Мадина Омарова

229

Әңгімелер

Пара

Әзіл әңгіме

 

Мен өмірімде пара беріп көрмеппін. Алып көрмегенім өз-өзінен түсінікті. О заманда бұл заман, шаштаразға кім пара беруші еді. Пара алғанның ләззатын татқан білер, бірақ сізге өтірік маған шын, ешқашан ешкімге пара беріп көрмегенім үшін қатты қорынып жүретінмін. Жемқорлық дерті дендеп барады, оны айрандай ұйыған қоғамымыздың кез келген саласынан кездестіруге болады деп мемлекеттік деңгейде дабыл қағылып, ел болып, жұрт болып оған қарсы ашық күрес жариялап жатқанда, менің елден ерек ербиіп, осы уақытқа дейін ешкімге пара бермей жүргенімді өз басым сорлылық деп бағалаймын.  Бірақ сәті түсейін десе, кез келген іс дөңгеленіп кетпей ме, реті өз-өзінен келді. Біздің Сұлулық салонының тұрақты клиенті, өзі жұмыссыз болу керек, себебі, шашын өмір бойы кәсіпті енді игеріп жүрген оқушыларға тегін қидыратын, кенет бір күні менің алдыма келіп жайғаса қалсын. Бұл не ғажап, бұл не керемет деп таң қалып үлгергенім жоқ, шашын қидырып болар болмастан әлгі клиент «бүлдірдің, бәрін бүлдірдің ақысын төлемеймін» деп айқай шығарсын, осы салон пайда болғалы оқушылардың қолынан қиқы-жиқы болып шығып, соған тәуба етіп жүретін әлгінің бұл қорлығына шыдай алмай жағасына жармаса кетейін. Оның өзі тоз-тозы шығып тұрған бір нәрсе екен, дар етіп айырыла кетсін, ақыр аяғы уақиға полиция келіп тынды. Салонның қожайыны маған іс насырға шауып, сотқа кетпес үшін, учаскелік полицейге 200 доллар ұстатып, құтыл деп кеңес берді. Бір жағынан қарасаң, өте жайсыз жағдай. Біреудің шашын тегін кесесің, онымен шектелмей өзің 200 доллар төлейсің. Бірақ, мәселенің екінші жағы бар емес пе. Осылайша кенеттен пара берудің сәті түсті. Өзімді кәдімгідей ел қатарлы толыққанды азамат сезініп, еңсем біршама көтеріліп қалды. 200 долларымды қамдап, ыңғайлап қалтама салып, учаскелік полицей отыратын орынға келдім. Есікті қақтым.

— Иә! — деген дауысты ести салып, ентелеп кіріп бардым. Шынын айту керек, 200 долларды тапсыруға асықтым.

— Сәлеметсіз бе?

— Амансыз ба? А-а-а, сіз бе? 

— Иә, мен ғой. Жағдай қалай болып жатыр.

— Қайдам, әлгі кісі, өзі зейнеткер екен, сотқа арыз беремін деп отыр. Жанжалдасып, жағамды жыртты дей ме.

— Ол енді, әлгі... былай ғой...

Ақша жатқан қалтама қолымды салдым. Жарқ еткізіп суырып алған ыңғайсыз сияқты. Оның үстіне мына полицейдің түсі де сұсты екен. Көзінің астымен ішіп-жеп, сұмдық қатал қарайды. Қалтамнан қолымды шығардым.

Енді қалай жасаған дұрыс? Өзіңіз қалай ойлайсыз?

— Бәлкім, өзара келісіп қаларсыздар. Тұрмыстық жанжалға жатқызуға болар.

Қолымды қайтадан қалтама салдым. «Мынаны алып, соны өзіңіз бір нәрсе қылыңызшы» десем бе екен. Ол да менің қалтама қарады. Содан соң маған қатқыл көз тастады. «Маған пара бергелі отырғаннан сау ма» дегендей, бір салқын сезікті аңғарғандай болдым көзқарасынан. Қолымды қайтадан қалтамнан шығардым. Жон арқам жыбырлап, терлейін дедім. Пара бергеннің бұндай азапты екенін кім білген. Енді не қылса болады?

— Аға, бұйымтайыңыз бар ма, айтсаңызшы.

Кенет полицейдің жүзі жылып, біртүрлі мейірімді болып кетті. Бұндай адамға пара бермек болған арамдығым үшін жерге кіріп кете жаздадым. Өзімді өзім жек көріп кеттім.

— Жағдай қалай болып жатыр, соны білейін дегенім ғой. Мазалағаным үшін кешіріңіз. Сау болыңыз.

Есіктен шығып бара жатып, оның жас балаша аңырып, таңданып қалғанын байқадым. Бәрінен де ұятын айтсаңшы. Бұндай адамға қалай пара бермек болдым? Дегенмен, үмітімді үзбек емеспін. Пара берудің әлі де бір сәтінің түсетініне сенем.

 

Жақсы көру

 

Ол телевизорды сөндіріп, менің қасыма келді.

— Кітап оқып отырсың ба?

— Иә.

— Үндемей отыра тұрайыншы.

— Тек бөгет жасама.

— Жасамаймын.

Столдың екінші шетіндегі орындыққа жайғасып, жағын таянды.

