Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

№37 • октябрь 2022

Сингулярлық нүкте

Психологиялық монодрама

Адам дегеніңіз — бұл әлемде өзін галлюцинациядан ажырата алмайтын нүкте.

 

Оқиға орны:

Сахна — қыздың миындағы естеліктер жиналған оқиғалар кеңістігі. Сахнаның әр бұрышында түрлі декорациялар орналасқан: ескі пианино, теледидар, киім ілгіш (қара пиджак пен қызыл орамал ілулі) және бір бұрышта шағын стеллаж (жинаулы кітаптар мен бейнекамера, үстінде графинде түймедақ тұр). Ортада қарама-қарсы орналасқан екі былғары кресло, ортасында ұзын торшер жанып тұр. Жерде сансыз шашылған қағаздар. Қағаздардың бәрінде сұрақтар, түрлі лозуңдар мен фотосуреттер бар.

 

Қатысушылар:

Қыз — 24-25 жасар

Қыздың тәнінде бірнеше жан өмір сүретін адам сияқты үнемі түрлі кейіпке еніп отырады.

 

 

Пролог

Адам бала кезінен айналасынан өзіне жылулық іздеумен болады. Айналаның лебізі әр адамның қоғамдағы өз орнын табуға көмектеседі. Бірақ ол жоқ. Ол өзін, өзінің бұл өмірдегі, бәлкім, қоғамдағы өз орнын, өз шындығын іздейді. Тіпті оларды қашан, қалай, қайда жоғалтқанын да білмейді. Ол шындықты білмек үшін, өзін жоғалтуға себепкер ситуациялармен миындағы естеліктер кеңістігінде жолығады. Ол біртіндеп естеліктерін аттап өте береді. Ол кішкентай кезіндегі оқиғаларға барып, өзінің «бөгделігін» біледі. Мектептегі естеліктері де оңбай тұр, бәрінен шеттетілген. Оның қорғаны болар отбасы да бұны қаралайтындай бопты. Жақсы көргенінің бәрі бұны жек көріпті. Бұлардың бәрін түсініп, іштей қабылдағанмен, бірақ неге олардан бөтен екенін түсінбейді.

«Неге?», «Не үшін?», «Неліктен?» деген сұрақтармен басы қатып, өз санасында жауап таппай сенделеді. Ол адамдарға қойған «қайда?» деген сұрағына тек «ол өліп қалды» деген жауапты естиді. Ол өзінің өмір бойы басқалармен тең дәрежеде өмір сүруге талпынып жүріп, енді өзін ешқашан таппасын ойлайды. Енді не істегісі келетінін, кім боларын, армандары қандай болғанын білмейді. Оның «өліп қалды» деп еститін жауабы шын секілді, өзін жоқтыққа сіңіп бара жатқандай сезінеді. Мүмкін, ол шынымен өліп қалған шығар. Онда өзін іздеудің қандай мәні бар?

 

І көрініс

Қыздың үстінде күйе—күйе болған ақ көйлегі мен мойнында кішкентай көкшіл орамалы бар. Ол сахнадан бірдеңе іздегендей болады. Кейін көрермендермен тілдесе бастайды.

— Кешіріңіз, үстінде ақ шыт көйлегі бар біреуді көрмедіңіз бе?

— Сіз көрмедіңіз бе? Жасы отызға әлі жетпеген. Сізбен жасты болуы да мүмкін.

— Сіз ше?

Ашуланып кетеді.

Біреу ол туралы естеліктің бәрін жұтып жібергендей. Неге жауап бермейсіңдер? Әлде көрмедім деп алдап отырсыңдар ма?

Жерден қиындылардан құрастырылған коллаж суретті тауып алды. Көрерменге көрсетіп тұрып сөйлейді.

Оның жасы шамалап айтқанда отызға әлі жетпеген. Өзі аса сұлу да, ұсқынсыз да емес. Өзі қысы-жазы ақ шыт көйлекпен жүргенді ұнатады. Көзі қою қоңыр түсті. Сіз оның көздеріне қарап күнделікті оқиғаларыңызды айтып бастайсыз да, бір сәтте қалайша өмір жолыңызда кездескен қиындықтар мен мәселелеріңізді айтып қоя жаздағаныңызды байқамай — сол қою қарашығында қалып кетесіз. Сосын сол жерде бостандық жайлы әндерді естисіз. Жоғалып кетті деп отырған осы адам.

Суретке бір қарап күрсінді. Жердегі қағаздарға қарап тұрып, жаңа бір ой келгендей отыра қалып, жердегі қағаздарды ақтара бастайды. Бірден еңселі күйде сөйлей бастады.

Жоғалып кетті дейді ғой. Жоғалды деп іздеушісі бар адамды айтады. Ал оны ешкім іздеген жоқ. Тіпті бұл өмірде ол болмағандай. Әйтеуір бәрінің айтары бір сөз: «Білмеймін». Сендер өзі не білесіңдер?..

Көрерменге аларып қарайды да, атып тұрып көшеде іздеу салған адам кейпіне енеді. Сахнада әрілі-берілі жүгіре сөйлейді.

Көшелердегі бәрін шалыс қалдырмайтын бейнебақылау камералары оған қатысты жауаптарды көрсете алмайды. Полицейлер де ондай адам тіркеуде жоқ дейді.

Креслолардың ортасындағы торшер жарығына жақын тұрып, тергеушімен өзара сұхбаттасқандай кейіпте жарықты өшіріп-қосып сөйлейді.

(жарықты өшіреді.) Қоғамдық орындарда жоқ па? Орталықтар, дәмханалар?

(жарықты қосады.) Жоқ, оның ақшасы жоқ.

— Қонақ үйлер ше?

— Оларда түнемейді, себебі оның шынымен ақшасы жоқ.

— Онда жертөле?

— Жо-жоқ, ол ондай жерлерден қорқады.

— Біреу ұрлап кеткен болса ше?

— Ұрылардың көзіне түсетін адам емес.

— Басқа қайда болуы мүмкін?

— Ешқайда. Иә. Ешқайда.

— Сонымен?

Сонымен?!

Ол жоқ па?

Иә, ол жоқ. Ол ешқашан болмаған. Ондай адам жоқ!

Сол жақтағы креслоға отырды да, тым сабырлы адам кейпінде, аяқтарын айқастырып алды.

Қысқасы, бәріміз бір ауыздан ондай адам мүлде жоқ және болмаған деген тұжырымға келеміз. Іздестіру аяқталды!

Ортадағы жарықты өшіріп тастайды. Асыға қарсы креслоға ауысып, жарықты қайтадан қосады. Жарықтың тұсынан жақындап келіп, сыбырлайды.

Негізі «тұжырым шығардық» дегеннен гөрі, «бұл жай бір гипотеза» деген дұрысырақ. Себебі, оның болғаны рас. Ол бар. Ол арамызда.

Көрерменге күдікпен қарайды.

Иә, ол арамызда. Тығылып отыр. Бұларға сенім жоқ. Бұлар оны еркінен тыс  жасырып отыруы да әбден мүмкін.

Атып тұрып, балаша қуанады.

Ойын! Ойын! Ойын! Егер оның “жасырынбақ” ойнағысы келсе, онда мен іздеймін. Көзімді жұмдым. Әй, ақымақ қыз, дұрыстап тығыл!

Аптыға санап, әр жерден бір іздеп, іздегенін таппайды.

“Ол жалған ойнайды” деп айттым ғой мен. Өтірікші қыз, үнемі бәрімізді алдап кетеді! Енді ойнамаймын сенімен. Түсіндің бе?

Кітап сөресінен кітаптарды ақтарады. Біреуін алып отыра қалып, қаламмен шимайлап отырып, міңгірлеп сөйлейді.

Маған онымен ойнаған ұнамайды. Себебі, ол жаман қыз. Сізге бір құпия айтайын: оның мамасы да жаман адам болған. Бұны да маған мамам айтты.

Ал ондай адамдар жақсы адамдарға зиянды нәрселер жасайды. Аяз ата да жаман балаларды жек көреді. Оларға сыйлық бермейді. Мен де сол сияқты ол қызды жек көремін.

Орнынан түрегеліп, кітапқа сызған шимайды адамдарға көрсетеді. Мазақ қылып, ессіз адамдай күледі.

Жоқ, айтыңдаршы балаларды мұндай бос әңгіме сендірудің не керегі бар? Ересектер адалдықты үйретіп, оларды тәтті тарататын шалға сендіретіні қалай? Күлкімді келтірмеңдерші. Адам жақсы немесе жаман болады деген сандырақ қана!

Жасөспірім қыз кейіпіне енеді. Ерніне қып-қызыл далап жағып тұрып, бейқам күйде сөйлейді.

Дұрысы балаларды мұндай маңызды істерге араластырмау. “Жасырынбағы” несі? Нағыз детектив секілді іздестіру керек. Біз болашақ полициялармыз. Поу-поу-поу! Іздеген адамды бір сәтте табамыз! Себебі, біз әлдеқашан ересек болғанбыз.

Жан-жақты іздестіргендей кейіп танытады да, басын қасып, креслоның арқасына жағын таянып тұрады.

Біріншіден, біз оның мектепте жолы болмағыр адам болды ма, әлде аса танымал, жігіттердің арманы болды ма, соны анықтауымыз керек. Екіншіден, оның ақшасы көп пе, әлде жоқ па, соны білеміз. Үшіншіден, тапқан соң сұлулығын қызғанамыз да, оны тапқанымыз үшін ақша талап етеміз. Несі бар? Қазір капитализм уақыты. Ақша және ақша!

Аяқтарымен жердегі қағаздарды теуіп, әлгі коллажды тауып алады. Саусағының ұшымен алып, бетін басып күледі.

Осы ма? Ха-ха-ха! Мынау деген өлгелі қашан? Әлде тірі ме? Бәрібір! Бұл оңбаған қыздың не істегенін білмейсіңдер ғой. Ол түріне қарамай бізбен дос болғысы келетін. Ха, маған қараңыздар да, мынаған қараңыздар. Мынадай адам менімен дос бола ала ма? Фу…

Қолындағы суретті жерге жиіркене тастап жібереді. Кітап сөресіндегі бейнекамераны көріп қалып, өз-өзінен қатты күледі. Креслоға жалқасынан жатып алып сөйлейді.

Өте бір қызық оқиғаны айтып берейін. Біздің өміріміздегі ең мінсіз атқарған ісіміз – дене шынықтырудағы жуыну бөлмесінде оны камераға түсіріп алғанымыз. Жо-жо-жоқ! Бізден кеткен қате жоқ. Бәрі өз кесірінен болды. Біз оның жоғары сынып оқушысынан аяғы ауыр болғанын білдік. Ол болса: “Менің кінәм жоқ. Түсірмеңдерші. Ааа!!!”

Қалайша кінә жоқ? Неткен ұятсыз еді. Ол әркімге бір жабысып, майысып жүретін жүргіш қыз.

Камераны ашып, түсіріп жатқандай жан-жаққа қаратады. Есіне бірдеңе түскендей қатып қалады.

Сол видеоны сендерге көрсетейін. Сосын менің сөзімнің шын екеніне сенесіңдер. Ха-ха, біздің мектептегі ең танымал видеоны тамашалаңыздар!

Теледидарды қосады. Экранда глитч тв-көмескілік ғана быжырлап қосылады. Алдына кеп отырып алады. Бірнеше секунд қозғалыссыз. Ерніндегі далапты сүртіп жібереді де, ауыр күрсінеді.

Масқара… Оны жұтқан – масқаралық. Ол адамдардың күлкі етуінен қашып құтылғысы келген шығар. Солай біз оны күстәналау үшін ғана іздеп жүрген шығармыз. Масқара!

Теледидар қосулы күйде қалып, сахна жарығы түнеріп қалады.

