Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

КҮЗГІ ӘУЕН

(Романнан үзінді)

 

«Адам рухы Мәңгі Рухтың сәулесі болғанда ғана құдіреткежетіледі,

дүниені көркейте алатын күшке айналады»

Р.Генон

 

«Табысқа жетуді емес, қызмет етуді мұрат ететін уақыт келді»

 Эйнштейн

 

І-БӨЛІМ

 

Дүние байсал тартқан қоңырқай күз. Сәулесін имене төккен күн де шуақсыз. Ауада салқын леп бар. Табиғат-Жырау кезекті өмір дастанын күрмеп, келесісіне ұйыған. Баршасы бір мызғып, әл жинауға бет қойғандай, маужыраңқы, меңіреу.

Тек жел үзген жапырақтар ғана әлі де қызық көріп қалғысы келгендей, жалпылдай ұшып, клуб терезелеріне жабысады. Бұйығы сырттағыдай емес, бұндағы көрініс мүлде басқа. Клуб іші, құдды, қайнаған тіршілік. Дүрілдетіп, өнер көрігін қыздырған адамдардың көңілі қош.

Ауыл өнерпаздарының концерт алдындағы соңғы дайындығы. Кәдімгідей қызылды-жасылды киініп, боянып-сыланған ауылдың әнші-күйшілері анау-мынау әртістеріңнен кем емес. Енді ше, мұқым республика көреді ғой! Ертең астанаға жол жүреді. Республикалық арнадан «Ауыл еңбеккерлерінің концерті» деген айдармен көрсетілетін бағдарламаға қатысқан облыс-облыстан келген өнер коллективтерінің концерттерін қызыға тыңдап жүргенде, бір күні өздеріне де шақырту келіп, содан мәре-сәре болып, жатпай-тұрмай дайындыққа кіріскен.

«Алматыға барам» деген көңіл-күйден бе екен, әйтеуір, Әсила да дәл бүгінгідей ешқашан шешіліп әндетпеген шығар!

Баянның сүйемелдеуіндегі жайдары, жаймашуақ желдірме бәсеңси бергенде, бірінші шумақты айта бастаған Әсиланың сыңғырлаған таза, ашық үнінен аққу арманының орындалатынына кәміл сенген ғашықтың сойы танылған еді. Алып-ұшқан көңілдің суретіндей, біресе жоғарылап, біресе төмендеп кететін әуен өрнегіне орайлас, әншінің де дауысы еркін құбылып, ойнақ сап, тыңдаушыны еліктіріп әкетеді. Әсіресе, «а-а-а» деп, көтеріп әкеп, шарықтау шегіне жеткенде, әншінің көзі ұшқындап, жүзі нұрлана жымиып, қанаттанып кетті. Ән аяқталар-аяқталмастан, залдағы осы шараға қатысы бар-ау деген азын-аулақ жұрт ризашылықпен қол шапалақтады.

Дайындық нағыз концерт кезіндегідей тап-тұйнақтай өтті.

— Осымен «Куйбышев» совхозы өнерпаздарының концерті аяқталды. Тыңдағандарыңызға рақмет! деген жүргізушінің хабарлауынан кейін дабыр-дұбыр қайта жанданды. 

Өте жақсы! Тамаша! осылай деп, сахна шетінде тұрған көркемдік жетекші алдыңғы қатарда отырған совхоз директорына қарады.

Қою қара шашты, жазық маңдай, денелі әрі келбетті директор асықпай орнынан тұрды. Оның осы маңғаз қалпын Әсила әкесіне ұқсатушы еді. Ол өнерпаздарға жылыұшырай қарап, әдетінше, бипаздай тіл қатты:

Ал, халайық. Дайындықтарыңыз жақсы. Ертең дәл осылай өнер көрсетсеңіздер, үлкен бедел жинап қайтасыздар. Бұл аудан алдында бізге де абырой. Бәріңіз де бүгін ерекше атсалыстыңыздар. Әсіресе, Әсеке, Сізді тыңдаған сайын, «мынау түкпірдегі біздің де бақшамызда бұлбұл сайрайды екен-ау» деп ойлап, әр кез тамсанам. Сізге рақмет, сахнаның сәнісіз. Барлығыңызға да көңіліміз толады. Осы беттен таймаңыздар...

Содан соң сәл кідіріп, сахнада тұрғандарды көзімен сыдырып өтті.

Байболат, қолыңа крем жағып жүрсің бе? Телевизордан домбыра тартқанда, комбайнер екенің көрініп қалмасын, деді ол жымиып. Жұрт күлді. Сәттілік тілеймін. Сапар оң болсын! Жарайсыздар!

Содан кейін саусақтары салалы, қағілезкөркемдік жетекші сөз алды.

Так, ертең репетиция жоқ, жақсылап демалыңыздар. Жолға қамданыңыздар. Бүрсігүні сағат 9-да осы жерге жиналамыз. Концерт киімі, аспаптарды, тағы не керектің бәрін осы қазір қалдырып кетесіздер. Қали, естідің бе? Бүгіннен қалдырмай, қаттап-бүктеп, тиеп қойыңдар. Ертең Жұмабай тексеріп алады. Документтеріңізді әкелдіңіздер ғой? Жұмабайға өткізіңіздер. Жолға артық ештеңе алмаңыздар, бәрін реттеп қойдық. Ештеңеге алаң болмаңыздар. Сұрақ бар ма? Ал, жарайды онда, сау болайық! Бүрсігүні 9-да!

Жұрт желпініп далаға шықты.

Совхоз директоры әйелін ертіп, өз машинасына отырды. Әйелінің сазарған түрін байқап, таңырқаңқырап қалды, бірақ, ештеңе демеді.

Үйге келген соң, әйелі шешінер-шешінбестен, сыздаған күйі:

Әсиланы тізімнен шығар, деді.

Ау?

Әсила Алматыға бармасын!

Неге?

Мен қаламаймын!

Мынауың қызық екен. Иә, не боп қалды? деді күйеуі таңырқаса да, салмақты қалпынан танбай.

Әйелі үндемеді. Қолын айқастырып, диванда безірейіп отыр. Директор қарсыдағы кең креслоға кеп жайғасты.

Ұрсысып қалдыңдар ма?

Әйелі басын шайқады.

Әлде біреу бірдеңе деді ме?

Жоқ!

Жай сөйле, Рәзия, мен білуім керек қой не болғанын?!

Білетін түгі жоқ, Мен қаламаймын, бітті! Әрі-беріден соң, мен де әншімін. Жақсы әншімін. Тек... соның кесірінен «бірінші» емеспін, деді әйелі шатынап.

Күйеуі үндемей, сәл отырды.

Болмайды, Рәке. Бұл бассыздық. Шебердің алдына түскенді қай атаңнан көріп ең? Оның жолы үлкен...

Осы соның «жолы үлкен» деп кім айтты өзі? Осындағы жалғыз әртіс сол ғана ма екен, тегі?

Әрине, жалғыз әртіс сол емес, бірақ, өмірде біреу озық, біреу қалық болады, деңгей деген бар. Неғұрлым озықтың мәртебесі де жоғары болады.

Оның артық екенін қайдан білдің? Не ол, шеберлік деген? Я қолмен ұстап, я көзбен көріп, я өлшеуге келмейтін не нәрсе ол?

Неге өлшенбесін? Ондай әншіні тыңдап отырып, толқисың, елжірейсің! Мерекеге келгендей боласың! Тіпті, бойыңа қуат құйылып, өзің де шабыттанып кетесің,  сосын қатқылдау сөйледі. Біреудің өнерін қызғанғанды қой, Рәзия! Доғар, болмайтын сөзді бықсытпай.

Немене?

Шын өнерпаз болсаң, қызғанбас ең, қызғана алмас ең. Онсыз да, сол жүрген жерде жүр емессің?! Не жетпейді? Шүкір демейсің бе?

Шүкір! деп шаңқ етті әйелі.  Шүкір, сахнада ана қатынның көлеңкесіндемін, үйде тағы бір қатынның күндесімін!

— Қойшы енді, қырық жылғыны қозғамай. Жастықта не болмайды, жан жарым сенсің.

Рәзия ернін жымырып, күйеуінің көзінен көзін алмай қарап отыр.

 Қойсаңшы осындайыңды, деді күйеуі ақырын ғана. Жас емессің. Жетер енді. Мына түріңмен мүлде жалғыз қаларсың. Онсыз да бір де бір құрбың жоқ...

— Мен ешкімге ештеңе істеген жоқпын...

— Істедің, Рәзия!

— Істесем, бақытым үшін күрескенім! Мына қазір де, сонша шоршитындай, не айттым саған? Просто бармасын, болды.

— Қалай бармайды, Рәзия, өзің ойлашы? деп түсіндірді күйеуі сабырмен. Мықты әнші екені рас. Оның үстіне, аты-жөні жоқ, «барма» дегенім қызметімді асыра пайдаланғандық болмай ма? Жарамайды!

— Неге? Бұл қылмыс емес. Ешкім зиян  шекпейді. Бұндай үшін жазаламайды, соттамайды. Демек, болады. 

— Келісімді бұзуға болмайды, деді күйеуі шаршай. Жаңа ғана бетіне қарап, күліп, өлердей мақтап алып, қайтып «бармайсыз» дейін?

— Е, не болды сонша мақтап? Мені неге мақтамайсың солай бір уақ?

Рәзия жылады.

— Түу, қойшы енді, директор қабағын шытты. Жарамайды бұның, ұят болады...

Өксіп отырған әйел бірден тыйылып, басын көтеріп алды.

— «Ажырасқан» деген атқа қалып, партиядан шығып қалсаң, міне, сонда ұят болады, - деді ол көгереңдей көзін сығырайтып.

— Не деп отырсың...

— Не естісең, сол. Осыдан дегенімді қылмасаң, айтқаным айтқан...

Директор әйелінің әлем-тапырық түрін көріп, тіксініп қалды. Көзін жұмып, ақырын күрсінді.

Өзі жарты-ақ сағаттық концерт, деді сосын тілге келіп. Айналдырған жеті нөмір. Оның біреуін алып тастасақ...

— Мен екі ән айтам, Әйелі жасын сүртіп, қатайып алды да, күйеуіне тесірейді.

Айтпайсың!

Жарайды, айтпай-ақ қояйын, онда орнына біреуді ал.

Мәселе онда емес. Әсила жан дегенде жалғыз бетке ұстарымыз. Қолымызға сондай өнер иесі тиген екен, оны шығармау, көрсетпеу күнә болады. Әрі концертіміздің сәні кетеді...

Мен ше?

Жарайды, сен екеуің. Бірақ, ол..

Иә-иә, білем, кәсіби әнші, — әйелі көзін төңкеріп, екі қолын жайды.

Саған бірдеңе түсіндірем деу бекер екен. Түсінсеңші, бұлай болмайды! Әрі-беріден соң, адамшылық заңы бар ...

Білем! деді кенет әйел даусы қатайып, күйеуінің көзіне ажырая қарап. Сосын сыңар езулей жымиды. Бірақ, «біреу жолыңды кессе, қарап отыр» деген заң жоқ шығар?

— Жоқ, мына сен біреудің жолын кеспексің! Ол аздай, мені кірістірмексің! — деді директор енді қаттырақ сөйлеп.

Кесем! Керек болса, сенің де жолыңды кесем! Ажырасам, көзіңді көкшірейтіп, қызметтен қуғызам, партиядан шығартам! Балалардан, мал-мүліктен айырып, алимент төлеткізем! Ал! Сондықтан, кірісесің, кіріскенде, қандай! деді әйелі көзінің астымен түтіге қарап. Сенің былығыңды менен артық білетін ешкім жоқ! деді сосын нығарлап.

Директор әйеліне қарап, отырып қалды. Содан соң, шарасыздық пен жиреніш тұнған көзін тайдырып, орнынан тұрып кетті.

Ертеңіне көркемдік жетекші Әсиланың үйіне келді. Оны көріп, Әсила қалбалақтай, қарсы жүрді.

— Кел, төрлет! Есіктің аузында тұрғаның не? Кірсеңші?!

Жоқ, асығыспын, рақмет, деді көркемдік жетекші барынша жайбарақат сөйлеуге тырысып.

— Жайшылық па?

— Былай ғой... Жоғарыдан хабар келді... Ауданнан... Облыстан. «Бір нөмірге қысқартыңдар» деп жатыр.

Иә?

Қызық өздері, деді көркемдік жетекші жорта кейіп. Дәл шығарда айта ма екен? Бізді ерігіп жүр дей ме? Түсінбеймін...

Ал? деді Әсила түктүсінбей, көркемдік жетекшінің бетіне қарап.

Көркемдік жетекші тіптен булықты.

Сол, енді...

Не «сол»? Мен бе?

Иә...

Әсиланың іші солқ етті.

Қойшы әрі, деді сосын көңілі сенбей.

Ренжімеңізші...

Неге... мен? деді содан соң жалынышы мен жазғыруы аралас үнмен.

Былай ғой... «Жеке әнге бір-ақ нөмір» дейді, көркемдік жетекші әншейін сұрақ-жауаптасып тұрғандай сыңаймен сөйлеуге тырысты. Одан басқа бізде оркестрмен бір күй, жеке күй, семьялық ансамбль, тағысын тағылар. Жеке орындаушыдан Сіз бен Рәзия...

Енді Рәзияны неге қысқартпайсыңдар? Сахна ешкімнің меншігі емес қой, деді Әсила оның көмейін түсінсе де, қитығы ұстап.

Қинамаңызшы, апай, деді ақыры көркемдік жетекші.   

Аяқ-қолыңды жерге түсірмей мақтағандары қайда... жазған басым, не істеп қойдым бұларға...

Көркемдік жетекші Әсиланың құжатын үнсіз үстелге қойды да, ақырын басып шығып кетті.

