қызы қазақтың қайда кеттің?

Алыс кетсем, ай көркің елестеді,

Сендік арай жүректен әлі өшпеді,

Мені күткен сол сәуле емес пе еді,

Ерке қызы қазақтың қайда кеттің?

Ғашық отында жандым, жалын болдым,

Бозторғайдай шырылдап, ақын болдым,

Сендік жұртты сүйіп, оған жақын болдым,

Еркеқызы қазақтың, қайда кеттің?

Дешті Қыпшақ даласын араладым,

Қымыз ішіп, ат мініп, ел жағаладым.

Саған өлең арнау болды бар амалым,

Ерке қызы қазақтың қайда кеттің?

Дертімді айтсам, көк жүзі күркіреді,

Көңілдің жасы көзден сіркіреді,

Көкейімнен өзің боп жыр түледі,

Ерке қызы қазақтың қайда кеттің?

Сол бір кездер есімде

Райхан мен жамбілдер, намазшамгүлдер,

Арық жағасында өскен сан гүлдер.

Ана ажарына нәр алған гүлдер,

Әке жігерінен нәр алған күндер.

Сол ғажап дәурен, сол ғажап сәттер,

Қай жерде қалды, қайда кеттіекен?

Ауланың шетінде бақ бар-тын өскен,

Қурапты, ол дағы шықпаған естен.

Қане, ақ гүлге оранған бадам,

Қайда балалық, осында кешкен,

Сол ғажап дәурен, сол ғажап сәттер,

Қай жерде қалды, қайда кетті екен?

Әпкелерім қайда, нәзік гүлден де?

Сыңғырлап сыр айтқан айлы түндерге.

Анашым таңда нан жауып үлгерген,

Әкем ше, қолдайтын мені бір деммен,

Сол ғажап дәурен, сол ғажап сәттер,

Қай жерде қалды, қайда кетті екен?

Қане, қызғалдақ өнген шатырдан,

Қарлығаш ұя сап, сонда отырған?

Қане, жастығым, сұлу қыз қайда,

Сәкіде армандап, таңды атырған?

Сол ғажап дәурен, сол ғажап сәттер

Қай жерде қалды, қайда кетті екен?

Пақса дуалдар езіліп кетті,

Биік шынарлар кесіліп кетті,

Бір үй баланы өсірген асыл —

Ата менен аннам өмірден өтті,

Сол ғажап дәурен, сол ғажап сәттер,

Қай жерде қалды, қайда кетті екен?

Гүлдердің күлкісі

Күлтелер күлгенін көргенің бар ма?

Адамды сезеді, біледі олар.

Сыр тартып, шын көңіл бөлгенің бар ма?

Күлгенде жүрекпен күледі олар.

Күлтелер күлгенін көрдің бе, досым,

Адамдарды жақсы көреді олар.

Қуаныш сыйлайды, шаттанып, сосын,

Нәр алып, өмірден өнеді олар.

Гүлдердің күлкісін көпшілік білмес,

Күлсе шын көңілден күледі олар.

Аярлықты сүймес, сұмдықты сүймес,

Жалған күлкіден өледі олар.

Жаңа жыл тілегі

Өмір ағашынан кенет үзілді,

Жайнап тұрған тағы бір жапырағымыз.

Жаратқанға шүкіршілік етейік,

Сөнбесінші көңілде үміт, шырағымыз

Тілегім сол:

Жаңа жылда баршамыздан,

Сауап істер және жылы сөздер қалсын.

Қартайғанда көңіліңде арман емес,

Ізгіліктен өрілген іздер қалсын!

Өзбек тілінен аударған: Сұлухан Мыңбаева.

Хасан Холмирза

Хасан Холмирза Ғойиб — ақын, публицист, аудармашы. Тәжікстан Жазушылар мен Журналисттер одағының мүшесі, Мәскеу қалалық Жазушылар одағының құрметті мүшесі. Автордың поэзиялық, публицистикалық он шақты кітабы бар. Шығармалары өзбек, неміс, орыс тілдеріне аударылған. Түркиядағы, Қазақстандағы, Өзбекстандағы, Қырғызстан мен Ресейдегі әдеби фестивальдерге қатысқан. И.Бунин, В.Сидоров, А.Майков, Д.Мережковский, М.Турсунзаде, Л.Шерали, Гулназар, С.Антипов, С.Савицкая, Т.Зульфикаров т.б. орыс, тәжік, қазақ, түрік ақын, жазушыларының шығармаларын өзбек тіліне аударған. “Тәжік басылымына 100 жыл”, Иван Бунин мен Лев Толстой атындағы медальдермен марапатталған. Сергей Есенин атындағы “Алтын күз” орденімен мараптталған.