— Бүгін түнде қар аралас жаңбыр немесе жаңбыр аралас қар жауады.

Күліп жібердім. Ол да күліп, алдыға қарай ұмсынып қойды.

— Өзің кітап оқи береді екенсің.

— Иә.

— Далаға шықпайсың ба?

— Жоқ.

— Ішің пыспай ма?

— Жаңа біреу бөгет жасамай тыныш отырамын деген сияқты еді.

Үндемей қалды. Содан соң сөредегі ең үлкен кітапты таңдап алып, парақтай бастады.

— Сен мені түк жақсы көрмейсің.

Бетіне қарадым. Қабағы түйіліп, сарғыш өңі қызарып кетіпті. Ашуланып отыр.

— Жақсы көремін.

Басын үзілді-кесілді шайқады.

— Жақсы көрсең, кітап оқымай, менімен сейлесер едің.

— Сен де кітап оқысаңшы.

— Менің сөйлескім келеді.

Кітабымды кері ысырып, жүзіне зейін қоя қарадым.

— Ал, сөйлесейік, не айтасың?

— Сен мені жақсы көрмейсің.

— Қандай қызықсың. Жақсы көретінімді дәлелдеу үшін не істеуім керек, сеніңше?

— Сөйлесуің керек.

— Сөйлесіп отырмыз ғой.

Қабағын шытты. Содан кейін үлкен кітаптың бетін сарт еткізіп жауып, орнынан тұрды.

— Бұлай сөйлескенің маған керек емес.

— Керек болмаса, басымды ауыртпай, бар. Өз жұмыстарыңды істе.

— Бармаймын.

Орнына қайта жайғасты. Кітабымды қайта қолыма алдым. Біршама уақыт өтті. Ол сөйлер емес. Тіпті болмаған соң, қасына барып тізерлеп отырдымда:

— Моншағымды шешіп берші, — дедім. 

Ол күткенімдей-ақ қасарыспай жылдам, лып еткізіп ағыта қойды.

— Пысықсың ғой өзің.

— Сен жоқта Нәзиранікін жүз рет ағытып бергенмін.

Қызғандырмақ болған түрі.

— Жарайды. Енді үндемей отыр.

Қайтадан кітабыма қарадым.

— Шашыңды тарап берейін бе?

— Керегі жоқ.

— Тарап берейінші.

— Өзіңдікін тара.

— Сенікін тарайыншы.

— Не деген адамсың! Тыныштық бересің бе, жоқ па?!

Кітабымды алдым да, келесі бөлмеге өтіп, төсекке қисайдым.

— Тұрсын, бар, далаға шығып, таза ауа жұтып келші...

— Дала суық.

— Онда сөйлемей тыныш отыр.

— Телевизор қосамын.

— Кітап оқы.

Үлкен кітапты сартылдатып парақтауға кірісті. Сәлден соң ауыр күрсініп жапты да, үн-түнсіз қалды. Үйдің ішін өлі тыныштық кернеген. Көзімді жұмып қалғи бастадым.

— Мен сенімен өмір сүре алмайды екенмін.

Дауысы алыстан талып жетеді..

— Мінезің нашар. Адам сияқты сөйлесе де алмайсың. Сенен Нәзирамың есе жақсы. Нәзирамен карта, шахмат ойнауға болады. Нәзира сененмың есе сұлу...

—  Аузыңды жап.

— Жаппаймын.

Шалқамнан аударылып төбеге қарадым. «Нәзира, әрине, сұлу». Кірпіктерімжұмылып, денемді ұйқының тәтті салмағы басып бара жатыр. Ол тағы үндемей қалды. Алыстан иттердің жарыса үргені, машина гүрілі естіледі. Кітабымдыашып, мағынасыз үңілдім. Төсек салу керек шығар.

— Тұрсын, сағат қанша болды? 

Үндемейді.

— Тұрсын...

Дауысым еркімнен тыс ақырын шықты. Орнымнан тұрып, сағатқа қарадым. Он бір жарым. Тұрсын басын столға қойып ұйықтап қалыпты. Қабағы түюлі. Ақырын барып шашынан сүйдім. Ол бар болғаны тоғызда еді. 

 
 

Funny story

 

Мадина Омарова

Мадина Омарова — жазушы, драматург, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Ұлттық «Сахнагер» сыйлығының иегері (2017), Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі (2021), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2022). 1975 жылы 12 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінің Филология факультетін Қызыл дипломмен тәмамдаған, 1996-1998 жж. Т. Жүргенов атындағы Театр және Кино институтының Драматургия бөлімін оқып, тәмамдады. Түрлі мерзімді басылымдарда, отандық телевидениелерде қызмет атқарды. «Ана ғұмыр» («Жалын» баспасы, 2011 ж), «Қадір түні» («Жалын» баспасы, 2013 ж), «Көмбе нанның дәмі» («Алматы-Болашақ» баспасы, 2020 ж), «Менің қаһарман шөберем» («Абай» баспасы, 2022 ж), «Менің қаһарман шөберем» («Жалын» баспасы, 2022 ж) кітаптарының авторы. Қазір М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Әдеби-драма бөлімінде қызмет етеді. Назарларыңызға автордың «Пара» атты әзіл әңгімесін, «Жақсы көру» әңгімесін ұсынамыз.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon