Айдана Аламан

265

АйнаLINE

(айналайын)

 

Еламан — 40 жаста. Кішігірім кәсіпкер.

Ая — 19 жаста. Еламанның қарындасы. 1 курс студент.

Қаракөз — 30 жаста Еламанның көңілдесі. Журналист.

Сандуғаш — 40 жаста. Еламанның некелі жұбайы. Мамандығы жоқ, үйде отырған көп балалы әйел.

Доула (мамандық аты, бала тууға көмектесетін жалдамалы әйел) — 35 жаста. 

Дәрігерлер 

 

Оқиға перзентхананың бала босанатын палаталарында (родблок) өтеді. Сахнада үш палата қатар көрсетіліп тұрады. Ая мен Сандуғаш 1-этажда. Сандуғаштікі жұпынылау, жай палата. Аянікі біраз жақсартылған палата. Ал, Қаракөздікі үлкендігі екі палатаның көлеміндей, 2-этаждағы VIP палата.  



1-сахна

 

Доула әйел мен Қаракөз бала босанатын палатаға кіріп келе жатыр. Доуланың қолында перзентханаға арналған дәу сөмке. 

 

Доула. Ішіне сонша не салып алғансыз?

Қаракөз. Балаға керек-жарақтың барлығын арнайы тізім бойынша ең сапалыларын алдым.

Доула. Сонша көп зат, ауырын-ай...

 

Палатаға кірді. Қаракөз белін ұстап алып палатадағы заттармен танысып жүр. Анда-санда ауырсынып қояды. 

 

Доула. Міне, бұйыртса осы палатада бөпеңізді қолға аласыз. Бастысы сабырлық сақтап, менің айтқанымды жасап тұрсаңыз, бәрі жеңіл өтеді. Алдымен мына тақтаға дәрігерлер үшін, деректер жазып қоюымыз керек. Толық аты-жөніңіз? 

Қаракөз. Қаракөз Айдарова.

Доула. Жасыңыз?

Қаракөз. Отыз.

Доула. Нешінші жүктілік?

Қаракөз. Бірінші.

Доула. Толғақ нешеде басталды? 

Қаракөз. Алтыда.

Доула (саусағын бүгіп санап, тақтаға 14:00 деп жазып қойды). Қан тобыңыз?

Қаракөз. Екінші. Түсте босанамын ба? 

Доула. Шамамен... Еламан кіміңіз болады?

Қаракөз. Бұйыртса, күйеуім.

Доула. Бұйыртса дейсіз бе... Маған жаны қалмай хабарласып, сұраған ақшама келіскеніне қарағанда бұйыртатын сияқты...

Қаракөз. Енді ше? Оған арманындағы ұлды туып бермекшімін. Бірінші әйелінен бес қызы бар! (Толғақ басталды. Соңғы сөздерді әрең айтты.)

Доула. Міне мына шарға отырып, ақырын тербетіліңіз. Және демді ішке мұрынмен алып, ауызбен ақырын үрлеп шығарыңыз. Міне былай. (Доула көрсетеді. Қаракөз қайталап жатыр.)

Қаракөз. Уф, қайтты!

Доула. Әр толғақ келген сайын мен көрсеткенді қайталап отырсаңыз болды. Мына жерге қол қойыңыз. (Қағаз бен қалам ұсынды.)

Қаракөз. Бұл не?

Доула. Жатырды жиыратын укол салуға беретін келісім.

Қаракөз. Тұра тұрыңыз, оқып алайын. 

 

Қаракөз қағазды оқып отыр. Доуланың телефоны шырылдады.

 

Доула. Алло, иә... Ая дейсіз бе? Толғақ нешеде басталды? Неге бірден звондамадыңыз? Ойбай, айқайламаңыз! Қай палата?.. Қазір барамын, міне... Шықтым, шықтым... 

 

Тағы бір пациентімде толғақ басталыпты. Қазір келемін. Сіз мен көрсеткенді жасай тұрыңыз...



2-сахна

 

Сахнадағы екінші палатаның жарығы жанады. Ол жерде Ая толғақтан шыдай алмай ары-бері жүр. 

 

Доула. Сәлеметсіз бе? Аясыз ба?

Ая. Иә.

Доула. Неге бірден звондамадыңыз?

Ая. Қазір әкелді ғой е мұнда!

Доула. Не деген дөрекі едіңіз...

Ая. Толғақ қысқанда көрер едім сыпайыланғаныңды!

Доула. Туғанбыз талай баланы. Ештеме етпейді. Бәрі жақсы болады. Дәрігер көріп кетті ме?

Ая. Иә.

Доула. Жақсы, ендеше мында деректерді жазып қояйық. Толық аты жөніңіз?

Ая. Ая Бағашар.

Доула. Жасыңыз?

Ая. Он тоғыз.

Доула. Қандай керемет жас. Бірінші жүктілік пе? 

Ая. Сол қатты маңызды ма? 

Доула. Әрине. Дәрігерлер соның бәрін ескереді. 

Ая. Еламан ағама айтпаңыз, екінші балам бұл.

Доула. Еламан кіміңіз?

Ая. Туған ағам!

Доула. Біріншісін босандыңыз ба?

Ая. Жоқ, алдырып тастағам! Сұрағың не деген көп еді?! Ағам сені балаларымды түгендеу үшін емес, маған көмектессін деп жалдады. Көмегің қайсы? 

Доула. Сабыр сақтаңыз. Бұларды білуге міндеттімін. Толғақтың көкесі әлі алда. Көмектесемін. Ал, ендеше бастайық. Міне былай... демді мұрынмен алып, ауызбен шығарыңыз... сонда жеңілдеу болады. (Ая қайталап жатыр.) Қазір он-он бес секундта басылады. Сәл шыдаңыз. 

Доула. Басылды ма?

Ая. Иә.

Доула. Міне, көрдіңіз бе? Уақыт өткен сайын толғақ жиілейді. Шыдамды болыңыз. Мында қол қойыңыз.

Ая (қағазға қарамады да.) Өзің қоя салшы.

 

Доула қол қойып, қағазды ілді. Аяның беліне массаж жасап жатыр. Толғатқан Қаракөздің дауысы естілді. Доула Қаракөзге кетті.




3-сахна

 

Қаракөздің палатасы. 

 

Доула. Мен айтқандарды жасап жатырсыз ба? Келесі толғақ келгенде мен болмай қалсам, анау ілініп тұрған суретте көрсетілгендей жаттығулар жасаңыз... Шашыңызды шешіңіз...

Қаракөз. Өріліп тұра берсе болмай ма? 

Доула. Жоқ, шешіңіз. Мазаңызды алады десеңіз орамал тартып қойыңыз. Солай жеңілдеу, әрі жақсырақ болады.

Қаракөз. Жеңілдеу дейсіз бе?

Доула. Иә, мистикалық күші бар. Қолыңыздағы сақина, білезіктің барлығын шешіп қойыңыз.

Қаракөз. Өмірімде келін боп көрмегесін, орамал да тақпаппын. Жалпы сол орамал дегенді аса ұнатпаймын. 

Доула. Неге?

Қаракөз. Жасандылықтың қажеті қанша?

Доула. Жасандылық емес, керек кезде тағу дейді мұндайды. 

Қаракөз. Керек кезде ғана тағу дейсіз бе? Мешітке барғанда ғана оранып алатын әйелдер сияқты болдым ғой, соларға жыным келуші еді. Алла мешіттің ішінде ғана отырып, оранған сені көріп, «не деген иманды әйел» деп сүйсініп, нығметіңді көбейтіп, көшеге шортымен шықсаң танымай қала ма сонда? 

Доула. Айтасыз-ау, сіз де... (Күлді.)

Қаракөз. Ол аздай құран оқығанда басына салфетка жауып отырған әйелді көріп «шашын көрсетпей салфетка жауып отырған, не деген тақуа  әйел» деп тәнті бола ма? 

Доула. Бұл туралы ойланбаппын. Өзім де талай жерде салфетка жапқам ғой. (күлді)

Қаракөз. Рас айтам!



Аяның «Доула, қайдасың» деп қинала айқайлаған дауысы естілді. Доула асығыс Аяға қарай жүгірді.



 4-сахна

 

Аяның палатасы.

 

Ая. Қайда жоғалып кеттің? Толғақ қысып өлтіріп барады!

Доула. Бұл жақта толғатып жатқан адам сіз ғана емессіз. Адамнан адам шығу оңай емес.

Ая. Тезірек шығарып құтылсам екен.

Доула. «Көңілсізден көріксіз бала туылады» дейді. Көңілің болмаса бұл баланы неге көтердің? Оның не жазығы бар?

Ая. Қазақы нақылыңмен ары ойнашы ей... Алдырайын деп барсам, балаң үлкейіп кеткен, алмаймыз деді емес пе?! 

Доула. Мүлдем қаламасаң ота жасатып алдырып тастауға болар еді ғой.

Ая. Айтқам. Ота үстінде өзің де өліп қалуың мүмкін деді. Ал, мен қайдағы бір бала үшін өліп қалғым келмейді, түсінемісің? Алда әлі жоспарым көп. Өмір сүргім келеді. 

Доула. Ал баланы қайтпексің?

Ая. Оны туған соң көре жатармыз. Мүмкін өзіммен бірге алып кетемін. 

Доула. Мм, солай ма?.. Көкек ана болуым мүмкін дейсің ғой..

Ая. Қандай ана екеніме баға беретін сен кім едің? Жөніңді біл! Ақша төленген жұмысыңды істе!

Доула. Міндетсінгенің ақша болса, қайтарып беремін де, дәл қазір кетемін. Саған сол керек пе?

Ая. Кете бер, ақшақұмар алаяқ! Ағама айтамын сені! Дәл қазір хабарласып айтамын!

Доула. Хабарлас, хабарлас...

Ая. Хабарласқанда қандай?! Тура дәл қазір...

Доула. Мен де айтамын ағаңа! 

Ая. Сен нені айтпақшысың. Ақталамын деп әуре болма! Ағам бәрібір менің сөзімді сөйлейді, себебі мен оның ең сүйікті қарындасымын. 

Доула. Айтатын дүниенің бәрін айтамын. Тіпті ағаң білуге болмайтын дүниелерді де!

Ая. Тоқта, тоқта! Сен сонда? (Ойланып қалды.) 

Доула. Бұрында да екіқабат болып...

 

Ая тұтқаны қайта қоймақшы болып, телефонға қарай ұмтылды. Еламан видеозвонокты көтеріп үлгерді. Ая қатты сасқалақтады. 

 

Ая (толғатып ауырып тұр). Қалайсыз, аға? 

Еламан. Жақсы, ботам. Өзің қалайсың?

Ая. Сол... болады. Кішкене ауырып. Аман-есен перзентханаға жеттім деп айтайын деп...

Еламан. Күнім сол. Бұйыртса, тезірек аяқ-қолыңды бауырыңа алып, жиенімізбен тезірек қауыштырсын. Ештеме қажет емес пе?

Ая. Жоқ, керек емес. Бәрі бар.  

Еламан. Жақсы, керек болсам, бір звонок қой. Бірден жаныңнан табыламын. Мен келіскен доула әйел келді ме? 

Ая. Сіз берген номермен звондап шақырғам. Келді. Жақсы кісі екен. Көп көмектесіп жатыр. Міне... (Телефон тұтқасын доулаға бұрды. Өзі ымдап «сырымды айтпашы» деп жалынып тұр.)

Еламан. Сәлеметсіз бе. Көмектесуге келіскеніңіз үшін тағы да рахмет! Қалай, бәрі ойдағыдай болып жатыр ма?

Доула. Иә, жаман емес. 

Еламан. Қарындасым анамнан қалған жалғыз көз ғой. Мамамыздан аумайды өзі. Қатты жақсы көремін. Амал қанша анамыз болса өзі жанында көмектесіп жүретін, менің қолымнан келетіні сіздей мамандардан көмек сұрау ғана. 

Доула. Алаңдамаңыз, бұйыртса барлығы жақсы болады. Қолдан келген көмекті аянып қалмаймыз. 

Еламан. Ая, жақсы ендеше.

Ая. Сау болыңыз...

Ая. Уффф... басылды... Дұрыстап әңгімелесейікші... Ренжімеші... Мен жаным қысылғанға айғайлап жіберіппін...

Доула. Міне, осылай жөнге кел! Сәбидің жазығы жоқ. Менімен салғыласпай, одан да айтқанды істеп, аман-есен ту! 

Ая. Ал, менің не жазығым бар? (Пауза.) Өмірдің өзі ютубтің алгоритімі сияқты жұмыс істейді екен ғой. Бір дұрыс емес жігітпен кездессең, алдыңнан сондай жігіттерді шығара береді, шығара береді... Маған үнемі ақшаны махаббаттан биік қоятын, қаңғыбас, азартник жігіттерді кездестірді. Іштегі баламның әкесі де сондай болатын. Бірақ үйленген соң барлығын қоямын деп уәде берген. Қоя алмады. Ұрсыса беріп, ақыры ажырастық. Үйленгенімізге екі ай болғанда! 

Доула. Өкінішті. Сонда оның қай жерін ұнаттың?

Ая (пауза). Білмеймін... Қазіргі оған деген жеккөрініш сезімім бұрыңғы жақсы сезімімнің бәрін жуып кеткендей. (Пауза.) Не үшін ұнатқанымды тіпті есіме түсіре алар емеспін...

Доула. Әй, жастар-ай... Өліп өшіп сүйдім-күйдім деп ата-аналарыңды әбігерге салып, ақшасын шашып, үйленесіңдер де, екі ай болмай ажырасасыңдар. Үйленуді де паркте қол ұстасып алаңсыз қыдыру деп ойлайсыңдар ма осы сендер? Үйлену деген мүлдем бөлек. Отбасын құрып та бойдақ кездегідей паркке баруға болады әрине... Бірақ ол кезде мүлдем басқа сезіммен, басқа оймен жүресіңдер...

Ая. Дұрыс айтасыз. Қыдырдық. Жүрдік. Үйлендік. Бәрібір қыдырдық. Бірақ бәрібір бұрыңғыдай емес.

Доула. Қателеспейтін адам жоқ. Бастысы содан сабақ ала білсең болғаны. Басқа жігіт кездесіп, әлі-ақ бақытты болып кетесің... бастысы аман-есен босанып ал.

Ая. Білесіз бе, қазір жігіттердің көбі ұсақталып кеткен. Көбі... қалай айтсам екен... Чмо ғой кәдімгі! Ал, маған чмо жігіттер ұнамайды.

Доула. Олар еш қызға ұнамайды. Бірақ оларды бірден тану қиын. Көп қыздар сен сияқты үйленіп алған соң ғана танып, өкініп жатады. 

Ая. Жоқ, мен оларды алыстан танимын. Мысалы, чмолар басын қатырмайтын объемі кіші  машина алады, кір көтерімді түстерден, мысалы қоңыр, қара, үтіктелмейтін киім киіп жүреді. Ал жақын сөйлесе қалсаң, өз өмірін дұрыстап сүре алмай отырып, Украина мен Ресейдің соғысы туралы пікір білдіріп қоятынын қайтесің? Міне, осылар нағыз чмолар! (Соңғы сөздерін толғақ басталып әрең бітіреді.)



5-сахна

 

Қаракөздің палатасы. Айфонға видеозвонок келеді.

 

Еламан. Қалайсың, жаным?

Қаракөз. Қалай дерің бар ма? Жаным көзіме көрініп жатыр...

Еламан. Сен мықты едің ғой. Сенің қолыңнан бәрі келеді.

Қаракөз. Толғақтың мұндай қиын екенін білмеппін...

Еламан. Аз шыдашы жаным, ұлым үшеуміз әлі талай көңілді күндерді өткереміз.

Қаракөз. Шыдатар емес... Ай-й-й....

Еламан. Болашақта бақытты өмір сүруіміз үшін барлығын жас...

 

Қаракөз жаны қиналып, сөз соңын тыңдамай, трубканы баса салды. Доул үйреткендей тыныс алып, жаттығуларын жасап жатыр. Толғақ басылды.  

 

Қаракөз. Кетші. Осы ертегіңе әбден тойып біттім. Ұл туып берсең болды үйленемін деген. Осыдан кейін үйленбесе білмеймін...

Негізі менің принципімдегі еркектер қызыл кітапқа еніп кеткен. Отыз жыл іздеп таба алмадым. Ақыры соңында Еламанға тап болдым. Себебі бала туып, отбасы болғым келді. Оның да оңып тұрғаны шамалы, әйелін тастап, екі көзі басқада қалған еркек қайбір оңған дейсің?! Ертең мені де тастап кетпейтініне кім кепіл? (Пауза.) Әйеліне обал... Жаным ашиды, қараңғы әйел. Одан менің ең үлкен айырмашылығым көзім ашық... аа, одан да үлкен айырмашылығымды айтпаппын ғой, мен еркектерді қалай айналдырып, олардан қалай ақша суырудың жолдарын білемін. Ал ол бейшара, жертва қалпында өз күйеуінен соқыр тиын да ала алмайды. Еркек деген әйелдің қолындағы юла ойыншығы болу керек. Юла ше кәдімгі, баяғыда айналдырып ойнайтын едік қой? Иә, тура солай әйел қалай қарай айналдырса солай қарай тілі салақтап... Ай-й-й... 

(Толғақ басталды. Қаракөз тыныс алып, жаттығуларын жасап жатыр. Толғақ басылды.) 

Әлемдік соғысты бастап жүргендер, толғақтың, баланы өмірге алып келудің осындай қиындығын білсе ғой шіркін... Әлемде ешқашан соғыс болмас еді, адамдар бір-бірін өлтірмейтін еді... (пауза) Сосын, кейбір қыздар осындай тозақ толғақпен туған балаларын қалай ғана қоқысқа тастап кетеді екен а?! Не деген жанкештілік... Сонда ата-анасы мен қоғамның алдындағы қорқыныш сезімі толғақтан да биік тұрғаны ғой. Қазіргі қазақтың көп қызына қарап қарным ашады. Өмірімді өзгерткім келеді деген талай қызды көрдім. Үш күн қатарына кітап оқи алмайды. Кітаптың бір бетін оқи алмайтын миыңмен қалай адам боласың? Қалай ана боласың? Қалай ұрпақ тәрбиелейсің? Сондайлардан туатын балаларға обал, олардың еш кінәсі жоқ қой. Балаларға ата-ана қандай отбасында туғысы келетінін таңдайтын құзіреттілік берілсе шіркін... Надан, білімсіз мама сымақтар баласыз қалатын еді... (Пауза.)

Бала тапқан сол ғана сияқты, бір бала туып міндетсініп үйде үш жыл бойы отыратын әйелдерді де түсінбеймін. Әрине, балаға тәрбие мен махаббатты анасы беретінін, беру керектігін білемін. Бірақ қызметшіге қаратып, жұмыс істеп жүріп те баланы махаббат пен мейірімге толтыруға болады деп ойлаймын. Жұмыс істеп, сыртқа шыққан адам барынша сергек болады. Әйтпесе, үйде 4-5 баламен бірнеше жыл боқ-сідіктен ажырай алмай, таңының қалай атып, кешінің қалай батып, шарадай басы шақшадай болып, тек тыныш ұйқы мен, тыныштықта бір кесе шай ішуді аңсайтын, миы әбден ашыған әйел баласына махаббатты жетістіріп бере алатынына күмәнім бар. 

Бабаңның кім болғанын айта бермей, балаңның кім болатынын ойлау керек. Мысалы, менің балам министр болса екен деймін, сол үшін қазірден бастап бала тәрбиесіне қатысты кітаптардың барлығын кеміріп, тек ағылшын тілінде сөйлейтін элиталық балабақша тауып қойдым. Сапалы білім беретін мектепті де қарастырдым. Қай жаста машина айдап үйретіп, қай жаста үйлендіретінімізге дейін де шештік әкесі екеуміз. 

Жұмыс барысында көптеген адамдармен араласамын. Байқағаным, көптеген әйелдің күйеуіне обал. Ал кей еркектердің әйеліне обал. Адамдар ауыр халде келеді. Басың ауырса дәрі ішесің, қарның ашса тамақ ішесің, соқырішек болсаң дереу ота жасатасың. Ал жаның ауырса не істеу керек? 

Жаның ауырса жанталаса жарысып, ізденіп, оқып, даму керек. Себебі өзіңді кіммен салыстырсаң, солсың! Себебі тұлпар өзін есекпен салыстырмайды. Мысалы, сіз өзіңізді кіммен салыстырасыз? Ешкіммен? Ой қойыңыз, іштей болса да салыстыру по-любому болады. Себебі бұл әлеуметтік инстинкт. «Ана Гүлмираға қарағанда оңбаған болса байым бар. Екі бөлмелі болса да үйім бар» деп.... Және бізде айна нейроны бар. Өзін конкурент санайтын мықты әйелдің үйіне шырттай болып киініп, боянып барасың. Қымбат кәмпит апарасың дегендей... Ал Күлпашқа осы да жетеді деп, арзан кәмпитіңді көтеріп, жұлма-жұлмаң шығып жетіп барасың. Солай ма? Дәл солай!

Қазіргі адамдардың диагнозы кредит, намыстың тапталу, эгоның езілуі, дұрыс армандай алмау, қиялдың мүгедектігі, энергияның жетіспеушілігі, сірескен стеоретиптен арыла алмау... Сөйтіп жүріп өледі де қалады бір күні...Кедей күйде, абыройсыз адам болып, артында ешкім білмейтін фамилиямен...

Еңбектену керек, билік осылай жасап қойды екен деп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Өзіңе инвестиция салып үйрен. Өзің тапқан ақшаны өзіңе құймағанда қайда жұмсауға болады? Ұқпаймын!

Барлық сауатты қазақ бай бола алады. Сауатты адамның бай бола алмауының өзі трагедия. Ал егер бай бола алмасаң, демек сауатты емессің! 

Мама-а-а-а, мына толғақ дегенің сұмдық екен ғой... Баламен бірге жаным шығып кетпесі болғаны.... Шыдай алар емеспін... Доулааа, қайдасың? Эпидуралка салыңдар маған! Өлді-і-ім! Ах!... Ух!!! Біттім! 

 

6-сахна

 

Аяның палатасы.

Доула Қаракөздің дауысын естіп жатыр. Ая жерде дөңбекшіп жатыр.

 

Доула. Жерге емес, төсекке жат! Аздаған уақытта босанасың. Шыда... мен қазір... (Кетпекші болады.)

Ая. Кетпеші... жанымнан кетпе! Сен кетсең өліп қалатын сияқтымын! Мама-а-а! Жаным-ай... Эпидуралка салдыртшы маған! 

Доула. Шыда. Оны салғаннан кейін ауру аз уақыт ғана басылады. Бірақ белің өмір бойы ауырып жүретін болады. Шыда, жарқыным... 

 

Доула Аяны айналып толғанып массаж жасап, көмектесіп жатыр. Ая жер тепкілеп қиналып жатыр.

 

Ая. Белім ауырмақ түгіл, өмір бойы төсек тартып қалсам да салдырт маған. Құтқар мені мына тозақ толғақтан!

Доула. Қазір, қазір... онда мен дәрігерге айтып келейін.

 

Доула палатадан жүгіріп шықты. Алдынан толғатып Сандуғаш келе жатыр. 

 

Сандуғаш (көрші палатаны нұсқап). 5-палата осы ма? Осы жаққа барып жата бер деп еді...

Доула. Иә, иә осы...

 

Сандуғаш аяғын екі басып, талықсып құлап кетті. Доула сасқалақтап оны төсекке сүйреп жатқызды. Бетіне су шашты. Сандуғаш есін жинады.

 

Доула. Толғақ қашан басталды?

Сандуғаш. Үш сағат бұрын.

Доула. Неге ертерек келмедің?

Сандуғаш. Такси күттім. Үйге келмей қойған соң, балаларды сыртынан жауып, көшеден ұстап келдім. 

Доула. Жедел жәрдем шақырмайсың ба? 

Сандуғаш. Толғақты әбден пісіріп, жиілегенде бір-ақ шақырамын деп күтіп отыр едім, жедел жәрдемге хабарлассам 45 минутта барады деді. 

Доула. Алдын-ала келіскен дәрігерің бар ма? Нешінші балаң?

Сандуғаш. Жоқ, ешкіммен келіспедім. Алтыншы.

Доула. Тәжірибең мол екен ғой. 

Сандуғаш. Бес қызда дәл мұндай толғақпен қиналмаппын.

Доула. Толғақ ұмытшақ ауру. Ұмытып қалған боларсың.

Сандуғаш. Жоқ, ұмытпадым. Осы жолы өліп қалатын сияқтымын. Қатты қиналып барам. Эпидуралка шақырып беріңізші. 

Доула. Оның ақшасын алдын ала төлеу керек.

Сандуғаш. Қазір күйеуімнен сұрап беремін. (телефонын алып енді баса бергенде) Өшіп қалды, балалар ойнап қуатын бітіріп тастапты. Номерін айтам, телефон соғып беріңізші... 8 701 455 04 04.

 

Доула номерді терді. 

 

Доула. Еламан? Менде бұл номер сақталған екен. Еламанның әйелісің бе сонда?

Сандуғаш. Иә! Ойбай жаным ай! Эпидуралка-а-а-а....

 

Сахна толғатқан әйелдердің даусымен шулап кетті. Дәрігерлер әр палатаға келіп үш әйелдің де омыртқасына толғақтың ауруын жеңілдететін укол салып кетті. Әйелдер тынышталып төсектеріне келіп жатты. 



2-бөлім

 

7-сахна

 

Аяның палатасы. Ая төсекте жатыр. 

 

Доула. Толғақ сезілмей жақсы болып қалдың ба?

Ая. Әлі де кішкене сезіледі. Бірақ бағанағы жан шыдатпай ауырғаны басылды.

Доула. Укол толық әсер етіп болған жоқ. Бір кесе ыстық шай берейінші саған... (Орнынан тұрып, шай демдеуге кірісті.)

Ая. Укол толық әсер етпеді, себебі жарты денем ғана суық болып тұр. Мүмкін барлығы салқындап, жансызданғанда толғақ мүлдем сезілмей қалар. Толғатпай төсекте алаңсыз жатқанның өзі бір ғанибет екен ғой?! (Терезеге мойнын бұрды.) Өмір, жарық дүние деген шіркін керемет қой негізі... 

Доула. Жасың не бәрі  19-да екен, жарық дүниенің қадірін қайдан білесің? 

Ая. Таңда оянып терезеден қарағанда, аспан ашық болып, далаға күн шуағы молынан түсіп, жадырап тұрады ғой... Сол кезде «Шіркін, мына жарық дүниені мамам көре алмады-ау, қараңғы көрде қайтып жатыр екен» деп ойлаймын. (Пауза.) Мына палата да маған көр сияқты елестеді. Көрдің іші де осындай шағын төртбұрыш болатын шығар. Өлген соң туыстарың жылап сені осындай көрге қояды да, шығатын тесік қалдырмай тас қылып көмеді. Жатасың... Жалғыз өзің... Қиналып... Тура толғақ қысқандай қиналып... Мүмкін одан да қиын шығар... Бірақ дәл қазір мен үшін толғақтан қиын нәрсе жоқ сияқты көрініп тұр. Толғақтың ауруын біреумен бөлісіп, жеңілдей алмайсың. Тек өзің ғана қиналасың. Сол сияқты көрде де тіршілікте жасаған күнәларыңа тек өзің ғана қиналып жауап бересің. Ешкім көмектесе алмайды. Күнәң көп болса толғақтан да арман қатты қиналатын шығарсың. Толғақтың қиналысы ары кетсе бір тәулік, ал көрде Мақшар түні келіп, барлық өлгендер тіріліп Аллаға есеп беріп, жұмаққа не тозаққа сортталғанша қиналасың... Мақшар түнінің қашан келетінін кім білген?! Айтпақшы, көрге алғаш кіргенде екі періште келеді дейді ғой. Сіз маған сол періштенің бірі сияқты көрінесіз... Көрде періштелер көмектеседі-ау деп қалай үмітпен қараса, мен де қазір сізге сондай үмітпен қарап жатырмын. Бірақ екі жақтағы періштеден де қайыр жоқ. Себебі ана жақта сенің күнәң үшін ол қалай жауап бере алмаса, мына жақта да сіз де толғағымды бөлісіп, жеңілдете алмайсыз. Қайда барсаң да тек жалғыздық. (Пауза.) Өзімнің жанымда өмір бойы тек өзім ғана болдым. Ата-ана, бауыр, дос, күйеу... Ештеме де мәңгілік емес екен. Ұйықтап жатсам да, оянсам да, тіпті өмірімдегі ең қиын сәттерде де жанымда тек қана өзім болдым. 

Доула. Бұлай асылық айтпа, жаныңда Құдай болды.

Ая. Мүмкін... Бірақ оны ешқашан сезінген емеспін. Бәлкім сезіну үшін үлкен иман керек шығар. Ол менде жоқ. Білем...

Доула. Құдай әрқашан адамның жүрегінде болады. Ал жаныңда жаңа туылғанда анаң, бірге ойнайтын бауырларың, есейе келе достарың, тұрмысқа шыққасын күйеуің болды.

Ая. Иә, анамның жанымда болған әр сәті есімде. Мамамның ең жиі айтатын сөзі «айналайын» болатын... «Айналайын, құлыншағым, абайла!», «қылықтарынан айналайын», «Аллам бере салған, айналайыным» деп отыратын. Ех... мен де сондай мейірімді ана бола алсамшы... (Пауза.) Ал, күйеу туралы мүлдем айтпаңыз. Ол мен үшін давно өліп қалған, просто оны көмуді ұмытып кеткем. 

Доула. Көміп қайтесің?! Жаныңда одан туған балаң жүргенде ол көмілмейді де... Қой, одан да жақсы сөздер айтайық. Өлім туралы айтуға саған әлі ерте. Қазір уколдың күші кетіп, орныңнан қайта тұрсаң болады, сонда TИK-TOK түсір. Қазіргі жастар сөйтеді ғой. Есесіне ол биіңнің қаралымы көп болады. 

Ая. Екіқабат екенімді жариялағым келмейді. Тоғыз ай бойы толстовка киіп жасырып жүрдім. (Пауза.) Бір қызығы өлім ойыма орала береді. Себебі анам жадымнан бір сәтке кеткен емес. Мен үшін өлім мен анам егіз ұғым сияқты...

Доула. Одан да өмірге келетін жаңа нәресте туралы ойлайық. Күйеуіңмен қайта қосыл, көп бөпелі болып көбейіңдер... Өмірдің кереметі сол ғой...

Ая. Көбею дейсіз бе... Қасиетті кітаптарда жеті миллиардтан көп аспау керектігі жазылған. Асса адамзат босқа қырылып қалады. Көбейсек жердің ресурсы да жетпейді. Коронавирус аз болған жоқ бізге. Тек пиғылды дұрыстау керек... Ұйқым келіп барады. Бір ұйықтап тұрсам бола ма?

Доула. Ұйықтамағаның дұрыс еді негізі...

Ая. Денем жансызданып, көзім кетіп барады...

Доула. Жарайды, қазір уколдың күші кетіп толғақты сезе бастағанда өзің-ақ оянарсың... Ұйықта.

 

Доула үстін дұрыстап жауып палатадан шығып кетті. Ая ұйықтап қалды. 



8-сахна

 

Қаракөздің палатасы. Доула келеді. 

 

Қаракөз. Қайда шыға бересіз?

Доула. Сізбен қатар тағы бір жас қызға көмектесіп жатырмын. «Тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келіпті» деген тікелей мағынасында болып жатыр ғой.

Қаракөз. Жас қыз деп баса айтқаныңызға қарағанда тым кәрі көрінгенім ғой...

Доула. Қанша жерден оқып-тоқысаңыз да ішкі комплексіңіз көп екен. Қалайсыз? Уколдан кейін біраз жеңілдеп қалдыңыз ба?

Қаракөз. Керемет! Бәрі басылды. Түк болмағандай... Әйтпесе мына толғақ дегенің сұмдық болады екен ғой... (Еламаннан видеозвонок келді.)

Еламан. Қалайсың, жаным? 

Қаракөз. Қалай деп сұрарың бар ма? Сен сұрама, мен айтпақ-ақ қояйын. 

Еламан. Мен саған перзентханаға келгем. Мұнда кіргізбейді екен. Ыстық тамақ әкелгем, беріп жібердім. Бұйыртса, әлі-ақ жақсы боп кетесің. Тамақты ішіп әлденіп ал. Келіскен көмектесетін әйелің келді ме?

Қаракөз. Иә, жанымда. (Доуланы көрсетті.)

Еламан. Сіз мұнда не істеп жүрсіз? Аяның халі қалай? Мен сізге сеніп жүрсем...

Қаракөз. Не істеп жүргені несі? Босануға көмектесетін доуламен келістім деп едім ғой жаным саған. Сол — осы кісі.

Еламан. Сен де осы кісімен сөйлесіп пе едің? Ая есіңде ме, қарындасым, сол да дәл қазір толғатып жатыр, бұл кісі сонда жүру керек болатын.

Доула. Үлгеріп жатырмын, екі жаққа да. Алаңдамаңыз. Ая қазір ұйқыда. Толғақты сездірмейтін укол салдырдық, ұйықтап жатыр.

Еламан. Жақсы. Сізге сендім. Жаным, саған дәрігерлер жақсы қарап жатыр ма? Палатаң перзентханадағы ең жақсы палата шығар. Сондайға жатқызыңдар дегем.

Қаракөз. Иә, барлығы келіскендей. Айтпақшы, әйеліңнің де босанатын уақыты жақындап қалды ма?

Еламан. Білмеймін, ол да толғатып келдім деген...

Қаракөз. Қай перзентханада екен?

Еламан. Сұраған жоқпын. Қайтесің оны. Бұйыртса, сен шыққан соң үйленеміз білесің ғой. Ұлымыз үшеуміз ғана тұратын боламыз. Ал қазір ол әйелді тіпті көргім де келмейді.

Қаракөз. Бәрібір балаларыңның анасы ғой... 

Еламан. Қыздарыңның де... ол қыз туғаннан басқа ештеме білмейді.

Қаракөз. Адамнан адам шығу оңай емес. Әйеліңе де қарап қой. Туу қиын сияқты. 

Еламан. Қайтесің оны, ол туып үйреніп қалған. Туады да. Алаңдама оған. Одан да өз денсаулығыңды ойла.

Қаракөз. Жарайды жаным, онда сүйінші хабар күт. 

 

Телефонды қойды. Доула Қаракөзге шай дайындап берді. Дәрігерлер келіп тексеріп кетті. 

 

Қаракөз (телефонын алып, қайта орнына қойды). Мені жұмыстан бүгін ешкім іздемей қалыпты ғой. Әдетте декретте отырғанымды білсе де, бір тыным жоқ еді... Толғатып, әлемдегі ең керемет баланың анасы болайын деп жатқанымды сезіп, мазаламай жатқан болар. Маған бүгін бүкіл әлем көмектесіп жатыр. Керемет, иә? Толғақ сезілмейді...

 

Сандуғаштың «Акушер, акушер!» деп айқайлаған дауысы естілді. Аяның палатасына дәрігерлер толып алып, абыр-сабыр болып жатыр. 



Қаракөз. Туу, мына әйелдің бүгін аузы жабыла ма, жоқ па? Акушерге алдын-ала беріп қоймасаң, өліп қалсаң да келмейді. Жат енді сөйтіп қиналып... Дәрігерге ақша бермегені үшін талай әйелдің баласының басы өздігімен-ақ шығып кеткен, тіпті дәрігерсіз айқайлап-айқайлап күшеніп өзі туып алғандар да жетеді. 

Доула. Бәрін қатыгез деп ойлайсыз ба? Қолдары босамай жатқан болар...

Қаракөз. Қайдам, олар әдейі істейді. Тууға келген әйелді тудырмай, басқа қандай жұмыстан босамауы мүмкін? Әйелдердің өздері де оңбайды негізі! 

 

Сандуғаштың «Акушер, акушер! Деп айқайлаған дауысы қаттырақ естілді. Аяны көп дәрігер каталкаға салып, палатасынан алып кетті. 

 

Доула. Барып келейінші мына әйелге. Қатты қиналып жатыр ғой деймін...




9-сахна

 

Сандуғаштың палатасы.

 

Доула. Не болды?

Сандуғаш. Мына эпидуралка маған дұрыс әсер етпеді. Бүйрегім солқылдап түсіп қалайын деп жатыр. Белім сұп-суық, салқындығы тікелей миыма әсер етіп жатыр. Толғақтың күші де еш азаймады. Өлетін сияқтымын... Ойбааай...

Доула. Толғақтан ешкім өлмеген. 

Сандуғаш. Мына жақта дәрігерді шақыру қиын екен. Уколды маған дұрыс салмады немесе аз дозасын салды. Әйтпесе бұл уколдан кейін әдетте әйелдер бір ұйықтап тұратын еді ғой. Маған ұйқы тұрмақ тыныш жатудың өзі арман болып жатыр. Акушер шақырып беріңізші, маған көбірек дозасын салдырсын.

Доула. Оны көп сала беруге болмайды.  Шыдаңыз... Дәрі мүмкін таралмай тұр ма екен. Келіңіз кішкене уқалап берейін. 

 

Доула белін ашып массаж жасап берді. 

Сандуғаш ахылап-ухілеп, жағдайы шамалы жақсарып қалды.  

 

Сандуғаш. Дәл осылай жата берсем, түбі дұрыс болмайтын сияқты. Келгеніме екі сағаттан асты, дәрігер бір көрініп жоқ болды. Күйеуіме звондап акушерге беретін ақша сұрайын.

 

Еламанға видеозвонок жіберді.

 

Еламан. Не болды?

Сандуғаш. Еламан, мен мұнда қатты қиналып жатырмын. Кішкене ақша салып жіберші, акушерге бермесем қарамай жатыр...

Еламан. Ондай нәрсені ертерек ойланып, алдын-ала барып келіседі. Қазір айнала толған камера, параңды кім алады дейсің?! Бірінші рет туып отырған жоқсың, баяғыда әжелеріміз қазақ үйде босанған. Оның жанында сенің мына өмірің пейіш қой. Сонымен қоймай ақша сұрайсың. 

Сандуғаш. Бопты. Балаға памперс алуды ұмытып кетіппін. Әкеліп бере аласың ба?

Еламан. Әлі туылмаған балаға памперс дегені несі? Алдымен туып алсаңшы. Жаңа туылған шақалақ балаға памперс кигізген обал емес пе, бізді осы памперссіз-ақ өсірді ғой. Әй, қазіргі әйелдер жалқау... Қатты керек болып бара жатса, көмекшім апарып береді. Жаныңда кім бар? (Доула ыңғайсызданып, жасырынғандай болды.)

 

Сандуғаш доулаға камераны бұрып көрсетті. 

 

Еламан. Сіз енді мына жаққа келіп алғансыз ба? Не істеп жүрсіз өзі?

Доула. Мен жай мұнда... Айқайлап қиналып жатқанға кіре салып едім...

Сандуғаш. Сендер таныс па едіңдер? Бағана қайдан көріп едің?

Еламан. Сандуғаш, әңгіме былай. Аяға көмектессін деп бұл кісімен алдын ала келіскенбіз. Сөйтсем Қаракөз де өзіне дәл осы кісімен келісіп қойған екен. Қаракөз дегенде... Мен саған ол туралы айтып едім ғой.

Сандуғаш. Әлгі әйел ме? Ол да босанайын деп жатыр ма...

Еламан. «Әлгі әйел» демей дұрыстап сөйле!

Сандуғаш (Үнжырғасы түсіп кетті). Түсінікті...

Еламан. Алдымен туып ал, ол туралы сосын сөйлесеміз. Сен екеуміз ары қарай бірге тұрамыз ба, жоқ па? Ол туралы да сөйлесеміз.

Сандуғаш. Ақшаң жоқ кезде үйленуді армандадық, ақшаң көп кезде ажырасуды армандағаның қызық болды ғой.

Еламан. Көп сөзді қой да, андағы ішіңдегі қызды шығар.

Сандуғаш. Бағана терезе жақтан саған ұқсайтын біреуді көрдім. Тура Дубайдан әкелген жейдеңе ұқсайтын жейде киіп алыпты. Сен екен деп қуанып кетіп, терезе жақындағанымша зу етіп өтіп кетті.

Еламан. Қашан?

Сандуғаш. Адамға адам ұқсай береді ғой иә? Сенің мұнда келгенге уақытың да жоқ қой... Мен де бір қиялдай беремін... Жақсы жаным, бірдеңе ғып туам ғой. Маған алаңдамай жұмысыңды істей бер...

Еламан. Давай! (Тұтқаны қойды.)

Доула. Ана жақта анау жатыр ханшайымдай болып, бүкіл ел жұртқа ақыл айтып, ал сенің жатысың мынау? Не өмір өзі сүріп жүргендерің???

Сандуғаш. Еламанның соңғы екі жылда бір тілін таппай-ақ қойдым, не істесем де жақпай тұрамын. Сөйтсем көңілдесі бар екен. Қай жерден жаза бастым? Білмеймін... 364 күн дәмді тамақ жасағаным үшін рахмет айтпайды, бірақ бір күн тұзы ащы болып кетсе ұрыс естимін.

Доула. Қарбыздай басы бола тұра, шапкасының шошағындай миы жоқ еркектер көп қой...

Сандуғаш. Он бес жыл отасып, карантинде Еламанды алғаш рет таныдым. Екі ай бойы үйге қамалып отырып, оның алғаш үйленген жылдармен салыстырғанда өте қатты өзгергенін білдім. Оған дейін күнде таңда кетеді, түнде келеді, әйелдік қызметімді атқарамын, ұйықтайды. Өмір бірсыдырғы өте беретін. Ал карантин кезінде ол өзін торда қалған арыстанша сезініп, торда бірге отырған бізді жей бастады.  

Доула. Сол кезден бастап дұрыс әрекет ету керек еді. Енді қазір өмірлеріңе үшінші адам араласып үлгерген соң, барлығы қиындап кеткен. 

Сандуғаш. Дұрыс айтасыз. Менен де кінә кетті. Сол сәтте кешірімшіл болып, дұрыс көзқарас танытпадым. Бір жағынан мені де түсінуге болады. Әйелдің қазаны майлы болса ғана, көңіл-күйі де жайлы болады ғой. Не азық-түлікке ақша бермеді. Шиттей бес баланы қалай асыраймын? Ұрыстың бәрі содан басталды. 

Доула. Түсінікті...

Сандуғаш. Өмірімдегі көзім жеткен бір қателігім, Еламанды баламен ұстап қаламын деп ойладым. Әйтпесе, қырт-сырт жүрісін алғаш үйлегенде-ақ байқаған едім. Бар өмірімді соған арнап, топырлатып бала туып бере берсем, менен ешқайда кетпейді деп ойладым. Ал енді отырмын, не алған білімім жоқ, не жұмысым жоқ, кішкентай алты қызыммен кімге керекпін? Ұл тусам өзгере ме деп туа бердім, туа бердім. Құдайға қай қылығым жақпай қалғанын, не бір ұл да бермеді.

Доула. Көңіліңізді түсірмеңіз. Әр баланың несібесі болады. Бәлкім, мына жаңа туылатын балаңыз бақыт ала келер...

Сандуғаш. Әй, қайдам...

Доула. Не болса да сәттілі! Мен кеттім. Пациенттерім күтіп отыр.

 

Доула Аяның палатасына келді. Ешкім жоқ. Таңырқап қалды да, асығыс палатадан шығып кетті.



10-сахна

 

Қаракөздің палатасы. 

 

Қаракөз. Мәә, мына укол дегенің керемет екен ғой а. Осылай толғатқаныңды сезбей туып алсаң иә, шіркін... Бірақ бағана дәрігер уколдың күші кетіп, толғағыңызды қайтадан сезгенде ғана туасыз деді ғой. Уколдың күші 1 сағатта кетеді деп еді, әлі жоқ қой. Бала да тыпырлап-тыпырлап тынышталды әйтеуір. Айналайын-ай... Бұл да демалып жақсы болып жатыр ғой деймін. (Пауза. Жан-жағына қарады.) Мына вип палата, жансыздандыратын укол, барлығы ақшаның күші ғой. Кедейлер шұбалшын құсап иіріліп бір палатада сегіз әйелден жатыр ана жақта. (Пауза.) Жалпы мен байларды жақсы көремін. Себебі олардың ақшасы көп. Қайырымдылық жасайды, жоқшылықтан ашуланбайды, жақсы ғой, неге жақсы көрмеске? Өзім де солардай болуға тырысып жатпай-тұрмай еңбектендім. Еңбектің астарында көп оқу жатыр. Байқағаным қазіргі жастарға классиктерімізді көп тықпалайды. Мысалы, Абай мен Мәшхүр Жүсіпті он сегіз жаста оқып керек емес. Себебі олар ақыры өлеміз, шүкір де, отбасыңмен тыныш өмір сүр дегенді дәріптейді. Оны қырық жастан асқан соң оқысаң да жаман емес. Ал жас кезде мына өмірді шайқа-а-ап сүру керек!!! Не болу керек, не бордай тозу керек дегендей ғой. Мысалы, не екіқабатсың, не екіқабат емессің! Полу беременный деген жоқ қой, сол сияқты. (Пауза. Ішін сыйпалады.) Ұлым 1-2 сағатта дүниеге келеді. Осы сәтті ұзақ күттім. Түрі қандай екен? Кімге ұқсаған? Ақылды бола ма, ақымақ бола ма? Тезірек көргім келеді. Көзі жанып тұратын, бойы энергияға, басы миға толы болса екен. Байқасаңыздар, негізі бүкіл балалардың көзі жанып тұрады ғой. Ал есейе келе көзіміздің жанары сола бастайды. Неге? Себебі кеудеміздегі бір жапырақ ет бұзылады. Жүрек кірлейді. Анау жеп кетті, мынау ішіп кетті... Өзінің бітірген дымы жоқ, саясатты жамандайды... Құрамында бес адамы бар отбасыны ұстап тұра алмай тұрып, миллиондаған елді басқарып отырған басшыларға претензия айтады... Көбінесе біздің жігіттер сондай ғой. Қолынан келетін түгі жоқ, көшеде тұрып саясат туралы әңгіме айтады. Қыздар, сондай жігіттерден абай болыңыздар. Түсінемін, махаббат махаббатымен, но кушать хочется же))) Мысалы, су жаңа БМВ-сы бар түрік және ескі мерседесі бар қазақ жігіт үйленуге ұсыныс айтса, қайсысын таңдайсыздар, қыздар? Шындарыңызды айтыңыздаршы? Қазақ жігітті? Ой, жалған намысыңызды қоя салыңыз... Сосын, қыздар, өздеріңіз де мықты жігітке лайық болыңыздар. Өзің де мықты болмасаң, крутой жігіттің жанына барғанда тілінің единицасы жетпек түгілі, уай файың ұстамай қалады. Караокеге барып шетел әнін бастаса, сен қандай ән айтасың, ойлашы... Фортепианода ойнаса классикалық музыкадан бірдеңе қағасың ба?  Ханның қарашадан қыз алғанын қашан көрдің? Немесе айғырдың есектің ұрғашысына шапқанын қашан көрдің? Тең теңімен! «Торғай тырнамен жарысамын деп бұты айырылыпты» дегендей болып жүрмесін)))  Міне, сол жағын да ойланыңыздар. 

