Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

№37 • октябрь 2022

Өнер деген ойын

Әке, ойнаудан жалығып кеттім,  деп баласы әкесі отырған бөлмеге сырттан жүгіріп кірді.

Ендеше, мә, ютубтан мультфильм көре ғой, деді әкесі ұлына жылы шыраймен қарап. 

Өзі қарап отырған саяхатшы влоггердің кезекті санын паузаға қосып, баласының қолына пультті ұстатты. Баласы кең диванға секіріп барып жата қалды да, мультфильм тамашалай бастады. Ал әкесі асүйге шай ішуге кетті. Он минут өтпей жатып-ақ баласы бөлмеден жүгіріп келді.

Не болып қалды тағы да?

Мультик көруден де жалықтым.

Әй сен де бір…мә, онда планшеттен ойын ойнай тұр.

Планшет емес, телефон беріңізші.

Балам-ау, планшеттің экраны үлкенірек емес пе?!

Иә, үлкен, бірақ телефонмен ойнау ыңғайлырақ.

Табандап қоймаған соң әкесі еріксіз смартфонын баласына ұстатты да, өз бөлмесіне кетті. Сөреде тізілген кітаптардың арасынан өзі оқып жүрген қалыңдау бір кітапты алып, келген жерінен жалғастырып оқи бастады. Екі бетті оқыды ма, оқымады ма ұлы тағы да біреу қуып келе жатқандай тапырақтап мұның бөлмесіне кіріп келді. Әкесі тағы не болып қалды дегендей оған таңдана қарады.

Телефоннан ойнаудан да жалықтым!

Әкесі не істерін білмей көзін жұмып, біраз үнсіз отырды. Баласы оның бұл әрекетін түсінбей аңқайып қалыпты. Кенет, әкесі орыннан ұшып тұрды да, қабырғада ілулі тұрған домбыраға қол созып, аспапты абайлап қолына алды. 

Жаңа ойын ойлап таптым.

Ол қандай ойын?

Ол «Өнер ойыны» деп аталады. Ал, жүр қанекей, соны ойнайық.

Қабырғада ілулі тұрған қайдағы бір ағашпен қалай ойнайтынын білмеген кішкентай бала әкесінің не істегелі жатқанын түсінбей аң-таң болып соңынан ерді. 

Күнделікті тіршілік, жұмысбастылықпен бір кездері шеберханадан арнайы сатып алған аққу мойын әдемі домбыраны қолға алмағалы көп болып еді. Осы баласы дүниеге келгелі қоңыр домбыраны бір де бір рет шертпепті-ау. «Уақыт жоқ» деген сылтаумен талай маңызды нәрсені осылай кейінге қалдырып жүргенін енді ұққандай. Бала кезінде көп тыңдаған домбыраның қоңыр үнін өзі де сағыныпты. Қолына алып, құлақ күйін келтіруге тырысып, есінде қалған әуендерді шертіп көрді. Бастапқыда қос ішекті бөтенсіген саусақтары бірте-бірте ескі досымен қауышқан жанша пернелерді қуалап кетті. Қаншама жылдан кейін шаңырақта домбыраның қоңыр үні қайта естілді. 

Әкесі ұлын ертіп, қонақжайдағы креслоға жайғасты да, тағы да бір-екі әуенді шертіп көрді. Құлақ күйі әлі де келмей тұрған секілді.

Телефонымды берші! бір кезде диванда отырған ұлына қарап.

Не істейсіз? деп таңқалған баласы қолындағы телефонды ұсынды.

Қазір домбыраны күйіне келтіреміз. Ол үшін қазақтың ақылды, тапқыр жігіттері ойлап шығарған арнайы қосымшаны телефонға жүктеп аламыз. Күйін келтірген соң саған ата-бабамыз естіген тамаша әуендерді тартып берем. «Өнер ойыны» деген міне, осы.  

Қосымшаны жылдам көшірген әкесі оған кіріп, нұсқаулық бойынша домбыраның құлағын бұрады. Бір кезде домбыраның күйі келіп, қоңыр дауысын тапқан кезде баланың жүзі бал-бұл жанды. Әкесі саусақтарын ашып-жұмып, бір-біріне үйкелеп алды да сол қолын пернелердің үстіне жүгіртіп, оң қолын шанақ үстіне ойнатты. Мұндай әуенді бала бұрын естімеген екен. Біртүрлі ынтығып, қызығып құлақ түре қалды. Баласының көзіндегі ұшқынды, жүзіндегі өзгерісті аңғарған әке «Е, нағыз қазақты түрі емес, тілі емес, домбыраның үніне елжіреген жүрегі аңғартады екен» деп марқайып қалды. 

Сөйтті де халық күйі «Мұңлы қызды» орындап шықты. Ары қарай төкпе күйлер кетті. «Тепеңкөк», «Келіншек», «Нәр ағашы», «Жастар биі», «Ерке Сылқым» тағы да басқалар. Бала болса күйді жалықпай тыңдап, әкесінен домбыраны үйретуді сұрады. Осылайша әкесі мен баласы күнделікті жұмыс пен оқудан кейін «Өнер» ойынын ойнайтын болды.

Ал сен ше, қаракөз, осындай ойын ойнағың келе ме?

 

Семсерлесу

I

Шілденің шыжыған ыстығынан қашам деп, жұмыстан екі аптаға демалыс алып, баламды әжесіне, Алматыдан екі сағат жердегі аудан орталығы болып саналатын қала типтес кентке апаруды ұйғардым. Шешесі де маза бермейтін ұлынан біраз тынықсын деген ниет те соңғы күндері ойымнан шықпай жүрді. Ауыл болмаса да, үлкен шаһардың лас ауасынан, бір мезетке де өшпейтін у-шуынан ада поселок, баламның денсаулығына пайда келтірері даусыз. Сонымен қоса әжесінің бағында жемістерге тойсын, көшедегі балалармен кешке шейін жүгіріп, ойынға әбден қансын әрі туыстарын аралап, тегін есіне салсын дедім. Мен болсам, әкемнің үйінің тамын сылап, шарбағының қисайған жерін жөндеп келемін. Көптен бері көріспеген көрші-қолаң, бала кезімдегі араласқан дос-жаранға, бауыр мен бөлелеріме кіріп шығамын.

Жолға шығар алдында, келіннің жаман аты шықпасын деп, жолдасым қоржынымды Рахат кондитерлік фабрикасынан сатып алған неше түрлі шоколадты конфеттер мен шүберектермен толтырып алды. Туысқандарыма барарда әрқашанда осылай істегені үшін ішімнен қуанып риза болып тұрамын.

Үйдің алдына яндекспен шақыртқан такси келіп қалғанда, ұлым екеуміз анасымен қоштасып, төмен түстік. Такси жүргізушісі GPSнде кенттің атын және үйдің адресін теріп, музыкасын қосып, жолға шықты.

Жол бойы ұлым мәшиненің терезесінен табиғатты, жиі жиі кездескен ауылдарды, ауыл тұрғындарын, олардың малдарын қызығып тамашалап отырды. Алматыдан Құлжа трассасына шыққаннан бойда әрбір бөлігінде қарбыз бен қауын сатып отырған сатушылардың да саны көп. Солардың біреуінен, әрқайсысы он килограммға татитын екі дәу қарбыз, бес алты әңгелек пен ұзынша келген сопақ пішінді түркмен қауындарын сатып алдым. Үйге келгенде шешем мен қарындасымның балалары бірге жейді. Қарындасым да осы жазда ұл-қызын төркініне, нағашыларын көбірек көрсін деп әкеліп тастады. Бұларды мен балаларымдай көрем, менікі, сенікі деп бөлмеймін. Өйткені олардың бойында да менің қанып ақпай ма? Әрі туғаннан бері көз алдымда өскен соң, олар да мені кіші әке деп танитын. Ал қарындасымның он екі жастағы қызы менен тіпті аумай қапты. Қанша рет маңдайынан сүйіп, менің қызымсың, сені бөпе кезіңде бере салғанмын деп қалжыңдағанмын. Жиенім болса ұлымның құрдасы, он жаста. Мен үйде ұлыммен қазақша сөйлесуге тырысқаннан оның мектептегі, қаладағы орысша мен ағылшыншасы ана тілінен басым бола алмады. Ал қарындасым үйінде шіли орысша сөйлеп жүреді. Кейде ватсапп арқылы звандасқанда “Өй айналайын, арасында қазақ сөздерін де қосшы” деп жалбарынып қоямын. Бірақ жиендерімнің сөз қоры сол баяғы нан, дүкен, рахмет, сәлеметсізбеден аспай қапты. Әй, келе жатқан туған күндеріне планшеттен гөрі қазақша бір кітап сыйлап бермесем.

  Осы бір оптимистік ойға шомып көзім ілінді. Оянғанда селома кіріп жатырмыз екен. Бұрынғы коммунистік атаулар жойылып, жаңаша аталса да, ел көшелерді баяғыша айтып жүреді. Мен де әдеттегідей Ленина, Карла Маркса деп тұрамын.  Мен өскен көше ауылда алғашқылардың қатарында асфальттанған деп үнемі мақтанып жүретінбіз. Сол асфальтты былтыр жаңартып қойыпты. Осы көшенің бойында мен оқыған қазақ гимназиясы да орналасқан. Осы мектепке қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров келгенде, алдынан шығып, қолтаңбасын алған едім, сол кітабым қайда екен, міндетті түрде табуым қажет. Мамама тауып қойыңызшы деп алдын ала айту керек еді, мына семьяның бітпес машақатынан есімнен шығып кетіпті.  Жарайды, өзім табармын. Міні, келіп та қалдық. Көк түске боялған дарбаза біздікі. Соның алдына келіп тоқтадық. Жүргізушіге каспи арқылы ақша аудардым да мәшинеден шыға бергенде алдыма көшеде ойнап жатқан жиендерім “Аға” деп жүгіріп келді. Ауылда қарайып кеткен жиендерімнің күлкілі түрлеріне қарап өзім де қарқылдап күлгім келді. Әшейінде орысша шүлдірлейтін апалы-інілі бір жеті ішінде қазақшаға кәдімгідей машықтаныпты. Қатты сағынғанымнан қызды қатты құшақтап қысып, бетінен сүйіп тастадым, ұл болса маған сәлем беріп қолын ұсынумен әлек. Оны да екі бетінен тартып, әликүмсаламын беріп, багажда жатқан жеңілдеу пакеттерді алсын деп бұйырдым. Таксист жігіт ауыр қарбыз, қауындарды жерге қойды да темекісін тұтатты. Мен жаңағылардың бәрін көтеріп ішке кірдім.

Мамам келуімді білгендіктен алдын ала ас жасап, лапастағы үстелді қант, бауырсақ, кілегеймен жайып қойыпты. Жердегі самаурынның түтіні бұрқырап ауылдың нағыз исін келтіріп отыр екен. Қалада шайды кружкамен ішетін мен, оюлармен нақышталған ескі совет заманының кеселерін көргенде тамылжып кеттім. Адам деген нәзік мақұлық қой негізі. Осындай бір түкке тұрмайтын кішкене бір заттың өзі жаныңды жаулап алуға қабілетті.

  Дастарханды көзіммен аймалап тұрғаннан, балапандарым қолымнан тартып, аға менімен ойнаңызшы деп айғайлап жатыр екен. Ұлым әжесімен сөйлесіп отыр.

— Алдымен шай ішіп, қарбыз жеп алайық, сосын ойнаймыз, деп үәде бердім.

Шешемді барып бетінен сүйдім. Бау-бақшаның тіршілігімен күйбең мамам толықтамапты. Жүрісі тың. Мына жүгірмектермен үнемі қозғалыста жүрген адам семіре ме? Жас бала бір кемпірді өлтірді деген сөзді талай естуші едім, кемпір тұрмақ, батырды да қажытып тастайды ғой! Шіркін, осылардың энергиясын маған бергенде талай істі бітіріп тастайтын едім.

  Ал балалар, шайға отырыңдар деген сөзден кейін бәріміз лапасқа кіріп, ұзын орындыққа қатарласып отырдық. Қыз менің сүйіктім болған соң жаныма жайғасты. Қыз өссе жердің, елдің көркі демеуші ма еді, атам қазақ? Шашынан сипаладым да, інісі екеуінен оқуын, қалай демалып жатқандарын сұрап жаттым.

Үйдің сүті қосылған шайды сіміріп, қаймағын тамсанып жегенге не жетсін? Сол бір рахатты сәтте, техникаға толы қоршаған айналадан алыстап, жайбарақат күйге жатудың ләззәтін ештеңе бұзбасынды тілеумен өткізіп отырдым.  Анам болса, өзіміздің қалымызды сұрап, келіп кеткен қарындасым жайлы сөйлеп, ауылдағы бірнеше жаңалықты айтты.

Шайдан соң, мен қарбызды жарып кестім. Балалар мәз. Бәріміз жабылып соны тауыса алмай да қойдық. Осыдан соң далаға шығып, уәде бергендіктен, балалармен деміміз біткенше ойнадық. Көршілеріміздің де балалары қосылып бізбен ойнаса, олардың ата-аналары арасында үйлерінен шығып, менімен амандасып, хал сұрасып тұрды. Қараңғы әбден түскенде ғана үйге кірдік. Сонда да іште жатпай, сыртқа төсек шығарып, жаздың салқын бірақ жылы түндерін тамашалаудан бас тартпадық.

II

Ертесі, де кешегідей ойнаумен өтті. Алайда, үшінші күні, сарайды, қораны тазалап тастауды жоспарладым. Қолыма қолғап киіп, іске таңғы астан соң кірісіп кеттім. Күн түске таман жақындағанда, көшеде ойнап жатқан балапандарымды қарап келейінші деп жұмысымды тоқтатып барсам, жанымды үрейлендірген айқай естіле бастады. Ол не деп жүгіріп шықтым. Сөйтсе, көшеде ұлым, бізден алыстау тұратын көршімнің ұлы және көршімнің өзі тұр. Бақырып тұрған сол. Балалардың қолдарында таяқтар.

— Ассаламаликум аға, не боп қалды?

— Әликум салам, сенің балаң ба бұл?

— Иә.

— Сенің балаң немеремнің көзін таяғымен шығара жаздады, не боп қалды дейді?!

Екеуінің де қолында тұрған таяғын көріп тұрып, ұлымды айыптауын мен түсінбедім.

— Өй, аға, бұлар екеуі де таяқ ұстап тұр ғой, жәй ойнаған шығар?

— Жоқ, сен қазір ғана шығып, болған жайды көрмедің. Ұлың немереме таяқпен бірінші болып атқыды. Балам қорғанам деп таяқты ұстады.

— Сабыр аға. Қазір анықтап алайын. Шынымен солай болса сазайын беремін, оған күмәнданбаңыз,- дедім де баламнан келіп сұрадым.

Сөйтсе, екеуі кәдімгі ұл балалардың әдеті бойынша батырлар құсап таяқты қылышқа ұқсатып ойын ретінде соғысқан екен. Көрші баладан сұрасам, ол соны растады. Шал болса, оған иланбай, немересіне де сенбей, бырқылдап тұрды. Осы кезде, көшемен өтіп жатқан, жақын маңайда бұрыннан бері тұратын алыс туысымыз Салиқаның шалы, Жақып бізге қарай беттеді.

— Немереңді ешкім ұрған жоқ, мен бағанадан бері көз қиығымды тастап тұрдым. Босқа былжырамай кемпіріңе қайт. Балалар жай ғана ойнап жатқан.

Жақыптың сөзін ұнатпаған қытымыр шал немересінің қолындағы таяғын жерге тастатып, қолынан жұлқылап алып үйге тартты. Бізден ұзап бара жатқанда, анаған ұрса бастағанды құлағым шалып қойды. Мырс күлдім де, Жақып шалға бұрылып алғысымды айттым. Ол кісі соңынан дейін тыңдамай, сөзімді бөліп жіберді.

— Кім, сен тыңдашы. Мына балаңды міндетті түрде қылыштасуға бер, бағанадан бері, ана қырсықтың немересімен қылыштасқанын көріп отырдым. Сонда байқағаным, балаңда соған бір икем бар. Сен қалада тұрасың ғой?

— Иә, бірақ балалар таяқпен ойнай береді ғой.

— Жоқ, сен тыңдашы. Ондай нәрсе бола береді, бірақ мен әр баланың қабілетін бұлжытпай танып алам. Біреу ән айтуға үйір болса, екінші біреу сурет салуға, музыкалық аспапқа жақын болады. Сен қалаға барғанда, ұлыңды соған беріп көр. Егер ештеңе болмай жатса, не ол оған әуестенбесе жаттығуын тоқтатарсың.

— Жарайды аға! Рахмет! Кеңесіңізге рахмет!

— Ал жарайды.

— Үйге кіріңіз, аға!

— Жоқ, жоқ, асығып тұрмын, рахмет, келесі рет кірермін. Сөзіме құлақ түр, аман болыңдар айналайындар!

— Сау болыңыз!

Ұлым да ұрыс-жанжалдан құтқарып қалған үлкен кісіге алғысын білдіріп қоштасты. Біз енді осы тұрысымызды доғарайық деп, үйге кірдік. Мен қайтадан сарайды тазалауға кірістім, балалар болса, әжесіне жәрдемдесіп, бақшадағы шөпті жұлысумен күн өткізді.

Ескі сарайымыздағы заттарды ақтарып отырғанда, шаң басқан, біраз парақтары жұлынған, мұқабасы әбден тозған бірнеше кітап қолыма түсті. Көбісі орысша. Мектепте оқығанда бұл кітаптар залдағы кітап сөресінде жатқаны есіме түсті. Кейбірін сол уақытта оқып шыққаным да есімде. Мысалы, мына біреу “Үш мушкетер”. Құдай-ау, қандай ғажап кітап. Бала кезімізде, бәріміз де осы мушкетер болуды армандап едік қой. Ата аналарымыз жаңа жыл қарсаңында сол мушкетердің костюмін әперсе тіпті әлемдегі ең бақытты адамдарға айналмаппыз ба? Сол бір он алтыншы-он жетінші ғасырдағы Франция, оның бітпес дуэльдері, корольдің мушкетерлері мен кардиналдың ұландары арасындағы жанжалдары, эхх, романтика! Тоқташы, сол кезде мен осы неге қылыштасумен айналыспадым? Ол менің арманым еді ғой? Аааа, түсіндім. Ауылда күрес пен бокстан басқа секциялар болған жоқ қой. Қалада тұрғанда, кім біледі, бәлкім, айналысар едім. Сол үшін ұлымды, міндетті түрде, жаңағы Жақып ақсақалдың айтқанындай, қылыштасуға берем.

 

III

Қалған күндер зымырап өтсе де, жоспарлағанымдай үй тамын сылап, қисайған шарбақты жөндеп, ағайын-туысты аралап шығуды үлгердім. Демалысым аяқтала бастады әрі анасы мен баласы да бір-бірін сағыныпты. Қарындасымның балаларын келесі айда не қыркүйекте өзіммен бірге, Ыстықкөлге апаратынымды айтып қалаға қайттым. Шілде бітіп, Тамыз босағадан аттай бергенде, күннің аптап ыстығы да сәл саябырсыды. Жұмысымды реттеген соң, Жақып атаның сөзін еске алып, ғаламторда үйге жақын, семсерлесу клубын іздей бастадым. Бір клубты таптым. Жаттықтырушымен хабарластым. Ұлымның жасы семсерлесуге жарайтынын анықтап алған соң, сенбі күні таңертең сынақ сабағына келетінімізді айттым.

  Сенбі күні ұлым әдеттегідей емес, ерте оянды. Семсерлесуді үйренуге баратынын білген балам, соңғы күндері тіпті мазасыз болып кеткен еді. Ютубтан көретіні тек сол семсерлесу роликтері мен үш мушкетер туралы фильмдер. Пәтерде де қолына қолшатыр ұстап алып біресе менімен, біресе шешесімен айқасып жүрді. Кітап оқуға сүйіспеншілік тудыра алмаған біз, оның әжесінің үйінен Дюманың сол тозық романын алып келіп оқи бастағанына аң-таң қалдық. Жыртылған беттерін онлайн тауып планшетінен оқып тастады. Семсер асынған француз нояндары ұлымда әдебиет пен спортқа махаббат туғызды. Ал ол, он жастағы бүлдіршінімнің кітап оқу мен шпаганы ұстауды, ешкімнің қадағалуынсыз және мәжбүрлеуінсіз айналысатының айғағы. Оның менен де ерте оянып, сабақтан қалудан қорыққандығының себебі де осында еді.

  Спортзалына кіргенде ұлым өзімен қатарлы балақайлардың балаларға арналған қысқа семсерлермен қылыштасып жатқанын көргенде көздері от шоғындай жанып кетті. Бұны мен ғана емес, тренер де байқап қапты. О бұл керемет белгі деп қасымызға келіп қолымды қысты.

— Сіз ғой звандаған?

— Иә, мен! Баламды шынықсын, спортпен әуестенсін деп берейін деп едім.

— Өте жақсы! акцентпен қазақша жауап берді ұлты орыс мұғалім, біз алты жастан бастап үйретеміз. Балаңыз онда ғой, — орысша жалғастырды ол.

— Иә, онда!

— Бұл семсерлесуге, жалпы спортқа беретін нағыз керемет жас. Біздің жас мушкетерлер төзімді, алғыр, жылдам спортшыларға айналады. Бірақ тек денелері ғана дамымай, милары да дамиды, өйткені семсерлесу спорттың шахматы. Мұнда ойлау қажет. Ол ең бастысы деп мен нық айта алам! Және ол аристократтық, элиталық спорт түрі.

— Баламның мушкетер десе көзі мен жүрегі лапылдай жанғанын байқаған шығарсыз. Сондықтан энергиясын, уақтын босқа кетірмей, пайдалы, керекті іске жаратсын деп сізге әкелдім!

— Игі іс! Ал, балапан, аяқ киіміңді ауыстыр да сапқа тұр, біз бірінші сабағымызды бастаймыз!

 

Осылайша менің кішкентайым семсерлесуді үйрене бастады. Ал сен ше, қаракөз, семсерлесуді үйренгің келе ме?

Нұржан Түменов

Нұржан Түменов — «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды шоудың аймақтық жеңімпазы. Нью-Йорк Кино Академиясының (Болашақ бағдарламасы) түлегі. Көркем өнер магистрі. «Соңғы муза», «Ашық көрсетілім», «Парасат майданы» телебағдарламаларының тұрақты қонағы. «Драма.KZ» заманауи драматургия фестивалінің финалисі (2022). Әуестену: Шпагамен семсерлесу, әдебиет, Наполеон дәуірі. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өлең, әңгіме, повес, пьеса, роман жазады. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Балалар әдебиеті» аталымында.