Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Уақыт түсі

***

Болашаққа тасталған сөздер

Олар бізді осы жылы шындықтай таба ма, таппай ма?

Бұл болашақ өзіне артылған үмітті ақтай ма,

Әлде жай ұялғаннан ақтай ма, бәрібір.

Бастысы...

Бастысы деп сөз бастамау,

себебі менің мына қолдарым

Денемен емес, өкініштерімнен өсіп шығып,

Бейтаныс болашақа ұмтылады.

Ал өткенім жайлы болса,

тістері протез атам айтқандай:

"бәрі ұмытылады".

Дегенмен

Қызыл иекке сұғылған түбірлі тістерім секілді

кейде естеліктерім де...

қазіргімді қорытып,

жақысылап шайнауға көмектеседі.

Яғни, өзгеріс - тек біз өзіміз өткерген тарихтың тілімен ғана,

Сөйлейді.

Демек болашақ та уақыттың мінберіне шықса

Бәрібір қорқады

Бәрібір сөз таңдайды.

Сөз таңдау жайлы айтар болсам...

«Мен саған бақыт тілеймін»

«Сен маған қымбатсың»

«Мен сені жақсы көремін»

Деп мән сөресінде тұрған сөйлемдерді таңдап иесіне сыйласам болады,

Бірақ сол сөздердің құнын өтемекке

Жан қалтама қол жүгіртемін бе?

Жалған ақшалардай ол сөздер

Жұрт көңілінде қаңғып жүрген де шығар.

Менің көңілімнің қаншалық таза екенін білмеймін

Бірақ осы сәтте осы жолдарды жазғалы отырмын

Бұл жыл да, қуаныш қанжарын жасырып бір бұрылыста бізді күтіп алғалы тұр

Сол қуанышына киліккелі тұрған болашағымыз үшін ендеше.

***

кезінде велосипедтен көп құлайтынмын.

сол үшін бе,

қазір

кейде, жай

шынтағымдағы жараның

бетіне қатқан қанды

ақырын алып отырғым келеді.

біткен жараны

тырнап тастағым келсе де,

олай жасамауға сабырым жететін еді.

асықпай шетінен бастап...

құдды бір

шынтағыңа өсіп шыққан

қызыл түймедақ гүлін үзіп жатқандай.

сүйеді, сүймейді, сүйеді, сүймейді

ғашық болу да

кейде

кенеттен

велосипедтен

ебедейсіз

құлап түскенге ұқсай ма?

***

Бұл аптада қар басып үлгермеді.

Күзгі пальто бүкірейіп бұрышта

Орындыққа иықтарын бергелі

Ұзағырақ қала беру жұмыста

Дұрыс шығар

Дұрыс болса дұрыс шығар?..

Үндемеймін

Әлде үйде тыныш шығар?

Білмеймін

Ешнәрсені білмеймін.

Мен үйіме жеткенде

Құшақ іздеп кірмеймін.

Әлде мүмкін

Керісінше?..

Уақыт тағы

Сегіз жарым

тоғыздың қарсаңында

Шумақтардың отырып қарсы алдында

Білмедім мен

Тәтті жегім келді ме

Әлде жай шаршадым ба?

***

Сенен кейін

менің жан ғимаратым үйден гөрі орталық архивке ұқсайды.

Қабырғалармен бекітілген қиял саябағы

кезінде ұмыт болған өркениеттің қиранды моласы секілді.

Тас қапастың қабырғаларынан жаңғырған сөздер

аздап қорқыныш татитындай.

Яғни, осының бәрі дұрыс…

Әлде мүлдем керісінше?

Шындық керісінше шағылысса,

мен сенің көңіліңнің сәулесіне мұқтаж емеспін.

Күн шуағының құрбысындай болған тәніңнің жылулығын да

еш қажет етпеймін.

Еріндеріңнің сүт жұмағы мен иықтарыңның бал шатқалдары,

қолдарыңның маған ұмтылған шартсыз мейірім жорығы да

мені еш еліктірмейді.

Иә.

***

мезгілдерге боялған жылдар...

ал жүрек

түрлі түсті қарындаштар қорабындай

жоғалған.

қай сезімдер қандай түстен?

қаншасы оның

жүрегіңнен тоналған?

қандай бояу

дұрыс еді,

үшін кеуде жылыту?

жалғыз бір түс,

мен қорқатын –

уақыт түсі...

уақыт түсі – ұмыту.

Айжарық Сұлтанқожа

Айжарық Сұлтанқожа – ақын, аудармашы, драматург. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Сүлеймен Демирел атындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. «телеграмма қабылдап алыңызшы» атты өлеңдер жинағының авторы.