Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

№37 • октябрь 2022

Шалшық немесе өз санама ғажайып сапар жайлы әңгіме

Көзге тамызатын тамшыдан кейін жанарымның неліктен қызарып кеткеніне таңым бар, дәрінің құтысының сыртында керісінше ауырып сыздағанын басатындығы айтылған. Кішкене құтыны орынына қайтадан қойып, шкафтың есігін жауып, ваннадағы айнаның алдында дөңгеленген үлкен көздеріме тағыда үңіле қарап шықтым. Мен жалғыз тұрғандықтан ваннаның есігін жабу қажетсіз болатын. Душқа түсіп, біраз салқындап үстімнен су сорғалаған күйі жататын бөлмеме бармақ едім, себебі сондағы шкафтан жуылған таза киімдердің арасынан сүртінетін орамалым болуы керек.  Кейінгі кезде ұмытшақ, салғырт болып кеткенімнің неден екенін білмеймін, бұрын жуынарда орамал, қажетті ішкиімді алдынала дайындап өзіммен бірге ала кіретінмін…

Мариям мен менің ең жақын досым Талғат ұшты-күйлі жоғалып кеткеннен бері үйкүшік болғаныма бірнеше ай өтті үйден шықпайтын жазушыға айналдым, тапсырыс бойынша мәтін құрастырамын, әрине ақшаға. Терезелердің бәрін тарс жауып, қайнаған өмірден шеттеуді жөн санадым, оқшауланған кеңістікте, өзгеше уақыт өлшемінде тіршілік еттім. Терезенің арғы жағында, пәтерімнен тысқарыда не болып жатқаны мені мүлдем қызықтырмады, уақыттың өтуіне де назар аудармадым. Ғаламтор бойынша тапсырыс аламын да соны орындап болғанша асығамын, робот сияқты болып кеттім, басқа ештеңеге зауқым жоқ. Еңбекақым электронды түрде есепшотыма түседі, азық-түлік алу үшін дүкенге баруды да қойдым, ұялы телефон арқылы тапсырыс жасаймын, күні-түніне қарамай әкеліп тастайды.

Компьютерде ұзақ және ұйқысыз жұмыс істеп, тапсырысты жаңа ғана тәмәмдадым да почта арқылы тапсырыс берушіге дайын материалды кері жөнелтіп, душқа түсіп, ұйықтамақ болып шешкен едім. Содан соң көздеріме кенеттен бірдеңе болды, бір қолыммен қабырғаға сүйеніп, айнаға бетімді тақап қарауға кірістім, сүртінбегендіктен менің үстімнен төмен сорғалап аққан судан аяқ астымдағы кафельден жасалған еденде шалшық пайда болып, көлемі ұлғая түсті.

«Орамалды өзіммен бірге ала кіруім қажет еді, енді еденді сүртетін болдым» деп ішімнен ойладым. Көздерімнің қызарғаны болмаса, қатты ауырып тұрған жоқ. Кері бұрылған кезде аяғым тайғанақтап есіктің жақтауынан ұстап, ваннадан шықпақ болып оң аяғымды көтергенім сол еді, екінші аяғым сырғанап кетіп, жаңа оқиғаны бастан кешуге душар болдым немесе өз санама сапар шектім...

Өз үйімде ваннадағы еденге төгілген шалшық судан тайғанақтап, кафель үстіне сұлай құлап басымды қабырғаның етегіне оңдырмай соққанымды білемін, оқыстан көзалдым қарауытып, есімді жоғалта бастағанымды сездім...

  Эй, балақай, тұр. Шыбынжұт өскен алаңқайда ұзақ ұйықтауға болмайды, құстар шоқып тастайды,  деген дауыс маған мүлдем таныс емес еді, жіңішке және әйелдікіндей сыңғырлап естілді.

  Біртіндеп өз-өзіме келе бастаған сияқтымын, сия түстес өткір жарық көздеріме түсіп мазамды кетіріп, онсызда мүшкіл жағдайымды одан сайын нашарлауына себепкер болғандай әсер етті. Мазамды алған жайсыз жарықты қолыммен көлегейлеп, тұруға талпына бастадым, өткір сәуле жарығы бірте-бірте баяулаған кезде біреудің көзалдымда қараңдаған сұлбасын аңдап шошып кеттім.  

  Жарайсың, тұр енді. Қазір қалаға барамыз, мен сонда тұрамын, сені тойғаныңша тамақтандырайын. 

  Сен кімсің? Сенің басыңдағың не? деп оны сұрақтың астында қалдырдым, шыныменде көз алдымдағы нәрсені сипаттау өте қиынға түсті. Ірі қысқаштары, шүңірейген кішкене көздері бұл құмырсқаның сырт пошымын  қорқынышты көрсеткенмен, әйел жыныстылығы байқалып тұр. Ол артқы екі аяқтарына тұрып, ортаншысымен қыпша беліне таянып, қолдарымен мені жұлқылап, түрегелуіме жәрдемдеспек болды.  

  Тиіспе маған, өз жөніңе жүр. Мен қайдамын?

  Қолыңды әкел, тұрған соң бәрін түсіндіремін. Жақында сен құмырсқаның илеуіне тесіле қарағаныңды есіңе түсірші және сонда біз туралы ешкім көп жаза бермейтіндігіне таңданғансың!?

  Иә… шыныменде осылай болған, мен бұған сенер-сенбесімді білмедім…

  Сен сонда мектептегі кезіңді, биология сабағын есіңе алғансың…

Мұны қайдан білесің? деп орнымнан тұрып таңырқап сұрадым. Басым айналыңқырап, «жанағы көздің дәрісінен қандайда-бір галлюцинация пайда болған шығар» деп пайымдадым. Өз-өзіме келе бастаған соң көздің дәрісінің күшінің қайтқанын күтпей айналамды зерделеуге кірістім.  

Алақанымдағы зор денелі құмырсқаның саусақтарының қатты қылшықтарын сезініп, мені сүйреген жағына еңкеңдеп ере бердім. Түрпі көрінген құмырсқаның басында әсем гүлдерден бір-біріне байластырып істелінген тәжге еріксіз назарымды аудардым, өзіне әдемі жарасып тұр, оның мейірбандығын одан сайын әсерлеп жіберген сияқты.   

Есіме түсті, әпкемнің үйінен көңілсіз келе жатып, тротуардың шетіндегі құмырсқа илеуін қалай таптап кеткенімді білмей қалдым, өте өкінішті-ақ. 

Сен сол сәтте әлгі романтикалық оқиғаны ойлап келе жатқансың, деген кезде құмырсқаның беттері қызарып кетті және сәл жымиды, екі езуіндегі қысқаштары да қозғалды. 

— Ол жөнінде еске салмашы, өтінемін, деп бұл тақырыпты жауып тастағым келді. Одан қалыспауға тырысып адымдарымды барынша жөпелдете басудамын, ішінара әңгімегелесуге де қосылып қоямын, алайда негізгі зейінім маңайдағы оғаш құбылыстарды зерделеуге ауып келеді. Біз жүріп ортасына кеп қалған алаңқайға үлкен-кішілі қызыл шұбар саңырауқұлақтар жапырлай өсіпті. Арығарай шетсіз де шексіз даламен ұласып жатыр. Артымызда қалың қарағайлы орман, оң жағымызда тау шыңдары, сол жағымызда егістік алабы горизонтпен шектесіп кеткенін байқадым. Алдымыздан шағын қалашық, көпқабатты биік үйлер анық көріне бастады.  

Айтшы, мен қайдамын? Маған жауап бере аласың ба?

Қандай шыдамсыз едің… деп ол жүрісін баяулатпай, ортаңғы аяғын көтеріп, желкесін қасыды.

Айтсаңшы енді?..

Білмеймін, деп кінәлі болып қалғандай жымиды.

Сонда не? Қалайша бұлай? Сен мені қалаға әкеле жатырсың, осы жақтікі емессің бе?

Менің оянғаныма шамалы уақыт ғана өтті, миымда тек сенің біздің илеуді таптап өтіп, содан кейін қарап тұрғаның жатталып қалыпты және сені мына қалаға апаруым керегін ішкі сезім білдірді, – деп ол басымен алдымызды меңзеді.

Хм... Сапарымыз бұлай келеңсіз жалғаспауы тиіс! Жазушы ретінде саған айтарым, кез-келген кейіпкердің өзіндік мақсаты болуы қажет, айналшықтап ойсыз сандалып жүргені ақылға симайды.

Бірақ, ендеше… деп ол артжақа көз салып, үнсіз қалып, жанарлары ұлғая түсті. Ұзын екі аяқты үлкен құс бізді іліп әкетіп, жәукемдемекші, бұл саған мотивация бола ма?!

Артқа бұрылып, страус секілді бірдеңенің бізді қуып жетіп қалғанын көзім шалды, орасан зор екен, тұмсығының өзі менің бойымдай. Ол талтаңдап ебедейсіз жүгіріп келеді, біз жылдам қашпасақ қуып жететіні анық. Ұзын тұмсығын созып, менің басымнан шоқуға ыңғайланған сияқты, ұсқыны тым қорқынышты екен. Жанұшыра қашқан құмырсқа әжептәуір озып кетіп, менің қалып қойғанымды аңдап, кері бұрылып менің қасыма келді.  

— Үстіме мін, деп, менің абдырап тұрғанымды байқап, қолдарымен мені демеп үстіне шығарып, қалың шөптің арасымен тікелетіп алға қарай жүгіре жөнелді, мен басымды еңкейтіп оның арқасындағы шошайған қылшықтарды уыстап мықтап ұстап, екі аяғыммен қыпша белін тақымыма қатты қысып алдым, жүйткігеніміз соншама, манағы құс шаңымызға ілісуге жарамай артта қалып қойды. Енді, ойланып сөйле, артық ештеңе айтып қойма.

Нені меңзеп тұрсың? деп, қалаға жақындап қалғанымызды байқап, мұндағыларға бос сөйлеп, артық бірдеңе айтуға болмайтындығын ұқтым.

Алдымыздағы аниме және ойын қалашығы, сенің мидағы санаңның дәл ортасы саналады.

Біз үлкен қақпадан өткен соң, құмырсқа екі қолын керіп, кеудесін толтыра терең дем алды. Қанық өткір түске боялған зор ғимараттар көше бойымен қатар-қатар салыныпты, биіктігіне көз жетпейді, жолдың екі жағыменде түрлі жәндіктер өз жөндерімен ары-бері сапырылысуда, басқада ісі жоқ. Мен бар зейінімді соларға салып, үнсіз қарап қалыппын. Олар адамға да, мен көрген жәндік-жануарларға да ұқсамайды екен. Көпшілігінің не қолы, не аяғы жетіспейді, ал біреулерінің бет келбеті жоқ, бетіне сағыз жапсырып қойғандай ұсқынсыз көрінеді, адамға мүлдем ұқсамайды. Олар бізді елемей қастарымыздан өтіп жатты, соншама көп екен, бұлардың немен айналысатындығын түсінбей-ақ келемін…

— Тоқта, біз қайда келдік? десем де қаланы аралаған сайын, төңіректегі ұсқынсыз тіршілікке көзім шошына қарағанмен, мұнда менің ішкі жандүнием жай тауып, көңілім орныға бастағанын ұқтым.  

— Бұл аниме мен компьютерлік ойындар қалашығы. Мен жана саған айттым ғой, деп мені әкеле жатқан құмырсқа түк болмағандай сыңай танытты. 

— Енді? Мұнда біз не істейміз?

— Ештеңе, бұл ең қауіпсіз жер. Ал төңіректегі сапырылысқан тіршілік бір істі бастап бітірмей екіншісіне көшіп, мән-мағынасыз сүрген өміріңнің жалпы көрінісі. Солардың бәрі санаңды кеулеп миыңның ішіндегі қуыс-қуыстармен бейберекет қозғалуда, аяқталмаған ойлар жетілмеген күйі санаңда қалып қойған, деп, тоқтады да сөзін әрмен жалғастырды. Міне біз келдік, деп жеке тұрған шағын ғимаратқа есігінен кіріп, маған үстінен түсуіме жәрдемдесті, ал мен уақыт оздырмай сұрақтарымды жаудырдым. 

— Бұл оқиғаның мәні неде? Менің компьютерде отырып көп ойнайтындығымды және аниме сериалдарын ұзақ қарайтындығымды мегзей ме? Жалған, мен соншама уақытымды былай бос жұмсамаймын ғой… дедім де басыма «шыныменде бұл сапардың беретін өнегесі осы ма»? деген ой келді.

— Қымбаттым, мәселе көп уақытыңды осыған жұмсағаныңда емес, сенің бұдан басқа ештеңені ойламайтындығыңда. Мандымды басқа ештеңемен әуестенбейсің, еш мақсатсыз өміріңді өткізудесің, бастаған ісіңді аяқсыз-қолсыз қалдыруға әбден әдеттенгенсің. Өмірдің парқын ұққың да келмейді...

— Сонда мен немен айналысуым қажет?

— Мені әлі есіңе түсіре алмадың ба?

Жақын маңдағы креслоға жайғасып, мен оның сұлбасына ойлана көз салдым. 

— Солай-солай есіңе түсіруге тырыс… деп оның жанарлары күлімдей жарқырады.

— Бәрі есімде, ештеңені ұмытуым мүмкін емес.

— Эх-х-х… Өтірік айтасың, ұмытқың келсе, жадыңнан күштеп шығаратындығың анық. Есіңе түсір, мен биология кітабындағы суреттегі құмырсқамын, басымдағы әдемі гүлтәж-диадеманы қасыңда отырған парталас қызды қызықтырмақ болып салған едің ғой. 

— Неге сен қазір пайда болдың?

— Мен сенің жадыңа шегелегендей сақталғанмын алғашқы махаббат жайлы ұмытуың мүмкін емес.

— Енді? деп креслоға шалқая түсіп, көзімді жұмдым да, сол кезге қайта оралғандай болдым.

Төртінші сыныпта оқитын шағым, биология сабағы, қасымда отырған досым екеуміз әлденеге дауласып шуылдағанымызды мұғалім байқап, мені орнымнан тұрғызып, басқа партаға біздің сыныпқа жаңадан келген қыздың қасына отырғызған еді.  Мен әлі бала болсамда, оның маған бірден ұнап қалғанын сезген едім.

— Сәлем, менің есімім Мариям, деп жымия өзін таныстырып, достастық ретінде алақанын көтеріп ишара білдірді.

— Мен… Ғани, деп оның алақанына өзімдікін жанастырдым, оның ыстық жылуы бойыма дарып, қызуым көтерілгендей сезілді. Бірден достасып кеттік. Қалайша ұмытқанмын, теңіз толқынындай жадыма біршама қызықты сәттер түсе бастады, әңгіме-әзіліміз жарасып жүруші едік, биология кітабыма сурет салып хихилеп күлгенін де есіме алдым. Сонда мен оны таңырқатқым келіп, оның кітабындағы құмырсқаның басына әдемілеп гүлден диадема суретін салған болатынмын, бұған ризашылығын жанарындағы шаттық сезімнен байқаған едім. Содан соң, ол да қаламын алып, менің кітабымдағы құмырсқаға сурет салды...

— Қайырлы күн. Еш келеңсіз оқиғасыз үйге жеткен боларсыздар, деген дауысқа елең етіп, бұрылып құмырсқа-мырзаны көрдім, Мариям менің кітабыма салған галстукты тағып алыпты. Иә-иә, балақай, осылай сенің санаңда, «бізді бір күні мүлдем жадыңнан шығарып тастайма» деген қорқыныш сезімменен, жүрміз.

— Сенде маған өткенді есіме салғың келе ме? дедім галстук таққан құмырсқаға қарап.

— Егер шындығына келсек, мен не себепті мұнда жүргенімді білмеймін. Өмір сондай түсініксіз, балақай, дүниеге келесің де не үшін жаратылғаныңды ұққаныңша талай уақытың қалай өтіп кеткенін пайымдай алмай қаласың.

— Сізге шай әлде кофе әкелейін бе? гүлден тәж киген құмырсқа сөзімізді бөлді.

— Кешіріңіз, сіздерді қалай атағаным жөн? деп екі зор құмырсқалардың ортасында қалып, абдырағанымды білгізбеуге тырысып, олар жөнінде көбірек білмек болдым.  

— Мұның ағаттығы жоқ, мені папа-құмырсқа, ал ананы мама-құмырсқа атасаң болады, деп таныстырғанына өзінше масаттанып, бас дауысымен кеңкілдеп күліп жіберді. Сенің ата-анаңа аллегория болсын, олар қажырлы жұмыс істеп саған жазушылықпен айналысуыңа мүмкіндік жасап жүр ғой. 

Мама-құмырсқа оны қостап ауызын қолымен көлегейлеп мияғынан ақырын ғана күлді.  

— Жарайды, енді мына күйден мен қалай оянсам немесе шықсам болады?

