Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Сен және Мен

Драма

 

Қатынасушылар:

Қаһар – 70 жастағы қария

Арман – 10 жасар бала

Майра – 65 жастағы кемпір

Балнұр – әнші қыз, 8 жас

Көшербай – 63 жастағы қария

Дидар – 8 жас

Бәкір – 62 жас қария

Тілеу – 64 жастағы қария

Қария-3 – 69 жасар қарт

Директор – 40 жастан асқан әйел

Архат – Қаһардың ұлы, 35 жаста

Қарттар

Балалар

Қарттар үйінің қызметшілері

 

 

Алматы-2022

1-КӨРІНІС

Қарттар үйі. Қарттар жаттығу жасап жатады. Ең алдында Қаһар тұр. Телевизордың алдында креслода Қария-3 отыр. Теледидардан көз алмайды.

 

ҚАҺАР. Бір-екі, үш-төрт! Бір-екі, үш-төрт.

 

Көшербай жаттығуды доғарып, сахнаның бұрышына қарай жүріп кетеді. Сахнаның бұрышынан қағазды оқиды.

 

КӨШЕРБАЙ. Гречневая, перловая, пшенная, овсяная, рисовая... (дауыстап) Бүгін қандай күн еді?

БӘКІР. Бесінші айдың он жетісі.

ТІЛЕУ (өз-өзіне). Аптаның күнін сұрап тұрғанын біле тұра, әдейі айтады, о тоба!..

МАЙРА. Сейсенбі.

КӨШЕРБАЙ (дауыстап). Бүгін манная каша екен!

ТІЛЕУ (өз-өзіне). Күнде каша жеп жүрміз ғой. Осы шал алжыған.

 

Жаттығу аяқталады да, бәрі ас ауқаттарын алып, дастарханның басына отырады. Теледидардың алдында отырған ҚАРИЯ-3-ке Майра тамақ апарып береді. Ол теледидар алдында отырып тамғын ішеді. Майра, Көшербай, Қаһар үшеуі бір-біріне жақын отырады.

 

КӨШЕРБАЙ. Бүгін он жетісі болса, жиырма жетісі... Он күн бе?.. Иә. (Қаһарға қарап) Айдың соңында ет алдырып, ет жейікші, Қақа! Етті сағындық қой.

МАЙРА. Үй, сенің бауырың ауырады емес пе, майлы жеуге болмайды ғой. Алдында төрт күн төсек тартып қалғаныңды ұмыттың ба?

КӨШЕРБАЙ (Қаһарға қарап күледі). Ол еттен емес! Еттен адам өлсе, қазақ қырылып қалатын еді ғой. Керісінше, ет жеп, күш алып, сергіп қалады ғой адам деген.

ҚАҺАР. Алдырайық.

КӨШЕРБАЙ (сыбырлап, ТІЛЕУді нұсқап). Ананы қоспайықшы!

МАЙРА. Ешкімді бөліп жармайықшы. Жетісіп жүрген ешкім жоқ.

КӨШЕРБАЙ. Бұл алдында ақша қосамын деп алып, еттің бәрін өзі жеді ғой.

МАЙРА. Қойшы, Көкіш, тамақты да қызғанамыз ба? (ТІЛЕУге қарайды, ол да күдіктене көз салады.) Орнына мен-ақ қосайыншы тегі. Ақшасы жетпей жүрген шығар.

КӨШЕРБАЙ (Тілеуге бір қарап алып, сыбырлай). Неге нетеді екенсің? Нетпе сен. Әркім өзіне қоссын. Ол бәледе ақша жоқ деймісің? Бар. Балаларына да бермейді. Шықбермес шығайбайдың өзі. Өтірік мүләйімсіп жүргенімен, бәле ол.

 

БӘКІР олардың жанына орындығын жақындатып отырады. Көшербай тыныштала қалады.

 

БӘКІР. Кеше төсегімді ауыстырмапты. Жумаған. Қалай болса, солай қарайды. Жауапкершілік жоқ. Прокуратураға шағымдану керек. Бұлар менің кім екенімді білмей жүр ғой. Көздеріне көк шыбын үймелетемін әлі. (жан-жағындағыларға қарайды, ешкімде үн жоқ). А, Көкіш, қалай ойлайсың?

КӨШЕРБАЙ (иығын қиқаң еткізіп). Білмеймін... Маған өзіме жақсы қарайды.

МАЙРА. Ұмытып кеткен болар, оған бола, сонша ашуланбаңыз. Ауыстырады ғой, ауыстырып жүр.

БӘКІР. Жоқ, бұлар бізге асырап алған балалары сияқты қарайды. Бұларға ақшаны үкімет бөліп жатыр ғой. Ал өкімет мына сенің, мына менің салығымнан береді. Мен 42 жыл, 7 ай бойы салық төлегенмін. Маған жөндеп қарауы керек, өйткені мен оған лайықпын. Сендер де лайықсыңдар!

МАЙРА. Енді бәріміз төледік қой.

КӨШЕРБАЙ. Білмеймін, өзіме нормально қарайды.

БӘКІР. Олай бөлінбейік, Көкіш. Жазған соң, бәріміз бірге жазайық. Мен жазам, сендер қолдарыңды қойсаңдар болды. Жіберетін жеріне жіберем.

МАЙРА. Алдымен, директорға кіріп, осы мәселені айтып көрсеңізші.

БӘКІР (ыңғайсызданып). Негізі жаман басшы емес. Ол білмей жүр-ау деймін. Айтайыншы осы. Дұрыс айтасың, Майражан.

 

БӘКІР үнсіз отырады да, тамақтарын алып, үстелдің ана басына барып отырады.

 

КӨШЕРБАЙ. Қайтетін болдық?! Айдың соңында ет алдырамыз ғой, ә? Қаншадан жинайсыңдар? Қазір бәрі қымбаттап кетті дегендей.

ҚАҺАР. Қаншадан болса да, жинаймыз.

КӨШЕРБАЙ. Сосын әлгі етті немен қорытамыз?

МАЙРА. Маған газдалған сусын ішуге болмайды.

КӨШЕРБАЙ. Небір сусын алдырамыз ғой, Майражан. Алаңдамасаңшы. Сосын, әлгі сусындардың сұлтанынан (Қаһарға қарап)... Анау әлгі...

МАЙРА. Ой, жарықтық-ау, қойсаңшы соныңды. Өз денсаулығыңды ойласаңшы. Бауырың, ей, ертең...

КӨШЕРБАЙ (Қылт ете қалып). Неменеге нетеді екенмін? Ол денсаулық ол... денсаулық үшін ғой. Менің көршім қырыққа келгенше спортпен айналысты. Денелі, ірі жігіт еді. Бірақ күнде ревматизмі жүрекке шауып, қайтып кетті. Ал мен жиырма жасымнан бері ішем ал... Міне, шауып жүрмін.

МАЙРА (Қаһарға). Қақа, Көкішке айтсаңшы, алдында төрт күн бойы төсек тартып жатқан жоқ па, ахылап-үһілеп.

КӨШЕРБАЙ. Ол кезде одан емес. Пиязды өкіртіп жеп едім, содан ғой, асқазаным бүріп, нетіп...

МАЙРА. Өзің білесің енді...

КӨШЕРБАЙ. Қақа, соны неғылайық.

ҚАҺАР. Алдындағыдай болмасын, Көшке...

КӨШЕРБАЙ. Бұ жолы бәрі жақсы болады. Жақсысынан нетем ғой.

ҚАҺАР (бей-жай). Бопты.

КӨШЕРБАЙ (Қаһарға мұқият қарап). Сен сонда маған сенбей тұрсың ба, Қақа?.. (Қаһар бір қарайды да, үндемейді.) Онда сенбесеңдер, кашаларыңды жеп отыра беріңдер. Ұйымдастырмаймын. (кейіп) Маған ғана керек пе? Бірдеңе ұйымдастырайын десең, осы, кері тартып.

ҚАҺАР. Сонша бұлданып не болды, Көкіш?

КӨШЕРБАЙ. Өздерің ғой. Оны алдыру оңай дейсің бе?.. Ол үшін анаған шоколадын беру керек, оның үстіндегі ананың аузын жабу керек, әнебіреумен келісу керек. Ешкімге көрсетпей, алып кіру керек. Сенбесеңдер, өздерің істеңдер ал.

ҚАҺАР. Олармен сенен басқа ешкім сөйлесе алмайды ғой, Көкіш.

КӨШЕРБАЙ. Енді не деп тұрмын?

МАЙРА. Біз сенің денсаулығыңды ойлап тұрмыз ғой.

КӨШЕРБАЙ. Денсаулығым нормально. Күнде жаттығу жасаймын ғой.

 

ТІЛЕУ орнынан тұра береді де, Майраға қарайды.

 

ТІЛЕУ. Адамды сыртынан өсектеуді қойсаңдаршы!

МАЙРА. Піссіміллә. Қой, Құдай сақтасын, кім сені өсектепті.

ТІЛЕУ (шаптығып). Естіп тұрмын ғой. (Өз-өзіне.) Өңшең алжыған қақпас.

ҚАҺАР (үстелді тарс дегізіп ұрып). Тәйт!

 

ТІЛЕУ селк ете қалады да, мұрнының астынан міңгірлеп, тамағын алып, кетеді. Қаһардың қабағы шытылып кетеді.

 

КӨШЕРБАЙ. Айттым ғой, саған, бұл сондай бәлеқор.

 

Осы кезде Сахнаға Директор кіріп келеді де, жан-жағына көз тастайды. Қариялар оған қарап тұрады.

 

БӘКІР (Директорды көре сала, жайдары дауыспен). Сәлеметпісіз, Анар Жанымжановна. Қалыңыз қалай, жақсы ма?

 

Анар оған басын изей амандасады да, өз жүмысымен жүре береді.

 

ДИРЕКТОР (үстелдерді санап). Так, бір, екі, үш... (Дауысын шығарып.) Мына жерге екі үстел қосыңдаршы. Орындықтар жете ме екен?.. (Қызметшілер жүгіріп жүріп, үстел орындықтарды қоя береді; Қаһарларға көзі түсіп кетеді де, басын изеп амандасады.) Сәлеметпісіздер! Астарыңыз дәмді болсын.

КӨШЕРБАЙ (бәсең дауыспен). Дәмді болғанда, күндегі каша ғой.

ДИРЕКТОР (дұрыс естімей қалып). Ау?

КӨШЕРБАЙ. Каша дәмді болыпты деймін! Сіз келгелі бәрі жақсы, сізді бізге Құдайдың өзі жіберді ғой, шүкір. Рахмет сізге!

 

ДИРЕКТОР (Көшербайдың сөзін естімегендей, өз жұмысымен жүре береді). Келе қойыңдар, кіріңдер!

 

Қариялар Директорға аң-таң болып қарап отыр.

 

ТІЛЕУ (өз-өзіне). Қақбастар қаптайтын болды ма, тағы.

  

Топырлап бір топ балалар кіріп келеді.

 

ДИРЕКТОР. Келе қойыңдар, тамақтарыңды алып, мына жерге отырыңдар.

 

Балалар улап-шулап келеді де, тамақтарын алып, үстелдің басына отырады. Балалар бастарын изеп, «сәлеметсіз бе?» десіп амандасады. Қариялар түк түсінбей, оларға қарап отыр.

 

ДИРЕКТОР. Ал астарың дәмді болсын, балақайлар! Тамақ ішіп болған соң, ыдыстарыңды ана жерге өткізесіңдер.

 

КӨШЕРБАЙ (Қаһар мен Майраға). Мыналар неғылған балалар?.. Директордан сұрашы, Майра.

МАЙРА. Кешірші, айналайын... (Директор жанына келеді.) Мына балалар кім деп сұрайын деп едім.

ДИРЕКТОР. А! (Барша қарияларға қарап.) Бұл балақайлар екінші аудандағы балалар үйінен. Ол жер жөндеу жұмысына жабылып, бір ай осында болады.

ТІЛЕУ. Сонда бізбен бірге тұра ма?

ДИРЕКТОР. Жоқ, балалар үшінші корпуста жатады. Тек мына жерде сіздермен бірге тамақ ішеді.

БӘКІР (жасқана). Қаншалықты заңды екен?

ДИРЕКТОР. Аудан әкімшілігі осындай шешім қабылдады.

МАЙРА. А-а-а, жандарым, аман болсын.

ТІЛЕУ. Өзіміз сыймай жатқанда, мыналарды улатып-шулатып...

ДИРЕКТОР (естімей қалғандай). Не дейсіз?

ТІЛЕУ (өз-өзіне). Өтірік естімеген болатынын қарашы, мына қатынның.

МАЙРА. Көңіл сыйса бәрі сыяды ғой. Бәрі дұрыс, айналайын.

 

Балалар тамақтарын ішіп болады да, бәрі орнынан атып тұрып, хормен «рахмет» деп айғайлағанда, қариялар селк ете қалады. Балалар ән айтып шығып кетеді.

 

ТІЛЕУ. Жетпегені осы еді.

БӘКІР. Мен сендерге айтайын, мынау заңсыз. Құдай біледі, балалардың жатын жері үшін ақша бөлген, соны мыналар жеп қойып, осында орналастыра салмақшы. Өңшең қаусаған шал-кемпір, бұларға бола береді деп ойлап отыр мыналар. Айттым ғой, бұлар бізді адам құрлы көрмейді.

ТІЛЕУ (өз-өзіне). Ақылси береді екен, осы қақбас.

МАЙРА. Қойыңдаршы, ешкімге кедергі келтіріп жатқан жоқ қой. Жүре берсін.

БӘКІР. Жоқ, неге бізден сұрамайды? Бізді адам санамай тұр. Құқығымызды таптап жатыр! Бұға берсең, сұға береді. Бәріміз бірігіп үстінен прокуратураға арыз жазайық. Мен жазамын, сендер қолдарыңды қойыңдар.

КӨШЕРБАЙ (сахнаның бұрышына қарап отырады да). Директор келе жатыр, директор келе жатыр.

 

БӘКІР айналып зып беріп, теледидар көріп отырған ҚАРИЯ-3-тің жанына барып жайғасады. Көшербай қарқылдап күледі. Майра да езу тартады.

 

ТІЛЕУ (БӘКІРге қарап). О, сорлы!

КӨШЕРБАЙ (ТІЛЕУге). Осы жолы ақша қосатын шығарсың.

ТІЛЕУ. Не үшін беру керекпін? Мен білмейді дейсің бе, сен ақшаны жинап алып, арзан-арзан тамақ алып, пайда көрмексің ғой. Өзіңнің пенсияң жоқ болған соң, жұрттың қалтасын аңдиды екенсің.

КӨШЕРБАЙ. О тоба!

ҚАҺАР (орнынан тұрып, бас киімін киеді де). Әй, Көкіш, жүр, картаңды ал!

 

Бәрі орнынан тұрып, көрермендердің арасына барып отырады да, Қаһар мен Көшербай карта ойнайды. Бәкір мен Тілеу шашки ойнайды. Майра гүлдерге су құйып жүр.

Сахнаға балалар бір-бірін қуалап, айғайлап, шулап шығады.

 

Балалар. Ақсерек-Көксерек ойнайық!

 

Балаларға қарап, қариялардың мазасы қашады.

Балалар екі топқа бөлініп, ақсерек-көксерек ойнай бастайды. «Кім керек?» деп айғайлайды. «Айдос, Арман, Балнұр, Жансая» деп, екі топтан бір-біріне қарай жүгіреді. Оларға Майра сүйсініп қарап тұрады. Қаһар мен Көшербайдың ойы қайта-қайта бөлініп, басын шайқап, күрсінеді.

 

ТІЛЕУ (дауыстап). Әй, әрі ойнаңдаршы, шуламай! (өзіне) Өмір бақи шудан құтылмайтын болдым ғой.

 

Балалар оның сөзін естімейді. Ақсерек-көксерек ойынынан дауласып, арасынан біреуі «Басқа ойын ойнайықшы, үнемі осылай аяқталады» дейді де, допты алып, «орта» доп ойынын ойнай бастайды. Екі жақтан екі адам ортадағы бір топ баланы доппен ұрады. Олар қашады. Бір кезде доп Қаһардың басына тиеді. Арман допқа қарай жүгіріп келе жатқанда, ашулы Қаһар орнынан атып тұрып, қалтасынан бәкісін алып шығады да, жарып тастайды. Тым-тырыс. Балалар да, қариялар да, Қаһарға үрке, үрпиісіп қарап қалған. Арман оның көзіне тіке қарап, тістеніп тұр.

 

ТІЛЕУ (өзіне). Контуженый... Алжыған қақпас шал! Көзін қараңдаршы, таза жауыздың көзі!

 

ҚАҺАР (Арманға). Не? Не... әкең?.. Мә! (Допты лақтырып жібереді. Арман бедірейіп қарап тұр.) Не безірейіп тұрсың?! Жүйкені жұқартып жібердіңдер ғой. (Пауза.) Ақсерек-көксерек! Кім керек?! Тыныштық керек, тыныштық! Өй, тәрбие көрмеген! Кругом, шагом марш!

КӨШЕРБАЙ (үрке). Қақа... карта...

ҚАҺАР (қолын бір сілтеп). Қойшы, картасының әкесінің...

МАЙРА. Балалардың жүрегін... (Қаһар жалт қарайды; оның дауысы бәсеңдеп) ұшырдың ғой... Бала емес пе...

 

Қаһар орнынан тұрып кетеді, балалар ренжіп, сахнадан кетеді. Көшербай, сахнаға шығып, қағаздың жанына барады.

 

КӨШЕРБАЙ. Түскі тамаққа рисовая каша екен. Кешкісінге пшенная. Сосын, жиналыс дейді. Жиналыс!

 

Қариялардың бәрі сахнада Директормен сөйлесіп отыр.

 

Директор (бәріне мұқият қарап шығады). Ал, не болды? Балаларды шошытып жібердіңіздер ғой. Допты неге жарасыз? Бұл деген балаға доқ көрсету ғой. (Қаһарға қарап) Аға?.. Жарымжан балалардың көңіліне қаяу түсіремін-ау деп ойламадыңыз ба? Бір ай осында тұрады, сосын кетеді ғой, не болды сонша? Иә, кей кезде артық сөйлеп қоятын шығар, бірдеңені қате жасайтын шығар, бірақ олар бала ғой. Тәрбие көрмеген депсіз? Не сөз ол? Иә, әке-шешесіз өсіп жатқан болар, тәрбиешілер шама-шарықтарынша тәрбиелеп жатыр. Ол сөз көңілдеріне келмей ме?

ҚАҺАР. Ей, шырағым, сен бері қара. Шал-шауқанға бола береді, біз не десек, солай болады деп отырсыңдар ма? Осындай болғалы жатыр еді деп неге алдына ала ескертпейсіңдер? Бізбен неге санаспайсыңдар? Бұл өзі қаншалықты заңды нәрсе? Әлде бізден құтыла алмай жүрсіңдер ме?

БӘКІР (дауысын шығармай). Дұрыс айтады. Басқа жаққа апарса болмады ма?

ДИРЕКТОР. Бізге бүгін айтты. Әкімшілік солай шешім қабылдаған. Бәрі заңды. Мен сізге қазір құжатты әкеп көрсетейін, егер күмәніңіз болса. Басқа балалар үйінің бәрі полный. Орын жоқ. Сол үшін осында әкелді. (пауза) Ал сіздерге ешкім балаларды ренжітуге права берген жоқ, аға. Жай түсіндіріп айтсаңыз, түсінеді. Ол үшін допты жарып, балаларға зіркілдеудің қажеті жоқ.

ҚАҺАР. Енді не, бастарынан сипайын ба? Доп үлкен кісіге тиіп кетті-ау, кешірім сұрайын-ау деген жоқ, бетке бедірейіп, не істеп аласың дегендей қарап тұр.

ДИРЕКТОР. Ол балалар жетіскеннен балалар үйінде жүрген жоқ, осыны ұмытпаңыздар. Болды, осымен мұны жабайық. Екінші рет қайталанбасын! Мен балаларға да ескертіп қоямын, шуламай ойнаңдар деп айтамын. Бірақ сіздер де түсіністікпен қараңыздар.

МАЙРА. Бала ғой...

КӨШЕРБАЙ (жасқана). Баланы алдай салу керек қой...

 

Директор сахнадан кетеді. Бәрі тым-тырыс.

 

ҚАҺАР (орнынан тұрып, күрсінеді де). Жатайықшы болды...

 

Жарық өшеді.

 

2-КӨРІНІС

Қарттар үйі. Жаттығу жүріп жатыр. Көшербай алдында тұр. Балалар бұрышта өзара күбірлесіп тұр. Көшербай еңкейген сайын, белі ауырсынып, қайта басын көтере алмай, жаттығуды әрең істейді. Оған балалар сықылықтап күледі. Олардың күлкісіне қариялардың бәрі елең етеді. Көшербай отырып-тұрамын деп, өтірік тұра алмай қалады. Оған балалар ду ете күледі. Көшербай оларды күлдіруге кірісіп кетеді. Құлаған болып, ойнайды. Балалар да, қариялар да мәз. Қариялар жаттығуын аяқтағанда, «Ұшты, ұшты ойнайықшы» дейді балалардың біреуі. Балалар ойын бастайды. Дауыстары қатты шыққан сайын, арасындағы біреуі «түш» деп, оларды тынышталдырады. Олардың сыртынан қарап тұрған Майра оларға жақын келеді.

МАЙРА. Балалар мен де ойнасам бола ма?

 

Балалар Майраға таңырқап, түсініңкіремей қарайды. Майра ортаға кіріп, ойынды өзі жүргізіп әкетеді.

 

МАЙРА. Ұшты, ұшты, Көгершін ұшты! (Балалар қолын көтереді.) Ұшты, ұшты, Көкіш ұшты!

 

Балалардың жартысы қолын көтеріп, жартысы түсініңкіремей қалады.

 

БАЛНҰР (Арманға). Көкіш деген құс па? (Арман иығын қиқаң еткізеді.)

МАЙРА (Күледі). Көкіш деген – әнеу аталарың. (Дауыстап.) Әй, Көкіш, айтшы осы, сен ұшасың ба?

КӨШЕРБАЙ. Мен неге ұшпаймын. Ұшамын. Летчик болғанмын. Құспен жарысатынмын. Міне бүйтіп (екі қолын жайып, балаларға қарай жүгіреді) ву-у-у... Ой, мен ұшқанда аспандағы құстардың ауызы ашылы-ы-ып қалатын. Қорамдағы тауықтар жүгіріп келіп, үйретіңізші деп жалынатын, әуелде. (Балалар күледі, Майра да мәз.)

ДИДАР (тәп-тәтті күлкісімен ұялып). Тауық сөйлемейді ғой...

КӨШЕРБАЙ. Мен де ойнайыншы!

МАЙРА. Кел, кел!

ТІЛЕУ (Көшербайға қарап тұрып, қолына түкіріп, дастарханды тоқылдатады). Тфу, тфу, өзімен кетсін. Е Құдайым, алжыған қақпас болудан сақтай гөр.

 

Осы кезде сахнаға Қаһар шығады. Үстелдің үстінен, орындықтардың астынан әлденені ары қарап, бері қарап, іздеп жүр. Таппайды.

 

ҚАҺАР (қатқыл дауыспен). Әй, Көкіш, бері кел!

КӨШЕРБАЙ (ойнап жүрген Көкіш жалт қарайды, бәрі тынышталып қалады; балаларға көзін қысып). Ойнай беріңдер, қазір келемін. (Қаһарға келеді.) Ау?..

ҚАҺАР. Қалжыңдағаныңды қойшы осы сен.

КӨШЕРБАЙ. Нені айтып тұрсың, Қақа?

ҚАҺАР. Әй, ол мен үшін қымбат зат.

КӨШЕРБАЙ. Нені нетіп тұрсың?

ҚАҺАР. Оны соғыста жолдасымнан алғанмын. Ол марқұм өзі аңқылдап қалған жігіт еді... Көзінің қарашығындай сақтап жүрген нәрсем.

КӨШЕРБАЙ. Қақа, не туралы айтып отырсың?

ҚАҺАР. Қылжақтағаныңды қойшы. Бәкімді айтамын. Қайтар.

КӨШЕРБАЙ. Өй... Мен сенің бәкіңді алмадым, Қақа. Оны неғыламын?

ҚАҺАР (дауыстап; бәрі жалт қарайды). Көп сөзді қойшы, Көкіш. Әкел бері!

КӨШЕРБАЙ. Қақа, шын айтамын деймін, не істеймін сенің жаман бәкіңді, өзімде түр-түрі бар емес пе?

ҚАҺАР. Кім алды енді? Таң атқалы іздеп жүрмін, жоқ! Кім алады оны?

КӨШЕРБАЙ. Өзің бір жерге қойған шығарсың.

ҚАҺАР (айғайлап). Сен не, мені есінен алжасты деп тұрсың ба? Мен қайда қойып, қайда қалғанын білмей қалады дейсің бе?

 

Балалардың ойыны сап тыйылады да, Майра Қаһарға қарай барады.

 

ТІЛЕУ. Басталды.

МАЙРА. И не болды, құрсын?

КӨШЕРБАЙ. Майраш, айтшы, Қақаңа. Бәкісін жоғалтып алып менен көріп тұр.

ҚАҺАР. Мен оны ешқашан тастап кетпеймін. Кеше қалтамда жүрді, сосын... Сосын... (Дауыстап.) Ә! Кешегі көкбет бала қайда? Қайда?

МАЙРА. Балаларды қорқытасың, Қақа...

ҚАҺАР. Шақыр ана баланы. Әй, бері кел, бері сен!

МАЙРА. Қойшы, тегі, Қақа, мен-ақ сатып алып берейінші, құрсын. Баланың жүрегін ұшырып бітетін болдың ғой.

 

Арман жанына барады, үркіп.

 

ҚАҺАР. Не? Не безірейіп тұрсың? Әкел бері бәкімді.

АРМАН. Мен алған жоқпын.

ҚАҺАР. Сен алдың, көзің айтып тұр. Сен өзі бетпақтығыңмен қоймай, ұры екенсің ғой.

АРМАН (дауыстап). Мен ұры емеспін!

ҚАҺАР. Өй, мынаны қараңдаршы, беті бүлк етпей... Өтірік айтып тұр.

МАЙРА. Өзің бір жерге қойған шығарсың...

ҚАҺАР (дүрсе қоя береді). Жоқ, менің ақыл есім орнында, Майра, сен араласпа. Осы күнге дейін қалтамда жүрген нәрсе, мыналар келгенде жоқ болып кетті. Бұлардың бәрі ұры.

АРМАН (айғайлап). Мен ұры емеспін!

ДИДАР (шулап). Олай демеңіз, ата!

БАЛА-1. Біз ұры емеспіз!

БАЛНҰР. Ата, неге олай дейсіз? (Жылайды.)

 

Осы кезде Директор келеді.

 

ДИРЕКТОР. Кеше ғана не айттық, аға? Не айғайлайсыз балаларға?

БӘКІР. Ұрлық деген қылмыстық іс, Анар Жанымжановна.

ҚАҺАР. Сен шырақ, бері қара. Мынау менің бәкімді ұрлап кетті. Қайтарсын.

ДИРЕКТОР. Ұрлап кеткенін қайдан білесіз?

ҚАҺАР. Сендер бәрің мені жынды қылайын дедіңдер ме?! Осыған дейін қалтамда жүрген бәкімді аяқ-асты жер жұтты ма?

ДИРЕКТОР. Көрдіңіз бе ұрлағанын?

БӘКІР. Камераларды тексерсеңізші...

ҚАҺАР. Жоқ, бірақ, мен осы бала ұрлағанына нақ сенімдімін. Қалтасын қарашы.

 

Қаһар Арманға қарай жақындай бергенде Директор тоқтатады.

 

ДИРЕКТОР. Аға, сіз мұндай қызбалықты қойыңыз! Шектен шықпаңыз!

ҚАҺАР (ашуланып). Мен бе шектен шыққан? Міне мынау ұрлаған! Кеше мен мұның добын жардым, соған ерегесіп, ұрлап кетіп отыр.

КӨШЕРБАЙ. Қақа қойыңыз...

МАЙРА. Ұят болды-ау балалардан.

 

ТІЛЕУ миығынан күліп тамашалап отыр.

 

ТІЛЕУ. Саған біреу допты жар деді ме, сауап!

ҚАҺАР. Маған не істеп аласың деп тұр ғой мынау. Мен мынадайлардың талайын көргенмін. Өтірік айтатын бала осындай бетпақ келеді.

ДИРЕКТОР. Сіз олай баланы басынбаңыз, аға!

АРМАН. Мен ұры емеспін!

ҚАҺАР. Сен ұрысың және өтірікшісің!

МАЙРА. Ойбай-у, баланы шырылдатып...

 

Балалар да, қариялар да шулап кетеді. Балалар «біз ұры емеспіз» деп, қариялар «қойсаңшы» десіп.

 

ДИРЕКТОР. Балаға дауыс көтермеңіз деймін, аға! Тынышталыңыздаршы! Тыныш! Айналайын, сен мына кісінің бәкісін алдың ба?

АРМАН (айғайлап). Жоқ!

ҚАҺАР. Анаң қарашы, беттен алып, төске шауып... Бұндайларды армияда тәрбиелейді.

ДИРЕКТОР. Егер алған болсаң, бере ғой, ешкім саған тиіспейді, ешкім ұрыспайды, қорықпа. Мен сені ешкімге ренжіткізбеймін! Шыныңды айта ғой, Қаһаров?

АРМАН. Мен ұры емеспін!

 

Арман теріс айналып қашып кетеді. Қаһар үнсіз, серейіп қалған.

 

ДИРЕКТОР (Қаһарға). Кіп-кішкентай балаға неге айқайлайсыз, аға?.. Байғұс баланың көңілін ойламайсыз а? Бәкі деген зат, мына балалар – адам, аға! Адам! Олардың жүрегі өте нәзік, сезімтал келеді. Білмесеңіз. Бұлар мейірімге зәру. Мейірімге! Ұрсасыз кеп... Көбі осындай айғай-шу, жанжалдан кейін балалар үйіне өтеді. Балалар үйінде жүргені үшін жазықты ма? Көзін мөлдіретіп, қайтіп айғайлайсыз аға, сізді түсіне алмадым. Обал, сауап деген болады. (Пауза.) Түу, баламен бала болып сіз де... Қаһаров?!

 

Директор баланың артынан кетеді.

 

МАЙРА (өз-өзіне). Әп-әдемі ойнап отыр едік... Шырқын бұздың-ау...

КӨШЕРБАЙ (Қаһарға бәсең дауыспен). Көп нете бермесеңші, Қақа. Баладан алдап сұрау керек қой.

 

Көшербай сахнаның бұрышындағы қағазды барып оқиды. Сол арада бір күн өтеді. Қариялардың бәрі сахнадан кетеді. Қаһар серейген күйі қатып қалады.

 

КӨШЕРБАЙ. Сәрсенбі – кеше... Бейсенбі дейді. О! Перловая каша... Каша! Перловая! Қаһар неге тамаққа келмеген?

 

Майра сахнаға шығады да, Қаһардың жанына келеді.

 

МАЙРА. Сол бәкіңді тасташы, Қақа. Кешелі бері кашаңды да жемедің, түнімен көз ілмедің. Жүрші, саған шай құйып берейін.

ҚАҺАР. Балалар келді ме?

МАЙРА. Ия, таңнан бері аулада ойнап жүр.

ҚАҺАР. Әлгі бала қайда?

МАЙРА. Қай бала?

ҚАҺАР. Бәкімді ұрлаған.

МАЙРА. Түу, әлі қоймағансың ба? Өкпелеп жүр ғой деймін, ойынға бармай, отыр әне. Қойшы, ол балаға тиісе бермей, «бәкім» дедің де, қалдың ғой. Жүр, шай құйып берейін.

ҚАҺАР. Жоқ, мен ана баламен сөйлесемін.

МАЙРА. Тиіспе.

ҚАҺАР. Тиіспеймін.

МАЙРА. Иә, кешірім сұра. Ұрыспа!

 

ҚАҺАР орындықта отырған балаға қарай барады да, одан алысырақ отырады. Бала оны көріп, амандаспайды.

Сахнаның екінші бұрышында Дидар ағаш машинасымен ойнап отырады. Оны Көшербай байқап қалады да, жанына жақын барады.

 

 КӨШЕРБАЙ. Өй, өй, ақырын, ақырын, қатты келе жатсың! (Дидар аң-таң) Қандай мәшіне сенікі?

ДИДАР. Джип...

КӨШЕРБАЙ. Андағың джипке емес, трәктірге ұқсайды ғой-ей. (қолына ұстап) Джип деген мұндай болушы ма еді? Сен өзің джипке отырып көріп пе едің? (ДИДАР басын шайқайды.)

ДИДАР (тамсана). Сіз ше, отырдыңыз ба джипке?

КӨШЕРБАЙ. Отырмақ түгілі, джиптің құлағында ойнаған мына жаман атаң.

ДИДАР (сүйкім дауыспен, ұялып). Ата, джиптің құлағы жоқ қой.

КӨШЕРБАЙ. Құлағы неге жоқ? Өй, сен ештеңе де білмейді екенсің ғой. Мәшіненің құлағы болады. Ол естиді бәрін.

ДИДАР (сенер-сенбесін білмей). Ой, ата, өтірік айтпаңызшы – и...

КӨШЕРБАЙ. Өй, шын, сенбейді ғой мынау. Машина деген кәдімгі тұлпар ғой. Егесін тыңдайды. Менің көлігім менен басқа ешкімге бой бермейтін. Ешкім айдай алмайтын. Өйткені мен оны басынан сипап, др-дрррр деп барып, қарғып мінемін де, заулайтынмын. Онннн-оооннн... Арттан келген машинаны теуіп жіберетін.

ДИДАР. Машина қалай тебеді?

КӨШЕРБАЙ. Кәдімгідей. Дөңгелегі бүйтіп шығады да, сақ дегізеді... (Бала сеніп қалады, оған Қаһар мен Арман күледі.) Көлігің ренжіп тұрғанда мінуге болмайды, есіңде болсын. Мөңкіп-мөңкіп лақтырып кетеді.

ДИДАР. Мөңкіп?

КӨШЕРБАЙ. Иә. (Мөңкіп тепкен болады.) Бүйтіп, и-ху-ху... (Бала күледі.)

ДИДАР. Ата, сіз мектеп оқығанда, «Тазша бала» деген конкурсқа қатыстыңыз ба?

КӨШЕРБАЙ (өтіріктен). Қатыстым! Бай бәйгені алғанмын.

 

Сахнаның екінші шетінде Балнұр әндетіп жүреді. Оны естіген Майра оған жақын келеді. Мұқият тыңдайды. Балнұр Майраны көріп қояды да, бірден әнін тоқтатады.

 

МАЙРА. Айта, бер құлыным, айта ғой... (Пауза.) Бір бала деген ән емес пе?

БАЛНҰР. Иә.

МАЙРА. Дауысың қандай күшті! Жалғастыра бере ғой. Ән салшы, бір бала-ай (деп өзі де әндете бастайды, Балнұр оған сүйсініп қарап қалған). Бұл әнді кім үйретті? Кружоктарға қатысасың ба?

БАЛНҰР (Басын шайқайды). Мектепте ән сабағынан беретін апайым үйреткен.

МАЙРА. Сен әнді микрофонмен айтып үйрен. (Қалтасынан тарақ алады да, береді.) Осыған айт! Дауысыңды есті. (Балнұр көзі жыпылықтап қарап тұр.)

БАЛНҰР. Сіз де ән айтасыз ба?

МАЙРА. Айтамын. Айтқанда қандай... Мен актриса болғанмын.

БАЛНҰР. Актриса?!

МАЙРА. Иә, мен театрда ойнадым. Ән айттым.

БАЛНҰР. Қандай күшті! Мен де театрда ән айтқым келеді!

МАЙРА. Айтасың, әлі, құлыным! Сенің дауысың өте жақсы екен. Распевка жасап үйрену керек.

БАЛНҰР. Распевка?

МАЙРА. Ля-ля-ля-ля-ля (до-ре-ми)... Осылай дайындаласың. Дауысыңды шынықтырасың. Мен саған ән айтуды үйретейін. Үйренгің келе ме? (Балнұр басын изейді.)

 

Қаһар мен Арман отыр.

 

ҚАҺАР. Әй, бала... (Бала қарайды.). Маған ренжіп қалдың ба?

АРМАН (қырсығып) Жоқ!

ҚАҺАР. Дұрыс, ренжімеу керек. Мен атаңмен жасты кісімін. Біз сөйлеп-сөйлеп қоямыз да. Сендер жақсы болсын деп айтамыз... (Пауза.) Өзің нешедесің?

АРМАН (қырсығып). Онда.

ҚАҺАР. Ал мен жетпістемін. Тамақ іштің бе?

АРМАН. Иә!

ҚАҺАР. Дұрыс, тамақты уақытылы ішу керек. Солдат сияқты, уақытылы ауқаттанып, уақытылы жату керек. Тәртіп деген сондай. Байқаймын, өзің солдат сияқты екенсің. Қысқа-нұсқа жауап бересің. Қандай керемет! Сенен кейін генерал шығады.

 

БӘКІР мен БАЛА-1 отыр скамейкада.

 

БӘКІР. Сен қазірден бастап документіңді жинап, тәрбиешілеріңе айтып, кезекке тұрып қой. Айтпасаң, олар жүре береді. Он сегізге толғаныңда үкімет саған үй береді. Егер қаласаң, мен сенің орныңа арыз жазып берейін. Мен деген образецке қарамай жазамын.

 

ТІЛЕУ мен БАЛА-2 отыр.

 

ТІЛЕУ. Көп ешкімге сене берме. Бәрі өтірікші. Бәрі алдап кетеді. Жақын досыңмын деп жүрген адамның өзі, ертең сатып кетеді. Өз затыңды ешқашан біреуге берме.

 

Көшербай мен Дидар қызу әңгімеге кірісіп кеткен.

 

КӨШЕРБАЙ. Асау бір джип жасап берейінші саған. Бірақ, оны қатты айдауға болмайды, есіңде болсын. Алып қашып кетеді, абайламасаң.

ДИДАР. Қайда алып қашады?

КӨШЕРБАЙ. Алысқа... Алысқа.

ДИДАР. О, маған ұнайды! Жасап беріңізші!

КӨШЕРБАЙ. Жасап берейін. Бірақ қатты айдама, иә?

ДИДАР. Жоқ, мен қатты жүргім келеді. Жарысамын!

КӨШЕРБАЙ. Жо-жоқ, қатты жүрсең, жасамай қоямын.

ДИДАР. Жасап беріңізші. Ойыншық машина ғой ол.

КӨШЕРБАЙ (үнсіз). Жақында менің балам келеді. Оның тура осындай джипі бар. Сені сол кезде отырғызамын! Қыдыртамын!

ДИДАР (қуанып). Алақай! (жүгіреді) Мен джипке отырамын!

 

Қаһар мен Дидар отыр.

 

ҚАҺАР. Гоголь көшесінің бойындағы бес қабатты үйлерді білем. Жанында парк бар ә?

АРМАН. Иә...

ҚАҺАР. Парктің кіре берісінде бір кемпір балмұздақ сатып тұрушы еді ғой? Соның балмұздағын жеп көрдің бе?

АРМАН (иығын қиқаң еткізіп). Білмеймін.

ҚАҺАР (өзіне). Ә, сен кішкентай болдың ғой. Фонтан бар иә?

АРМАН (жымиып). Иә... Мен сол жерде ойнайтынмын...

 

Сахнаға Директор шығады.

 

Тәрбиеші. Балалар, жататын уақыт болды, жүре қойыңдар!

 

Балалар Директормен кетеді. Қариялардың бәрі оларға тамсана қарап тұрады. Қаһар, Көшербай, Майра үшеуі сахнаның ортасына келеді де, төсектерін салып жатады. Көшербай бірден қорылға басып ұйқыға кетеді.

 

ҚАҺАР. Майражан? (тым-тырыс) Майраш?

МАЙРА (ұйқылы-ояу). Ау?..

ҚАҺАР (сыбырлап). Ұйықтап қалдың ба?

МАЙРА. Иә... Көзім ілініп барады.

ҚАҺАР. Мен таптым.

МАЙРА. Тапсаң, дұрыс болыпты. Сонша шу шығармай-ақ қоюың керек еді. Айттық қой, бір жерге қойып, ұмытып кеткен шығарсың деп.

ҚАҺАР. Жоқ... Мен немеремді таптым.

МАЙРА. А?

ҚАҺАР. Немеремді таптым деймін.

КӨШЕРБАЙ (ұйқысынан атып тұрып). Не дейді? 

ҚАҺАР. Сен әлі ұйықтамағансың ба?

КӨШЕРБАЙ (күліп). Мені ұйықтатып қойып, не әңгіме айтып жатысыңдар? Немересі несі?

 

Көшербай барып, орындығын алып келеді де, светильник жағады. Үшеуі отыр сыбырласып.

 

ҚАҺАР. Немеремді таптым.

МАЙРА. Қой, Қақа, алжасайын дедің бе? Немересі несі? Немерең кім сонда?

ҚАҺАР. Анау бала... Бәкімді ұрлаған.

МАЙРА. Қойшы, қай-қайдағыны айтпай.

КӨШЕРБАЙ. Оны қайдан шығардың, Қақа? Пісіміллә деп жатшы, құрсын.

ҚАҺАР. Әй, тыңдаңдар. Бағана директор не деді? Қаһаров деді ме?

КӨШЕРБАЙ. Деді.

ҚАҺАР. Ал менің атым кім?

МАЙРА. Қаһар.

КӨШЕРБАЙ. Ойбай, сенен басқа Қазақта Қаһар жоқ па?

ҚАҺАР. Тыңда сен, Көкіш. Ол бала – мен тұрған үйде тұрыпты. Паркті де, фонтанды да біліп тұр.

КӨШЕРБАЙ (қалай қуанарын білмей). Өй, өй, мынауың сұмдық жаңалық қой!

МАЙРА. Ондай сәйкестік бола береді ғой.

КӨШЕРБАЙ (қайтадан айнып). Иә, ондай болуы да мүмкін ғой.

ҚАҺАР. Тыңда... Мен қаншадамын? Жетпісте. Бала онда.

КӨШЕРБАЙ (ойланған кейіпте). Сен жетпісте – ол онда... Қызық. (Пауза.) Бірақ, түсінбедім, сөйтсе не болыпты?

ҚАҺАР. Көкіш, бері қара, мен келгелі қанша жыл болды?

КӨШЕРБАЙ. Білмеймін, әйтеуір, мен келгенде жүрдің ғой осында.

ҚАҺАР. Тоғыз жыл болды. Мен немеремді бір жасында көргенмін. Осы бала – менің немерем. Сезіп тұрмын...

КӨШЕРБАЙ (қуанып, дарылдап, оны құшақтап, қолын алып). Мәссаған... Құтты болсын, Қақа! Мынау бір керемет жаңалық болды!

МАЙРА. Өзі бірбеткей, томаға тұйық бала екен. Қиқарлығы да бар... Шынымен саған ұқсайтын сияқты...

КӨШЕРБАЙ. Айнымай қалған Қақаңның өзі ғой, қарап тұрсаң. Ұқсамасаң тумағыр деген...

ҚАҺАР. І? Не деп тұрмын мен? Ол менің немерем!

 

Пауза

 

МАЙРА. Сен оны балаға айттың ба, Қақа?

ҚАҺАР. Жоқ. Кеше ғана ұрсып, бүгін атаңмын демеймін ғой.

КӨШЕРБАЙ. Бағана сөйлесіп отыр едің ғой?

ҚАҺАР. Өкпесі бар. Әлі ішінде тұр оның.

КӨШЕРБАЙ. Өзің ғой, таза.

МАЙРА. Қатты-қатты айтып жібердің ғой.

КӨШЕРБАЙ. Ұры дедің.

ҚАҺАР (көңілсіз).Соным дұрыс болмапты...

КӨШЕРБАЙ. Өтірікші дедің... (Қаһар басын изеп отыр, не істерін білмей.) Добын жардың.

