Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

сюрреалисттің түсі

13:31

ең ұлы суретшім,

 

кездейсоқ табылған естеліктеріңе куә болған сайын

өзім байқап үлгермеген бейсаналықпен

көлеңкелерімізді де ұқсатқым келеді екен.

барлық жолдар саған әкеледі.

 

біз жүріп өткен жолдар мен

біздің қалдырғымыз келген іздер

жанарымызда,

күлкімізде,

сөзіміз бен

киімдерімізде сақталған.

 

оларды көру үшін

туған күніңді

жаңбыр,

қар

немесе тұманмен қарсы алудың қажеті жоқ.

 

ал сені көру үшін

альбомдағы,

кенептегі,

қабырғадағы

суреттеріңе қараудың да қажеті жоқ.

 

бәрі — айнамда.

айнамда — өмір.

 

өмірімнің әр сәтінде

отыз бір жасыңмен тілдесемін сенің.

көктемнің отыз бірінші күнінде келетін

отыз бір жасыма дейін,

отыз бір жасымнан кейін де.

 

сол кезде дос болармыз, бәлкім…

немесе дос болған шығармыз

сенің

қолыңа қылқалам ұстаған сәтіңнен бастап,

ең ұлы суретшім,

 

мама!

 

 

***

әр таң сайын

жанарың жарыққа ұмтылған сәтте

алғашқы сөзіңді әлдекім естісе екен деген үміт

үнсіздік абақтысына қамалса қайтпексің?

өзіңнен өзге

аяулы арманнан құралған түсіңді ешкімнің түсінбесін біліп,

көлеңкеңді жалғыздық дертіне душар етсең ше?

өртенсін

өкініштерің параққа жас болып тамған,

жасырын ойлар иесіз хаттардай мәңгі;

өртенсін өлең сезімсіз бүршігін жарған...

күлін де сақтама,

өртенсін,

өртенсін,

өртенсін...

 

 

***

асылында

өлім біз жайлы көп ойланатын секілді,

біз емес...

сөремде тұрған

әлдебір кітаптарды аяймын

еш уақытта оқылмасын білмеген,

жиһазға айналғанын да, бәлкім...

көздерде тұнған

әлдебір сезімдерді аяймын

сәттер үшін өрілген,

құрбан болған өлеңге...

еш жазықсыз

үлбіреген үміттерді өлтірдім,

жалындаған жүректі де.

мен кіммін —

сезімінің жендеті,

тағдырының дұшпаны?

кейіпкері шығармын өзім жазған өлеңнің...

өтірік...

өтірік...

өтірікке шырмалған

менің жалған өмірім,

сені аяймын

өкініштің дәмі келсе ерніме.

сені сүйем,

өкініштің дәмі қалған ернімде...

 

 

***

Біз неге жаздық тағдырсыз өлең,

тағдырды неге көп жаздық?

Сәттерде —

көздер ойдан да терең,

уақыттан жылдам көз жасы.

 

Уақыттан жылдам қорқыныштарым,

сезім де әлсіз, ой әлсіз.

Үміттің жансыз бұлқыныстарын

жүрекке көмдім аяусыз.

 

Жүрекке көмген қателіктерді,

өкініштермен өткергем.

Бағытсыз жүрген жолсеріктерді,

жалықтым тағы "біз" деуден.

 

Біз неге жаздық тағдырсыз өлең,

тағдырды неге көп жаздық?

Сәттерде —

көздер ойдан да терең,

уақыттан жылдам көз жасы.

 

 

***

такси жүргізушісіне

өтірік айтқаным есімде

есімім,

жасым,

ұлтым,

отбасым жайлы.

 

мені үнсіздігімнен қызғанған такси жүргізушісі

шынын айтқаны есімде

арманы,

сезімі,

өкініші,

қайғысы жайлы.

 

тек мені

өтірік айтуға итермелеген қоғам екені,

ал оны

шынын айтуға итермелеген қоғам екені

жасырын қалды.

 

 

сюрреалисттің түсі

 

            «Андалузский пёс воет —

                   кто-то умер!»

                               испан мәтелі

 

уақыт бар

толған айдың жанарында ойнаған

кеңістік

сенің

оның түсіндегі құмырсқадай еместігіңді айтып күледі

кеңістік жоқ

демек

ішіңдегі құмырсқалардан құтыл

топырағыңды шірітті олар

қолыңның дірілі содан

қолыңнан құтыл

әлдекімнің ойыншығына айналмас бұрын

әлдекімді ойыншыққа айналдырмас бұрын

88 пернетақта бетіне жайылған хайуанның қаны

әуен боп соңыңнан қуады сенің

уақыт жоқ

сегіз жыл бұрын да болмаған

сегіз жылдан соң да болмайды

бәріміз де ұйқыдамыз

түс көрудеміз әлі

сосын

теңіз жағасына жүгіреміз

тәнімізге жұқпаған қанымызды жуу үшін

 

 

***

үлкен қалада кішкентай адам

адаспағанда не істесін?

үлкен тастарға жанаспағанда,

жаншылмағанда не істесін?

үлкен ғимарат көлеңкелерін

жатсынбағанда не істесін?

үлкен қалада кішкентай адам

ұлыны іздемей не істесін?

жылу іздемей не істесін?

үлкен қалада жаңбыр жауғанда

ұлу іздемей не істесін?

Ақжан Аманжол

Ақжан Аманжол — 2001 жылы 31-наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Псевдоним – Ай қызы. Қазіргі таңда Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында Кинотеледраматургия мамандығы бойынша 4-курс студенті. «Қолтаңба» поэтикалық бірлестігінің жетекшісі. 2018 жылдан бері шығармашылық кездесулер мен поэзиялық кештер өткізіп жүр. Burshaq шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеті, «Мәдениет» журналы секілді республикалық басылымдарда, «Массагет», «Qalamger», «Әдебиет порталы», т.б. интернет-порталдарында жарияланған. 2019 ж. тамыз-қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағында, Азия жазушыларының форумы аясында сайт редакторы болып қызмет атқарды.