Мелшиіп тұрып қалған Әсиланың ішін өрт жалады. Шығып кеткен адаммен бірге соңғы үміті де уысынан сусып бара жатыр еді. Ол жасын тежеп, демін ішінен алып, жылап жібермеуге тырысты. Қармануы керек! «Не істесем екен? Әлде директорға барсам ба екен? Жоқ, облысқа бір-ақ шығайын ба?». Әсиланың екі беті, маңдайы лаулап, қол-аяғына қорғасын құйылды. Кеудесін реніш, ашу-ыза, нала қырнап кетті. Көз алды қарауытып, ауа жетпегендей, қысылды. Сүйретіліп барып, төсекке құлады. Ұзақ жылады. Ішінде жиналған запыраны көп еді.

Ол ешқайда да, ешкімге де барған жоқ.

Келес күні Әсиланың халін сұрай, Бекболат күйші келді.

Екі Құдайға табынған дінсіздер! деп кірді ол. Әсеке, саспаңыз, әлі-ақ бәрі орнына келеді, бұлар әлі өкінеді.

Әсиланы апармайтындарын естігенде, Бекболат әлгілермен ұрсысып, ерегісіп, о да бармай қалған екен.

Қой, маған бола, жолыңнан қалма! Көңіліңе рақмет!

Өй, өйткен кәнсерті құрысын! Бармаймын, әкеңнің...

Әсила оған арақ құйды.

Осы да әділдік пе, апай, айтыңызшы, деді Бекболат қызарыңқы көзі қаймыжықтанып. Біреуді танып сыйлайсың, біреуді таңып берген соң сыйлайсың.

Қайтесің енді,  деп жұбатты оны Әсила. Оларға да ренжитін емес...

Бар пәле анау сайқалда, мен білем! – деді Бекболат саусағын безеп.

«Иә, сол қылқұрттан» деді Әсила да іштей.

***

Әсила үшін бұндай бейбастақ озбырлықтың табиғаты беймәлім еді. Ол өскен ортада басқаша, тіпті, керісінше еді. Әсила өскен орта, оның өзгеше болмысы, өнерге шексіз махаббаты адам жанына жат атаулының жас өміріне енуіне тосқауыл болған еді. Ол өскен үйде кітаптан көп нәрсе жоқ болатын, ол табиғатты сүйетін, оның сұлулығын сезінетін.

Аспан шайдай ашық, мамыражай, кең гүлбақшада жан-жүйесімен сезінген асқақ әуен ішіне сыймай, тізерлей кетіп, тылсым құдіретке алғыс жаудырған кезі болды ғой, шіркін! Сол таңғажайып күйге өзінің қатыстылығын сезініп, тебіренгені әлі есінде. «Музыканы не үшін сүйесің?». «Не үшін?» дері бар ма... Адам өмірге неге құштар? Құштарлықтың сырына бойлау қиын. Адам сол құштарлықпен туатындай.

***

Әсила аудан орталығындағы ауызбірлікті, білім мен өнерді дәріптеген, дәулет қонған шаңырақта өсті. Әке-шешесінің тәрбиесі олардан қалған олжаның үлкені, ең қымбат мұра еді. Өйткені, олар балаларының қорғансыз жас жүректерін күйкі де күншіл дүниеден қалқалауға тырысып, кішкентайынанәдемілікке сүйіспендікті сіңірді.

Көрген-түйгені көп, оқыған, ішкі мәдениеті кемел әкесі аудан орталығында есепшілік қызметте істейтін. Бір аяғы кеміс, таяққа сүйеніп жүретіндіктен, Ұлы Отан соғысына алынбады. Сонысына қорланып, майданға кеткен інісінің әйелі мен қызын қанатының астына алып, көп қарасты. Ұстамды, салмақты жан ет жақындарына ғана емес, қоластындағыларға, маңайындағы жұртқа да шарапатты еді.

Бай болмаса да, бардың үйі екен деп, балаларды таңертеңнен кешке дейін селтеңдетіп қоймайтын. Шешесі еті тірі, пысық, өр мінезді жан, «Әй, ойын деген осы» деп, бір-бір қапшық ұстатып, тезек тергізіп қоятын.Немесе қызына кесте тігуді, ою оюды, көрпе сыруды үйрететін. Сөйтіп, «еңбектері сіңген соң» барып, жақсылап тойғызып, ойынға жіберетін. Жүн түтіп, келіге сап, тары түйіп, өреге құрт жайса да, балалар, әйтеуір, шаруа басындағы шешелерінің, түртінектеген үлкендердің төңірегінен табылатын.