ҚАҺАР. Қойшы-ей осы сен. Болды, өтті кетті ғой. Оданда енді не істейтінімізді айтсаңшы.

КӨШЕРБАЙ. Енді неткенде, ол нетіп, бала шындықты білу керек.

МАЙРА. Оны балаға қайтіп жеткіземіз?

ҚАҺАР. Білмеймін. Бір амалын табу қажет.

 

Үнсіздік

 

КӨШЕРБАЙ. О! О! Ет жейтін уақыт келді!

 

Жарық сөнеді.

 

3-КӨРІНІС

Қарттар үйі. Дастарханды жайнатып қойған. Қаһар костьюм шалбар киіп, медальдарын тағып алып төрде отыр. Оған Майра әр түрлі галстукты көріп, таңдай алмай жатыр. Көшербай балалар келетін жаққа қайта-қайта қарайды. Көшербай дастархан басына кеп, аузына бір кесек етті сап жібереді.

 

ТІЛЕУ (жайдары). Сәлеметпісіңдер! Қалайсыңдар? Бүгін қандай мереке? Ет жасап қойыпсыңдар ғой. О Қақа, күшті киініп алыпсыз.

КӨШЕРБАЙ (жақтырмай). Өзіміз ақша жинап, Қақаңның туған күніне ет алдырып жатырмыз.

ТІЛЕУ. Ойбу, кеше сен айтып жатқанға мән бермеппін ғой.

КӨШЕРБАЙ (өз-өзіне). Өмірі өстіп айтады екен.

ТІЛЕУ. Мә, бүгін күн сондай күшті болып тұр.

БӘКІР. Оның туған күні тоғызыншы айдың он екісі емес пе? Мен білемін ғой. Сентябрьдікі еді ғой.

КӨШЕРБАЙ (қалжыңдап)/ Енді дұрыс қой!

БӘКІР (ойланып)/ А?

КӨШЕРБАЙ (жынды қылып)/ Қыркүйек те кеп қалды. Байқайсың ба, күн суытып барады ғой? Қар жауатын шығар келесі айда.

БӘКІР. Май емес пе? (Басы қатып.)

КӨШЕРБАЙ. Май, май, қалжыңдап жатырмын. Алжиын депсің.

БӘКІР. Сонда туған күні ме, жоқ па? (Көшербай мән бермей жан-жағына қарап тұрады.)

ТІЛЕУ. Майражан, құлпырып кетіпсің.

МАЙРА (кекете). Ал сен өзгеріп кетіпсің. Алдынгүні ғана мені өсектедіңдер деп, өкпелеп отыр едің ғой.

ТІЛЕУ. Қойшы тегі, көңіліңе алып сен де... Бала құсап. Мен сөйлей берем ғой, сенің көңілің кең, мейірімді екеніңді байқамайды дейсің бе? (Дастарханға отырады.)

КӨШЕРБАЙ. Әй, әй, сен кашаңды алып бірақ отырмадың ба?

ТІЛЕУ. Қойшы, тегі қалжыңдай бересің.

КӨШЕРБАЙ (қабағын шытып). Жоқ, шын айтып тұрмын.

МАЙРА. Қойшы, Көкіш. Отырсын.

КӨШЕРБАЙ (күліп). Қалжыңдаймын. (ТІЛЕУ қарап, түрін қайтада қатулы қылып.) Саған бірақ қалжыңдап отырған жоқпын.

 

Көшербай басқа киетін конус бас киімді Қаһардың басына кигізеді. Қаһар жақтырмайды.

 

ҚАҺАР. Не мынау? Алып таста, Көкіш.

КӨШЕРБАЙ. Өй, туған күн иесі киіп отырады. Мынауың заманнан қалып қойған ғой.

ҚАҺАР. Неге менің туған күнім болуы керек? Сенің туған болады.

КӨШЕРБАЙ. Болмайды, Қақа! Мынауың бір қырсық-ей!

ҚАҺАР. Бәрібір емес пе?

КӨШЕРБАЙ. Бәрібір несі? Сен өйтіп нетпе, Қақа. Туған күн сенікі болу керек. Жұрттың бар назары сенде болу керек. Әй, менің туған күнім болса, атасы мен деп ойлап қалмай ма? Мыжырайған, тыжырайған шалдың кім немересі болғысы келеді. Вот, сен! Герой! Полковник! (Ордендерін сүртеді.) Кеудеңді көтеріп, медальдарыңды жарқыратып отырмайсың ба?

 

ҚАҺАР бас киімін шеше бергенде.

 

КӨШЕРБАЙ. Отставить! Өй, мынау тәртіп дегенді білмейді ғой!

МАЙРА (галстукты тағады). Осы жарасады екен, Қақа.

 

КӨШЕРБАЙ (балалар жақа қарайды да). Келе жатыр! Келді! Туған күніңменен! Туған күніңменен! (Хормен.) Туған күніңменен, Қақа, (әндетіп ритмге түсе алмай) туған күнің құтты болсын! О, бәрекелді, балалар да кеп қалыпты! Қақа қандай бақыттысың-ей! Туған күніңді көпшілікпен атап өтіп жатырмыз.

 

Балалар «туған күніңізбен», «сәлеметсіз бе» деседі.

 

КӨШЕРБАЙ. Отырыңдар, балақайлар, отырыңдар. Бүгін бізде той!

 

Балалар отырады.

 

КӨШЕРБАЙ. Ал енді, Қақа, алғашқы тілек өзімнен болсын. Мынау келіп жеткен туған күнің құтты болсын! Бала-шағаңның қызығын көр (тілін тістеп). Немере-шөбере... (Сөзінен шатасып.) Ой, ауызға сөз түспей қалды ғой. Неткенде, нетіп, қысқасы, бақытты бол! (Балаларға) Бұл аталарыңның мінезі сондай көркем. Жуас, артық ауыз сөзі жоқ, сондай сабырлы... Өздерің көріп те жүрсіңдер!

 

Қаһар қабағын шытады. Оған Көшербай күледі. Осы кезде Директор келіп қалады.

 

ДИРЕКТОР. Тәк, бұл не мереке?

КӨШЕРБАЙ (Директорды қолынан ұстап, дастарханнан арырақ апарады да). Сіз өзіңіз не айттыңыз?

ДИРЕКТОР (түсінбей). Не айттым?

КӨШЕРБАЙ. Нетіңіздер дедіңіз ғой.

ДИРЕКТОР. Нетіңіз дедім?

КӨШЕРБАЙ. Енді нетіп жатырмыз ғой.

ДИРЕКТОР. Түсінбедім.

КӨШЕРБАЙ. Әй, балалармен тіл табысыңдар деген жоқсыз ба?

ДИРЕКТОР. А-а-а!

КӨШЕРБАЙ. І-і-і?! Мен нетіп жүрмін ал? Мен сөйтіп жүрмін. О көп нете бермеңіз.

ДИРЕКТОР. Дұрыс болған екен.

КӨШЕРБАЙ. І-і-і?! Конечно, дұрыс.

 

Директор кетеді.

 

КӨШЕРБАЙ (Дидардың жанына барып, еттен салып береді). Ал! Жей ғой. (Сыбырлап.) Саған машина жасап жатырмын! (Бала қуанады.)

БӘКІР (БАЛА-1 ге). Кел, мынау құлақтан ала ғой.

ТІЛЕУ (БАЛА-2 ге). Тіл бар екен, тіл. Жартысын мен жейін, жартысын өзің же. Ешкімге көрсетпей же! Анау бала сұрайды қазір.

МАЙРА. (Балнұрға кәмпиттен алып, қалтасына сап береді). Мынаны тамақтан соң жейсің.

 

ҚАҺАР мен Арман бір-біріне қарап отыр.

 

КӨШЕРБАЙ. Ал мынау жақсы отырыстың үстінен әуелеген бір ән болса. Майра!..

МАЙРА (ұялып). Қой, құрсын, ұят-ты. 

КӨШЕРБАЙ. Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас дегендей, ұялғаны несі. Шырқашы бір. Сай-сүйекті сырқыратшы!

МАЙРА (Балнұрға қарап). Біздің бір дайындап жүрген әніміз бар еді.

КӨШЕРБАЙ. Міне керемет!

 

Майра мен Балнұр «бір бала» әнін шырқайды. Әр қария өзіне жақын тартқан балаға әңгіме айтып, тамақ салып беріп, мәз-мейрам болып отырады. Қаһар мен Арман бір-біріне қарап отырады да, үстелдің астына кіріп, бір-біріне қарай жақындайды.

 

АРМАН (қысылып). Туған күніңізбен...

ҚАҺАР. Рахмет, балам...

 

Арман үндемей отырады да, қалтасынан бәкіні алып, Қаһарға береді.

 

ҚАҺАР (өтірік). Мынау немене?

АРМАН. Кешіріңізші...

ҚАҺАР (абдырап). Жоқ, мынау менікі емес. Менікі емес. Өзіңдікі шығар.

АРМАН. Тауып алдым. (Жылайды.)

ҚАҺАР. Бұл сенікі! Жылама сен! Жігіт деген жылай ма?! Офицер емессің бе?! Ешқашан ешкімнің алдында иілме! Басыңды тік ұста! Офицер деген сондай болуы керек! Қане! Көтер басыңды, Арманжан!

 

Бала жұбанады. Екеуі үнсіз отыр.

 

ҚАҺАР. Рахмет саған. (Пауза.) Келгеніңе, құттықтағаныңа... (Пауза.) Өкпелеткен кезім болса, кешір, Арманжан...

АРМАН. Сіз де кешіріңізші...

ҚАҺАР. Өй, жоқ, сен мені өкпелеткен жоқсың. (Қолын созып.) Достастық па? (Бала қуанып, басын изейді.)

 

Екеуі сөзді қалай жалғарын білмей отырады.

 

ҚАҺАР. «Сен және Мен» деген ойынды білесің бе? (Арман басын шайқайды.) Бір командир, бір жауынгер болады. Екі адам басқалардан тығылып қалады.

АРМАН. Тығылмаш па?

ҚАҺАР. Жоқ, бұл басқа. Ойынның ережесі: Ешкімге айтпау керек, ешкімге көрінбеу керек, ешкім таппау керек. Оның бәрі әскери құпия! Қашып, сосын бақытты өмір сүру керек. Ең бастысы бақытты болу керек.

АРМАН. Оны қанша адам ойнайды?

ҚАҺАР. Оны екі-ақ адам ойнайды. Командир мен жауынгер ғана. Мен командир болып, сен сияқты қатардағы жауынгерге келіп, «мен және сен» десем, екеуіміз ғана ойнау керекпіз. «Сен және Мен!». Түсіндің бе? (Бала басын изейді.)

 

Қаһар мен Арман дастарханға отырады. Ән айтылып біткен. Қаһар мен Арман бір-біріне қарап қулана күледі.

 

КӨШЕРБАЙ. Балалар, сендерге ұнады ма?

 

Балалар орындарынан тұрып жатқанда, Қариялар да бірге тұрады.

 

БӘРІ (хормен). Рахмет!

 

Балалар қарттардың бұл ісіне сықылықтап күліп, мәз болып, орындарынан тұрып кетеді. Қариялар оларға тамсана қарап тұрады.

 

КӨШЕРБАЙ (қуана). Йес!

 

ТІЛЕУ (тұрып кетіп бара жатып). Осы шал жынды! Йесі нес?

МАЙРА (Қаһарға). Сөйлесе алдың ба?

ҚАҺАР. Иә. Арман – менің немерем...

КӨШЕРБАЙ. Не дейді? Бармысың ата деп, құшақтай алды ма?

МАЙРА. Оны айтпаған шығар.

ҚАҺАР. Достастық! (Пауза, ақырын дауыспен.)

КӨШЕРБАЙ. Молодец! Жігітсің, Қақа!

ҚАҺАР. Көкіш, әлгіңді алдырдың ба?!

КӨШЕРБАЙ. Нені?

ҚАҺАР. Қылжақтағаныңды қойшы-ей, осы.

КӨШЕРБАЙ. Түш! (ТІЛЕУді нұсқап) Анау қарап тұр!... (ТІЛЕУге) Әй, етке тойсаң, қайқай давай!

ТІЛЕУ (өзіне). Кеткенімше болған жоқ, жамандап жатыр, Құдай сақтасын, заман не боп кетті.

МАЙРА. Көкіш, денсаулығыңды ойла.

КӨШЕРБАЙ. Ойлап, ойлап, осындай шешімге келдім. (Қаһарға) Кеттік!

 

Үшеуі өз бөлмелеріне барады да, светильник жағады. Көшербай қызып қалған.

 

КӨШЕРБАЙ (аңқылдап). Жәқсы болды, ә, Қақа?

ҚАҺАР (бір нүктеге қарап отырып). Кетем.

КӨШЕРБАЙ. Қойшы, Қақа. Кетем демеші маған. Кетем дегендер ұнамайды.

ҚАҺАР. Кетуім керек.

МАЙРА. Қалай болар екен?..

КӨШЕРБАЙ. Қайда кетесің?

ҚАҺАР. Көкіш, мен кетемін. Немеремді таптым. Ертең директорге кіремін де, бәрін айтып беремін. Сосын, Арманды алып кетемін.

МАЙРА. Дұрыс қой, бала шындықты білуі керек. Сөйлесіп көр, түсіністікпен қарайтын шығар.

КӨШЕРБАЙ. Жо-жо-жоқ, қателесесіңдер, ол сені өлсе де жібермейді. Әй, ол немене, Майра деп пе едің? «Иә, аға, қуаныштымыз, жолдарыңыз болсын» дейді деп тұрсыңдар ма? Ол қатынды білмейді екенсіңдер. Былай күліп амандасып жүргенімен, темірдей мықты қатын ол. (Жұдырығын түйіп) Мынадай!

МАЙРА. Расымен...

КӨШЕРБАЙ. І-і-і?! Ойнамаңдар. Керек десең, екеуіңді мүлдем жолықтырмай қоюы мүмкін.

ҚАҺАР (пауза). Онда қашамын...

МАЙРА (алаңдап). Қалай болар екен?..

КӨШЕРБАЙ. Соны айтам. Қалай қашасың?..

ҚАҺАР. Жоқ, қашамын.

КӨШЕРБАЙ. Бірақ, Қақаң, айтса істейді.

МАЙРА. Байқашы, Қақа. Асығыстықпен бірдеңені...

КӨШЕРБАЙ. Жоқ, Қақаңдікі дұрыс. Берсе қолынан, бермесе жолынан. Қашу керек.

ҚАҺАР. Планым бар.

КӨШЕРБАЙ. Әне! Айтам ғой, Қақаң бекер айтпайды.

ҚАҺАР. Көмектерің қажет!

КӨШЕРБАЙ. Қақа, сен үшін соғысқа да барамын ғой! Барам неге бармаймын? Ол полковник болғанда, мен генерал болар едім. Өзі оңай адам емеспін. Мені кім деп жүр ол? А? Ойнамасын.

МАЙРА. Көкіш, жатшы, айналайын.

КӨКІШ (масайып). Айналма сен!

ҚАҺАР. Сендердің көмектерің мынадай болсын...

 

Жарық сөнеді.

 

4-КӨРІНІС

 

Қарттар үйі. Қариялар балаларды күтіп, сол жаққа қарап жүр. Көшербайдың басы ауырып, түрі мыжырайып, жүрісі баяулап қалған.

 

ТІЛЕУ. Бүгін қандай каша жейтінімізді мына қақпас айтпады ғой.

МАЙРА (Көшербайға). Денсаулықты ойла деп айттық.

КӨШЕРБАЙ (Майра). Одан емес, Майражан. Пиязынан көп жеп жібердім.

МАЙРА. Ойбай-у, арақтан көрмейді ғой, жарықтық.

КӨШЕРБАЙ. Мен өзі «барды - бар, жоқты - жоқ» деп айтатын адаммын. Арақтан болса, айтар едім.

МАЙРА. Кешегіні ұмытпадың ғой?

КӨШЕРБАЙ. Нені?

МАЙРА. Кеше түнде...

КӨШЕРБАЙ. А? Түнде?

МАЙРА. Ия. Сен, мен...

КӨШЕРБАЙ. Қойшы? Не болған түнде? Бірдеңе бүлдірдім бе?

МАЙРА. Әй, Сен, мен, Қақаң үшеуіміз ақылдасқан жоқпыз ба?

КӨШЕРБАЙ (есіне әрең түсіріп). А-а-а, ие, ие...

 

Пауза

 

МАЙРА (дауыстап). Жаттығудың орнына, бала күнімізді еске алып, ақсерек-көксерек ойнайықшы!

ТІЛЕУ (естіртпей). Қойыңдаршы, тегі, алжиын дедіңер ме? (Өзі барып, Майраның қолынан ұстап, ойынға дайындалады; ойнағысы кеп тұр.)

 

Майра, Көшербай, ТІЛЕУ бір қатарға тұрады. Қаһар, БӘКІР екінші жақта тұр.

 

БӘКІР (Қаһарға). Мына жаққа тұршы. Мынау жазатын қол!

 

Майра мен Көшербай «ақсерек-көксерек» деп айғайлайды. ТІЛЕУ оларға ілесе алмай, ритмге түсе алмай жүреді. Не қуанарын, не жақтырмай тұрғанын түсіне алмай, түрі өзгере береді.

 

МАЙРА. КӨШЕРБАЙ. Кім керек?

 

ҚАҺАР. БӘКІР. Көкіш керек.

 

Осы кезде балалар келеді де, Көкіштің асқазаны ауырып, бүрсеңдеп әрең жүгіріп бара жатқанына қарап, күледі. Ол үзе алмай қалады да, Қаһардың тобында қалады.

 

ҚАҺАР. Кілтті әкел.

КӨШЕРБАЙ. А?

ҚАҺАР. Кілтің бар ғой.

КӨШЕРБАЙ. Бар, бар. (Қолына кілт береді.)

 

МАЙРА (осы кезде дауыстап). Балалар да келді! Бізбен бірге ойнайсыңдар ма?

 

Балалар шулап, ойынға кірісіп кетеді. Қариялар бір жақ, балалар бір жақ болып, ақсерек-көксерек ойнайды. Балалар «бізден сізге кім керек?» дейді.

 

КӨШЕРБАЙ. Дидар!

МАЙРА. Балнұр!

ҚАҺАР. Жоқ, Арман керек! Арман!

БӘКІР. Айдос!

ҚАҺАР. Арман керек дедім, болды!

КӨШЕРБАЙ. Өй, Қақа, Дидар келсін де...

ҚАҺАР. Отставить, Көкіш! Арман керек! Арман кел!

 

Арман екі ойлы болып келеді де, үзе алмай, Қаһардың жанында қалады. Майраны Балнұр шақырыпы, у-шу болып жатқанда, Қаһар мен Арман бөлініп шығып кетеді.

 

ҚАҺАР. Қатардағы жауынгер Арман Қаһаров, «сен және мен»! (Арман түсінбей қарап қалған) «Сен және мен» деймін! Кеттік, бастаймыз!

АРМАН. Тығыламыз ба?

ҚАҺАР. Қашамыз!

АРМАН. Қазір ме?

ҚАҺАР. Иә, қазір!

АРМАН. Тәрбиеші ұрсады ғой.

ҚАҺАР. Ұрыспайды. Олар бізді таппайды.

АРМАН. Біз қайда барамыз.

ҚАҺАР. Алысқа! Бақытты болатын жаққа!

АРМАН. Мен бармаймын.

ҚАҺАР (пауза, асығыс). Мен сенің атаңмын, Арман. Сен менің немеремсің! (Баланың көзі жыпылық-жыпылық етіп, қарап тұр.) Менің атым Қаһар. Сен және мен! Сен менің немерем екені ақиқат. Мен сен тұрған үйде тұрдым. Екеуіміз бір үйденбіз. Сен менің ұрпағымсың! Сен жүрген паркте мен де талай жүргенмін. Сені бір жасыңда мен баққанмын. Сосын тағдырдың жазуымен осында келдім. Енді міне екеуіміз жолықтық! Бізге бұл жерден тезарада кету керек! Менде сенен басқа ешкім жоқ, сенде менен басқа ешкім жоқ, Арман. Сен және мен!

 

АРМАН үнсіз тұрады да, кері айналады да, қашып кетеді. Қаһардың көңіл-күйі түсіп, не істерін білмей абдырап, улап-шулаған қариялар мен балаларға қарап қалады. Сол сәтте Арман жүгіріп келеді де, оны құшақтай алады. Көзі жасқа толған.

 

АРМАН. Ата!

ҚАҺАР (емірене). Құлыным! Кеттік! Бізді ешкім де тоқтата алмайды.

                                   

Қаһар Майраға баста деп басын изейді. Осы сәтте ойын ойнап жатқан Майра талып құлайды да, у-шу болып, Көшербай «жедел жәрдем шақырып», азан-қазан боп кетеді. Қаһар Арманды қолынан жетектеп сахнаның бұрышына апарады.

Қаһар мен Арман тығылып барып, есіктің алдына келеді де, Қаһардың қолы дірілдеп, кілтті дұрыс сұға алмайды. Жан-жағына жалтақтап, кілтті әрең дегенде кіргізеді. Кілт ашпайды. Ары шұқылап, бері шұқылап, қара терге түседі.

 

ҚАҺАР. Ой, әкең, алқаш...

 

Тығылып арырақ жүгіріп, дуалдан секіріп өтпек болады. Арманды көтеріп, өткізгелі жатқанда жандарынан, Директор келеді де, Қаһар Арманды жерге түсіреді.

 

ДИРЕКТОР. Не істеп жатсыздар?

ҚАҺАР. Ойын ойнап...

АРМАН. Бәкіні іздеп жүрміз, апай...

ДИРЕКТОР. Так, Қаһаров корпусыңа бар! Быстро!

 

Қаһар ымдап, оған әзірге бара тұр дейді. Арман кетеді. Директор Майра жаққа барады.

 

ДИРЕКТОР. Балалар, корпустарыңа барыңдар!

 

Балалар кетеді. Майраны тәрбиешілер, қариялар қоршап алып, бетіне су бүркігенде ол есін жинайды. Бәрі тарқасады. Осы кезде кетіп бара жатқан Директордың жанына Бәкір жетіп барады.

 

БӘКІР. Кешіріңізші, Анар Жанымжановна...

ДИРЕКТОР. Иә...

БӘКІР. Сізге бірдеңе айтсам деп едім...

 

Осы кезде оны Қаһар алыстан байқап қалады.

 

ДИРЕКТОР. Иә...

БӘКІР. Осындағы қызметшілер төрт күн бұрын менің көрпе-жастығымның тысын ауыстырмай қойды. Екі күн күттім.

ДИРЕКТОР. Әлі ауыстырмады ма?

БӘКІР. Жоқ, сосын ауыстырды.

ДИРЕКТОР. Енді?

БӘКІР (сасып). Сол кезде ауыстырмады да...

ДИРЕКТОР. Сосын ауыстырса болды ғой. Кейде үш күнде, кейде төрт күнде бір ауыстырып жүр қыздар.

БӘКІР. А-а-а... Соны сіздің білгеніңіз дұрыс деп ойладым.

ДИРЕКТОР (түсінбей). Жарайды. Рахмет!

БӘКІР. Оқасы жоқ, Анар Жанымжановна!

 

ДИРЕКТОР таң қалып, басын шайқап кетеді.

Қаһар сүлесоқ күйде бөлмеге оралады. Үшеуі отыр. ҚАҺАР кілтті Көшербайдың алдына лақтырып жібереді.

 

КӨШЕРБАЙ (шошып). Қақа, мен кеше кішкене нетіп... Не кілт сұрағаныңды ұқпай қалдым. Небір ес қалды дейсің менде. (Үстелге екінші кілтті қояды.) Міне мынау екен ғой. Осы ашатын...

ҚАҺАР. Сенің салғырттығыңнан бәрі, идиот!

КӨШЕРБАЙ (жасқана). Бәрібір директор кеп қалды ғой, Қақа.

МАЙРА. Тығылып, қашып-пұшып жүрмей, сол әйелмен анықтап сөйлесші алдымен.

ҚАҺАР (зірк етіп). Жоқ! Мен кетемін!

КӨШЕРБАЙ. Үшеуіміз директорға кірейік.

МАЙРА. Біз оның не дейтінін білмейміз де ғой. Сөйлесіп көрейік, болмаса, қашасыңдар. Ол да адам баласы ғой, немереңді уайымдап тұрғаныңды, балалар үйінде өсіп жатқанына жүрегің ауырып тұрғанын түсінер. Тіптен, бір-біріңді тапқандарыңа қуанып, көмектесер. Кім біледі.

ҚАҺАР. Жоқ! Бәріне бәрібір! Қалай түсінбейсіңдер?! Менің жағдайым өз балама бәрібір болғанда, өз балама өзінің баласының өмірі бәрібір болғанда, қайдағы бір әйелдің жүрегі жылиды дейсіңдер ме? Ей, бұл заманда бәріне бәрібір. Менің немерем, Арманым, менен басқа ешкімге керек емес. Ол мына жерде тізімде тұрған көп баланың біреуі ғана. Ал ол менің – көзімнің қарашығы. Оның мұнда қалуына жол бермеймін. Алып кетемін! Болды!

 

Үнсіздік

 

МАЙРА (ақырын). Қайда алып кетесің, Қақа?..

ҚАҺАР (сенімсіз). Әкетемін... Әкетемін. Бүгіннен қалмай, кетуіміз керек.

МАЙРА. Бүгін енді мынадай болып қалды ғой. Таңның атқанын күтсеңші.

ҚАҺАР. Жоқ! Кетемін.

КӨШЕРБАЙ (пауза). Ана кілт ашады.

МАЙРА. Мен баланы ойлап тұрмын... Түн ғой қазір.

ҚАҺАР (мән бермейді). Көкіш, Арманды алып кел, давай.

КӨШЕРБАЙ. Қалай болар екен ол...

ҚАҺАР. Бегом, марш!

 

Майра Қаһарды бақылай қарап қалады. Көшербай екіойлы жүріспен, басын қасып, сахнадан шығып кетеді. Қаһар чемоданын алып, кілтін тексере қарап, ештеңе ұмытпағанына көз жеткізеді де, есіктің алдында, тіп-тік болып күтіп тұрады.

 

МАЙРА (бәсең). Ашумен шешім қабылдамай, жақсылап ойланып алсаңшы, Қақа...

 

Қаһар оның сөзін елемей қояды. Көшербай Арманды алып келеді. Ол Қаһардың қолынан ұстайды.

 

ҚАҺАР (оларға қарамай). Енді біз көрісеміз бе, жоқ па, Құдайға аян, жолдастар! Көрсеткен көмектеріңе рахмет. Сендермен таныс, дос болғаныма қуанамын! Ашу үстінде ренжіткен болсам, кешірерсіңдер. Ал... Біз кеттік.

 

Көшербайдың иегі кемсеңдеп қалады. Майра ешқандай эмоция білдірмей отырады.

Қаһармен Арман сахнаны айнала қашады. Қараңғы. Күзетшілерден, тәрбиешілерден бұрыш-бұрыш, қуыс-қуыста тығылып, еңкейіп жүреді. Есіктің жанына жасырынып кеп, кілтті салып, ашады. Есік ашылғанда Директордың дауысы шығады.

 

ДИРЕКТОР. Тоқтаңыздар!

 

Қаһар Арманның қолын қысып ұстап, шарасыз күйде тұрады.

 

ДИРЕКТОР. Тыныштық па, аға?

ҚАҺАР. Жолыма тұрма, қарағым. Біз немереміз екеуіміз кетуіміз керек.

ДИРЕКТОР. Да Вы че?

ҚАҺАР. Жібер бізді.

ДИРЕКТОР (пауза). Хорошо. Так, сіз қазір баланы жіберіңіз, ертең сізбен асықпай отырып сөйлесіп, сосын келісеміз, жарай ма?

ҚАҺАР. Жоқ, біз қазір кетуіміз керек.

ДИРЕКТОР. Қаһаров? Корпусыңа жүре ғой.

 

Бала Қаһардың артына тығыла түседі. Қаһар Арманды қорғаштайды.

 

ДИРЕКТОР. Аға, давайте, мәселені ушықтырмайық. Сіз де, Арман да қазір барып жатасыздар, ертең үшеуіміз сөйлесеміз. Жарай ма?

 

Қаһар қимай баланың босатады. Директор баланы алып кетеді. Қаһар жалғыз өзі мең-зең болып қалады.

 

5 КӨРІНІС

Қарттар үйі. Түн. Бәкір мен Тілеу отырған бөлмеге ашулы Қаһар кіріп келеді де, Бәкірді орнынан жұлқып тұрғызады.

 

ҚАҺАР. Әкең, арызқой, сөз тасығыш, құлақ!

БӘКІР. Тарт қолыңды! Жайшылық па сенікі?

ТІЛЕУ. Құтқарыңдар! Мына контужный шал есінен алжасты!

ҚАҺАР. Директорға жеткізіп жүрген сенсің! Бағана сөйлесіп тұрғансың!

БӘКІР. Тоқтат, Қаһар! Жағамнан алма менің! Үстіңнен арыз жазамын.

ҚАҺАР (оны шап береді). Маған бәрібір! Немерем үшін ештеңеден тайынбаймын! Мені сатып кеткенің үшін, көрсетемін саған!

БӘКІР (өршеленіп). Арызқой болсам, не болыпты? Мен заңмен жүремін. Сен заңды белшеден басып жүрген.

ҚАҺАР. Әй, сасық шал, бері қара. Мен өз балаларыммен үйге таласып соттасқаным жоқ. Әркімнің артынан домалақ арыз жазып, қарабет болған кезім жоқ. Сен маған заң үйретпей, орныңды біл.

БӘКІР. Менің жеке басымда шатағың болмасын!

ҚАҺАР. Олай болса, атаңның басына менің жеке шаруама араласып, бықсып жүрсің?

БӘКІР. Кім сенің ісіңе араласыпты? Мен деп тұрсың ба? Менде немере жоқ деймісің? Соттассам, үйімді мүгедек немеремнің атына жазам деп соттастым. Ертең сол немерем далада қалмасын деп... Кенже балам менікі деп жармасты. Сен соны біліп ал! Менде де немере бар...

 

БӘКІР үнсіз отырып қалады.

 

ТІЛЕУ. Контуженный, адамға ұйқы берші даңылдатпай! Күндіз де, түнде де мазаны алып біттің ғой!

ҚАҺАР (жағасынан алады). Әкең, мен саған контуженныйды көрсетейін!

ТІЛЕУ (айғайлап). Өлтірді, өлтірді!

 

Бәкір араша түседі.

 

БӘКІР. Қой деймін, Қаһар!

ҚАҺАР. Келсе, осы тілі мен жағына сүйенген тексізден келді!

ТІЛЕУ. Ойбай! Көмектесіңдер!

ҚАҺАР. Менде не әкеңнің құны бар!

 

ТІЛЕУ ойбайлап, еңкілдеп жылап жібереді. Осы кезде Көшербай жүгіріп келеді де,  БӘКІР екеуі «Қақа, қой-қойлап! ажыратып алады. Артынан Майра да келіп, қарап тұрады.

 

МАЙРА. Әй, қойсаңдаршы!

ТІЛЕУ (еңіреп жылайды). Барсың ба, сен Құдай? Баладан жеген таяғым аздай, енді тағы да қорламақсың ба, Құдайым?..

ҚАҺАР. Тіліңнен табасың!

КӨШЕРБАЙ (ақырын). Қой, Қақа, тиіспеші оған!

ҚАҺАР. Қайсың? Қайсың деймін сөз тасыған?

КӨШЕРБАЙ. Не болды?  

ҚАҺАР. Не болғаны несі? Көріп тұрсың ғой, мен осында тұрмын! Не ештеңе түсінбегендей көзіңді бақырайтасың?! Өтірік мынаған жаның ашымасын сенің!

КӨШЕРБАЙ. Ойбай, Қақа, менде нең бар?

ҚАҺАР. Осының бәрін жұртқа жария қылып, өтірік түк білмеген құсап жүрген мына сен шығарсың.

КӨШЕРБАЙ. Өй, Қақа, қой... (Бір түрлі болып қалады.) Жынды ма, мен кімге айтамын?

ҚАҺАР. Сенсің! Өтірік айтып тұрсың! Көзіңнен көріп тұрмын!

КӨШЕРБАЙ. Мен сенің немерең екенін біле тұра, көре тұра, сатқындық жасайды деп ойлайсың ба? Мен де жүрек жоқ деймісің?

ҚАҺАР. Сөзіңнің бәрі жалған! Жүрген бір суайтсың! Мен не, сенің қалай өтірік айтатыныңды білмейді деймісің? Балам бизнесмен, көлігі бар деп жұрттың бәрін алдап жүрсің. Жоқ сенде бала. Сен жалғызсың. Мына жерге көшеде бомж болып, ішіп, сідігіңе сүрініп жүргенде, волонтерлар алып келгенін білмейді деп ойлайсың ба? Сенің ешкімің болмаған соң да, немеремді тапқанымды, менің бақытты болатынымды көре алмай, директорға жеткізіп отырсың. Бұл бірінші емес, екінші мәрте, Көшербай. Сен басқа кілтті де әдейі бергенсің.

МАЙРА. Көкішке неге тисесің, Қаһар?

КӨШЕРБАЙ. Әй, Қаһар, солай-ақ болсын. Мен-ақ өтірікші болайын!

ҚАҺАР. «Өтірікші болайын!» Онсызда өтірікшісің! Ішіп жүріп, бала-шағаңды арандаттың ғой.

КӨШЕРБАЙ (ызаланып, соңында жылап жібереді). Сол менің жанымды ауыртпайды дейсің бе, Қаһар. Иә, мен іштім. Көлігімді балама айдаттым. Солай болды. Сол жерде мен болуым керек еді. Мен өлуім керек еді. Мен кінәлімін. (шарасыз) Қайтем енді?

 

Тым-тырыс. Көшербай балаға деп жасалған машинаны артқа тартып, зыр дегізіп жүргізеді де, орнынан тұрып, кетіп қалады.

 

МАЙРА. Директорға айтқан мен. Мына мен. (Пауза; Қаһар оған таң қалып қарайды.) Иә, мен айттым. Баланы ойладым, Қақа... Сен оны әкетем дейсің, қайда бармақсың? Сенің пәтер жалдауға, баланы бағып-қағуға ақшаң жетпейді. Ұлың сендерді керек қыла ма? Ал кеттің делік, вокзалда қонасың ба? Сені жақсы түсініп тұрмын... Жалғыздықтан жауырын болдық қой, өзіңді немереңмен алдаусыратып, сол үшін өмір сүргің келген шығар, бірақ шындыққа тура қарашы, Қақа. Сен өзіңді ғана ойлап тұрсың. Болды, немеремді таптым, кетеміз дейсің... Баланы неге ойламайсың? Ол ертең мектепке қайтіп барады? Қайда тұрады? Киімін кім алып береді? Кім асырайды? Балаға обал емес пе?..

ҚАҺАР (Майраға қадала қарап). Солай де... Ал мен саған имандай сенген едім. Баланы ойлап тұр екенсің ғой. Сен, Майра, баланың қандай тәтті болатынын білесің бе? Немеренің одан да тәтті болатынын білесің бе?.. білмейсің... (сабырлы, суық дауыспен) Сен ондай сезімді ешқашан сезініп көрмегенсің. Өмір бойы қу тізеңді құшақтап өткен, мына сен, Майра, мені ешқашан түсінбейсің. Ешқашан.

МАЙРА (үнсіздік, ренішті үнмен). Ана болуды қалай қатты қалағанымды, Түнімен Құдайға жалбарынып, бала сұрайтынымды, екінші рет тұрмыс құрғанымда үміт пайда болғанын, оның да көп ұзамай сөнгенін, құрсақ көтермегенім үшін жаным ауыратынын... бәрін жақсы білетін едің ғой, Қаһар... Неге сен олай айтасың?

 

Майра орнынан тұрып кетіп қалады. Бір нүктеге қадалған қалпында Қаһар отырады. Жарық сөнеді.

 

 

6 КӨРІНІС

Қарттар үйі. Арман мен Қаһар қол ұстасып, бастарын тік ұстап, күтіп тұр.

 

ҚАҺАР. Қазір әкең келеді. Кетеміз! Қорықпа!

 

Кеудесін тіктеп, басын көтеріп, немересіне қайта-қайта қарап, жымияды. Бірақ жымиысы жасанды шығады.

 

ҚАҺАР. Қорықпа! Жігіт құсап тұр! Бізді әкетеді!

 

Директор мен Архат келеді. Қаһар олар жақындағанша үндемей, басын тік ұстаған қалпы тұрады. Директор жақындағанда Арманға басымен ымдап, кетіп қал дейді.

 

ҚАҺАР. Кетпейді! Осында болады!

 

Директор шарасыз «міне осы» дегендей Архатқа қарайды.

 

ДИРЕКТОР. Арман, жүре ғой.

 

АРМАН. Жоқ.

 

Директор Арманның қолынан ұстап, ақырын алып кетеді.

 

АРХАТ (ыңғайсыздана). Қалайсыз, папа?..

ҚАҺАР (тұтығып). Иттің ғана баласы! Бойыңда титтей де болсын намыс бар ма? Мен сені солай тәрбиелеп пе едім?! Ит екеш иттің өзі бұлай жасамайды ғой. Жүрегің тас болып кеткен бе-ей, әкең?! Мен сені осылай тәрбиеледім бе? Детдомда өсірдім бе деймін сені?!  Мені өткіздің, енді не жетпейді саған? Не жетпейді, әкең?.. Өз қаныңды қаңғытып жіберуге қалай дәтің барды-ей сенің, надан? Өз балаңды көзін мөлдіретіп қалай ғана балалар үйіне өткіздің-ей, ақымақ. Мына Арманым саған жүк болды ма, әкең? Өз балаңды өзің қарауға шамаң жетпеді ме, жетесіз?..

АРХАТ. Папа, не деп кеттің сен? Мен бұл баланы танымаймын. Қуасың ба? Немерең үйде. Оның аты Арман емес, Аршат.

 

Қаһар тұрып қалады.

 

АРХАТ. Саған не болған, папа?.. Бәрі дұрыс па? Алжасайын дегенсің бе?.. Не сенікі? Алдымен сұрасаңшы. Мені өткіздің дейді. (Мырс етіп күледі.) Ұмытып қалдың ба, папа? Әй, өзің ғой, кетем де, кетем деп қаңқылдап тұрып алған. Апарып таста, апарып таста деп. Кетесің бе? Жүр, мен сені қазір-ақ әкетем. (Пауза.) Сол кезде жалынып, үйде қалдыра алмадық қой сені. Қырсығасың да, қаласың, бітті, бетің бері қайтпайды. Сөйтіп, мамамның жүрегін ұшырып, ақыры жүректен кетті ғой. (Пауза.) Сені осында әкеп тастап, мен шалқып өмір сүріп жүр деймісің? Сені өткізіп тастап, қуанып жүр дейсің бе? Бүкіл туған –туыс, көрші-қолаңға қарайтын бет қалмады ғой. Әй папа, қойыңыз, ұят болады дедім бе? Дедім... Тыңдадың ба сен? Жоқ. Сен адамды тыңдаушы ма едің? Өзің бірдеңе ойлап тауып аласың да, соған құлай сенесің. Иә, мен бір бөлмелі, тар пәтерде тұратын шығармын. Иә, бала-шағамен шулап, мазаңды алған шығармыз, бірақ енді неғыл дейсің маған? Жалақым аз... потому что, сен айтқан оқуды бітірдім. Ал сол диплом бірдеңеге жарады ма? Сен маған таңдау қалдырдың ба? Әйтеуір, сенікі заң болуы керек екен. (Пауза.) Ардагерлерге берген үйді менің атыма жаз дедім, тұрдың да, кіші келінге жазып бердің. Ол бүкіл туысқанын әкеп алған шығар сонда. Соны маған жазғаныңда, кең үйде еш қысылмай тұрар едік қой. Жесір қалды дейсің? Ну и что? Кім жесір қалмай жатыр? Әке-шешесі бар, бауырлары бар, далада қалмайтын еді ғой.

ҚАҺАР (иегі кемсеңдеп, әрең сөйлейді). Иттің ғана баласы...

АРХАТ. Иә, мен-ақ иттің баласы болайын. Ит кім екен сонда? Мен сені осында күштеп әкеп тастасам, оны айт. Қарамаймын деп бас тартсам, оны айт, енді кеп алып өкпелейсің, папа. Ең болмаса, сол үй – өз үйің еді ғой, сонда келініңмен тұра бермедің бе?..

ҚАҺАР. Қодар мен Қамқа сияқты ма?

АРХАТ. А? Қодар мен Қамқасы нес? Ты че, пап? Свехнулся что ли? (Пауза.) Лан... Сен алаңдама, пап. Немерелерің үйде, ойнап жүр. Сабағына, қосымша кружоктарға барады, нормально. Ана үй тарлау енді, балалар өсіп келе жатыр. Жолы бар, тамағы бар, киімі бар, ағылшыны бар дегендей... Күнкөріс қиын, өзің білесің. Келінің екеуіміз екі жақтап істесек те, жыртығымыз жамалмайды жатыр...

 

ҚАҺАР қолын қалтасына салып, ақшаны Архатқа ұстатады.

 

АРХАТ. Сен олай маған міндет қып берме, папа? Мен мұны өзіме жұмсайын деп жатқаным жоқ. Сенің қаныңа, сенің ұрпағыңа, сенің атыңа жазылған немерелеріңе жұмсаймын. Сен маған беріп жатқан жоқсың. Сен вообще ешқашан маған ештеңе берген емессің.

ҚАҺАР. Жоғал!

АРХАТ. Ну если что, хабарлас.

 

Архат кетеді. Қаһар серейіп қалған. Переход бір күн.Көшербай сахна бұрышындағы қағазды барып, бір қарайды. Дауыстамай оқиды.

 

7 КӨРІНІС

Қарттар үйі. Қаһар әлі бір орында тұр. Дастархан абсына қариялар мен балалар келеді. Әркім өзінің сүйікті баласына тамақ беріп, алма беріп, әңгімелесіп отыр. Қаһар дастархан жаққа келеді де, Арманды іздейді. Көзіне көрінбеген соң, жан-жағындағы балалардан сұрастырады. Бәрі білмейміз десіп, иықтарың қиқаң еткізеді. Ол ашулана бастап, айқайлайды. Балалар шошиды.

 

ҚАҺАР. Арман қайда?

ТІЛЕУ. Контуженый... Бастады тағы...

ҚАҺАР. Арман?!

 

Қаһар айғайлап, жүгіріп, орындықтарды құлатып, шу шығарады. Балалар мен Қариялар қашады.

 

ҚАҺАР. Арман қайда?

ҚАРИЯ-3 (теледидардан көз алмастан). Қаһаровты бүгін таңертең бір жас отбасы асырап алды.

 

Қаһар бір орында қатып қалады.

Қаһар сахна ортасында серейген күйі тұрады. Қария-3, Тілеу, Бәкір, Көшербай, бәрі біртіндеп, есіктен қол бұлғап шығады. Майра шығып бара жатып, Балнұрдың жанына келеді.

 

МАЙРА. Құлыным, мен саған ең маңызды нәрсені айтуды ұмытып кетіппін. Ән айтқан кезде, көзіңді жұмып айт! Қане, айтшы!

 

Балнұр көзін жұмып, шырқайды. Майра оған тамсанып қарап тұрады да, қош дегендей қол бұлғап сахнадан шығып кетеді. Сол кезде Қаһар коляскаға отырып қалады. Сахна қараңғыланып кетеді. Осы бір кезде, бозбала Арман әскери киімде келеді. Қаһар оған мұқият қарап отырып, жылайды.

 

АРМАН. Жыламаңыз, ата! Жігіт деген жылай ма?!

 

СОҢЫ.

 

 

Ұлан Болатбек, Алишер Рахат

Ұлан БОЛАТБЕК — сценарист, театр және кино актері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Алишер РАХАТ — қазақстандық жазушы, драматург, «Дәктіл» журналының қазақша редакциясының редакторы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «кинотеледраматургия» мамандығын бітірген.