Валерия Крутова

326

Бәрі жақсы. Қараша

Орыс тілінен аударған Ақжан Аманжол

 

Әдетте, сөздер себепкер. Жүздеген қажетсіз, залалды әрекеттердің себептері. Сөздер бізді ұрып-соғуға, сындыруға, жылауға, жүгіруге мәжбүр етеді және осының бәрін тоқтатуға еш мүмкіндік жоқ. Әлде... үндемей қойсақ па? Бүкіл әлем болып үнсіз қалсақ. Бірақ, ғаламшардағы барлық адамның аузын жабу мүмкін емес.

Тегінде, кім-кімнің де жағдайы оңып тұрған жоқ, сөйте тұра, әркім — дегенмен — бәрі жақсы екенін көрсетіп бағады. Неге өйтетіндері түсініксіз, одан да бүкіл әлем болып жабырқап, оны табиғи жайт – яки, қалыпты әрі салауатты өмір сүру тәсілі ретінде қабылдауға болар еді. Айталық, көлгірлік пен жасандылықты қабылдадық ғой?! Сонда әлем тыныштыққа шомады, өйткені, мұңды адамдар сөйлеуді қажет етпейді. Олар уайым жеп, өзді-өзі болып-ақ, жандары жай табады.

Күз әсем. Ол айналамызды жалаңаштайды, ағаштардың сыбдырын жұлады. Лыпасыз қалған олар, осалдығын бұтақтарымен ұяла бүркеп, өтіп бара жатқан әлдебіреу бұтақтарын отқа жағуға сындырып әкетер ме екен, күндердің күнінде жаңа көктемді гүлдетер тиянақты шауып тастар ма екен деп уайымдайды. Бірақ, бұтақтарды сындырып, отқа тастайды. Қазір болмаса да, келер күзде.

Адамдар кәдімгідей қатыгез. Әрі сол осал қатыгездігімен әсем. Олар ақыр соңына дейін бейқам, және оның ақырына ешқашан жетпейді. Адамдардың да ақыр-соңы жоқ, өйткені, олар көбеюге құштарлығымен де әсем. Олар жаңа бұтақтарда дегенмен күндердің-күнінде көктем гүлдейді деп үміттенеді.

Күздің күні бір жас кеңсе қызметкері аяқ астынан жұмысқа көлікпен емес, жаяу баруды ұйғарды. Айналмалы кресло болбырап қалған ағзасының шымырлығын сынап көрмек болды. Жол ұзақ болған соң, жас кеңсе қызметкері ерте тұрды. Ол кәдімгідей қайрат көрсетіп, кофемашинаны елемей, тоңазытқыштан жұмыртқа алып шықты да, оларды қайтерін білмей, бірден мөрлері бір жаққа қарап, біркелкі болып тұратындай етіп реттестіре, орнына қайта қойды. Тоңазытқышта басқа ештеңе болмай шыққан соң, ол нәрлі әрі пайдалы болуы керек деп, түрлі бакалея сақтайтын жәшіктен зәйтүн жемісін алып шықты.

Жас кеңсе қызметкері зәйтүнді тура банкадан саусағымен алып жеді. Содан саусақтары суланды — суын төгу оның ойына келмеді. Ол кезекті зәйтүнді аузына салғанда – суы еденге тамбасы үшін, саусақтарын қоса жалады. Ол терезенің алдында зәйтүн жеп, қарсы үйдің терезелері жанғанын бақылап тұрды. Әр терезе, бейне, әлдекімнің өмірінің кішігірім бенефисі іспетті. Терезе жақтауымен жиектелген шағын өмір. Терезелердің бірінен ол бойжеткеннің сәбиді ас үстеліне жатқызып, шешіндіре бастағанын, жөргегін шешіп, тура терезенің алдына қойғанын, сәбидің құйрығын сулықпен сүртіп, сосын оны қолына алып, пәтер ішіне қарай алып кеткенін көрді.

Олардың тұрғын үй кешеніндегі үйлер бір-біріне тым жақын орналасқан, арасына екі жолақты жол ғана сыйып тұр, ал, көлік тұрағы үйдің бұрышында. Жас кеңсе қызметкері жаюлы жөргекке қарап, саусағымен зәйтүн жеп тұрды, бір кезде банканың босағанын аңғарды.

Ол киініп, ыңғайлырақ аяқ киімін таңдап киіп, ноутбук салынған рюкзакын артынды да, есікті құлыптағанын бірнеше рет тексеріп, үйден шықты.

Таң жылы, ауа таза еді. Таңғы ауа жас кеңсе қызметкеріне ұнайтын, ол аузын ашып, сосын мұрнымен қайта шығарып, ауа жейтін/жеді. Содан тамағы жыбырлап, жөткірінді. Кеңсе қызметкері жас емес, кішкентай болғанында анасы тамағына камфора майын жағатын. Сұқ саусағына қатқыл мақтаны бір қабат етіп орап, камфора майына малатын да, әлеуетті қолымен ұлының төбесін ұстап тұрып, тез қимылмен аузына тығатын. Ішті қырнаған лоқсу, жиіркенішті иіс, әрі ана махаббатын, әрі ауа жібермеу ниетін нышандайтын қол — бір сәттік тұншығуға, қатты үрей мен өкпеге ұласатын. Жас кеңсе қызметкері тамағы жыбырлаған сайын содан қорқатын. Соған қарамастан, үш ай сайын үйіндегі дәрі қобдишасын тексеріп, со күйі ашылмаған ескі камфора майының құтысын жаңасына ауыстыратын.

Анасы айтатын:

— Сережа, сен енді он екідесің, азамат болдың, айтқанды орындауға тиіссің

Анасы қайталайтын:

— Сережа, сен енді он төрттесің, ақылға келіп, оқитын кезің келді, айтқанды орындауға тиіссің

Анасы есіне салатын:

— Сережа, айтқанды орындауға тиіссің

Анасы істеу білу оқу оралу үндемеу барынша қарсы келмеу ауызды жабу Сережа жапшы аузыңды сенің заржақтығыңнан шаршадым деген етістіктермен Сережаның ашық жүрегіне ота жасайтын. Анасы ешқашан сөзінің арасына нүкте қоймайтын, өйткені, анасының қашанда айтары бар болатын.

Жас кеңсе қызметкері азды-көпті тыныштау көшеге жеткен бойда телефонын алып, анасының нөмірін терді.

Анасы жауап берді:

— Сережа, неге ерте хабарластың, сен ұйқыңды қандыруға тиіссің, Сережа

— Анашым, менің жай-күйім жақсы, мен салауатты өмір салтын ұстанып, жұмысқа жаяу баруды шештім.

— Сережа, бұл не ақымақтық, Сережа, бұл шешімді қабылдамас бұрын мені хабардар етуге тиіс болатынсың

Анасы осы қамқорлығымен сондай әсем еді және ол ешқашан үндемей қалмайтын, өйткені, оның дәйім айтары бар.

— Анашым, мен сені жақсы көремін, бірақ, мен қандай шешім қабылдағанымды саған айтуға тиіс емеспін.

— Сережа, анаңа дауыс көтерме, сосын, өтінем, маған хабарласып, не болып жатқанын ылғи айтып отыр, Сережа, мен алаңдаймын ғой

Анасы әлі ұзақ сөйледі, ал, жас кеңсе қызметкері жүре берді, жүре берді.

Шамамен қырық минуттан соң — кеңсеге жеткенде, бастығының кабинетіне көтерілді, ол бастығы әрдайым бәрінен бұрын келіп, сол барлығы дәл өзіндей ерте келуге тиіс екенін айтып жүретін. Бастық жас кеңсе қызметкерінің өзінен кейін ұзамай ерте келгеніне риза болды.

Сосын бастығы жас кеңсе қызметкерінің әдеппен елеусіз ғана иілгенін де бағалады.

— Сережа, неге үндемейсің, мен сұрақ қойғанда, жауап беруге тиіссің

Жас кеңсе қызметкері кенет телефонын өшірмегенін, содан да анасы нүктесіз сөйлеп жатқанын ұқты.

Сонда барып ол анасының сөзін аяқтатпай, телефонды өшіріп тастады да, бастыққа:

— Менің жұмыстан шығуым керек, кешіріңіз, — деді.

Солай деп, шығып кетті.

Заттарын жинап, аңырып қарап қалған әріптестерімен қоштасып, кеңсе ғимаратынан шығуына бір сағаттай уақыт кетті. Ол жұмыс күндері сағат ондар шамасында қаланың қандай болатынын ешқашан көрген емес. Ол қаланың иісін де білген емес.

Жас кеңсе қызметкері таңғы ондар шамасында күздің соншалық әдемі болатынын ойлаған емес. Үйге жеткенде, оның өз үйі екенін бірден аңғармады. Сережа жан-жағына үңіле қарап, танысып, ғимараттар арасындағы жолға анықтап көз салды, жөргек жатқан терезені табуға тырысты. Аулада аналар серуендеп жүрді, бірақ, таңдағы ананы байқамады.

Ол пәтерге көтеріліп, шешініп, ыңғайлы аяқ киімін шешті де, ноутбугі шытынап кетуі мүмкін екенін ойламастан рюкзагын еденге тастай салды. Дәрі қобдишасын, мақта мен кесе алып, беліне дейін шешінді.

Жуынатын бөлмеге кіріп, унитаздың жанына отырды. Әлеуетті қолымен камфора майы құйылған құтының қақпағын ашты да, тығынын тісімен жұлып алып, еденге түкіріп жіберді, майды кесеге құйды. Сосын мақтаны саусағына орап, майға матырды.

Сережа демін басып, содан соң, камфора сасыған ауаны терең жұтып тыныстау үшін, тына қалды.

Әлеуетті қолымен унитаздың шетінен ұстады, ал, сұқ саусағына май жағылған екінші қолын жылдам тамағына тығып жіберді.

Серёжа құсып, көзіне толған жасын айғыздап, сосын саусағын камфора майына матырып, қайтадан тамағына тықпалады. Он минут бойы ол зәйтүн мен су құсты, ақыры тамағынан өті ағып, іші басқа ештеңе шығара алмай, бұрап кеткенде барып тоқтады.

Серёжа жуынбастан, тоқтаусыз шырылдаған телефонды елеместен, ұйықтауға кетті.

Ал, келесі күні қыс түсті.

Валерия Крутова

Валерия Макеева (псевдоним Валерия Крутова) — родилась в 1988 году. Прозаик, детский писатель. Постоянный автор литературных журналов «Дружба народов», «Юность». Публиковалась в литературных журналах «Автограф», «Лиterraтура», «Формаслов». Детские рассказы из сборника «ФтаройБэ» были прочитаны артистами в проекте «От пяти и до без конца», подготовленном МДТ-театр Европа (творческий руководитель Лев Додин). Лонг-лист литературной премии ФИКШН35 (2020). Финалист литературной премии «Данко» (2021).

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon