Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Әңгімелер

Аспанға жолданған хат...

Қараңғылық құрсауындағы құлазыған қала... Әлем үнсіздік құшағында... Басқа жанның бақытсыздығына құрылған бақыт. Сенерін де, сенбесін де білмейді. Жүрегін тіліп жатқан жан айқайына бір жан құлақ түріп, тыңдар емес. Күлкінің көгілдір пердесімен жабылды да, қалды. Барлығы қыз жүрегіне аян... Үнсіздікті енді ол да жанына серік етпекші. Өзгелер сияқты бұл көктемнен ол да өз бақытын күтіп еді, бекер. Өмірінің бал кезеңінен күткені көп... Амал нешік, таудай бақытты күтемін деп бармақтай тасқа сүрінді. Қызғаныштың қызыл жалыны махаббаттың алауын өшірді, артынан тек сезімнің суық іздерін қалдырды. Тасқа айналған суық жүректі сол жанның махаббаты еріткен, кейін қайта суытты. Бәрі бекер. Арпалысқан тіршілік әлі тоқтамды. Тек қыз жүрегінің дүрсілі тоқтады. Тыныштықтың үнсіз әуеннін бұзып, мөлдіреген қос жанардан аққан меруерттер терезе жақтауына енеді. Түнерген түнді көңіліне медеу ететін... Бүгін ол да жат.

Ол кетті. Сезімнен тұрғызылған өз әлеміне қыз жүрегін қамады да, кете барды. Бұл қаланың әр түкпірінде сол жаннан қалған бұлыңғыр естеліктер. Енді қайта жалғыз. Жүрегіндегі сол тәтті елеске айналған бұлынғыр естеліктерін қараңғылықтың құрсауына салып, жүрегінің зынданына лақтырған еді. Сол жанды есіне салып, жатшылықпен, жауапсыздықпен өзектен тепкен тас қалаға өкініш толы жанарымен соңғы рет қарады да, жаңа өмірінің парағын қайта ашып, ескіліктің елесін ұмытуға бел байлады.

Өмірінің жаңа парағы. Жаңа ой, жаңа көзқарас. Бәрі кіршіксіз ақ... Тағдырының ең тартысты кезі енді орнауда. Пәк қалыптағы өмір парағына ескі қаламмен, ескі жазумен тағдырын өзгертпекші. Алғашында бәрі қиын. Тұңғиық мұнға бөлеген қос жанарын өзгеше дүниеге бұрғанымен, өзгенің даусын естігенімен, оның сол жүрек түкпіріндегі, құрсауланған сезімі маза бермейді. Бәрінің де нүктесін қойып, өз сүйгенін өзге жанның қолына ұстатқан өзі болғанымен, сол жүрек түкпіріндегі сезімі әлі лаулауда. Оның күлгені, сөйлегі, қызғаныштан жаны күйгені, еркелей жасаған әр қылығы қыз жадында мәңгі сақталған. Енді өзі де жат қолында, бірақ жүрек төрінде — Ол.

Желдей жүйіткіп, арада біраз уақыт өтті. Енді бәрі өзгерді. Қыз жүрегіндегі лаулаған сезімді өз күшімен өшірді де, қайта оралмастай ұмытты, сағымға айналдырды да, өзгенің қолынан ұстап, «махаббат» атты өлкеде қос аққудай мәңгі бірге боларына сенген еді.

Ал, жігіт ше? Сүйгенінің бұл қатал шешіміне басында көндіге қоймады. Шарасыздық қос қолын кісендегенімен, сүйгеннің басқан әр ізін аңдып, ол жүрген көшемен жүретін. Алайда жан серігінің жатшылықты жатырқап, естеліктерді ескі қалада қалдырып, өзге мекенге кеткенін естігенде, бәрін сөзсіз түсінген еді. (Қолын ерте сілтеді демеңіз, сүйгені үшін осының дұрыс екенін сезген-ді). Уақыт өте келе ол да өзінің адал жарын кездестірген, алайда жүрегіндегі алау сезімі әлі өшпеген, тек шарасыздықтың құрсауына қамалды, өзге шешім, өзге жол болмаған-ды. Сырт бейнеге бәрі алдамшы, бәрі жасанды, «ақ-адал жарым» деп қосылған ғашығы өз «адалдығын» өзгеше көрсетті. Жасандылық пен екіжүзділікті бойына сіңіріп, өзгенің құшағын өз жарынан артық көрді. Солай, өмір атты айдында табысқан қос тағдыр қайта бөлінді.

Қыздың жағдайы ше? Әрине, сүйген жаннан осындай қорлық пен азапта жүргенін ол мүлде сезбеді. Қырсық бір айналдырғанда шыр айналдырып, ол да өз сүйгенін, бауыр еті баласын жер қойнына табыстап, ақша бұлттарға үздіксіз хат жолдап отырды. Жайықтың жатшылықпен аққан ағысын есіне алмауға бекінді. Алайда, шұғыл келген сол хабар, жат мекенге қайта әкелді. Жайық оның естеліге қатігез мекенді ғана емес, жайдарлы, сырлас достарды да сыйлаған. Ұзақ жылдар жан сырласына айналған серігінің көзқуанышына келмеуді ағаттық көріп, өзектен тепкен өлкеге қайта оралды.

10 жыл. Қайғының құрсауында өткен күндер, жүрегіне орнаған ауыр азап. Қарт Жайық әлі өзгермепті. Бірақ бұл жолы өзгеше жылулық сезді. Жайықты сағыныпты... Балауса бал шағының естелігі қанша ауыр болса да, сол мекенге бір баруға бел буды. Махаббаттың ордасы. Қол ұстасқан қос ғашықтар, тәтті бүлдіршіннің қылығына тоймаған ата-әже, бәрі бақытты, бұл қалай бақытты болмасын. Бақытсыздықпен біткен бақыт. Қол ұстасқан қос ғашықтың сырын өзіне сақтағандай, қарт Жайыққа иіле өскен қарт емен.

Есінде, осы маң махаббат бекетіне айналыпты. Сезімнің буына масайрап, әлемдегі жауыздықтың өзі жақсылық болып көрінетін бұл мекенге ыстық сезімін лаулатып, екеуі ылғи бірге келетін. Ал бүгін... Жалғыздықты жанына медеу етті. Жайықтың әрбір аққан ағысы ескі күндерді есіне сала бастады. Қалың ойды тұмшалап,ақ бұлттардың арасына ене берді

Уылжыған тыныштықты таныс бір дауыс үзді:

— Гүлімім?!

Иә, бұл сол еді. Ауыр естеліктердің иесі, махаббат отына маздана жанған сезімнің иесі. Қыз жүрегі сол күндегідей қайта тоқтап қалды, терең дем алды да, артына қарады.

— Арман... — Арада тағы үнсіздік. Бұл үнсіздіктің өзгеше,өзінше әуенде.

Сол бір көктем…

Күз… Аяқ астында үзілген үміттер мен сағындырған сағымдар, күн сәулесі бар мейір, шапағатын бөлеп тұрса да, бір өзгеше суықтық бар. Жаңа өмірін жаңа қалада ол өзгеше елестетіп еді. Оның қиялындағы қала, арманындағы мекен өзге. Тағдырының жазғанына мойынұсынып, көзін жұмып, жүрегін «шарасыздығымен» тұншықтырып осы жерге келген-ді. Айналасында оны мейір шапағатқа толы мол көңілмен қуана қарсы алған жандар көп болғанымен де, оның бойын жатшылық кері итеретін, өзін бұл ортада артық сезінетін.