 

ІІ көрініс

Қыз камераны алып кітап сөресіне қайтадан қояды. Үсті-басын қағып, терең дем алады.

Ол масқаралықтан қашты. Бәрінің есінде қалатын масқаралықтардан құтыла алмайтынын біліп, ол қайта оралмас жаққа қашқысы келген. Негізі…

Тоқтай қалып, жан-жағына жалтақтайды.

Мына дауыс қайдан естіледі? Қайсысың әндетіп жатқан?

Ілгіште ілулі тұрған қызыл орамалға қарап қалады. Қолымен бағыттайды.

Мынау… Иә, мына кербез әйелді көріп тұрсыңдар ма? Бұл әйел оны таниды.

Орамалды иығына жауып, тым жайбарақат қозғалады. Жан-жаққа абайлап қарайды да, ілулі костюм қалтасынан темекі алып шығарады. Кекетіп, өзімшіл сөйлей бастайды.

Оны да іздеп, керек қылатын адамдар бар екен-ау. Ол қыз өліп қалған! Біз үшін енді ондай адам жоқ. Ол әкесі екеумізге бақытсыздық қана әкелген.

Креслоға отырып, темекі тұтатады. Жан-жаққа сақтықпен қарайды.

Ол туралы қоймай сұрағандарыңа қарағанда, бір шикілікке қатысы бар шығар. Онда дұрыстап тыңдаңдар (Аяқтарын айқастырып алады.) Ол осы үйдің адамы емес, бір құбыжық секілді жүреді. Ол тамақты да дұрыстап ішуге мұрша бермейді. Адамды қатты жиіркендіреді (Бейнелеп көрсете бастайды.) Қасықтап алған тамағын шайнап, жұтқанда да, көзін менен алмай, шалпылдатып отырады. Тәрелкеге түкірген кезі де болады (Тітіркенеді.) Айтып тұрмын ғой, ол өте жиіркенішті адам.

Басын шайқап, мысқылмен күледі. Орнынан тұрып, әңгімесін әрі-бері жүріп жалғастырады.

Отбасылық мерекелерде ол біздің қасымызда отырмайтын. Тіпті бірге тойламайтын болды. “Мен кеттім. Мені іздемеңдер” деп көрінген жерге бара беретін еді. Мектеп оқушысының ондай қылық көрсетуі бір жамандықты сездіреді ғой. Ақыры оның бұл қылықтарына шыдамай, әкесіне қызының өзгеріп жүргенін жасырмай айттым. (Пауза.) Оның болашағына қатты уайымдағасын шығар, айтқаным… Кейін…

Бетін басып, жылағандай өксиді.

Содан кейін біз оның арсыздыққа барғанын білдік. Біз тәрбиелеп отырған, әлі мектеп оқитын қыз аяғы ауыр деген жаңалық күйеуім екеумізге ауыр соққы болды. Ол болса, «өтірік, дұрыс түсінбедіңдер, ойбай-ойбай» деп мәймүңкелеуін қоймады. Бұнысы аздық еткендей оның тырдай жалаңаш фото-видеолары тарай бастағанын көріп, одан әрі ашуланып, бұған шыдамай күйеуім оны үйден қуып шықты.

Қатты ашуланып жерде жатқан коллаж суретке қарап сөйлейді.

Сен қыз... Оңбаған тәрбиеден жұрдай. Әке деп сыйламадың-ау. Бәрімізді қара бет қылдың. Не үшін өмірге келдің екен? Сормаңдай! Менің сендей қызым жоқ. Шық үйден!

Ашуын тыйып, басын шайқап, шашын дұрыстайды. Коллаждың үстіне тұрды да, аяғын таптап, тазалап алды. Қайтадан әйел қалыпқа кіріп, күліп жібереді.

Осылай біз бақытсыздықтан құтылдық!

Темекісін өшіріп тастайды.

Бұны дұрыс өшірмесе, зиянкес өртті тудырады. Оны да осылай дұрыстап өшіру керек болды… Әйтпесе, құтырып кетіп еді. Хм!

Жұтынып сөзін тоқтатады. Бірнеше рет тоқтаусыз жөтеледі. Кейін өз-өзіне келіп, өте бақытты күйде сөйлейді.  

Оны үйден қуып шыққалы үйімізде тек қуаныш. Күйеуім қазір оның есімін мүлде естігісі де келмейді. Ол енді біз үшін айтылмайтын тақырып. Ол өлсе де, жезөкше боп кетсе де, нашақор боп кетсе де, бізге ол енді қызық емес. Мен оған әрқашан жақсылық тіледім. Оған жақсы тәрбие беруге тырыстым. Бірақ ол өз шешесіне ұқсаған бірбеткей, көкбет, ақылсыз, оңбаған. Жақсы, өлгеннің артынан жаман айтпақ жоқ. Бірақ оны да айта берсең, кете береді. Әрине, мен оған шеше орнына шеше боп барған кезде ол тым жас қыз еді. Ересектер арасындағы кейбір нәрселерді түсінбейтін. Сонда да  әкесіне сондай иттік жасауы нағыз оңбағандық қой!

Сөзін аяқтаған соң темекіні тығатын жер іздейді. Үстін қаққылап, иықтағы орамалды жаңа көргендей жұлқына шешіп, жерге тастайды. Өгей ана кейіпінен шығады. Орамалға қарайды да, аяп кеткендей жерден көтеріп алады.

Негізі әлемде әйелдер екіге бөлінеді екен. Езгіге шыдамайтындар және сол езгіні ұйымдастырушыларды жақтайтындар. Оның шешесі ешкім түсінбейтін себеппен өз-өзін өлтірген деседі. Онысын адамдар әлсіздікке санап, әлі де кемсітеді екен.

Орамалды жақындадып сөйлейді.

Жауап беріңізші, ол қыз шынымен сондай оңбаған болды ма?

Орамалды құлағына тақайды.

 Үндемейді. Бұл әйел негізі жақсы әндететін. Ұзын дәліздің соңында орналасқан ас бөлмеде ол күйеуінен тығылып ыстық бумен араластырып темекі шегіп тұрып, өз әндерін шырқайтын. Тіпті түнде қала көрінісіне қарап тұрып та әндете беретін. Сол түндердегі әуен анау қыздың түсінде көріністер беріп жататын.

Аздаған паузадан соң, ыңылдай бастайды.

Ла-ла-ла...

Орамалды жоғары көтеріп, ыңылдап жүріп ерсі билейді.

«Алқымында көк орамал

Бір бике дала барлайды.

Зарлы мұң тербегенде

Түнде жалғыз зарлайды.

Үрейлі сыбыр естілгенде,

Ешкім одан қаша алмайды...»

Әндетіп жүріп орамалды жайлап мойнына орай бастайды.

Әдемі ән, иә? Бұл шеше дәл осылай ән шырқайтын еді. Әуені жағымды. Көркемдік ерекшелігі бар десе де болады. Көпшілікке ұнауы керек.

Әннің кейбір жолын қайталай береді.

«Ешкім одан қаша алмайды»... Ешкім...

Орамалға қылқынып қалады. Өзін одан әзер босатып алады. Орамалды лақтырып жіберіп, жерде тізесін құшақтайды.

Қаша алмайды? Неден? Неден қаша алмайды? Неден? Өтірік? Жалған айыптау? Неден?

Орнынан атып тұрады да, орамалға бір қарайды..

Сұқит әйел! Әнің онша емес. Ешқандай көркемдікті көріп тұрғаным жоқ. Әуені құлаққа жағымсыз. Бір сөзбен айтқанда — қоқыс!

Оң жақ тұстағы креслоға отырады. Сотта отырғандай тым салмақты сөйлейді.

Сонымен бұның бәріне не дей аламыз? Оның айтқандары сенімді ақпарат болуы да мүмкін. Бірақ дәлелдер жоқ. Елу және елу. Әлде елу тоғыз және қырық бір?

Қарсы креслоға ауысты.

Біз ол туралы мәліметтердің бәріне сене бермеуіміз керек. Тоқсан тоғыз және бір!

Ауысады.

Сонда қандай шешім шығаруымыз керек? Тоқсан тоғыз дегеніміз — айыптау?!

Орнынан тұрып, торшер жарығына қарай келеді. Тіктеліп, өктем сөйлейді.

Бұның бәрі нақақтан-нақақ айыптау деген шешім қабылдаймыз! Іздестіру жалғасады!

Жарықтар өшеді.

 

ІІІ көрініс

Жерде жатқан қағаздарды реттегендей болады. Арасынан сұрақтар жазылған парақтарды жинайды.

Босаңсуға болмайды... Жоқ, болмайды. Оған қауіп төніп тұрғаны анық. Мүмкін, ол қамауда. Онда оған сол тұтқыннан құтылудың әдіс-тәсілдерін айтып, соны арнайы нұсқаулыққа енгізу керек. Демек бұл қауіпті межеге жақындағанымызды білдіреді.

Сұрақтар жазылған парақтарды көрермен алдына тізе бастайды.

Бәлкім, оны табуға сәл-ақ қалды. Бірақ оны таппауға сылтау көп. Неге? Не үшін? Неліктен? Ол тіпті кімге керек? Ешкімге керек емес біреу ғой... Былай емес, былай. Немесе былай.

Қойған қағаздарының орындарын алмастырып, алдындағы адамдарға тесірейіп қарайды. Неге деген сұрақты алып, умаждайды. Қолына ұстап тұрып, умаждалған қағазға қарап, жынды адамдай күледі. Креслоға жайғасып отырады.

Неге десеңдер, былай болған:

Ол қысты күні қандай қаһармандық жасағанын бірі білсе, бірі білмес. Ол жалаң аяқ болғасын қар үстінде жорғалаған. Қар оған кедергі еткен. Сол үшін ол жер қазған. Қарды жалаң қолмен аршыпты. Жыламсырап отырып өте терең жерді қазып шығыпты. Ол қыз сол жерді не үшін қазуы мүмкін? Бірдеңені сонда жасырғаны анық. Ол не? Табыңдаршы. Таба аласыңдар ма? Таппайсыңдар. Ол өзін-өзі көмген. Неге дей ме біреу?

Қолындағы қағазды лақтырып жібереді.

Себебі, бұл жай ғана ересектер айтқан аңыз-қисса ғана. Ал аңыздар — сандырақ.

Осы біреуді іздеу кімге керек болды екен? Мүмкін, жоғалу оның таңдауы шығар? Оған бұл жүрісі ұнайтын шығар. Иә, иә, бәрінен алшақтап, көзге көрінбейтін елес болу, қашу, тығылу оның өмірлік ұстанымы шығар. Онда бәрі неліктен оның принциптерін бұзғысы келеді? Керек емес. Адамдарға өз дегенін жасауға кедергі келтірмеу керек.

Жердегі қағаздарды умаждап лақтыра бастайды.

Неткен лас! Сағат бірнеше де бірнеше болыпты. Қонақжай мейрамхананы ашатын уақыт та жетті. Қонақтар және бастық. Сондықтан мыналарды құрту керек. Кешіріңдер, балалар. Ертегілер уақыты аяқталды!

Жүгіріп жүріп шашылған қағаздарды жинап, үстін ретке келтіре бастайды. Бірден өзгеріп, мойнындағы кішкентай орамалды түзеп, қақшиып артқа бұрылады. Шеттегі пианиноның қасына жетіп келеді де, киімімен сүртеді. Оған қарап ұзақ қозғалыссыз тұрады. Құлақтарын шұқып, біртүрлі қылық жасайды.

Жоқ, ертегілер уақыты бітуіне әлі ерте екен. Ал бұл бәріне ұнайтын жаңа бағдарлама.

Пианиноға отырып, бірнеше секунд қозғалыссыз қалады. Аяқасты зор дыбыспен Анри Бертинидің «Оp.29: №7 in C Minor» этюдін ойнайды. Ширақ, әрі тым шулы әуен ойнайды. Ойнаған соң сәл басын салбыратып отыра қалады. Бір сәтте орнынан атып тұрды да, басын иеді. Өзі орта жастағы паң еркектей қозғалып, аяқасты шаттана, мақтана сөйлейді.

Керек емес, керек емес! Мұндай шулы қошеметті тоқтатыңыздар, оған лағынет жаудырудан артығы керексіз. Әртіске арналған гүл шоқтары мен сыйлықтар? Жо-жоқ, оған қылмыстық кодекстің ең ауыр жазасын дайындауды ұсынамын. Тағы бір әуен? Жоқ, бұл сұмдық та жетіп жатыр!

Ілгіштегі пиджакты үстіне киді. Беліне қолдарын таянып, өзімшіл боп керіле сөйледі.

Мейрамханамыздың асы келген қонақтардың бәрін қуантып, шаттыққа бөлейді. Бұл жерден адамдар «Менің тағы да тамақ жегім келеді» деп жыламсырап ашкөздікпен қоштасады. Сондықтан сіздерге жайғасуды және тойымсыздықтың дәмін көрулеріңізді ұсынамын.

Креслода адам отырғандай күлімсірейді.

Ондай адамның барын ұмытып кетіппін. Мейрамханада қызмет қылғандар арасында ұятсыз әйелдердің саны көп болды. Сіздер қайсысын іздедіңіздер?

Креслоға құлағын тақайды да, шошып аузын басады.

Не үшін? Айтыңыздаршы, не үшін сол қызды іздейсіздер? Қазір айналада не боп жатқанын анық көріп жүрміз ғой. Бұның бәрі мына жоғарыда (сұқ саусағын жоғары қаратады.) бақыланып отыр. Бұл деген болмашы мәселелер ғана. Оны іздеудің түкке де қажеті жоқ, маған сеніңіздер. Бір жерде мертіліп өлсе де, көлік астына түсіп өлсе де, біреу бауыздап кетсе де, бұл құрметті қонақтарды алаңдатпайтын сауал болуы керек. Қоқыс жәшігін іздеудің қажеті жоқ деп білемін. Одан да рақаттаныңыздар. Тойыңыздар және тойлаңыздар!

Мәз боп күледі. Тіпті күлкісін баса алмайды.

Түсініксіз бірнәрсе бар. Осы біздің қоғам осындай ұятсыз әйелдердің хақын қорғай беруді қашан қояды? Ол ауқатты, беделді, қатардағы бақытты отбасыда тәрбиеленгенмен, әйелдер әрқашан осындай сасық күйде қала береді. Олардың табиғаты сондай. Осындай өтірікші, абыройсыз, оңбаған әйелдерді адам санауды доғару қажет. Адам мен әйел екі бөлек нәрсе, ха-ха-ха!

Пиджак қалтасынан қорап темекіні шығарып, таңданып қайтадан салып тастайды.

Олардың осындай пасық қасиеттері менің ашуыма тиетіні болмаса, дегенмен әйелдерді мен бір ғана нәрсе үшін жақсы көремін. Ләззат үшін. Бұл құдайдың қасіретпен қатар берген тегін сыйы.

Жан-жағына алаңдап қарайды да, креслоға сыбырлайды.

Жаңағы адамдар жабылып іздеп жүрген қоқыс жәшігі де өте көнбіс қыз еді. Содан шығар оның мен үшін аздап болсын сүйкімі болды. Әйтпесе, мен айттым ғой, олардан қатты жиіркенемін.

Ауадан темекі жасап алғандай, өзі шеге бастайды. Креслоға сүйеніп қойып әңгімелейді.

Негізі қонақ күтудегі басты ереже — оларды өз талабына сай қанағаттандыру. Өзің дұрыс деп танитын ойлардан ажырап, олардың талабын орындау. Себебі, мұнда ереже осындай. Ол өзгерусіз, дәл осы күйде қалады. Ал басқаның бәрі маған ұнамайды. Мен осыны қалаймын. Сондықтан өзге ойларды әйелдердің миына құймау керек.

Темекісін торшердің ішіне тастағандай болады да, оның жарығын өшіріп тастайды. Қолдарын үстіне сүртеді. Ойламаған жерден кеңістікке қызыл жарық жанып, көзі ауырып,  уқалай бастайды. Мойнындағы орамалды шешіп алып, сонымен көзін байлайды. Адасып жүргендей әрі-бері кезеді.

Адамдар ештеңе көрмей өмір сүрсем қиын болатын шығар деп ойлайды. Бірақ олардың онымен қоймай аңқаулықпен соқыр боп жүретіндері қызық. Көзсіздік деген күн мен жерді көрмеу емес, ол...

Ілгішке соғысады. Пиджакты шешіп, ілгішке іледі.

Кейде адамдар күтпеген жағдайлар жиі орын алып жатады.

Пиджактың жеңіне бір қолын салып жібереді. Осы кезде ілгішпен көрсететін пантомима орындайды. Пиджак арқылы өзімен-өзі диалогқа түседі.

Қайдан қашып келе жатырсың? Үйден? Адам өз үйінен қаша алмайды. Себебі, ол бізге пана болады. (Пауза.) Уайымдаудың қажеті жоқ. Себебі, сенің енді қорғаның бар. (пауза.) Енді жылулық та, мейірім де болады.

Қыз бір қолымен көзіндегі орамалды ашпақ болады, пиджактағы екінші қолы оны тоқтатып тастайды.

Жоқ, ашпа. Әйтпесе, сенің дәл қазіргі бақытты сәтің аяғына жетеді. Әлгі өлең есіңде ме? «Көзсіз махаббат ғана миыңдағы барлық мәселеңді жасыра алады» деген болуы керек. Мені білесің ғой, ақын емеспін. Бірақ мен бұны өз тіліммен жеткіземін. Сондықтан көзіңді ашпа.

Қыз өзін-өзі құшақтап, қуанышты сезінеді.

Әлгі оқиға ше? Ол есіңде бар ма? Сен үсті-басы жыртық күртемен алғаш осы мейрамханаға кіріп келген кезің. Сен өзгелер секілді тамақ ішуге емес, аспаздардың жанына жақындадың. Сол кезде біз сенің соншалықты мүсәпір адам екеніңе көз жеткізгенбіз. (қолы көзіне жақындайды.) Тоқта. Біз сенің бейшара адам екеніңе бірден сендік. Себебі, сен мұндай ауқымды мейрамханада тамақ ішуге ақшасы жоқ қаңғыбас біреусің. Сен еркектер үшін қолжетімді, сұраусыз адамсың. (жұлқына бастайды.) Сен өзіңді біреу жақсы көреді деп ойлаған болсаң, онда өзіңді бағалымын деп санағаның ғой. Жоқ, сен ешкімге керексіз біреусің. Сен қоқыссың! Ха-ха! Үсті-басынан оңбағандық пен арсыздық саситын мейрамханада шаң сүртуші біреу махаббаттан дәмелі ме? Армандапсың!

Өзін пиджактың жеңінен шығарып алып, жерге (ілгішпен) құлап түседі. (Күшеніп ілгішті үстінен алып тастайды). Жерде екі иығымен демалып ұзақ жатады. Кейін тарқылдап күледі. Орнынан сүйретіліп тұрып, көзін шешеді. Ілгішке қарап, күлкісін тыймайды.

Анау қыз... Естідіңдер ме? Ана қыз бастықты жақсы көріпті... Ха-ха! Арманы күшті екен...

Күлкісінен тұншығып, біраз жөтеліп қалады. Қолындағы кішкентай орамал мен креслоларды сүрте бастайды.

Бастықты жақсы көретін қыздар көп. Сіздер іздеген қыз да солардың бірі болды. Ол бастықтың әуенін, сөздерін, қимылдарын қатты жақсы көрді. Көзсіз. Былай жақсы көрді. (көзін қолымен жабады.) Біз оларды есіктен сығалап қызықтайтын едік.

Шиқылдап аузын жауып күледі де, артына жалт бұрылады. Біреу шапалақпен бетінен ұрғандай, креслоға құлап түседі. Бетін ұстап бұрылды да, шашын жинағандай боп, ширақ сипалайды. Қолындағы көкшіл орамалды қайтадан мойнына тағады. Түзеліп, қайта паңданады. Еркек жаны оянғандай шіренеді.

Әйелдер менің санамда егеуқұйрық секілді елестейді. Шиқылдап, өсек айтқандары миымды ашытады. (пауза.) Сендер біреуді іздедік деп пе едіңдер? (қос креслоға кезек-кезек қарайды.) Жоқ! Жоқ! Миымды ашытпаңдаршы. Мен сендердің кімді іздегендеріңді білмеймін, бірақ мен білсем, ондай адам жоқ. Өліп қалған шығар. Қысқасы, уақытты босқа құртып қайтеміз. Сендер жұмыстарыңа кірісіңдер. Ал біз баяғыша бұның бәрінен рақаттанамыз!

Пианиноның үстін саусақпен сырғанатып өтті.

Ей, құлдар! Мынаның үстін шаң басыпты. Сүртіңдер! Сосын әлгі арсыз қызды тапсаңдар мына қонақтарға жеткізіңдер. Оны ар-ұяты іздеп жүр деп айта барыңдар!

Қызыл жарық өшеді. Сахна қараңғыланады.

 

IV көрініс

Торшер жарығын қосады. Оң жақ креслода аяқтарын айқастырып отырған қыз жайбарақат сөйлейді.

Бүгін біз адам және көшпенділік туралы айтамыз. Қаламы барлар маңдайларыңа жаза отырыңдар. Біз қазір әлемде толыққанды тоқтаусыз жүріп жатқан цивилизация, әр адамға тиесілі тұрғын үйлер, жеке автокөлік, уақытылы жалақысы түсіп тұратын офистегі тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті дегенімізбен, жабайы көшпенділік адамдар арасында әрқашан қалатыны сөзсіз. Жабайы көшпенділік деген сөзді бадырайтып жазыңдар. Себеп? Себебі, адам пайда болғаннан бері оған тиісілі тек өзінің тәні ғана. Сол үшін шығар адамдардың өмірде әрқашан тұрақсыз болуы қалыпты боп кеткен. Бірақ! Көшпелілік — тұрақтылық пен гармонияны қалайды. Ол әр жерде бір ұйықтап, әр жерде бір қонақтап жүргенмен, ол тұрақтылықты іздеп жүр. Бәлкім, оның көздегені осы шығар. Түптеп келгенде, адам жаны да тұрақсыз. Ол бірдеңені іздейді. Сол үшін...

Мойнындағы орамалды тартқылап, бір-екі рет жұтынады.

Шынтуайтында, ол жалмаңдап тұрады. Жанды айтамын. Ол тыныштықты қаласа да, бар күшімен ішіңде жойқын жарылыс ұйымдастырады. Мәнісі десе — ол өзін қанағаттандыра алмайды. Сондықтан іздеу жұмыстарына кіріседі.

Орнынан тұрып, айналадан бірдеңені іздейді. Қыздың коллаж суретін тауып алады.

Міне, біздің жаңа клиент.

Суретті сол жақтағы креслоға қойып, өз орнына қайтадан отырады.

Маған кеңінен төселіп, ақтарыла берсеңіз болады. Мен бос бөлмемін. Ал есіктер жабық. Айнала тыныш. Мына көздерден сескенбеңіз. Олар сіздің сырыңызды бақылайтын болады. Осынша көп көз сізді шошытады, білемін. Бірақ олар сізге ешбір айып тақпайды.

Айналаға күлімдеп қарайды да, сұқ саусағын ерніне тақайды.

Сонымен сіздің көздегеніңіз не? (пауза.) Тоқтаңыз. Сонда сіз жай ғана кәдімгі адам болғыңыз келе ме? Ол оңай шаруа екенін есепке алсақ, неге көздегеніңізге әлі жетпегенсіз? Соншалықты кәдімгі емес адамсыз ба? (пауза.) Адамдар түрлі тұрпатта бола алады. Бірақ кәдімгі адам болу үшін көп күштің қажеті жоқ қой. Бар болғаны адамдардың істегенін қайталайсыз. (пауза.) Мысалы? Мысалы, балалар біреуді мазақтап жатса, қосылып мазақтаңыз. Болмаса адамдар біреуді қосылып өсектесе, қосылып өсек айтып кетіңіз. (пауза.) Демек… Сіздің кәдімгі бола алмайтын себебіңіз — сіз сол адамдар күлкі ететін құрал болғандығыңызда.

Жерден бірнеше ақ қағазды алып, шұқшыйып қарайды.

Жарайды. Сіздің кәдімгі адам болуға жарамдылығыңызды тексеріп көрейік. Бірінші сұрақ: Адамдар сіздің атыңызды білмегендіктен, сізді қоқыс, оңбаған, жексұрын, көргенсіз, ұятсыз, арсыз деп шақыра ма?

Оң қолын көтеріп, бас бармағын бүгеді.

Шынайы жауап деп қабылдаймыз. Екінші сұрақ: Сіз кәдімгі адамдардың әрекеттерін қайталауға тырысасыз. Бірақ бұныңыздан түк шықпай, керісінше, басқа адамдардан алыстай түсесіз бе?

Сұқ саусағын бүгеді.

Неткен шынайылық. Жарайды, жалғастырайық. Үшінші сұрақ: Сіз тамақ ішкен сәтіңізде адамдар сізге қақалып-шашалып, өліп қалғаныңызды тікелей тілеген кезі болды ма?

Ортаңғы саусағын бүгіп, қолына қарап таңданады. Тағы бірнеше рет жұтынып, мойнын уқалайды.

Әрине, келесі сұрақ әркімге бір қойылып жатыр. Бірақ бұған қысқа-нұсқа «Иә» немесе «Жоқ» деп жауап бере салсаңыз болады. Төртінші сұрақ: Сіз өзіңізді көкөніспін деп санайсыз ба?

Төртінші саусағын бүгеді де, күліп жібереді.

Соңғы сауал: Сіз кімсіз? Және сіз қайдасыз?

Тыныштық орнап, қозғалыссыз қалады. Бір сәтте қолдарын шарт еткізді.

Бум! Шындық ашылды. Сіз жай ғана суретсіз және бұның бәрі жай бір әңгімелер ғана.

Суретті креслодан алмақ болады да, қайта орнына қояды.

Бірақ... Сіз біздің мына көздермен айтқан «адам және көшпенділік» деген әңгімемізді естідіңіз бе? Біз адам жанының тұрақсыз көшіп отыру арқылы тұрақтылық іздейтінін айтқан едік. Бірақ кәдімгі адамдар тәнінің көшпенділікке түкіргені бар. Есесіне сіздің жаныңыз қазір Оңтүстік Африка немесе Ежелгі Рим елі мекендеген жақта саяхатта жүруі мүмкін. Бірақ бұл тәтті өтірік екенін түсініңіз. Мыналардың маңдайына қараңыз. Олар адам жанының жалмаңдап тұратынын жазып алған. Соны күнде олардың маңдайынан оқып жүріңіз. Бұл сізге арналған нұсқаулық. Сіздің жаныңыз дәл қазір үлкен нәрсеге дайындалып жатыр. Соны есте сақтаңыз. Ой, суреттерде ми болмайды екен ғой. Кешірім сұраймын.

Суреттегі көзді шертіп жібереді де, күліп қалады.

Енді көп сөйлемей, бөлмені босатыңыз да, жүрген жерден өзіңізді іздеп, айтылған дәлел-айғақтарды тағы бір рет ойға алыңыз.

Суретті алып, бір жерге қоя салады. Қолдарын қағып, өз ісіне қуанғандай болады. Қарсы креслоға отырады. Бұл жолы аяқтарын айқастырмастан, емін-еркін шалқаяды.

Қазір бәрінің ойында бір ғана сауал бар сияқты. Көптен күткен бостандық әні қашан орындалатынын күтіп отырған шығарсыздар. Бәріңіз сол кешті көруге келгендеріңіз анық. Бірінші бостандықтың бағасын анықтап, сатылымға шығарайық. Бірақ оның құны қымбатшылық заман болғасын, өте-өте... Қымбат! Сол үшін біз...

Осы кезде іші ауырып, бүктеліп түседі. Бар дауысымен айқайлайды.

Бостандық дегеніңіз... Адам санасында бұдан да зор сілкіністер жасайды. Бұл өткен ауырлықтан босаңсыта алар ма екен...

Қинала, әрі-бері дөңбекшиді.

Содан соң... Содан соң бойыңды жандырады. Алай-дүлей өрт орын алады. Ысып, тұншыға бастайсыз.

Жорғалап бірдеңені іздейді. Ентігіп, аянышты халге түседі. Мойнындағы орамалды тартқылап, тұншыға бастайды.

Бәрі басталды.

Кресло астынан қызыл  орамалды суырып алады.

Немесе... Бәрі аяқталды.

Етбетімен орамалды ұстаған күйі жата қалады. Қатты күшеніп, ысырсиды. Орамалды қысып алып, басын әзер көтереді. Содан соң орамалды беліне әкеп орай бастайды.

Құлаққа жағымсыз тыныштық пен бойың сезе алмайтын жеңілдік...

Беліне орамал байлаған күйімен сүйретіліп тұрып, креслоға шалқалайды.

Оған да керегі осы еді. Бөгде тәнге өлі бостандық сыйлау. Жаңа жұлған гүл иісі шығады. Бұл жаңа ғана өткен көшпелінің балғын иісіне ұқсайды.

Жүзіне аппақ жарық түседі. Көзі шағылысып, тарс жұмады. Мойнындағы орамалды жұлқына шешіп, көзін байлап алады. Жан-жаққа адасқан адамдай жүре бастайды.

Біз одан жаңа өткен көшпендінің кім екенін сұрап үлгеруіміз керек. Тоқта! Тоқта, көшпендім! Бостандықтың әнін неге шырқамай кетіп барасың? Тоқта...

Ішін ұстаған күйде тізерлеп бүктеліп отыра қалады. Жарық сөнеді.

 

V көрініс

Сол бүктеліп, көзі жабық жатқан күйінше ентіге сөйлейді.

Сыртқа назар аударыңдаршы. Өздеріңді әлемнің төбесінен төніп, бәрін бақылап тұрмын деп ойлаңдар. Адамдардың бір-бірін елемей асыққан қозғалысы көрінеді. Ал соны біле тұра, өздеріңді біреуге керекпін деп ойлайсыңдар ма? Иә әлде жоқ? Иә деп өздеріңді алдай берсеңдер болады. Адамдармен жақсы қарым-қатынас — оларға бар ресурсыңды беріп, ол таусылғанда барып аяқталады.

Ішін ұстап тізерлейді. Басын салбыратып ұзақ отырады. Бет-әлпеті, киімі, шашы алба-жұлба күйге түскен.

Бұл сапар осыншалықты деңгейде ауырлыққа, қатігездікке толы болады деп ойламаған едім.

Бірнеше рет жөтеледі.

Бір күні өзің ойламаған жерден біреу сені қуа жөнелді дейік. Алды-артыңа қарамай қашасың. Асфальт жолдарды қақыратып, топырақта тапырақтап өтесің. Ғимараттарды артқа тастап өтесің, қаланы тастап, төбеден өтіп, шұңқырға түсесің. Одан жанталаса шығып, шөлдаланы кезесің. Көрмегенің жоқ сен қашудан талмайсың. Сайып келгенде, бәрі басталған нүктеден қайта пайда боласың. Жүгіресің, ентігесің, таласың; соққылайсың, жерді тепкілейсің. Нәтижесінде бұның бәрі алдамшы көзбояушылық. Иллюзия. Қолыңдағы көгершінді жансыз шүберекке айналдырғандай. Байыппен көз салып қарасаң, сен ешқайда емессің. Сен ештеңеден құтылмаған баяғы сормаңдай қалпыңдасың. Бәрінің мәні осында жатқанын түсініп, берілесің. Осылай сен ақ жалауды көтересің!

Көзіндегі орамалды шешіп тастайды.

Сені қуған бір ғана нәрсе екенін білесің. Ол — ақиқат, ал сен тұрған жерің — шексіздік екен. Естігенде, тұрпайы сезіледі, иә? Маған да бұл әуел баста онша ұнамаған. Сол үшін шығар осында жүргенім.

Сахнаны аралай бастайды. Жинағансып, әр нәрсені орнына қоя бастайды. Бір бұрыштан айна табады. Айнада адам сұлбасы қызыл түспен сызылған. Сұлбаның сыртқы тұсы қап-қара.

Біреуді іздеген едік қой.

Айнаны адамдарға көрсетеді де, ызалы сөйлейді.

Ақиқатын айтса, оны бәрі бірігіп өлтірмек болды. Нәтижесінде бәрі оны шынымен де өлтірді. Бірақ қайда жерленгенін ешкім білмейді. Мүмкін бәрі оның санасында ғана өткен болар.

Айнаны өзіне бұрады.

Мүмкін... Ол емес, бұның бәрі...

Аяқасты айнаны (тастап) жібереді. Басын шайқай береді. Жан-жақта шашылған қағаздар мен суреттерді көрерменге қарай шашып жібереді. Стеллаж үстіндегі графиндегі түймедақ гүлін алып, суын бетіне төгеді. Жынданған адамдай оғаш қозғалып, сүрініп-қабынады.

Барлығының бастауы жаңарды. Бірдеңені бәрі ұмытып кетіпті. Ұмыт қалдырған бір ғана сұрақ қалыпты... (пауза.)  «Мен кіммін?»

Абдырап стеллаж арасынан скотч пен қалам алып, «ЕШКІМ» деп жазып, маңдайына жабыстырады.

Әлгі біреу айтқан нұсқаулық осы екен. Бар қасіреттің бәрі алдамшы сәттердің қосындысы ғана болыпты. Демек бәрінің бітер сәті жеткен екен. Өксіген ішімдегі алай-дүлейдің басылып, кезекті көшпендінің сапарын аяқтау сәтін тамашалайтын уақыт жетіп те қалыпты...

Беліндегі орамалға түймедақ гүлін қыстырады да, сұлқ жата қалады. Мойнына көкшіл орамалын қайтадан байлайды.

Баяғыда бір қыз жоғалып кетіпті. Жоғалғанмен, оны ешкім іздемепті. Ешкім іздемегесін, оны ешкім жоғалды демепті. Оның жасы шамалап айтқанда отызға әлі жетпеген. Өзі аса сұлу да, ұсқынсыз да емес. Өзі қысы-жазы ақ шыт көйлекпен жүргенді ұнатқан. Көзі қою қоңыр түсті екен. Адамдар оның көздеріне қарап күнделікті оқиғаларын айтып бастайды екен де, бір сәтте қалайша өмір жолында кездескен қиындықтар мен мәселелерін айтып қоя жаздағанын байқамай — сол қою қарашығында қамалып қалады екен. Сосын сол жерде қамалғандар бостандық жайлы әндерді еститін көрінеді. Жоғалып кетті деген сол адам... Мүмкін, жоғалып кеткен ол емес, басқа біреу шығар?!

 

Соңы

Дана Асылбек

Дана Асылбек — білімі бойынша филолог. «Drama.KZ» заманауи драматургия фестивалінің финалисті. Астанада тұрады.