— Біз сенің миыңда сақталып қалған естелікпіз. Бізден жауап күтпе, деп ол ренжігендей тез жауап беріп, маған жоғарыдан тесірейген көздерімен басымнан аяғыма шейін түрінде «біз сері зеріктіріп жібердік пе?» деген сұрақпен шолып өтті.  

Осы мезетте мама-құмырсқа кофе құйылған кесе мен қытырлақ бауырсақ салынған жайпақ табағын қолына ұстап бізге жақындады. Ұсынған кофені алып, осы оқиғаның жалғасқанын жөн санадым. Кофе ыстық екен, кесені қинала қолыма алдым. Үрлеңкіреп кофені жұтқаным сол еді, ваннада жатқан күйімде есім кіргендей болды. Қайтып оралғаным ба?

Жан-жағыма көз тастап, маңдайымды ұстап едім, саусақтарыма қып-қызыл қан жұққанын байқадым, шалшық суға тайғанап құлаған сияқтымын ғой. Қалімнің мүшкілдігін сезіп, жылдам әпкеме хабар бермек болдым, онда пәтердің кілті бар, мені құтқара алады.

— Алло, Айна. Тездетіп келші, мен ваннада құлап басымды жарақаттап алдым…

Арығарай айналам тұмандана бастады да көздерім қарауытқандай болды, көзімді ашсам манағы құмырсқаның үйінің екінші қабатында екенмін. «Соған қарағанда бірдеңе дұрыс болмаған ғой, басымдағы жарақаттың салдарынан оңала алмай жатқан сияқтымын» деген жаңа ой келді. «Ештеңе бола қоймас, мұнда қызықты, мені ауруханаға әкеткенше күте тұруға болады, содан кейін өз-өзіме келіп алармын». Төңірегімдегі тыныштықтан зерігіп, «фантазияға беріліп отырғаным болмас» деп бірінші қабатқа түстім. Сол үйде екендігім анық, бірақ құмырсқаларды кездестірмедім. Дәліздің есігін ашып, сыртқа шығып серуендемек болып шештім. Алайда, аниме мен ойын қалашығының орынына алдымнан жайқалып өскен қызыл шыбынжұт саңырауқұлағының алаңқайы қарсы алды, құмырсқаның үйін осында ауыстырған секілді. Мен қалай қарай беттерімді білмей басым қатты, «страустан қашуға тағы мәжбүр болам ба?», онымен ұшырасқанды қаламадым. Соны есіме түсіргенім сол-ақ еді, жақын маңнан әлгі құстың теңкиген денесі назарыма ілікті. Терісі кеуіп, қауырсындары түсіп сүйектері сидыйып көрініп жатыр, алайда әлі тірі екен, менің жақындағанымды сезіп, өлер алдын бірдеңе айтпақ ниетін байқадым.

— Сен үшін… дегендей болды, сыбырлаған страус дауысын бірден ұға алмадым.

— Не? — деп жақындап құлағымды тақадым.

— Саған арналғанҚорқыныш белгісі, өз махаббатыңды мойындаудан сескендің емеспе

— Қорқу?

— Мына алаңқайулы шыбынжұт бұл өлім белгісін білдіреді осы сөздерден кейін құс жан тапсырды да менің көзалдымда тозаңға айналып кетті, мен жаңа ғана шыққан үй де көзден ғайып болды. Енді не істеуім қажет? Жан-жағыма қарап, алды жағымдағы орманды көрдім, сол жағымда таулар, ал басқасын шыбынжұт өскен шексіз дала алып жатыр екен. «Онда мен орман жаққа беттейін» деп, өзімді байсалды ұстауға тырысып, алға ширақ адымдадым. Алайда, көз алдымнан жана өлген құстың кейіпі жоғалар емес, не айтпақ болды екен? Мозайканы жиыстырғандай ақылымды жинақтай алар емеспін.

— Ғани! Сен үйдемісің? Мен есікті ашпақпын!  дей әпкем пәтерге сөйлей кіріп, ваннада сұлап жатқан, басының самай тұсын қан жапқан інісін көріп, еңірей қасына отыра кетіп, көздерінен жас сорғалаған күйі оны жұлқылап есін жиғызбақ болып барынша тыраштанды.  

Сол шақта мен Шыбынжұт өскен даланы кезіп жүрген едім, алдымда не күтіп тұрғанын білмедім. Ешқайда шықпай, өз санамда серуендеп, қым-қуыт шиеленіскен шытырман оқиғаларға ұшырасу, компьютер ойынынан да қызық оқиға! Қара орманға жетіп, ештеңеден сескенбей ішіне кіріп, айналама татымды бірдеңе жолықтыратындай сеніммен қарай бастадым. Биік ағаштар жарық түсірмей, төңіректі күңгірттендіріп қауіп-қатер барын білдіргендей болды. Суық ызғар бойымды тітіркендіріп әлденеден қорқыныш тұла бойыма жайыла бастады. Бұл неден екен? Дәл осы мезетте айғайлаған таныс дауыс естіліп, содан соң ғайыптан төбеден түскендей алдымнан менің әпкем шыға келді. Құмырсқа не страус емес, нақты менің әпкем, оны бірден таныдым. 

— Аина?

— Сен мұнда неғып жүрсің?

— Саған телефон соққан соң мына орманда серуендемек болдым.

— Бұл орманды білемін, мұнда біздің небір естеліктерімізді ұшырастыруға болады, деп алға қарай бет бұрып, ширақ адымдай жөнелді.

— Қандай естеліктеріміз бар дедің?

— Сенің миың өшірмек, ұмыттырмақ және бұдан бұлай еске түспеуін көздеген естеліктерді осында жібереді. Бұл жерден бүткіл өміріңе қатысты талай қызықты сәттерді, маңызды эмоциялық күйіңді ұшырастыруға болады. Тесіле зейін тоқтатып қарасаң, көлеңкеге түскен солғын сәулелердің арасынан қажетті естелікті көз алдыңа елестете аласың.   

Әпкем меңзеген тұсқа бар зейініммен қарап, жапырақтардың арасынан әрең өткен сәулелерге көзтігіп едім, балалық шағымнан елес пайда болып, кішкентай бөпе кезімдегі маған қасықпен тамақ беріп, жыламасын деп өлең айтып отырған әпкетайымды анық көрдім. Мен ол кезде бір жастан сәл асқан едім.

— А, былай қарай назарыңды аударшы, деп желке тұсымдағы шашымнан сипап, басымды басқа жаққа бұрды: мұнда әпкем мені қабаған иттен мені қорғаштап жүр екен. Екі ортаға тұрып алыпты, қолындағы кішкене шыбығымен оған сес көрсетуде. Иттің бетқапшығы жоқ, тістері ақсиып өршелене үріп тұр, әлсін-әлсін маған қарай ұмтылып қояды. 

— Бұл жағымды естеліктер ғой, мен мұны ешқашан ұмытпасым анық.  

— Түсініксіз, неге онда бұл орманда жатыр, Ғани?

— Жоқ, мен емес мұнда жөнелткен

— Сен көптен бері есіңе алмағансың ғой, содан миың қажетсіз ретінде танып, осында жіберуге шешім қабылдаған шығар. Солай ең жақындарыңды да ұмытарсың.

— Сен ренжіп қалмадың ба? деп мен оның иығына қолымды қойып едім, бірдеңеге қатты қобалжулы екендігін және дауысынан қорқыныш дрілін сездім. 

— Сен маған жай телефон соқтың ба? Көптен бері хабарласпай кеттің, анда-санда келіп менің балаларымды ойнатушы едің, не бітіріп жүрсің? Үйленбесең осы, күйіңде болмайды, жүргенің сандалып. Мұндай өмір, әрине, сондай суық және біртоға етеді, не болды саған, Ғани?

— Мен саған жаңа ғана телефон соқтым ғой.

— Құлап, басыңды соғып алғанда ма?

— Кешірші мені, бұлай деп ой түкпіріндегі біраз нәрсені айтпақ едім, ауызым күрмеліп сөз түспей қойды. Әрине, алдымдағы менің нағыз әпкем емес екендігін түсіндім, алайда оның қалпынан бойын кернеген маған деген ренішін сездім. Көңілінен шыға алмағандығымды жуып-шаятындай бірдеңе айтпақ едім, үлгермедім.

  Ол мені кеудесіне басып құшақтады да құлағыма сыбырлады:

Інішегім менің, мен сені қатты жақсы көремін ғой. Сенің кейінгі кезде бұйығыланып кеткенің, өз өмірің жайлы әпкеңе де ештеңе айтпайтындығың, хабарсыз жүргенің мені қатты қобалжытады. Айтшы, менен не жасырып жүрсің?

— Оны білсем ғой… Бір құпия бар секілді, бірақ ол жөнінде ұмытып қалдым, өзімде білгім келеді.

— Егер құпия нәрсе болса, ол онда мына таудың ең биігінде жасырылуы тиіс, сол жақтан ізде, деп әпкем мені құшағынан босатып, қолымен сілтеп жол көрсетті. 

— Сен не істейсің? Менімен жүрші, бірге барайық.

— Бұл сенің құпияң, ол жаққа маған жол жабық. Тездетпесең маңайыңдағының бәрі шыбынжұт өскен далаға айналып кетеді, қара орман мен тау сілемдері де естеліктермен қоса жойытылып кетуі ықтимал. Білген құпияң жайында қайтып оралған кезіңде маған айтарсың, жолың болсын, інішегім! 

Бұл уақытта Аина жедел жәрдем бригадасын шақырып, ессіз жатқан Ғаниды ваннадан шығарып ауруханаға апара жатқан еді. Дәрігер оны қарап шығып, бастапқы ем-домын жасап, ауруханаға дереу жеткізу керектігін және мүмкіндігінше миына қан кетуден құтқарып қалуға барынша тырысатындығын айтқан болатын. Аина інісін мына қалде көріп, қасіреттен көздерінен жас сорғалап, үнебойы селкілдеген күйі әке-шешесіне телефон шалуға кірісті…

— Рахмет, мен онда тауға қарай кеттім, жасырылған құпиямды тауып көремін, ол жөнінде ешкім, мен де білмеймін. Сюжеттің қызықты түрленуі, мұндайды жазып көрмеппін, – деп, ойымды ашық айтып, орманды тікелей кесіп, тауға қарай беттедім. Алдым ит өтпейтіндей қалың орман сияқты еді, тез оның шетіне шыға келдім, маңайым қызыл шыбынжұт өскен далаға айналып жатыр, естеліктерім тозаңданып жойылуда. Шыбынжұт толған дала басымдағы жарақаттың әсерінен пайда болғанын ұқтым, маңайдағының бәрі жойылса, мен есіме түсіретін ештеңе қалмайды ғой, өз-өзіме қалай келемін... Өз жақындарым жайындағы жағымды естеліктердің барлығынан айрылып қалғым келмеді! Сондықтан асығу керек, бар күшіммен жүгіріп тауға шығып, алға қойған мақсатыма жетуге тырыстым.   

Орасан зор тау, биікке көтерілген сайын алыстай түскендей болды, осы маңнан басқасы шыбынжұт даласына айналды, әпкем айтқандай тау шыңында менің құпиям жасырылуы тиіс. Ең биігіне қарай шығып келемін. Менің жадым үш бөліктен ғана тұрғаны ма, мен өзімді аса күрделі және шытырман құбылыс санасам... Тіпті өкінішті-ақ миымда тек шыбынжұт өскен алаңқай қалатындығы, жақын арада өлетін болғаным ғой? Онда несіне тырмысып көтеріліп келем, оданда төменде отыра бермеймінбе, бәріне бірдей құпия болып қаламын. Жоғарыға қарай жол біршама уақыт алады, бәрінен бұрын бұл оқиға осымен бітетіндігіне, кездейсоқ мәнсіз қазаға ұшырайтындығыма қорықтым, «шыбынжұт алаңқайы маған ілесе жылжып келе жатқан болар, естеліктерімнің бәрі жойыла ма? Жүгірмей-ақ тоқтасам қайтеді?» Соншама мазалаған ойлар, бірде-бірі мені болсын демейді, ақылға қонымсыз.  

— Дәрігер, науқас әлсіреп барады!

Жүгіруімді тежеп, тоқтай бастап едім, осы сәтте менің сол жақ қолым мен қарыным жартылай күлгіндене бастады, бұдан шыбынжұт алаңқайында аялдауға маған болмайтындығын ұқтым, жанұшыра қашпасам болмас, газель сияқты заулап жүгіре жөнелдім, құлағымның түбінен ауа гуілдеп, денемдегі пайда болған қуыстардан өтіп ысқырғаны естілді. Бар күшімді салып шыңға шығуым қажет, құпиямды ашып, содан кейін мына қарғыс атқыр шыбынжұттан қалай құтыларымды, не істейтіндігімді шешермін.   

Жігерлене адымдай-адымдай сұр тасты шатқалға да шықтым, үстіне көтеріліп бір қалтарыстан ашылған кітапты көрдім. Соны қолыма алғаным сол еді, ортасы ашыла кетіп, балалық шағымда шешемнің әмиянынан балмұздақ жеу үшін бірнеше тиын ұрлап алғаным көзалдыма елестеді. Енді мәлім болды мұнда қандай құпиялар жасырылғаны. Келесі биігірек тұрған шатқалға алқына ұмтылдым, айналам түгел қызыл алаңға айнала бастапты. Бұл шатқалға жеткенімде есейген бозбалалық кезіме байланысты құпия жолықты: Мариямның математика пәні бойынша дәптеріне оны сүйетіндігім туралы жазыппын…

— Міне, шындыққа жақындай бастадық, кенеттен, маған таныс дауыс естілді.

— Мұны кім айтты? деп жалмажан жанжағыма қарадым, дауыс кімдікі екенін анықтай алмадым. Ауа жетпегендей қолдарым құрыса бастады. Өз-өзіме келіп алмақ болып сәл тыныстап демалуды ұйғардым. Бірақ жоғарыда мені өз-өзімнен жасырған құпиям күтіп тұрғаны есіме түсіп, өршелене алға ұмтылдым. Мені не күтіп тұр екен, не бүлдіріп қойдым?

Бар күшімді жиып, алға ырши жүгірдім, жоғарылаған сайын жүру қиындай түсті, бойыма дарыған түсініксіз у денемнің қауқарын кетірген сияқты. Бірақ, мен оған көндігуіме болмайды, тек алға жылжып ғана бұдан құтылмақпын. Жолай тағы бір кітап кезікті: Мариямның менің досыма жақындап, әлдене жөнінде, математика пәні бойынша оның дәптеріне жазған-жазбағанын сұрап білмек болған сәті көрінді.  

— Жо-оқ!..

Жасырылған естелік жарқырай шашылып, вулкан атқылағандай менің миымды кеулеп, басыма симай кеткендей болды. Жел қатайып, шыңның төбесіне ұмтылған мені жұлқа үйіріп әкетіп, ең биіктегі қара кітапқа жеткізді. Қара кітаптың ішінен қарақошқыл сия сыртына тамшылап ағып төгіліп жатыр екен. Әлгі екеуі бір-бірімен құшақтасқан күйі, үнсіз менің көздеріме тіктеп қарап тұрды. Кітапқа қолымның ұшы тиісімен бәрі есіме түсті. 

— Аина.

— Иә, ол менмін. Ғани қалай? деп, әпкем ота жасайтын бөліктен шыққан дәрігердің қасына келді, әке-шешемде осында екен. 

— Миына қан құйылыпты, мүмкіндігінше қолымыздан келгенін істедік. Жағдайы тұрақтанды, ініңізді аман алып қалдық, өмір сүреді, енді көп қапаланбаңыздар болады. 

— Қашан оны көре аламыз?

— Үш-төрт күннен кейін, өз-өзіне келген соң кірулеріңізге болады. Бастапқыда сөйлей алмауы немесе есіне түсіре алмауы мүмкін. Арығарай түзеліп кетуі тиіс. 

— Дәрігер, рахмет сізге, деп бетіндегі көзжасын сүртіп, әпкем егде жастағы дәрігерді мойынынан құшақтай алды. Інісінің аман қалғанына шынайы қуанышын ішіне сиғыза алмаған сияқты. 

Бір аптадан кейін менің өз-өзіме келгенім туыстарыма хабарланып, таңертеңгісін мен оянбай олар палатаға келіп алыпты. Әкем галстук тағып алған екен. Жастайымнан маған қамқор болған әпкем де осында. Мен көзімді аша салып бірден айта алғаным:

— Мен! ОЛ мен! Мариям мен Талғатты өлтірген!

Ануар Қошқарбаев

Ануар Қошқарбаев — жазушы. 2015 жылы Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ университетінде «Халықаралық құқық» мамандығын бітірген. «Писатели Казахстана» (Қазірге атауы USW) өткізген әдеби байқауда «көрермендер таңдауы» номинациясының жүлдегері. Ольга Маркованы еске алуға арналған «Qalamdas» әдеби сыйлығының лауреаты «Проза» аталымында.