Түн… Жарық шамы… Айналадағы тіршілік атауының барлығы дерлік тәтті ұйқы үстінде. Дәл осындай жан тыныштығы орнаған сәтте адам қиялына түрлі ой, түрлі ғажайыптар орнап, бір сәт көз ілуге мұрсат бермейді. Адам қиялы жүйрік қой шіркін! Бір минутта сан мыңдаған шаруаны ойлап, бітіріп, болашақ өміріңе бағдар жасап шығасың. Әлем тыныштық құшағында… Тек оның ғана ойына тыным жоқ. Төрт қабырғаның ішіне қамалған бұлбұл құстай, даусын кернеп құйқылжып ән сала алмайды, бейне біреу қол-аяғын көзге көрінбейтін арқанмен тұсағандай. Терезеден жымыңдап сырласуға шақырған жұлдыздарға бір көз салды да, қалың ой құшағына енді. Санасына қанша сәттен бері тыным бермей жүрген орындалмаған «арманы». Жанын қинаған жан ауруына бүгін нүкте қойып, тағдырға бой ұсынуға бел буды. Бұл жеңілгендігі емес, жәй ғана бір қадам кейін шегінгені, келесіде екі қадам алға басуы еді… Терең ой жетегінде, қара күшпен арпалысып, көзінің қалай ілініп, «ұйқы» атты тәтті әлемге енгенін өзі де байқамапты. Көзін ашса, айналасының бәрі жанданып, құлпырып кеткендей, түндегі жанына маза бермеген қара бұлттардың ортасынан қақ жарып, жарық күн шапағын шашып тұр. Болашақтың есігін айқара ашып, өзінің жаңа өміріне нық қадам басты. Бүгінгі оның ең алғашқы жоспары – жүдеген жанына азық ететін, бір сәтте түрлі әлемге саяхат жасауға мүмкіндік беретін, санасын тыныштандыратын кітапхананың сыр әлеміне ену болатын. Көктем… Үзілген үміттердің жаңадан бүршік атып, күзде жалғыздықтың мұңын шертіп, ұшқан құстардың бүгінгі әні өзгеше, өздерінше көңілді еді. Тек қана оның жанында сол бір күздің салқын самалы сақталған. Санасынан қанша қуса да кетпейтін сол — орындалмаған арман. Қара тұман тек қана санасын емес, бүкіл денесін жаулап алғандай. Қанша қуса да, «мені ұмытпа» дегендей «есікті» қағуын қоймайды. Көңіліндегі жауабы жоқ сауалдармен өзінше күресіп келе жатып, жаңа ғана қаздай тізіген кітаптар арасынан «жаныма серік болары осы-ау» деп көзіне алғаш түскен, шаң басқан сол кітаптың алғашқы беттеріне көз жіберді. Тар қапастан бейне бір күш жұлып алғандай, тәтті сезім құшағына беріліп келе жатқан сәтте, санасындағы қара күш «ары қарай жарқын болашағыңа қадам баспайсың, қараңғылықты мәңгі серік қыл» дегендей, бір сұлба алдынан атып шыққандай күй кешті. Жо-жоқ, бұл өне бойын сыздатқан ауыр азабы емес, бейтаныс жігіт екен. Өзін елітіп, өзіне құштар қылған кітаптың қызығына түсіп, бейтаныс жігітке соқтыққан мына өзі екенін енді аңғарды. Сұңғақ бойлы, жүзі жайдарлы, ұстамды бұл бейтаныс жігіт оның солған гүліне нәр беріп, қайта жайнатқандай болды. Оның күлімдеп қараған бұл бейнесі, өне бойын жылытқандай, өзге әлемге алып қашқандай күй кешті. Мөлдіреген қос жанарына көз салып еді, өзіне бір құдірет сана-сезімін шырмаған шырмауықтан босата алардай күш берді. Бұл сезім оған мүлде жат еді. Тас жүректі жылытқан сезімі, «ғашық болғысы келетінін» айтып, қайта-қайта тыным бермей, кеудесінен шығардай дүрсілдейді. Жан-жаққа шашырап, бір-бірімен алысып, жас сәбише асыр салған ойларын дереу жиып алып, жанына медеу болған сол жаннан "кешірім" сұрауға асығып еді. Бүкіл әлемді нұландырған жанарымен үздіге қарап, бейтаныс жігіт бірінші болып тіл қатты:

— Кешіріңіз, байқамадым. Кітаптың буына масайып, қызығына түсіп кеткен сіздей арудың жолына көлденен тұрып, кедергі болдым-ау. Қиялдан құралған әлеміңізден өзіңізді қуғандай болдым ғой. Өз ісіме ұялып тұрмын.

— Жо-жоқ. Олай демеңіз. Барлық қате менен. Қоғамдық ортада, барлығы бір жаққа асығып, жан ұшырып жүргенде кітап қызығына түсіп, қызық қылдым-ау. Көргендер қолын шошайтып «дені сау ма?» деген болар.

— Айналадағы адамдардың көз-қарасының түкке де маңызы жоқ, маңыздысы өз жан тыныштығың емес пе?

Дәл осы сөздер оның санасында да сайрап тұр еді, бейтаныс жігіт оны көзінен аңғарғандай болды. Жәй ғана жымиды да,басын изеді. Арада тағы үнсізді. Екеуі көздерімен бір-біріне сыр айтып, ұзақ тұрды. Тағы үнсіздік… Мына лас әлемде, тар қапаста өз арманын жүзеге асыруға жетелейтін, өміріне шуақ нұрын төккен осы — көктем еді. Тыныштық…

Қайғыдан құрастырылған қапасты жарып өтіп, бақыт сарайын көңіліне орнатқан сол жан. Екеуі ұзақ үнсіздікпен сырласты. Қанат бітіп, бұл әлемнен бөлініп шығып, ақша бұлттар арасында бір-біріне сезімдерін жеткізді. Өзге, жұмбақ әлем ашты. Үнсіздікпен ұғынысқан қос жанардың алаулаған оты, махаббат жалынына айналды, екеуінен өзге нәрсе жер бетінен жоғалғандай күй кешті. Жаңа ғана сұрықсыз көрінген көшелер әп-сәтте өзгеше түстерге боялып, қол ұстасып жүрген жандардың барлығы бақытты көрінді. Бұндай сезім оның мұз қатқан жүрегіне мүлде жат еді, көңіліне көктемнің шуақ нұры төгілді. Бір-бірінің жанарынан махаббаттың ұшқынын, мөлдір сезімнің бұлағын көрді. Жәй ғана жымиды, жәй ғана бақытты болды. Тыныштықтан құралған бақыт қамалы… Үнсіздіктен бастау алған сол бал сәттер күннен күнге күшейе берді, жүректегі лаулап жанған алау от бүкіл әлемді зұлымдықтың құрсауынан құтқарғандай болды. Бақыттың аспанында тербеліп, махаббаттың құшағына малынған қос ғашықтың басына қара бұлттың үйірілетінен ешкім де бейхабар болды. Қанатты почташы достардың бұл жолы әкелген хабары қуантатындай жайт емес еді. Төрт бүктелген парақтың ішінде, махаббатың бал мекеніне төрт жақтан соққы бергендей болды. Шұғыл келген хат, бақыттан тізбектелген ақша бұлттар орына, жалғыздықтың зынданын салғандай болды. Хатта жігіттің анасының хәл үстінде жатқанын, жапанда жүрген жалғызына соңғы өтінішінің барын жеткізіпті. Теңселіп, жүрегіне қанжар сұққандай жігіт бірінші рейспен жолға шықпаққа бел буды. Анасының аялы алақанын соңғы рет сүйіп, соңғы рет «айналайын» деген сөзін естуге асықты. Жігіт үлгерді… Анасының соңғы аманатын естіді, қиянат жасауға көндікпеді. Махаббат бесігінде тербеген сол арумен өткен шаттыққа толы сәттерін, жүрек түпкіріндегі қобдишаға салды да, өзге жанды өзіне серік етті. Жалғыздықтың құрсауында жүрек жартысын қалдырды да кетті. Жігіттің сол сапардан қайта келмейтінін, нәзік жүрек сезген. Амалсыздан көндіккен... Айлы түндегі кездесулерін ұмытпақ емес… Жігіттің әр басқан қадамы қыз жүрегін қайта тас қылып, бақытын ала қашқандай болды. Тек қана үнсіздіктің құшағында құрсауланды да тұрды. Жүрегінің әр дүрсілі «қайта кел» десе де, ол бәрін өзгеше түсіндірді. Жүрегіне мойын бұрмады.

