Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Кезеңдер

Орыс тілінен тәржімалаған – Айжарық Сұлтанқожа

***

Бұл қала мәңгіге тарихта қалмақ.

«Шаңырақ» пен «Ақбұлақта»,

Кетлинг пен кибербуллингте,

«Сулпак» пен реновацияда,

Жоғалған трамвайлар мен

Ғайыпқа сіңер мозайкада,

Өртке оранған

Кеңес архитектурасының

Ескеркіштерінде,

Тұманды қаңтарда,

Тағы не жасырынғанын білесің бе?

Егер әлдебір заңдылық тапсаң,

Аспан қанцеляриясына

Петиция жаз.

Келер ұрпақтың

Жадында қалсын жаңғырып.

 

 

***

Менің аквариумымнан үлкен балық жоғалып кетті.

Ауаға сіңгендей із-түссіз ғайып болды.

Күміс бүйірін жалаңаштап, ескектерін жая

өліп қалса мейлі ғой.

Дәл кинодағыдай.

Бірақ.

Бұл тіпті түс те емес.

Жабық бөлмедегі қауыздан балық жоғалып кетті.

Суы ғана қызылға боялды.

Бұл жайтқа мысықты кінәләсақ та болар еді,

Бірақ менің мысығым жоқ.

Жарығы сөнген терезені ақпанның жаңбыры қағып тұр.

Мен қараңғыда, жасанды жарықты жағудан бас тартып отырмын.

Менің балығым енді жоқ.

Мен де,

Дәл солай

жоқ секілдімін.

 

 

Кезеңдер

Қане,

Бақтағы әр ағашқа есім берейікші.

Тек бізге мәлім есімдер берейік.

Сосын көктем сайын

Осында келіп, олармен сыр шертелік.

Қайтқандармен де, тумағандармен де...

Олар да бізге

Бұтақтарын тербеп жауап қатсын.

Біз кешірім сұрайық. 

Амалсыз қалған сәттеріміз үшін,

Себебі дер кезінде кешірім сұрау да,

Маңызды.

Айтқан әр шикі сөзіміз үшін,

Ұрыншақ, бейбақ, қорқақтығымыз үшін,

Өзімізге кінә артпай,

Шулаған жапырақтардың

кешірімін алайық.

Сол бір талпынысымыздың

Жемісін жинайтын сәт жеткенде,

Шамамыз қалмай, әлсіреп,

Бұтақтар жапырағын сілкіп тастаған кеңістікте

Өз зат есімімізбен оңаша қаламыз.

Жанымызды жараламасын деп, ыңғайлы етістіктер жинаймыз.

Жауын суы осымен отыз сегіз күн тыншып тұр,

Аз-ақ қалды,

Алғашқы қалың қарменен барлығы өте шығады.

Сөз де, ескі күннің естелігі де –

Білінер-білінбес соқыр нүктеге айналар.

Сосын бізге

Бос бөлмелердің қараңғылығынан,

Суып қалған төсектен,

Мүлгіген бақтың пантомимасынан

қорықпауға болады.

Жауған қар дыбыстарды жұтып,

Тыныштық орнап жатыр.

Ең алғаш кездегідей.

Біз әлі болмаған

Әлімсақтағыдай.

 

***

Бүгін радио да, теледидар да, қосылмасын,

Мылқау тыныштықтыққа сөз беріп тыңдайық:

Әне,

Шатырдан құлап бара жатқан

ессіз аруды көрдің бе?

Өлер ме?

Сенесің бе?

Қалай болса да, ешкімге оның шашылған қалдықтарын тауып

Ұлыған зарлы дауысты естуге жазбаған.

Біз тыныштығымызды банкіге жабамыз,

қорек деп,

...қыс келгенде аш қалмас үшін.

 

Сұлтанқожа Айжарық Ақылбекұлы – ақын, аудармашы, драматург. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Сүлеймен Демирел атындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. «Телеграмма қабылдап алыңызшы» атты өлеңдер жинағының авторы.

Ирина Гумыркина

Ирина Гумыркина – ақын, журналист, қазақстандық «Дактиль» онлайн әдеби журналының бас редакторы және «Поэзия» бөлімінің редакторы. Алматылық ашық әдебиет мектебінде поэзия мен әдеби сын семинарларын (2017-2018, 2020-2021 жылдары), «СТиХИ» баспасының Мәскеу студиясының ұйымдастыруымен өткен поэзия семинарларын бітірген (2021). Шығармалары «Плавучий мост», «Звезда», «Дружба народов», «Юность», «Формаслов», «Крещатик», «Этажи» ресейлік әдеби журналдарында, қазақстандық «Простор», «Тамыр» журналдарында, Literra NOVA альманахында жарияланған. СЭИП қорының Қазақстанда өткен әдеби фестивальдерінің (2019 және 2021 жылдары), Almaty Writing Residency қатысушысы (2021). Екі өлеңдер кітабының авторы. Өлеңдері ағылшын және неміс тілдеріне аударылған.