Аслан Нұразғали

182

Әңгімелер

Әкеңді ауылға жиі әкеліп тұршы

 

Қала мен ауылдың арасын жалғайтын тас жолдан көлік жайдаққа түскелі бір жарым сағаттай болған. Тракторлардың толассыз жүрісінен кедір-бұдыр болған жолда ақ жигули көк шаңды артына тастап жүйіткіп барады. «Сәбеттің» кезінде конвейерден шыққан көлік шұрқ-тесік. Ішке кірген көк ала шаңнан мұрнымыз әбден бітеліп қалған. Ақтөбедегі нағашының тойына баратындар көлікке тиеліп алғанбыз. Жеті жасар мен жол бойы әкемнің алдында отырып, айтқан әңгімелерін тыңдаумен келемін.

Сөз арасында әкем ауылға соғып, аздап демалып алатынымызды айтқан. Жайдақ жолдан шаршаған жүргізушіге әлі төрт-бес сағат басып отыру керек. Аптап ыстықта мынандай көлікте отырған бізге де демалыс керек-ақ. Міне, сол ауылға, «демалыс аймағына» жақындаған сайын көліктің азынаған моторының дарылдаған дыбысы ғана естілді. Артқы орындықта отырғандар қалың ұйқыға кеткен. Жүргізуші жолынан көз алмай жүйіткіп келеді. Ал, әкемнің айтар әңгімесі таусылғандай, алаң-ғұлаң етіп айналаға қарап әлек. Өзінің туып-өскен ауылының табиғатын қызықтап, өткен шақты еске түсіріп келе жатқан секілді.

Көп ұзамай ауылға да жеттік. Ең бірінші болып қара шаңыраққа соғатын болдық. Әкемнің әңгімелерінен талай естіген бұл ауыл маған таңсық еді. Жол жүргенде үстінен өткенім болмаса, ауыл ішіне кіріп көргенім жоқ. Бүгін бірінші рет келіп тұрмыз. Тежегіші шықырлап, көлік ескі бір үйдің алдына кеп тоқтады. Сұр «шипыры» көктеп кеткен, қабырғаларынан әк түсіп, сылағы ғана қалған ескі үй. Әкем аулаға кіре сала, алақанымен үйдің қабырғасын сипап ұзақ тұрды. Құдды бір үйді аяғандай, сылағына зиянын тигізгісі келмегендей, ерекше жұмсақтықпен, мейіріммен сипағаны сезіліп-ақ тұр. Көк сырмен боялған ағаш есік әбден күнге күйіп, сықпыты кеткен. Құлыптың орнына жіппен байлап қойған үйдің есігін ашып, әкем «бісміллә» деп кірді. Оның ізінен біз де үй ішіне ендік. Терезелерін шаң басқан үйге күн сәулесінің жарығы сығырайып қана түсіп тұр. Басқан сайын сықырлаған едені мазаңды қашырады. Үйді бір шолып шыққан әкем әр бөлмені таныстыра бастады.

— Мынау біздің зал. Мұнда үйдің ер балалары жататынбыз. Мына бөлме үйдің үш қызынікі. Ал, мына жерде ата мен әжелерің жататын. Шыға берістегі бөлмеде әдейі, түнде біз ешқайда шығып кетпесін деп, екеуі жатады. Сықырлаған дауысты естісе, аталарың аяқ жағында жатқан балдақ ағашымен салып қалатын, — деді сәл жымиып.

Жай ғана түсіндірген жоқ. Оның сол мезетте айтқан әңгімесі мұражайдағы жәдігерлерді таныстырған адамдай шын жүректен, бар ынтасымен айтылған-ды.

Сыртқа қарай шығып мал қораны, монша мен сарайды да көрсетті. Құдды бір сол үйді бізге сатқысы келіп тұрған адамша барлығын тәптіштеп түсіндіріп, көрсетіп әлек. Жалпы, бұл үйде адам тұрмағанына 10 жылдан асқан. 2000 жылдардың басында ата мәңгілік сапарына аттанған соң, үйдің үлкендері қалаға, кішілері әжені алып, Ақтөбе жақтағы ауылға көшіп кеткен. Ал, үйді сатып алатындар табылмаған соң, қаңырап бос қалған. Оны да біз сол жерде әкемнің әңгімесінен білдік.

— Үйдің артқы жағында жыра бар. Жазда бүкіл ауыл сол жырадан аққан суға шомыламыз. Біз дәу папаң екеуміз үйдің кішкентайларын, аға-көкелеріңді суға батырып ойнайтынбыз. Үйге дейін тырқыратып қуып, жетектеп жыраға дейін ерінбей әкелеміз де батырамыз. Сосын олар өтірік жылап, бір-екі су жұтқан соң жайларына жібереміз. Үйдің келесі баласын ұстап алып, тағы сөйтеміз. Қыстың кезінде итті шанаға жегіп отырғызамыз. Көкелеріңді алдап отырғызамыз да, иттен қашамыз. Біздің үйдің Ақтабан деген төбеті болды, соны жегеміз. Артыңнан қуған кезде шананы сұмдық жылдамдықпен сүйреп әкетеді. Шанада отырған көкелерің иманын айтып, бақырып жыламайынша не өзі секірмейінше, итке жеткізбейміз. Солай үйдің балаларын «қинағанды» қызық көретінбіз, — деп әңгімесін ерекше жылулықпен, жымиған жүзімен айтуда әкем. 

Ал үйдің үш баласы әкеміздің балалық кезін қызыға тыңдап, көз алдымызға елестетіп үлгеруге тырысып жатырмыз.

Әкем көше жақ бетке шығып кезекті әңгімесін бастады:

— Мына үйде құрдасым Қуаныш ағаларың тұрды. Құдайы көрші, жандай құрдас екеуміз бірге өстік. Бала кезден допқа, ләңгіге жақын еді. Күннің шыжып тұрған уақытында түскі ұйқыдан қашып соған барамын. Қорғасын құйылған қойдың жүнін алып шығып, маған ләңгі тебуді үйретеді. Икемі жоқ мен бес-алтаудан артық тебе алмаймын. Ол соған «жынданып», көшені басына көтеріп, «Міне, былай» деп айқайлап, тағы көрсетеді.

Мал жайлап болған уақытта да Қуанышқа келемін. Екеуміз бірге футбол ойнауға ауылдың шетіне барамыз. Ол жерде де допты аяғында еркін ұстап, қарсыласты алдап, «көрермен» қыздардың көзіне түседі. Доптан гөрі өзгенің аяғын көбірек тебетін мен қызуқанды едім. Төбелес шығарамын. Онда да, басында ызадан басталған тіресу кейін қыздардың көзіне түсу үшін жекпе-жек төбелеске ұласады, — деген әкемнің сөзіне біз аузымызды ашып қалғанбыз.

Жалпы менің әкем бізге бірде-бір рет қол көтермек түгілі, дауыс көтеріп көрмеген адам. Оның «жынданғанын» көрген емеспіз. Ұрмай-ақ, қабақ шытпай-ақ тәрбиеледі. Еркелейтін кезінде еркелетіп, артық кеткен кезімізде жай жымиып, «Өй, қой» деген сөзіне иланатынбыз. Міне, сол адамның бала кезінде қызуқанды, төбелеске әуес болғанын бірінші рет естіп, бәріміз таңғалдық.

Әкем ауланың сыртында алғаш темекі шеккен, үйге мас болып кеп, атамыздан таяқ жеген, «бешірде» болған оқиғаларын айтып, шөп өртегені, ең бірінші мал сойғаны туралы естеліктерімен бөлісіп отырғанда, жарты сағаттай уақыт өтіп кетті. «Бір үйге кіріп су ішіп, жолға шығайық» деген жүргізушінің сөзінен кейін, әкемнің ойы да бөлініп кетті.

— Шерханның үйіне кірейік, — деп көршінің ауласына қарай жол сілтеді ол.

Сол мезетте мен жүргізушіні жек көріп кете жаздады. Өйткені, әкемнің бала кезін аса бір ыстық сезіммен айтқан естеліктері бізге қызық еді. Маған әкем бала болып кеткендей, әңгімелерін күні кеше болғандай мақтаныш сезіммен айтып тұрған өзімнің құрдасымдай көрінді.

Көрші үйдің ауласына кірген кезден-ақ әкемді сол үйдің кемпірі танып, құшақтай алды. Беті күнге әбден күйген әже маған қарап:

— Үйбә-ә-әй, балаң өзіңнен айнымай қалыпты ғой. Кіші ұлың ба? — деп құп-құрғақ ернімен маңдайымнан «шүлп» еткізді.

Өз әжемнен басқаға жолап көрмеген мен, ол кісіні жылы қабылдай алмағаным рас. Бірақ, әкеме жақын адам секілді. «Су ішеміз де, бірден жолға шығамыз» дегенге қарамастан, әлгі кісі көлеңкедегі сәкіге сүйреді. Бізді күткендей, самаурыны да қайнап тұр екен. Анам келіндік қызметін атқарып, шай құюға кірісті. Әкем бізді, үш баласы мен анамды, жүргізуші кісіні таныстырып болып, қаладағы жағдайы туралы баяндап отыр. Ыстық шайға ыстық күнде зауқы соқпаған мен көп жыбырлап кеттім. Өйткені, астыға төселген киіз әбден қышытып, отырғызбай мазаны алған. Әрі-бері отырып, болмаған соң, әкемнің қойнына кіріп, алдына отырып алдым. Міне, сол сәтте көзім бір қызықты шалып қалған еді. Әкем қолына бір қызыл құмырсқаны алып алған. Мен алдына отырарда, байқамай, қолын қағып қалдым. Ол болса құмырсқа құлап қалмасын деп қолын тез жинап алды. Кейін құмырсқа да әкемнің шынтағынан бастап саусағына дейінгі аралықты шарлап, жейтін дым таппаған соң түсуге ұмтылғандай. Мұны байқаған әкем әңгімесін тоқтатпастан қолын киізге қойып, құмырсқаны еппен жайына жіберді. Оның сол кезде өзінің туған топырағындағы құмырсқаға да зиянын тигізгісі келмегенін, қолын сілкіп жерге түсірсе, жәндік бір жерін ауыртып ала ма деп ойлағанын ол кездегі менің бала түйсігім түсіне қоймаса да, жадымда жақсы сақталып қалған.

Шай ішіліп, әңгіме айтылып болған соң, дастарқан басынан тұрдық. Рақметімізді айтып шығып бара жатқанда, әлгі әже:

— Біздің жағдай осы. Ауылда-а-а-мыз. Бір-екі сиырымыз бен пенсиямызға күн көріп отырмыз сол. Сендер қаланың қызығына батып кеткенсіңдер ғой. Енді мынау, 10 жылды артқа тастап барып бір келгенің. Онда да тек жол-жөнекей соғып тұрсың. Балам, бір демалыста ауылға келсеңдерші. Қай үйге кірсең де, сендерді ешкім қуып шықпайды, өздеріңнің туған ауылдарың. Төрін ұсынып, қуана қарсы алады. Сендерді көрсем, марқұм Жәкөшімді көргендей болам. Бүгін сендер сияқты балаларын жетектеп, құрдастарының қасында жүретін кезі ғой. Әттең, Құдайдың ісіне ешкім қарсы тұра алмайды. Әй, айтпақшы тұра тұр, — деп көзіне жас алған әже, асыға басып, үйге кіріп кетті.

Үйден қолына бір орамалды ала шыққан ол:

— Мә, құлыным, қонаққа барғанда тағарсың. «Импортный» орамал, өткенде қаладан «прадәвестер» келіп сатқанда алғам, — деп анама ұстатты.

«Ал мынау кенже балаға», деп маған қағаз екі жүз теңге ұстатып жатқанда, әке-шешем азар да безер болды. Әжей олардың қарсылығына қарамастан:

— Тиме, ала ғой. Гүлзаданың немересі — менің де немерем. Бала ғой. Әйтеуір, «ақша беретін әже бар» деп сені ауылға сүйреп тұрсын. Әкеңді келесіде ауылға алып келсең, тағы да ақша беремін. Көп ақша беремін, — деп санаулы тісін жарқыратып күліп алды.

Мен де ақша берген әжеге шамалы жүрегім жібіп, кейін өз әжем барын есіме түсіріп, сәл ғана күліп, рақметімді айттым.

Көлікке отырып, ауылдың ішін бір-екі айналып, әкемнің кезекті естеліктерін тыңдадық. Мұғалімнің алдында тақылдап сабақ айтып тұрған балаша өткен күндерін әңгімелеген ол, сол сәтте, шынымен, кішкентай балаға ұқсап кетті. Әр естелігін ұйып тыңдап отырған бізді көргенде, шабыт алып, тоқтамастан сөйледі.

— Мынау тұрған клуб. Осында талай бидің түбін түсіріп, қызға алғаш сөз айтқанбыз. Мына жер бұрын контор болды. Анау жерде МТМ[1], тракторлар тұратын. Мына ойда мен тракторды аударып алғанмын, — деген әкемнің ауылдан шыққанша әңгімесі тыйылмады.

...Ауылдан алыстап, трассаға жақындаған сайын әкем қайта-қайта айнаға қарай бергені есімде. Ол кезде мен оның себебін түсіне қойған жоқпын. Жолға шыққалы бері кішкентай балаша барлық естелігін айтып отырған ол, ауылдан алыстаған сайын, аз ғана уақытқа оралған «балалығын» тағы артқа тастап бара жатқан еді. Тас жолға түскен кезде әкем терең күрсінді. Сол мезетте оның бір тамшы жасы менің бетіме түскен. Бірақ, оны әкем екеуміз ғана білеміз. Балалық бақытты кезді бастан кешіп жүрген менің жүрегім бір сәтке балалық шаққа оралған әке жүрегінің туған жерге, балалық кезге деген сағынышын сезген еді...

 

Данышпан

 

Тәтті ұйқымнан нөсер жаңбырдың дыбысы оятты. Түнде терезені жауып жатқан сияқты едім. Үйдегілер ашты ма екен... Әйтеуір тарс-тұрс етіп қаңылтырға тиген жаңбыр тамшылары оятып жіберді. Бірақ көзімді ашуға ерініп жатырмын. Қайта ұйықтап кетермін деген оймен тарс жұмып жата бердім. Әрі-бері дөңбекшіп те алдым. Бірақ, ұйқы жоқ. Бір түрлі... Басқа адам болып кеткен сияқтымын ба...

Көзімді уқалап болып, қолыма қарап едім, шошып кеттім. Шошыған былай тұрсын, жаным ұшып кете жаздады. Жүрек те тоқтап қалайын деп, әрең дегенде соғып кетсе де, құдай біледі. Дір ете қалдым, әйтеуір. Неге дейсіз бе? Сол! Ә-ә, «сол» деуге болмайды екен ғой. Неге болмайды дейсіз бе? Сол! Шын сияқты. Елестеп жатыр ма десем... Асықпаңыз, қазір бәрін түсіндіремін...

Шошынған себебім мынау. Көзімді уқалап болып, қолыма қарасам, 6-7 жасар баланың қолы. Айналама қарасам, бұрынғы бір бөлмелі жатақханамызда жатыр екенмін. Ойпырмай-ау... Бұл қалай болғаны? Кеше ғана қалада аздап таксилетіп, түнде үйге келген жоқ па едім? Түс дейсіз бе? Жоқ, түс емес. Тексеріп көрдім. Ұйқымнан тұрайын деп қолымды қатты тістедім. Тістедім дегенде қалай... Тістейін десем, алдыңғы екі тісімнің біреуі жоқ. Баяғыда сол сүт тісім дәл мектепке барарда түсіп қалғаны бар. «Сол деуге болмайды», — деп баланың әңгімесін айтып отырғаным да сол — бала болып кеткеннен сияқты.

Атып тұрып, есіктегі айнаға жүгірдім. Жаңбыр түнімен жауса керек, әкем, әдетінше, найзағайдан қорғаған болып, бетін сүлгімен жауып қойыпты. Ашып қарадым. Иә, баяғы мен, бала Аслан. Қап-қара, шашы ұйпа-тұйпа. Отырдым да қалдым. Сонда, шынымен, уақыт кері айналып кеткен бе? Енді есіме түсті...

Кеше кешкілік клиент болмағанда, бір сәт көлікте демалып отырып, ойға шомып кеткем. «Бала болсам ғой» деп отыр едім. «Бірақ, дәл осы білімім, ақылым, көрген-білгеніммен бала болсам» деп едім. Жалпы, барлық адам, бір рет болса да, солай армандаған шығар. Мен де сөйттім. Бала болсам бүйтем-сүйтем деп. Енді, міне, сол болды. «Басқа бәле — тілден» дейді. Нем бар еді? Басқа арман құрып қалғандай. Ғарышкер немесе президент болуды армандасам нетті? Қай-қайдағы балалықты армандап. Енді отырысым мынау. Осылай өз-өзімді іштей біраз сілкіп алдым. Бірақ, түк өзгермеді, әлі сол баламын. Не де болса әрі қарай «қайтадан» өмір сүру керек. Неден бастаймын?

Егер барлығы дәл сол қалпында болса, әкем мен анам жұмыста. Үйдің екі үлкені жазғы каникулға ауылға кеткені анық. Мені үйге жалғыз тастап кеткен. Хат. Есіме түсті. Сол уақытта, өй, сол уақытта деппін ғой. Қазіргі шақта анам тоңазытқыштың сыртына хат тастап кететін. Иә, расымен тұр екен. «Тоқашқа май жағып жеп ал. Қарның ашса дүкенге барарсың» деп жазған да, қасына қағаз екі жүз теңге қыстырып кеткен. Бұл 200 теңгені көрмегелі қашан... Бұған қазір не келеді екен өзі? Болашақта тиын болып кететінін жұрт білмейтін де шығар. 200 теңгеге не келетінін тексермейтін болып шештім, оданша жинайын. Әкеме айтып, кешкілік долларға ауыстырып алсам ба екен? Осы кезде, шамамен, бір долларың 150-175 теңге шығар. Мына ақпараттың бәрінен кішкентай басым ауырып кетті.

Қарным ашса тамақ істермін. Кешкілік әкем мен анам келгенше тәттілеп тамақ істеп қойсам ба екен? Екеуі қуанып қалатын шығар. Жоқ, шошытып алуым мүмкін. Басында білдіртпеуім керек сияқты. Сосын асықпай, дұрыстап түсіндірермін. Мә-ә-ә, қандай күшті. Ойым сан-саққа кетті. Шамалы уақыт өткен соң жайлап сырымды айта бастаймын. Мектепте ше? «Ойбай, мына бала вундеркинд» деп, сыныптан сыныпқа жыл емес, ай сайын ауыстыратын шығар. Жақсы, 8-ден әрі қарай шамалы оқығанымды ескерсек, әр сыныпқа жарты жылым кетер. Сонда 1 мен 7-ге 7 ай, 8-ден 11-ге дейін екі жылым кетеді. Сонда мектепті 10 жасымда аяқтаймын ба? О-о тоба, ол қалай болар екен? Үлкен ағамның сыныптасы болып кеттім бе, қалай өзі? Есептеуге ерініп отырмын. Бірақ, қалай болғанда да, мынау адам сенгісіз дүние ғой. Сонда вундеркиндтердің барлығы осылай уақытты артқа жылжытқан ба?

Ал, мектеп бітірген соң не істеймін? 10 жасымда университетте жүрсем, бір түрлі ме екен? Шамалы есейгенше ағылшын тілін үйреніп алсам қалай? Оған дейін болашақты болжап ақша таппаймын ба? Бүкіл Қазақстан шуламайды ма сосын? Әлемге де танылып кетуім мүмкін. Мен, жарар, 22 жасымнан әрі қарай не боларын білмеймін ғой. Ақсайды бәрі танитын болмай ма? «Ақсай» десе, жұрттың есіне мұнай мен Аслан түсіп тұрса? Мә-ә-ә, мынау күшті ғой...

Айтпақшы, мен биыл мектепке барамын ғой. Оған дайындалу керек. Анау сұр костюмді алмаймын. Қап-қалың әрі тастай бір бәле еді ғой сол. Бірден қалың жол дәптер ала берсем қалай болады екен? Жазу білем ғой. Сосын алғашқы қоңырауда гүл ұмытпау керек. Бәрі беріп жатқанда жалғыз өзім тұрмайын тағы. Әлде керек емес пе? Бәрібір төрт айдан кейін басқа сыныпқа өтемін ғой. Не де болса ақшаның ыңғайына қарай көрерміз енді. Биыл қыста әкемнің жұмысы аздап тұралап қалады ғой. Соны ескертіп, ертерек ақша жинап қою керек. Сосын созып жүре бермей, арзан кезінде жер алып, үй салып тастаған дұрыс. Ертең құр жеріңнің өзі қымбаттап кетеді. Жердің кезегі 2020-ға таман келеді. Оған дейін жүреміз бе жатақхана жағалап. Үйдің төбесін де бірден дұрыстап салмаса, тағы су кетуі мүмкін. Мә-ә-ә, мынау жеті жасар баланың ойлап отырғаны ғой. Осы кезде менің құрдастарым ойыншық ойнап жүрген шығар. Менің отырысым мынау... үйдің құрылысын ойлап.

Сағат неше болды екен өзі? Жардағы сағат 13:45-ті көрсетіп тұр. Кешке әкеме «жарсағат танимын» деп мақтануды ұмытып кетпеу керек. Әй, сағаты несі, құрсын. Мен деген 2023-жылға дейін не болатынын білетін адам емеспін бе? Данышпанмын ғой мен! Есте жақсы сақтайтыным қандай жақсы. Бәрін біліп тұрамын. Ақсайдың атын шығарды деп әкім үй бере ма екен? Әй, бірақ, бұл кезде әлі әкімдік қолдайтын кез емес қой. «Жаңа Қазақстанда» ғой ол, қит етсе, әкімдік демеуші тапса да, бірдеңе қылатын. Әлде "Ертең сөйтесіңдер" деп, қазірден бастап айта берсем ба екен? Қой, әзірге «Жаңа Қазақстан» туралы айту қауіпті сияқты. Атам әлі орнында ғой... Әй, мен де бір, жасыма қарамай саясатқа араласып.

Келешекте жазатын әңгімелерімді қазір жаза берсем қайтеді екен? Жоқ, оны әзірге қоя тұру керек. 22 жастан кейін де істейтін тірлік керек қой. Мәңгі данышпан болып жүретіндей бір. Сосын әлгі темір-терсекті тапсырмай қоя тұру керек. Келісін 20 теңгеден тапсырғанша жинай берейік. Ертең 100 теңге болады. Сонда әжені шипажайға жібереміз. «Немерелерім жіберді» деп мақтанып отырмай ма... Әжеге айту керек, үйдегілер жылқыларға сақ болсын. Ұрланып кетпесін тағы. Айтпақшы, жеңге тауықтардың тығылып ескі косилканың астына жұмыртқа туып жүргенін біле ма екен? Ө-ө-й, жұмыртқасы несі? Мен данышпан емеспін бе? Жұмыртқаны ойлап отырғаным не?