— Ақ сүт беріп өсірген анаңыздың ақ әлдиін ұмытпаңыз, соңғы өтінішін аяқ-асты қылмаңыз, анаңыздың сізге жақсы нәрсе тілеп, адал жар тапқаны хақ, артыңызға қарайламаңыз! — деді де, көзінен аққан ыстық сезімнің жұрнақтарын жасырып, жалғыздықтың құрсауына ене берді… Жан азабынан бір сәт қол үзгендей болып еді, жоқ, енді ол еселенді. Жүрегінне көктемнің шуақты сәттерін сыйлаған сол жан туралы, орындалмаған арманы жайлы тағы да ойлады, құрсауланды, қамалды… Тыныштық... Қыстың қаһарлы күндері бітіп, махаббаттың бесігінде тербеткен сол бір көктем қайта оралды… Түн… Әлем тыныштық құшағында… Тек оның ғана жүрегінде сағыныштың оты лаулауда… Жүрегіне өшпес із қалдырған. Сол бір көктем.

Үзілмеген үміт

Тым ауыр... Ауырып барады... Қиын... Суық сүйегін тесіп өтіп, жанын тоңдыруда... Бойында қалған соңғы күшін жинауға тырысты... Әлсіз ғана қос жанарын әзер ашты... Көзіне алғаш іліккені қарауытқан аспан... Қара бұлттар үйіріліп, түңіреніп, әлде кім ренжіткендей кейіпте. «Мен қайдамын?» Тағдырының тосыннан келген бұрылысына дейінгі жәйттарды есіне түсіруге тырысты. Алайда бұдан ештеңе шықпады. Денесіне қара тасты орнатқандай ауырлық жанына батып барады. Орнынан тұруға бекінді, қолынан келер емес.

— Бұнда қалай тап болдым? Қалай? Қайдамын? Құтқарар жан табылар ма екен, мені естір тірі жан бар ма? — Шарасыздық шырмалып, қарсы айырылған жүрегімен үндесіп, тамшы жас зырғып барады. Қарауытқан аспан өз қақарын Райсаға ғана төгіп тұрғандай күй кешті. Өмірінің соңғы тараулары жанын қуатпаса да, сынуға мүмкіндік бермейтін қайсар мінезі арқылы бәрін жеңіп шығатын. Бірақ қазір емес. Соңғы сәт есіне орала бастады. Қараңғылықты құшағына бөлеген түн. Ашудан көз жанары қарауытқан жоғары жылдамдықтағы көліктің және Райсаның жүрегінің иесі — Талғат. Денесі қайта сыздап кетті. Бұтақтарынан үзілген үміттердей түрлі бейнедегі тағдыры бір жапырақтар жанын ұғынғандай жақындай берді. Өзгелер суықтық пен өзгешелікті көретін күзден ол жылу алатын. Басын көтеруге бар күшін салды. Алғашында қиын болса да, оның бірбеткейлігі жәй қалдырмайтын. Асықпай басын көтерді. Әлде бір тылсым күш басын жерге қарай тартып, мазасыздандырды.

Жайма шуақты күндердің бірі еді. Зәулім сарайлардың әйнектерінен өзге әлемді көрген гүлді көйлектегі Райса бүгін ерекше қуанышты болғанымен, жүрек түкпіріне бір жайсыздық орнай бастады. Жұмыс аптасының соңғы күні болған соң, ертең балдай тәтті бүлдіршіндерімен күні бойы уақыт өткізетінін еске алып, қызғалдақты жаны сүйетін қызының ұнататын бәлішін дайындап беруді ойлады. Алайда шыныменде ол алда не күтіп тұрғанын білмеді. Сан ойдың құрсауында қамалып отырып өз аялдамасынан асып кете жаздады. Жол-жөнекей дүкенінен нан сатып алып, үйіне асықты... Жүрегі бір жайсыздықты сезеді... Алаңдаулы... Неге? Кімге? Не үшін?

Аяңдап, ерекше толқыныспен бақыт ұясына енді. Есік ашылғаннан «анашым» деп жүкіретін қос құлыны бүгін көрінбеді. Салқындық... Қараңғылық... Жылулық мекеніне айналған өз шаңырағынан шоши бастады... Ас үйге кірді... Стол жанында әркез махаббат құшағына бөлеген Талғат отырды. Бүгін жүзі сынық. Көзін қара бұлт торлап, бар әлемге қаһарын төгіп тұр.

— Сәлем, жаным. Балалар қайда? Үйірмеден әлі келмеді ме? Бүгін қандай керемет күн болғанын білсең ғой!

— Керемет күн! Иә, өте керемет күн! — Қызғаныштың қызыл отына өртенген Талғаттың жанарынан ашу мен ызаны байқаған Райса үнсіз қалды.

— Иә, бүгін қай күйеуіңнен келдің? І-і-і, түсінікті, сонымен керемет күнді өткізіп келе жатыр екенсің ғой.

— Талғат, жаным-ау ол не дегенің! — Ащы дауыс. Көз жас. Тағы. Қайтадан. Өмір атты том кітабында бақыт бөлімінің осылай көз жаспен қайта жуылып жатыр. Әлемнің бар асылын өзіне жасырған қос жанарындағы мұң мен шарасыздықты ешкім сезбеген-ді. Ол көп нәрсе қаламады. Тек мәңгілік махаббат айдында бірге бақытты ғұмыр кешу. Айнала үнсіздік симфониясын ойнап, тірішіліктің барлығы бір сәт тоқтаған әр түн таңды көзбен атыратын. Ұйқысыздықтан емес, өткенің өшпес іздерінен. Енді ұмытылды деген сәтте қайта көз жас...

Райсаның махаббатта жолы болмады. Алғашқы бас қосқан жары да, өзгесі де қызғаныштың құрбаны атанып, қол көтеруге дейін баратын. Қанша рет өзін аямай, балалары үшін деп көнгенмен де шыдамы шытынап, шарасыздық қос қолын байлап, жалғыздықты жанына серік етіп, бар ашу-ызасын, көз жасын, мұңын арқалап, ол мекенді тастап кететін-ді. Жо-жоқ, ол сол уақытта жалғыз болған, қазір оның жанына сая болатын бүлдіршіндері бар.

Талғат оның өмірінде аяқ-астынан пайда болды. Сол бір бас қосу екеуінің махаббат әуенінің бастауы болған. Жаны жабықан Райсаның көзіне ерекше ілігіп, суыған жанына жылулық сыйлаған. Уақытша... Кішкентай сәбиі мен жанындағы жараны серік етіп, бір жыл өмірі төрт қабырғадан әрі аспаған соң, достарының өтінішін жерге тастауға қысылып, осы кешке келген. Кеш басында өкініш кеудесін өртегенімен... Есіктен сұңғақ бойлы, арықша келген, сымбаты келісті жігіт кіріп келді. Өзінің кешігіп келгеніне кешірім сұрап, өзін таныстырды. Оның көзі өзіне аңтарыла қараған көп адамдардың ішінде, столдың бір бұрышында өзгеден өзгешеленіп көңілсіз, жалғызсырап отырған Райсаға түскен. Көзқарастары бірнеше мәрте түйісіп қалып, кештің қызығы енді басталған сәтте Талғат Райсаға жақындады.

— Сәлеметсіз бе, жаныңыз бос па?

— Иә.

— Менің есімім — Талғат! Сіздің?

— Райса, — Таныстықтан басталған екеуінің әңгімесі Райсаны үйіне дейін шығарып салумен жалғасты. Олар күнде кездесетін, әр кездескен кезде бір-біріне айтатын әңгімелері таусылмайтын, бірде бір-біріне егіле жылап, бірде балаша күлетін. Көз түйістен басталған бұл махаббат оқиғасы неке сарайындағы жаңа өмір тарауымен жалғасты. Өз өткенін ұмытпаса да, барлығын жүрек түкпірінде сақтаған Райса көп уақыт өтпей қайта оралатынынан бейхабар еді. Араға жыл салып, екінші мәрте ана атанды. Мына жалғанда одан басқа бақытты жан жоқтай сезінді. Аяулы жары, қос құлыны қасында... Сол күндердің қайта оралатынан бейхабар шағы еді...

Райса Талғатты жолықтырғанға дейін екі мәрте отбасын құрған-ды. Алғашқы құрған отауының күйреуіне жарының емделмес дерті себеп еді. Олар ұзақ уақыт ата-ана атанбады. Кінәнің барлығын Айжанан көрді, күнделікті ұрыстың соңы қол көтерумен бітетін. Қызының қорлық көргенін көріп, жүрегі шыдамай анасы дүние салды. Айжаның шыдамы осы кезде шытынап, қолын бір сілтеп, үйден кеткен еді. Арада біраз уақыт өтіп, жеңгесі «жақсы жігіт» деп маза бермеген соң, Олжастың етегін ұстаған-ды. Шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. «Не ішем, не кием» деп те, қиналмады. Бірақ сол темір- терсек пен уақытша рахаттан еш жылу мен махаббат сезбеді. Керсінше қызғаныштың құрбаны болды. Өзі үшін емес, сәбиі үшін көнді, шыдады. Бірақ бір күні қайтадан барлығына қолын бірақ сілтеді. Талғат оның өміріне күндей күлімдеп келіп шуағын шашты, бақыт құстары үзбей ән шырқаған еді. Еді. Солай бола беретін де еді, қайтадан қызғаныштың қызыл жалыны шарпымағанда. Ащы дауыс... Көз жас... Оның шыдамы таусылған. «Мен де бақытқа лайықты шығармын» деумен әр түн жастығын жасымен жуатын. Таң атқаннан ешкімге сездірмеуге тырысатын.

Тым ауыр... Ауырып барады... Қиын... «Кім бар, құтқарыңдаршы!» деп жаны айқай салды. Денесіне тиген ауыр соққыдан болу керек, қозғала алмады. Есінен танды.

— Аға-а, ол есін жинады, — деп айқай салған бүлдіршін даусы.

— Есін жинады дейсің бе? Бұл қуанышты жаңалық қой. Қане, былай тұршы, — Райса көзін әрең ашты... Бір ғажабы бойындағы ауырлық кеткен. Көз алдында жанарына қуанышқа орнаған, екіге айырылып өрілген қос бұрымы өзіне ерекше жарасып, кішкентай қуыршақтай қыз және өмір тауқыметін тартқан, бетін әжім торлай бастаған ер кісі.

— Апатай, біз сізді орманнан тауып алдық. Сіз адасып кеттіңіз бе? Сізді қасқыр мен аю жемекші болды ма? Сіз солармен шайқастыңыз ба?

— Ажар, өзінің сұрақтарыңмен апаңның мазасын алма! Аздап тынықсын, сосын сұрайсың, жарай ма, қызым?

— Жақсы.

Кейін арада біршама уақыт өтті. Сол уақытта өлім аузынан құтқарған сол періште жанмен бас қосты. Өмірден енді өз орнын тапқандай болды. Алдағы өмірде не күтіп тұрғаны белгісіз. Алаңдаушылық және қорқыныш...

Жат қаладағы бейтаныс жанның әңгімесіне мекен болған Достық даңғылы бойындағы жаңа ашылған кафеде басталған ұзақ әңгімені қысқа шашты қыз тәмәмды да, жанындағы жүрегі жылаған жанға қарады. -Мен саған сенемін!! Жазып шығасың!

— Қолымнан келмесе?

— Келеді!!

P.S. Құрметті досым! Бұл оқиға шын өмірден алынды. Естіген сәттен түнім ұйқысыз өтті. Қаншама рет жүрегім ауырды, езілді. Әйел — ғаламның ең мықты жаратылысы. Қаншама сәтсіздік, қаншама көз жас... Бұл әңгіменің ауырлығы соншалық, талай мәрте ауырдым. Әңгімелеушінің ойын барынша ашып жеткізуге тырыстым, бәлкім әлі шикі болар?.. Оқиғаның иесіне шын жүректен бақыт тілеймін! Сіз лайықсыз!

Гүлбибі Бақытбаева

Гүлбибі Бақытбаева — жас жазушы, журналист. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4 курс студенті. «Жайық үні» қалалық газетінің тілшісі.