Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

№37 • октябрь 2022

Барлығының бастауы – бейсаналылық

Әдебиеттегі сюрреализм түсінігі Андре Бретон мен Филипп Супоның «Магнитті дала» кітабының шығуымен байланысты. Ол Бретон ұсынған түс көру шеңберіндегі ойлар мен фразаларды пайдалану әдісімен жазылған болатын. Сюрреализм бағытын ұстанушылар өздерінің шығармашылық қайнарын түпсана тереңінен, түстен, қалыпсыз құбылыстардан, алжасу мен елестерден іздеді. Осылай, сюрреалист жазушылар өз рухын ақыл билігінен азат етуге тырысты.

«Олар, қара киім киіп жүретіндер, әркімнің түпсанасында болатын белгісіз біреулер. Олармен біз тек түс арқылы тілдесе аламыз». Жас драматург-жазушы Қолғанат Мұраттың шығармашылығындағы жұмбақ философия осындай. Ол шығармаларында түпсана тереңіне бойлау арқылы ондағы тылсым құбылыстарды қаза отырып біздің әлемімізден бөлек болмысқа барлайды. «Ұйықтап жатыр еді, денесінен бөлініп шығып кеткен өзін байқап қалды. Ол өзін жанталаса қуып келеді. Қанша ұмтылып жүгіргенімен жете алатын емес». Адам жанының трансгрессиясы, яғни екіге жарылуы арқылы сананың тоқтаусыз талпынысын, өмірге деген интенциясын (ұмтылысын) бейсаналық түйсіктің терең қатпарларына бойлай отырып сюрреализм тәсілімен елес арқылы көрсетеді. Адам өмір бойы өз-өзіне көңілі толмайды, ой легі ешқашан толастамайды, бір белесті бағындырса екінші белеске шығуға шабыттанады. Бұрышы жоқ жұмыр әлемнің ана басы мен мына басында айналып жүретін өз ішіміздегі алпауыт арпалыс күштің көзге топырақ түскенде ғана тоқтайтынын жазушы: «Ол осының бәрін көрдің ішіндегі кірпіштің тесігінен бақылап тұрды. Бойында ешқандай да адамға тән сезімнің белгілері білінбейді. Жарық сөнді. Көрдің іші тастай қараңғы. Ол өлікті ораған матаны шеше бастады. Өліктің басындағы соңғы шүберекті шешіп алып еді, көгеріңкірей бастаған өзін көрді» - деген оймен орайды. «Бөтен» әңгімесіндегі жынысы белгісіз  абстракциялы кейіпкердің белгілі бір уақыт пен кеңістікке байланбай мүмкін шектен мүмкін емес шекке өтуі – шағын шығарманың өзегі. Ол өзін анасының жатырында жатқан сәтінен бастап көзіне топырақ түскенге дейінгі өмірін сырттай бақылайтын белгісіз кейіпкер. Бір кейіпкердің ішіндегі екі жанның бірі жұмбақ әлемде саяхат жасаса, екінші серігі өзін сырттай бақылайды. Жеті азат жолдан тұратын әңгіменің жеті оқиғасы бар. Түпсана тереңіндегі әлемде желіп отырған жұмбақ кейіпкер жеті түрлі оқиғаны көреді, ал белгісіз дауыс сол оқиғаларды ой елегінен өткізіп философиялық тарктовкамен тәпсірлейді. Сегіз рет қайталанған «Ұйықтап жатыр еді, денесінен бөлініп шығып кеткен өзін байқап қалды» деген сөйлемге үлкен салмақ пен сыр жасыра отырып, жазушы екі дүниенің ортасындағы әлемнің құпиясын тылсым тәсілімен қазады. Шығармашылық қиялы қалыпты шеңберден шыға алатын адам ғана сюрреалистер әлеміне еніп, ондағы тылсым дүниелерді түсіне алады. Жазушы осы кішкентай әңгімесінде сол тылсым дүниенің сырын өз танымының шеңберінде түсіндіруге тырысқан.

 «Бөтен» жазушы-драматургтың алғашқы әңгімелерінің бірі болғандықтан сөз қолданысында кемшіліктер жоқ емес. Мысалы: «Ол ышқынып, туа алмай жатқан аналық киіктің көзіне қарап тұр» сөйлеміндегі «туа алмай» тіркесі малға қатысты дұрыс қолданылмаған, дұрысы төлдеу. Не болмаса, «Көз жетер төңіректе табын-табын болып жабайы жылқылар жайылып жүр» сөйлеміндегі «табын» сөзі сиыр тобына қатысты қолданылады. Жылқыға қатысты топ – «үйір» болады. Сондай - ақ, «Лездің арасында қатты жел тұрды» сөйлеміндегі «лезде» сөзін «лездің арасында» деп қолдану қисынсыз. Жалпы, кез келген ойды уақыт пен кеңістіктен бөліп алып, сюжетсіз жеткізу күрделі процесс. Сондықтан ондай салмағы ауыр ойды жеткізудегі тілдік кемшіліктерге кешіріммен қарауға болады.

Автордың атауы өзгеше «Пони» пьсасы болмысы жағынан «Бөтен» әңгімесімен үндес, мысалы: «Параллель әлемнен елес болып, үңгірде отырған қолында таяғы бар ақсақал көрінеді де, сәл уақыттан кейін жоқ болып кетеді» яғни, мұндағы кейіпкерлер де елес кейіпінде көрсетілген. «Бөтен» әңгімесі қай жағынан алсақ та шексіз, яғни онда кеңістік те, уақыт та, мотив те жоқ, ал «Пони» пьесасында оқиғаға тірек болатын мотив – ағаш! Ағаштар барлық халықтар үшін өсудің, өлу мен қалыпқа келудің символы. Әр түрлі мәдениеттерде ағаш мотиві қасиетті немесе сиқырлы болып саналды. Ағаштардың сиқырлы күшіне құрметпен қарау онда құдайлар мен рухтар өмір сүреді деген сенімге негізделген. Ағаш тереңдік пен биіктікті тек кеңістікте ғана емес, сондай – ақ, өткенді есте сақтау мен келешекке үміт арту символы ретінде де қарастырылады. Ағаш – өмірдің мәңгіліктің бейнесі. Әлемдік ағаштың қазақы түсініктегі атауы – Бәйтерек. Халық түсінігінде ағаш рухтар мекені болып табылады.

Кезінде бақсылар өмір ағашының бойымен жоғарғы әлемнен төменгі тіршілікке өтуге болады деп сенген. Қолғанаттың «Пони» пьесасындағы ағаш өлілер уақытша мекендейтін кеңістік түрінде берілген: «Мына ағашта өлген адамдардың кішкентай жандары отыр. Кәдімгі кішкентай қуыршақтар. Бірақ, ересек адамдар. Олар қайтыс болған адамдардың денесін тастап шығып, өмірге келетін нәрестелерге қонады. Осы екі арада мына ағашта өмір сүреді». Мұндағы ағаш ашынған жандардың медеу болар жалғыз тұрағы. Бір уыс жерге зар болып төменнен тұрақ таппай амалы құрыған жандардың ағаш басына қонақтауы – ағаштан титтей де болса тамыры арқылы қуат алуы. Ағаш тек қиял – ғажайып ертегілерде ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиетінің проза жанрында да кездеседі. Мысалы, Шерхан Мұртазаның «Жүз жылдық жара» әңгімесінде сұрапыл соғыс кезінде кішкентай Мыңбұлақ ауылында боран болып адамдардың отқа жағары таусылады. Сұрапыл соғыс кезінде ауыл адамдарының сүйегінен суық өтсе де ешқайсысының көнекөз Байшынарды (биік ағаш) балаталауға  батылы бармайды. Ауыл тұрғындары оның жай ағаш екенін білсе де, бір киесінен қорқатынын, ағашта бір адам санасы жетпейтін құпиялылықтың барын тұрғындардың өздері түсінбейтін қорқынышы арқылы жеткізеді. Қазақтың кие тұтқан дүниеге қиянат жасасаң ант ұрады деген сенімі, осы ағаш арқылы ашыла түседі және әңгіменің соңында кие ұғымына жасалған қиянаттың қайтпай қоймайтыны дәлелдене түседі. Ауыл тұрғыны Жуанқұл, Байшынардың бір жағын балталап, отынға жаратпақшы болғанда ауыл ақсақалдары оны айқаймен тоқтатады, бірақ бір жағын от шарпып үлгерген Байшынардың жаны мәңгіге жараланып қалады. Киелі ағашқа араның тісін тигізген Жуанқұл айғырын сабылтып, кештетіп келе жатып, Бай­шы­нар­дың тұсынан өте бергенде, шынардың бүйіріндегі үңгірден бір үкі ұшып атты үркітіп жібереді де Жуанқұл аттан қалпақтай ұшып түсіп, белі мертігеді. Омыртқасы үзіліп, төсек тартып қалады. Өз қателігін түсінген Жуанқұл Байшынардан қанша кешірім сұраса да, ол қасқайып кешірмейді. Шерхан Мұртаза мұнда ағашты қазақтың «кие» түсінігінің шеңберінде берген. Ал, Қолғанаттың шығармасындағы «ағаш» мотиві тіршіліктің табан тірер тірегі түсінігінде көрсетілген.

«Пони» пьесасындағы ағаш аты бар кейіпкер Пони үлкен өмірде адасып жүрген кішкентай адам. Жалпы, ағаш аты бар кейіпкер қазақ әдебиетінде Әсет Найманбаевтың Шығыс елінің әңгімелерінен алынған «Ағаш ат» ғылыми-фантастикалық поэмасында кездеседі. Әсет Найманбаевтың поэмасында ағаш атқа аз ғана ғылыми сипаттама берілгендіктен онда мистикаға қарағанда, қиял басым. Қолғанат Мұрат кейіпкерінің астындағы атына ешқандай сипаттама берілмейді. Ондағы ат мистикалық субъект.

Автор пьесасында жұмбақ кейіпкер арқылы қазіргі проблемаларды көрсеткен: «Боққа күннен – күнге батып бара жатырмыз. Обал да, ұят та, ар да қарындағы боққа батып жатыр. Тілімізде де, жүрегімізде де ештеңе жоқ. Тек қорқыныштан, ызадан, наладан тұншығып өмір сүріп жатырмыз». Магиялық реализммен жазылған бұл пьесада кішкентай мифологиялық кейіпкер арқылы үлкен гумманистік және қоғамдық мәселе көтеріледі. Кейіпкерлер мифтік болғанымен, көтеретін проблемасы реалды:  «Өмір бойы үйі болмай кетті. Дігідүк, дігідүк... Арманы бар кедей тағы өлді. Өлді де, көзі топыраққа толды. Өз жерінде, өз елінде шаңырақ көтерер жер таба алмай үмітімен, ұрпағымен бірге аспанға ұшып кетті». Екі дүниенің арасында жер таппай адасып жүрген кейіпкерлердің прототипі бүгінгі адамдар. Автор мистикалық әдіспен бүгінгі күннің проблемасын, оның ішінде бір уыс жерге жете алмай кеткен жандардың жанайқайын «Өз жеріне өзі өгей болып өлді де кетті» деп жеткізеді. Көзі тірісінде өз елінде баспана жалдап, пәтер иесінің қас-қабағына қарап, жалтақтап өмір сүруге мәжбүр, таршылықтан тынысы тарылып түңілген адамдардың өлгенде ғана екі метр жерге жайғасатынын кейіпкерлердің ішкі күйзелісімен ашқан. Қолғанат Мұраттың «Пони» пьесасы көп қатпарлы, бітімі бөлек сюрреализм стилінде жазылған туындысы.

Кез келген адам ертелі - кеш өзіне «Мен кіммін? Өмірдің мәні неде?» деген сұрақ қояды. Автор осы сауалды «Қуыршақ» психологиялық монопьесасында көтеріп, оған өзі жауап іздейді: «Өлімнен бастау алып, өлімге құятын өзеннің үсті толған иесіз қайықтар. Судың бетін есіп келеді, есіп келеді, тоқтаусыз есіп келе жатқан ескектер». Мұндағы терең, ұшы-қиыры жоқ өзен – өмір. Өзен бетіндегі қайықтар – тіршілік иелері. Ескектер – адамдарды алға жетелейтін армандар. Пьесада бұл символдардан бөлек қуыршақтар және оны жасаушы ұста бар. Ұстаның сипаты нақты берілмейді. Ол – белгісіз бейне. Ұста: «Мен жасаған қуыршақтар! Менің қуыршақтарым! Менің ғана қуыршақтарымсыңдар! Әрқайсыларыңды қалай жасағанымды білемін. Әрқайсыңды осылай отырғыздым. Бойларыңды үрей мен қорқыныш жайлап алған. Тыныштық жоқ. Қорқақсыңдар! Қуыршақсыңдар! Өмірлерің үміттен ғана тұрады. Әртүрлі киім беріп, түрлі дәрежеде қызмет беріп, сендерді өзім өсіргенмін. Өзім құрта аламын. Бәріміз қуыршақтар еліне кетеміз. Мына азаптан құтыламыз. Ол жақта заң басқа, ел басқа..». Автор «Адам – өз өміріне өзі жауапты және еркін субъект» деген экзистенциалистік көзқарастан ада. Біз фәниде жаратушы ұста жасап шығарған қуыршақ қанамыз, ұстаға бағыныштымыз дегенді айтады. Мұндағы қуыршақ кейіпкерлер мына тоқтаусыз өмірде өздерін таппай шаршаған шарасыздар: «Зұлымдық тоқтамайды жалғаса береді. Сүйегіне жабысқан теріден ләззат алатындар арамызда толып жүр. Олар жоғалып кеткен жоқ. Өз уақытын күтіп, үнсіз әрекет етіп, бәрін жазып жатыр. Олардың идеясы асқақ! Тағы да жаңа дауыстар ұшады! Ұшады! Ұшады!». Адамдар ешқашан әлемнен біржола ажырап кете алмайды. Өмір айналымында ақтық сапарына аттанар сәт сырғып келгенше амалсыз өмір сүреді. Үлкендердің озбырлығын көрген қуыршақтар таза сәби шаққа қайтқысы келеді: «Сәби болғым келеді. Шешесінің құшағында уызға тойып, балбырап ұйыұтап жататын періште сәби күйімде өмірді тағы бастағым келеді. Ересектердің өмірі ұнамайды. Ұнамайды! Ұнамайды! Ұнамайды! Тек қоштасу мен жоғалтудан тұратын өмірді сүргенімді қаламаймын. Жағада тұрып қоштаса алмай жүрген адамдарды көргенде жаным ауырады. Өз уақытыңды күтесің». Осылай, алма-кезек өмірдің алып дөңгелегі айналып келгенше өз кезегіңді күтуге, көргің келмейтін дүниелерді көруге мәжбүр екенінімізді қуыршақтар әлемі арқылы әспеттейді.

Қолғанат Мұрат өз шығармаларында бүгінгі күннің проблемаларын мәңгілік түсініктер төңірегінде өте терең көрсете білген автор. Оның тереңіне бойлаған сайын тылсым құпиялар табыла береді. Бретон ойды ақыл билемейтін және адамның адамгершілік түсініктерден тәуелсіз болатын психикалық автотизм бағыты ретінде қарастырды. Француз сюрреалистерінің көзқарастары бұл пікірде бір-бірімен түйіспеді, бірақ оларды бір мақсат біріктірді – ол өнерде жаңа стиль қалыптастыру, әлемді жаңа көзқараспен қабылдау, ал оның барлығының бастауы – бейсаналылық деп тапты. Қолғанат бейсана  биігінен өз шындығын шебер айта білген жазушы.

Ақлима Сапарова

Ақлима Сапарова — 1980 жылы Гагарин қаласында дүниеге келген. «Қайнар» университетінің филология факультетін, А.А. атындағы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. Байтұрсынов атындағы ғылым академиясы. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасында білім алуда. Республикалық «Қазбілім» орталығында жоғары сынып оқушыларын филология және журналистика мамандығына қабылдауға дайындайды. Алматыда тұрады.