Мына ойлардың бәрінен кішкентай басым жарылардай кейіпте. Шаршап кеттім. Дым ойлағым келмей қалды. Ұйықтап алсам ба екен? Көзім ілініп бара жатқандай. Әрине, оңай емес қой. 7 жасар баланың басында осынша ой тұрса. Одан гөрі ұйықтап алайын.

«Балам, тұра ғой» деді біреу түртіп. Біреу деппін ғой, анам ғой. Біраз ұйықтаған болып тұрмын ғой, кеш батып кетсе керек. Енді қорқытып алмауым керек. Ұйқыдан тұра сала не деймін? «Жұмыс күніңіз қалай өтті?» десем, бір түрлі шығар. Балаға ұқсап «Маған не әкелдіңіз?» дейін бе? Қайтсем екен?

«Тұрсайшы енді, жұмысыңа кешігесің ғой!» дейді анам. Жұмысы несі? Түс пе, не? Тфу, мен бәрін ойластырып қойсам. Данышпанмын дей ме? Күлкім-ай. Тұр, данышпан, жұмысыңа бар. Түс деген қу түлкі сияқты екенін біле тұра, әлі күнге дейін сеніп қала беретінім жаман осы. Данышпан дейді ғой...

 

Сатқындық

 

Бала кезде бұзық, ерке болдым. Ол кезде әлі қарындасым жоқ, үйдің «нөмірі бірінші» еркетотайы едім. Айтпақшы, мен 5 сыныпта оқығанда қарындасым дүниеге келіп, бір-екі апта папа-маманы қызғанып, тығылып жылағаным бар. Бірақ, ол басқа әңгіме.

Бұл естелік балғын балалық кез туралы. Үйдегілерге айтқанын істететін де, «нулевой» сыныпқа «мектепте ойыншық жоқ» деп бармай, балабақшада қалатын да, 4 сыныпқа дейін ойыншық ойнайтын да — сол баяғы мен.

Неге екенін білмеймін, әйтеуір, балабақшада орысша топта болдым. Настя, Костя деген балалармен дос болып, «Алма кетті домалап» дегеннің орнына, «Ехала белка на тележке» деген санамақты жаттадым. Үйде қазақша, балабақшада орысша сөйлеп, полиглоттың «демо версиясы» едім. Балабақшадан күнде әкем немесе анам алып кететін. Үйдегі екі ағам мүлде алып кеткен емес. Өйткені, тек кәмелет жасына толғандармен ғана балаларды үйіне жіберетін.

Сол күн әлі есімде. Таңғы сағат жетіде анам оятты. Балабақша ішінде киетін сандалик, шетінде қып-қызыл жіппен Н.А деп жіппен тігіп жазылған ақ футболка мен қара шортиды жап-жасыл рюкзагыма салып алғам. Анам қап-қалың етіп киіндіріп, сыртқа шығарып жіберді. Далада «темір тұлпарым» шананы дайындап, әкем күтіп тұр. «Кожаный» салоны болмаса да, таза ауа кіріп тұратын «кабриолетіме» отырып алдым. Үстімді әкем сол кездегі «модный», қоянның суреті бар көк одеяломен жақсылап тұрып қымтап, балабақшаға қарай жол тарттық.

Жолда «анау не?», «амандасқан кісі кім?», «қар неге сықырлайды?» деген болмашы сұрақтармен әкемнің миын жеп келе жатқанда, оның айтқан бір әңгімесі бар «настроениемді» құртты. Неге екенін, әкем кезекші топқа қалғанымды құптамайтын. Мейлінше ертерек алып кетеді. Мүмкін кезекші топта өзімді жайсыз сезінетінімді айтқан шығармын. Әйтеуір, әкем: «Бүгін үйде қонақ болады, үйде істейтін жұмыстар бар. Сол үшін кешке сені садиктен Нұржан нағашың мен Сұлтан ағаң алып кетеді» дегеннен бастап кішкентай қабақ түйілді де қалды. Неге?

Өйткені, құдайдың құтты күні анам не, болмаса, әкем алып кеткенде, міндетті түрде дүкенге соғамыз. Айлық түсетін алғашқы екі аптада ойыншық, киндер немесе «ТоуВох» аламыз. Отбасылық бюджет азайды-ау деген кезде, Tan-Tan Mivimex-тің «арахис в кокосовой глазури» деген түрін, «бигбабл» сағыз алып береді. Бүгін ондай бақыт болмайтынына, екі «старшак» дым алып бермейтініне бала көңілім құлазып қалды. Содан кешке дейін қабағымнан қар жауып, «без настроений» жүрдім де қойдым.

Сағат шамамен 18:00. Өмірінде ондай жерді көрмеген, әженің «садигінде» ғана болған, бәріне таңқалғаннан жағы салбырап кетуге сәл қалған ағам мен анамнан тығылып темекі шегетін Нұржан нағашым келіп тұр. Екеуін бірден байқадым да, танымайтындай түр салып алдым. Олар орыс «воспитательницаға» тілдері күрмеліп, мені алып кетуге келгендерін түсіндіріп әлек. «Аслан, за тобой пришли» деген Наташа апайдың дауысына асықпа-а-ай барып, екеуінің көздеріне қарамастан «раздевалканы» көзбен бір шолып шықтым да, әкем немесе анамды көрмей тұрғанымды білдірдім. Айым оңынан туып, мені бірден түсіне қойған тәрбиешім: «Это твой брат?» деді. Дым ойланбастан, екеуінің көзіне бақырайып қарап тұрдым да, «Нет, за мной папа придет» дедім. Ана екеуінің көзінің қасында үш литрлік банканың өзі түкке тұрмай қалды. «Өй, Аслан, эй, Аслан» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Маған келгендерін зорға түсіндірген екеуі: «Он мой братишка» дегенді, тіптен, айта алмай дал болды. «Любимый» тәрбиешім екеуінің әңгімесін тыңдамастан: «Пусть родители придут» деген сөзбен шығарып салды. Ол кезде «роскошь» саналатын телефон да жоқ екеуінде.

Сол кездегі Аслан іштей мәз-мәйрам. Үлкен іс тындырғандай алақандарын үйкелеп, өзін-өзі мақтап қояды. Ол күні біздің топ кезекші болмаса да, апай қалған 3-4 баланы «дежурный» топқа апармай, іште қалды.

Ентігіп, қара терге түскен әкемді көргенде, жүгіріп барып, құшақтай алдым. Шамалы реніші бар ол тез-тез киіндіріп, сыртқа шығарып: «Саған «наказание». Шанасыз келдім, үйге жаяу барасың» деді. Жолай неге олай істегенімді сұрап, дүкеннен бірдеңе алуға бола істегенімді білген кезде әкем еріксіз жымиып, бір күліп алды. Сосын «Березка» деген дүкеннен бір тойбоксты алып берді. Оның үстіне, үйге де жаяу барған жоқпын, арқалап апарды. Осылай дүкеннен бірдеңе алуға бола, ағаларымды сатып кеткенмін...



[1] Машина-трактор шеберханасы.

Аслан Нұразғали

Аслан Нұразғали 2001-жылдың 9-наурызында Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында дүниеге келген. «Қызылорда ашық университетінде» журналистика мамандығын тәмамдаған. Студенттік шағында Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» және Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде жұмыс істеген. ҚР Журналистер одағының мүшесі. Қазіргі таңда Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» газетінде тілшілік қызмет атқарады.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon