Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Айнагүл Садықованың «Күзгі әуен» романы жайлы

Романның атауы – «Күзгі әуен». Бұл шығармадағы күзгі әуен – қартайған шақтағы таланттың жарқырай түсуін меңзейтін секілді. Күзді көбіне адамның қарттығына теңеп жатады ғой. Шығармада осы ойымызды қуаттайтын сөйлем бар: «Күз деген байлық қой, астық, көкөніс, жеміс жидек піседі. Соның дәні қардың астына көміліп, суарылғандықтан, жаз жап-жасыл болмай ма?» дейтін. Бұл романның басты кейіпкері – Әсила есімді келіншек. Көркем өнерпаздардың қаладағы концертіне барайын деп тұрған жерінен, ән айтатын совхоз бастығының әйелі қызғанып, жолынан қалдырады. Өйткені Разия да әнші еді. Ал тыңдарман қауым Әсила ән айтқанда ұйып тыңдайды да, Разияны елемейді.

Романның қозғайтын тақырыбы – қазақ дәстүрлі әншілік мектебі мен заманауи музыканың тартысы. Кейбір заманауи музыканың  фальш ноталарын халықтың аңдамай қалуы, сондай фальш сезімге бөленуі және ұлттық музыканы керек қылмай қалуы жайлы ойлар бой көрсетеді.

Шын таланттардың үнемі жолын кес-кестейтін дарынсыздар мен аңғал да, ақкөңіл хас таланттардың арасындағы бітіспес күрес. Сонымен қатар ұлттық музыканың заманауи әуендердің көлеңкесінде қалып қоюы, әрі тыңдарман қауымның шетел музыкасының ықпалына тез түсуі, әрі кәсіби әртістердің азаюы туралы баяндаған.

Композиция. Шығарманың құрылымы өте кәсіби деңгейде құрылған. Оқиғаның бірден «Әсиланы қалаға кәнсертте өнер көрсетуге жібермейсің» деп, күйеуімен ұрсысқан Рәзиядан басталғаны интрига жасайды. Автор оқиғадағы бар қызықты бір-екі абзацпен ашып бере салмай, асықпай суреттей отырып, оқырманын елітіп әкетеді.

Образдар. Шығармадағы кейіпкерлердің әрбір диологы, іс-әрекетіне қарап автордың кәсіби жазушы екенін байқау қиын емес. Шығарма өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы атмосфераны береді. Ауылдағы қазақтардың, олардың танымының, мінез құлқының ерекшелігі шебер суреттелген. Сендіреді. Әсиланың аңғалдығы, елдің бәрін өзіндей көретіні, кейде тіпті момын күйеуіне еркелейтіні оның образын қанық қыла түседі. Разияның қызғанышы да орынды, оның отбасы да жақсы, бала-шағасы аман, күйеуі совхоз басшысы, дейтұрғанмен оның ішінде тұншығып бара жатқан эгосынан қызғаныш пайда болады.

Әсиланың қызы – Сәнияның мектеп қабырғасында оқып жүріп, анасы туралы күнделікті сөздермен шығарма жазып бергені, оған Әсиланың ренжігені, Сәнияның сонда «шешемді мақтасам, көз тиеді» деген балалығы – сенімді шыққан. Әрі автор әншілердің қолданатын терминдерін нақты біледі.

Автор позициясы. Автор бейтарап позицияда жазған. Бұл шеберліктің белгісі деп ойлаймын.

Көркемдігі. Тілі қарапайым болса да, көркем. Баяндауға салып кетпейді. Көбіне кейіпкерлердің образын диолог арқылы берген. Ал диалогтары – шынайы.

Алишер Рахат

Алишер Рахат – қазақстандық жазушы, драматург, «Дәктіл» журналының қазақша редакциясының редакторы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «кинотеледраматургия» мамандығын бітірген. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры жас драматургтер арасында өткізген байқауының (2015), Шығыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Терроризмге қарсы драмалық шығарма» байқауының жеңімпазы (2017), «Тәуелсіздік толғауы» республикалық байқауының «Отбасы құндылықтарын айшықтайтын ең үздік пьеса» аталымының иегері (2017), «Драма.KZ» заманауи драматургия фестивалінің финалисті (2018), «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша жеңімпазы (2021). Ташкент қаласында өткен «IV Театр жастары форумының» қатысушысы (2021). Бірқатар пьесалары қазақстандық театрлардың сахнасында қойылды. Шығармалары «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінде, «Әдебиет порталы», «Мәдениет порталы», «Қаламгер» сайттарында, «Адырна» және «Литерра» журналдарында жарияланған. «Махаббатым – constant» және «Параллель» романдарының авторы (2019, 2022). Әңгімелері орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аударылған. «Burshaq» шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі.