Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

№37 • октябрь 2022

Мейірім дәні

***

мейірі тасып нөсер төктірмес бұлтың кей.

мишығыңызда билеп жүре ме, мың түрлі ой?

хауа-ана, бәлкім, жаратылған жоқ адамнан.

шыңғысхан өмір сүрмеген шығар, мүмкін ғой?!

 

ғұмыр екі рет берілген шығар сендерге.

империялар құрылды, мүмкін, бір демде.

ескендір патша болмаған шығар, мысалы,

жібек жолынан өтпеген шығар керуендер.

 

сапта шығармыз, тапта шығармыз ең үстем.

рухымыз дәйім жұмақта шығар (келіспе!)

ізгі істерге бастаған шығар Ібіліс.

сол иығымызда отырған шығар періште.

 

суыған кеуде жылитын шығар ақпанда.

мейірім дәні өсетін болса бақтарда...

өлген шығармыз жердің үстінде жүріп біз.

тірілер шығар жердің астында жатқандар.

 

адамилықтың сіңірген шығар ғұрпын бой.

а, айтпақшы, бұл ой емес бір түрлі ой!

осы өлеңді әлі жазбаған шығармын,

сіз де ешқашан оқымадыңыз. (мүмкін ғой.)

 

 

***

ертең махаббаттың жаназасын шығарамыз...

ертең күн суық болады...

автобус іші... 

трамвайдың... мекеменің де...

жаураймын ба екен?

мұздап қап... жөтелемін бе...

ыстық шайды ұрттап ап, отырамын ба?

бозбалаға бір кезгі еркелегім кеп...

ол да мені сағынып жүретін шығар?

қайтеді көргісі келсе...

хат жазар мүмкін?!

қоңырау шала ма екен?

қаңғырып жүрген тағдырым

қалаға бөтен...

мен уақытты өтеді деп ойлаған жоқпын.

мен бақытты мәәәңгі деп санаған екем...

шарасыздық па төзімді сынай беретін...

ең мұңлы ән қосулы. 

ең мұңлы адам шырқап тұр оны да бәлкім...

көзіңіздегі от сөніп қалыпты...

жылаған жоқпын...

(жыладың ба деп ол тіпті сұраған жоқ-ты...

мен нені жасырғым келеді өзімнен?!

бір адам жерді қимайды...

аңсап жүр бір адам көкті...

құдай жөнінде ойларым қырық құбылып...

сәттерден неге естелік қалмай барады?

біреудің сенімін ақтағым келеді...

біреуге сенгім де...

мен ауыр ойларды... 

қатені... күнәні... кінәні...

көтеріп жүремін...

мені де көтеріп жүреді жер күнде...

мен осы ғаламға

өзімді тануға келдім бе?

өзімді табуға келдім бе...

күз өтіп кеткендей. қыс та ертең өтеді....

о, тағы алданыш етеміз біз нені?!

о, тағы қаламыз келетін күндерге

үүүп-үлкен арманды мақсат қып...

көшкен бұлт. көшкен мұң. көшкен ел.

өзінен қорқатын өзімнен сескенем...

бәрі де баяғыдай

баяғыдай көрпенің астында көзіңнің жасына булығып жатасың...

өмірдің заңы екенін барлығы

құдайдың жарлығы екенін барлығы

шамаң жоқ ескерер..

шамам жоқ ескерер...

(мысалы, жұмыстан кеш келем...)

күз өтті ештеңе өзгертпей.

өтеді дәл солай қыс та осы.

жаздан да жоқ қайран...

күтпеймін сондықтан көктемнен ештеңе...

 

 

***

бах. 

месса си минор.

мынау сізге ұнайтын ән ырғақ.

алпыс екі қан тамырыңмен қабылдап.

көз жасыңды көлдетіп ал да бір жыми

себебі біреу 

еркіндікті сүйеді сенің жаның да.

еркіндіккке мүмкін емес қой табынбау!

...ұйықтауға 10 минут уақыт қалғанда

бір ой мазаламай ма, мысалы:

“сіз қашаннан барсыз тобырда?!

сіз қашан шығасыз тобырдан?!.”

өкініш пен сағыныштың арасы неге тұрады алшақ?!

есіңізде ме

бозбалаға бойжеткен боп ұнаған шақ?!

есіңізде ме

бойжеткенге бозбала боп ұнаған шақ?!

...сіз алматы қаласында тұрасыз?

есіңізде ме еңсе езіліп құлаған сәт?

жасалды күнә қанша?!!

біз осының бәрін ойлап егілдік біраз егілдік

адамға сол ғой керегі

аадамға сол ғой керегі...

... мені жұбату үшін әрдайым шақыруыңызға болады, адам!

...келесі жылағанша!

келесі жылағанша!

Жұлдыз Молдағали

Жұлдыз Молдағали – ақын, редактор. Qalamdas әдеби сыйлығының лауреаты «Поэзия» аталымында.