Әсиланың бойындағы өнердің ұшқынын алғаш байқап, көзін ашқан да осы ең жақын адамдары. Музыкаға терең, айнымас құштарлық шешесінде де бар еді. Сызылған жіңішке, әдемі даусы болатын. Ол қызының музыкаға әуестігіне қуанса, әкесі шүбәсіз музыкалық талғамына риза болатын. Екі ұлдың ортасындағы жалғыз қыздың әр сөз, әр ісіне сүйсінуші еді екеуі.

Анасы... Қайран анасы көрген кісі сұқтанбай қалмайтын өте сұлу, сымбатты әйел еді. Өмірінің соңына дейін ошағының отын маздатып, жары мен балаларының тілеуін тілеп, өзі де солардың жылуына шомылып өтті. Кейін қайда барса да, Әсилашешесінен қалған келі-келсабын көзіндей көріп, өзімен бірге алып жүрді.

Аяғың ұзын алысты шарлайсың. Көзің үлкен көпті көресің. Сөйтіп, бақытты боласың, деуші еді ол кісі.

Осы аянның орындалуына қандай күш кедергі болып, көлденеңнен килікті екен?!

Әсем әуезді жөргегінен сіңірген Әсила оңашада өзіне ғана аян ішкі күйіне ұйып, қуыршағын айналдырып, ыңылдап қанша отырғанын білмей қалатын. Бірақ, айналасындағы өзгерістерге қарап, бірталай уақыт өткенін шамалар еді. Кейін анасы айтатын әндерге қосылатын болды. Үй іші болып, радиодан берілетін концерттерді тыңдайтын. Одан бұрынырақ, бес жасар кезі, төргі үйде ілініп тұрған домбыраны мықшыңдап жүріп, түсіріп алып, әлдебір әнді өзінше салып көргені бар. Онысы сәтті шығып, өзінен басқа балалар мектепте болғандықтан, «бұ кім болды екен?» деп, кіріп келген анасы аңырып тұрып қалған. Содан бері әке-шешесі салт-ғұрып атқарса да, той-думанға барса да, қыздарын бай халық тұрмысымен табиғи жымдасқан өнер қазынасына қанықтыра берді.

Өсе келе, музыкаға саналы түрде құлақ түретін болды. Радиодан ән үйренетін. Түнде ұйқысынан оянып кетіп, күндіз я бірнеше күн бұрын естіген, ұнатқан әуенін іштей жаңғыртатын кезі жиі болушы еді. Солай тәрбиеленген Әсилаға дүниедегінің бәрі қызық болатын.Әсілі, халықпен қоса жаралған осы қазынаның құнына жетіп, бағалаушы, оны сақтап, өзгелерге жеткізушінің жан сұлулығы қымбат қашанда. Қандай кең құлашты сезімдер мен көңіл күйлерін жеткізуге құдіретті халық әндеріне ғашық еді ол. Және ғашық қылған әке-шешесі ғана емес еді.Аудан орталығы болғандықтан, ауылға әртістер жиі келетін. Облыстан, тіпті, Алматыдан келіп, концерт қоятын. Кішкентай қыз ауылға келген үлкенді-кішілі концерттерді құр жібермейтін. Біресе әкесінің жанында, біресе үлкендердің арасымен сығылысып барып, топ баламен сахна алдында отыратын.

Ол өнер иесі сахнаға шыққан сәттерді керемет жақсы көретін. Күтетін. Тура өздеріне бағытталған жарық пен сүйемелдеген сиқырлы әуен аясында, қызылды-жасылды, ою-өрнекті, жалбыршақ сәнді киім мен әшекейлі олар жүздері құбыла, бал-бұл жайнап, әлдебір тылсым әлемнен қалықтап шыққандай болушы еді. Шағын ауыл клубы білінер-білінбес неше түрлі әтір, опа-далап жұпарына, жеңіл көйлектердің желпуі мен оқа-зерлердің жалт-жұлына, салпыншақтардың тербелісіне толып, бей-жай қалдырмайтын.Сән-салтанатты, ажарлы әртістердің мәңгі ғашық көздері мөлдірей жарқырап, тұңғиығына тартып әкететін!Қолданған бұйымдары мен киімдерінің суыл-сыбдырының өзі әуездей естілетін! Селдір орамал я аспап ұстаған нәзік қолдарының, сүйрік саусақтарының майдасы анадайдан сезілетін! Әсила әртістердің киген киіміне, жүрген жүрісіне, аяғындағы сүп-сүйкімді топлиына, өкшелі етіктеріне аузын ашып, аңқайып тұрып қарайтын. Сосын соларға еліктеп, бар киімінің бірін киіп, бірін тастағанына, жылтырауық көрсе, үстіне жапсырып ала қоятынына жымия қарап, «әй, әлөкөшім-ай» дейтін шешесі. Аға-інісімен бірге үйде шымылдық құрып, «концерт» қойып бергендерінде, көп үндемейтін әкесі рақаттана күлуші еді. «Өнер табиғаттан» дегенмен, бәрібір, өнерпаздың өз әдебі мен баурап алар сүйкімі болмаса, тағы бекер екен...

Кейін училищедегі ұстазы да айтар еді:

Қандай жағдайда да көрермен әртістің бойынан... әртісті іздейді, оның әртіс болып қалғанын қалайды. Сен көрерменге сынай қарайсың, бірақ, оның да сені қалт жібермей, бағатынын біл. Ол қай кезде де сымдай тартылып, мейрамдағыдай жарқылдап жүретін әртісті көргісі келеді. Жақсы киіну, жақсы көңіл-күймен көріну сенің алдыңдағы көрерменіңе құрметің.

Сахнаға екі қолын жайып, жайраң қаққан ойнақы мінез әнші апай шықты. Әсила әуелгіде ештеңе естімеді, тек қызықтап қараумен болды.Үстіндегі көздің жауын алған әсем киімі, анау ансамбль, келісті фон бөлек-бөлек, жеке-жеке мен мұндалайды. Бір кезде ән басталып кеткенде, осының бәрі тұтасып, зорайып, бір ғажайып кеп туғанын көрді... Сабау мұрт жігіт домбырасын саздап, күмбірлетіп, күй тартты. Дөңгелентіп, би биленді. Қанша уақыт өткенін білмейді, әйтеуір, жұрттың тұрғысы, тарағысы жоқ еді. «Өзіміз де білгенбіз» дегендей, жүргізуші келесі өнерпазды шақырып, концерт әрі қарай жалғасты. Жұрт өзімсіне, еркінси, басында бір-бір нөмірмен қайырған әртістерді тағы шақырды. Ықылас қоя тыңдап, дүркірей қошемет білдірді.Көңілі бір сергіген жұрт та, клубта өздері қалған өнерпаздар да дән риза.

Әсила осы сән-салтанаттың есігінен сығалап көргісі келді. Жүрегі дүрсілдей, сахнаны айналып, аяғының ұшымен басып, әншілердің бөлмесіне барды. Бұны көріп қалып, әнші апай:

Кел, келе ғой,  деп шақырды.

Бірақ, Әсила жақындауға жігері жетпей әрі ұялып, бұрылып, жүгіре басып шығып кетті.

Басшылық әртістерді қоналқаға үйді-үйге бөлетін. Сонда бас әртістер ас-суы мол деп қана емес, музыкаға жақын деп, дәйім ең беделді Әсиланың әкесінің шаңырағына түсетін. Клубтағы концерттен кейін жақсылап тыныққан соң, ертеңіне үйлерінде тойға бергісіз тамаша болушы еді.

Әуелде кішкентай Әсила оларды... шетінен бай, қолдары бос болған соң, ел қыдырады деп ойлайтын.

Онда неге концерт қояды? деген еді ол әкесіне кәдімгідей таңырқай қарап.

Оны естіген әртістердің бірі:

Құдайым «өнер» дегізіп, күйдіріп-жандырып қойса, қайтеміз енді, — деп күлген.

«Пірге қызмет ақылы емес» деген.

«Ғашық болсаң, таза бол»...

Сол сырт әсерімен әртістер қауымы бала Әсилаға әманда көңілді,тіпті, мұңсыз-қамсыз болып та көрінетін. Ауыл адамдарының ауыр қайғыдан кейін бойынан күш тауып, бас көтергенін, тіпті, өмірді қайта бастаған кездері болғанын естігені де, көргені де бар еді. Енді осы бір есті де ерке жандардың күлгенде, көздерінен мұң төгіліп, жылағанда жанары ұшқын ататынын байқай бастады. Одан гөрі олардың жандары жүдеп отырып, өз бойларындағы өнердің құдіретін қуана, тіпті, масаттана мойындап, медет ететіні таңырқатты.

«Ғашықтың күйіп-жануы

қалауы дейді Құдайдың».

Өнердің өртіне ештеңе қарсы тұра алмайды.

Кейін олардың кейбірі әкесімен дос екенін білді. Топ кісінің ортасында жұмсақ жымиып, даналыққа толы жанарымен жан-жағын елеусіз нұрландырып, дегдар әкесі отырар еді. «Әртістер ән айтып, домбыра тартуды ғана біледі, шынын айтса, сол жеткілікті де» деп ойлайтын Әсила. Онысы бекер екен. Қандай ғажап әңгімелер шертілуші еді.

Жайбағыстап, бірақ, соншалық ыстық ынтызарлықпен, кейде іштей арпалыспен ширыға өрістейтін әдемі сыршыл әуендер сахнадан үйдегі дастарқан басына көшетін. Кәсіби әншілердің әнді таза орындайтыны қызықтыратын Әсиланы. Ауыл арасында сыны бұзылып айтылатын әндердің шынайы сымбатын, қатаң үйлесімін ол сол кезде таныды. Халық әндерін, көне күйлерді орындаушылардың өздерінің бет-бейнесінде тарих табы жатқандай, түсініксіз үзік-үзік көріністер елес беріп өтетін.

«Ескі қаптан шаң басқан жай шығады», — деген еді сондай бір жолы әкесі тебіреніп.

Тағы бір таңырқатқаны, әлі көп нәрседен бейхабар басы «өнер туындысы өзгермейді» деп ұғатындықтан, дастарқан басындағы ересектердің:

Өнерпаз нешеу болса, өрнек те сонша, деген сөзі.

Әрі-беріден соң, музыка деген не құр дыбыс. Оның нарқын арттыратын өнерпаз, деген еді қонақ әртістің бірі.

Әрине! Жалпы бойындағы барына күш-қуат беретін адамның өзі, деген екіншісі де оны қостап.

Және тыңдаушы, деді төрде отырған ағай Әсиланың әкесіне ризашылықпен қарап.

Иә, әр нәрсенің өз көркі бар, бірақ, оны әркім көре бермейді. Ал, көргенін сол күйі жеткізу тағы екінің бірінің қолынан келмейді.

Ендеше сол көрікті ән-күйге қана отырмаймыз ба? деп, әртістерге көптің тілегін жеткізді осы үйге жамағайын бір жігіт.

Ал, біз де әдептен аспайық, ауылдың алты ауызынан бастайық, деді орта жастағы концерт жүргізуші қулана жымиып.

Бәрі күлді.

Кілең қас шебердің алдында соның жөні қалай болар екен... деді ауыл жігіті де жымия күмілжіңкіреп. Адам бір түрлі батпайды екен.

Соны айтам, деді ауылдағы домбырашы жігіт намыстана қозғалақтап. Әйтпесе... қатырамыз ғой.

Барлығы тағы күлді.

Бізді сыйласаңдар, Құдай сендерді сыйласын. Ізеттеріңе ризамыз, деді төрде отырған жасы үлкен қоңыр дауысты әнші.

Мықтының мысы басады ғой, деді сол кісіге тақау отырған бір апа, қалай десе де.

Өнер ортақ, қысылмай, айта беріңдер. Дастарқан басында додаға түспес болар. 

Ал, онда, сендер «әрі тарт, бері тарт»-пен отырғанда, мен бір «әу» дейін, деп, жаңағы апа жастарға жол ашып бергісі келді ме әлде өз кеуілі ме, әйтеуір, тізгінді қолына алды. Одан соң өзін-өзі сүйемелдегендей, әрі-бері тербеліп отырды да, бастап кетті. Сөздері бір әннен екінші әнге көшіп жүре беретін, көпке таныс жылы әнді құлаққа жағымды дауыспен шырқады. Жұрт та қосылды.

Ал, келісіп болсаңдар, әрі қарай өздерің жалғаңдар, деді апа ән аяқталғанда, сөзді біржола тәмамдап.

«Мысы басады» демекші... Сіздің әніңізден кейін ескі ауылымыздағы өмірден баяғыда озған бір апам есіме түсіп отыр. Қарсы болмасаңыздар, соның әңгімесін айтып берейін, - деді Әсила ұнататын әнші апай ақырын сөз алып.

Иә-иә, айт, айт.

Айтыңыз.

Ғажап, осынша жыл өткенде бірінші рет есіме түсіп отыр, деді әнші апай бір түрлі толқып. Баяғыда ауылымызда Биғат деген кісі тұратын. Сондай денелі, адуын мінезді апа. Неге екенін, жалғызілік. 7-8 әлде 8-9 жасар кезім бе екен, әйтеуір, өмірімде шешеме еріп екі рет барғаным бар сол кісінің үйіне. Бірінші барғанда, шешем екеуі шаруа жайын сөйлесіп, шай ішіп болған соң да, бізді дастарқан басынан тұрғызбады. Екеумізге кезек қарап, әлдебір налалы, нәшсіз зор дауыспенмұңлы бір әнді айтты. Мен аң-таңмын. Аузына кірердей болып, тыңдап қалыппын. Бір әннен кейін шешем қайтуға ыңғай білдіргенде, «Кетпе, отыр, әне, қарашы, мына бала бәрін түсініп отыр» деді. Сосын «И-и, қарғам, тағы бір ән айтып берейін», деп, тура көзіме қадалып, келесі әнді бастады. Екінші жолы да сөйтті. Бірақ, енді шешем кетеміз деп асықтырмады. Сыртымнан қарағанда, балалықпен таң көріп отырғандай көрінер еді. Ол да бар, әрине. Бірақ... мен тыңдадым. Кәдімгідей тыңдадым. Жүрегім шымырлап отырып тыңдадым.

Қарғам-ай... деді осы кезде ән шырқаған апа.

Әлгі сөзінен кейін бе, білмеймін, сол бір адуын, бірақ, шарасыз ананың сенімін алдамауым керек сияқты бір түйсік болды менде...

Ана баланы аңсайды ғой. Соны сезгенсің ғой.

«Баланың көңілі гүл» деген.

Әннен басқа алданышы жоқ, оны да кімге айтсын, байғұс.

«Зар-өлең» деген сондай-ақ болар? деді ауыл адамдарының бірі әлде шынымен сұрап, әлде сөз ауанын өзгертіп.

— Болса, болар.

Осыдан кейін ауылдың домбырашы жігіті бастап, «Ауылдың алты ауызы», «Қонақ кәде» жөнімен небір күй де тартылды, ән де айтылды.

Қонақтар орындарынан тұрып, сыртқа шықты. Аспанды қою бұлт қаптап, жаңбыр құйып тұр. Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Осы қызықты әрі үрейлі көрініске жадыланғандай, көз алмай қарап тұрған әртістердің бірі басын шайқап:

Ешқандай да киноң табиғатпен теңесе алмайды-ау, деді таңдайын қағып.

Ертеңіне кісі аяғы толастап, әртістермен өздері қалғанда, Әсила шешесіне барып, құлағына сыбырлап:

Мені де «ән айтады» деші, деді.

Шешесі күлді.

Айтшы енді, деді Әсила қолынан тартып.

Шешесі жымиып, бетіне қарап тұрды да:

Жарайды, жүр, деді.

Есі бірде бар, бірде жоқ балалығы ғой, қолпашпен тайынбай екі әнді бір-ақ айтты. Кейін ұялатын болды. Бірақ, келгендердің ішінде көзтаныс біреу болса, өздері шақырып, айтқызып жүрді. Осылай сауықшыл елдің кең пейілі мен шынайы өнер иелерінің шабыты тербеткен тау етегіндегі алтын бесікте Әсиланың көкірегі ән мен жырға толды. Ол әнші болуға бекінді. Соңыра талғамы қалай түрленсе де, әу бастағы жанды негіз өнерінің өзегі болып қала берді.

Басқа құраммен тағы бір келгенінде, туыстай болып қалған әртіс апай ендігі есейген Әсиланы кезекті мәрте тыңдап отырып, көзі жасаурай:

Дауыстың қасиеті бояуында. Талабыңа нұр жаусын! деген.

Содан соң қолындағы күміс білезігін шешіп, Әсиланың қолына тақты:

Әжемнің көзі, қасиетті кісі еді, жарықтық. Менің жолымды берсін, айналайын!

Айнагүл Садықова

Айнагүл Садықова – жазушы, аудармашы. «Күзгі әуен» романының авторы. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың, филология факультетін бітірген. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі. Ғылым магистрі. Абай атындағы ҚазМПУ филология факультетінде оқытушы, «Хабар»,«Первый канал Евразия» телеарналарының дубляж бөлімінде аудармашы, редакторлық қызмет атқарған. Келісімшарт негізінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, М.Әуезов атындағы драма театрының аудармашысы. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Уайлдердің «Сегізінші күн» романын, Ф.Кафканың «Құбылу» новелласын, А.Маршалдың «Мен шалшықтан секіріп аттай аламын» атты повесін аударған («Аударма» баспасы). Жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнің бірнеше әңгімесін аударған және аталмыш томның алғысөзін жазған (әлемдік балалар әдебиетіне арналған 50 томдықта жарияланған «Жапон жазушыларының балаларға арналған шығармалары» атты том, «Балауса» баспасы), Қазақстандық жазушы Л.Калаус, мифолог З.Наурызбаеваның «Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері» атты повесін аударған. «Фолиант» баспасының тапсырысымен Джо Диспензаның «Сила подсознания» атты бестселлерін аударған («Фолиант» баспасы); Лесковтың «Хайуан» әңгімесінің аудармасы үшін 2004-жылғы Республикалық Жас жазушылар, сыншылар, эссеистер мен аудармашылар байқауының «Көркем аударма» номинациясы бойынша бас жүлдегері («Раритет» баспасы). 2022-жылғы Mecenat.kz конкурсының финалисі (шорт-парақша).