 

Палатаға өңі қашып кеткен доула кірді. 

 

Қаракөз. Бәрі дұрыс па? Өңің суық қой. Менің жатысым мынау, жайбарақа-а-ат... Не толғақ жоқ, бала да тып-тыныш...

Доула. Өліп қалыпты... Ая өліп қалыпты... Уколдан ұйықтағаннан оянбаған күйі жүрегі тоқтапты. Дәрігерлер тым болмаса баласын аман алуға тырысып еді, ол да болмады...

Қаракөз. Не дейді? Бағана айтқан жас қыз ба? Масқара-ай! 

Доула. Сізде бәрі дұрыс па? (Доула жанталасып, Қаракөздің ішіне баланың жүрегін тыңдайтын КТГ аппарат қойып жатыр.)

Қаракөз. Шүкір... еш жерім ауырмайды. Толғақ та басылып қалды. 

Доула. Ол басылмау керек еді ғой. Бірдеңе дұрыс емес. Баланың жүрек соғысы неге естілмейді. (Аппаратты сілкіп-сілкіп Қаракөздің ішіне қайта басты.) Дереу дәрігер шақыру керек. Бала өліп қалған сияқты.  Доула аппаратты тастай салып, палатадан жүгіріп шықты. Қаракөз айқайлап жылап жатыр.

Қаракөз. Өлгені несі? Олай демеші. Тез шақыр. Тез! (Айқайлады.)

 

Бір топ дәрігерлер келіп, баланы тексерді. Бастарын шайқады.  

 

Дәрігер. Бала өліп қалыпты. Экстренный кесерова! Отаға дайындаңдар әйелді. ТЕЗ!

 

Қаракөз айқайлап жылап, палатадағы заттарды лақтырып жатыр. Дәрігерлер бас салып каталкаға байлап жатқызып, палатадан шығып кетті.

 

 

11-сахна

 

Сандуғаштың палатасы. 

 

Сандуғаш. Акушер! Акушееер! Қайдасың?! Көмектесіңдер! Баланың басы шығып кетті. Акушер! Акушееер!

 

Дәрігерлердің барлығы келді. Сандуғашты босандыруды бастады. 

 

Сандуғаш. Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын! Тек балам аман қалса болды! (Қатты қиналып толғатып жатыр.)

Дәрігер. Күшен! Дұрыстап күшен! Қатты. Тағы! Ұстап тұр осылай! Жіберме деймін! Күшен! Толғақты күт! Міне! Осылай! Күшен!

 

Сандуғаш босанды. Дәрігерлер баланы алып тексеріп, аппаратқа жатқызып, жанталасып жатыр.

 

Сандуғаш. Неге жыламайды? Аман ба? Балам тірі ме? Неге жауап бермейсіздер? 

Дәрігер. Ұлды болдыңыз. Бірақ жағдайы өте ауыр…

Сандуғаш. Ұл дейсіз бе? О, Құдайым! Узиде қыз деді ғой. Ұл? Жағдайы неге ауыр? Мен айтқанның барлығын жасадым ғой. Неге жыламайды? Бала туыла салып жылаушы еді ғой…

 

Сандуғаш әрең орнынан тұрып, дәрігерлерге жағаласып, әлсіреп жығылып жатыр.

 

Дәрігер. Сабыр сақта. Саған қазір тұруға болмайды.

 

Сандуғашты төсекке әкеліп жатқызды. Бала медициналық аппаратта жатыр. 

 

Дәрігер. Баланың өмір сүру мүмкіндігі 20 пайыз ғана. Тіпті жылауға да шамасы жоқ. Тек жүрегі ғана әлсіз соғып тұр. Жылау үшін де күш керек. Біз қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Дегенмен, барлығына дайын болыңыз! Алдымен өзіңізді күтіңіз. Баланың жағдайы туралы консилиум жасап, дұрыс шешім қабылдауға тырысамыз.

 

Дәрігерлер палатадан шығып кетті.  Аппараттардың дыбысы. Сандуғаш талықсып жатыр. Сыбырлап фатиха сүресін оқуда. Бір кезде орнынан тұрды. Басы айналып шкафқа барып күртешесін теріс айналдырып киді. Мойнына белдік ілді.  (Ырым бойынша «төменгі әлемге түскенін» білдіреді). Баласын айнала бастады. 

 

Айналайын,

 

Келсе орайы,

 

Қолайы,

 

Сенің үшін жаным пида, толайым —

 

Қарашығым,

 

Құрбандығың болайын!

 

Айналайын, айналайын...

 

(О.Сүлейменов)

 

Басында баяу айналды. Баласына қарап, демін жиі тыңдап қояды. Өзгеріс болмағасын жиі айнала басады. Өзі әбден талықсыған. Сүрініп жығылып айналып жүр. Сөзі бір естіліп, бір естілмейді. Күшін жинап кейде айқайлап айтады. Амалы таусылып, жерге құлап жатыр. Іңәлаған бала дауысы естілді. Сандуғаш қуанып, жанталасып орнынан тұрмақшы болып қайта құлады. Есікке қарай еңбектей бастады.

 

Сандуғаш. Дәрігер, дәрігер... Ұлым, жылап жатыр... Дәрігер! Жылады! Дәрігер! Қайдасың?! 

 

Дәрігерлер жинала қалды. Өзара күбірлесіп баланы тексеріп жатыр.

 

Дәрігер. Жағдайы біраз жақсарыпты.  Жүрек соғысы жиілеген, тыныс алуы реттелген. Ұлыңыз мықты екен! 

Сандуғаш. Е-е-е, Құдайым! Сенің бар екеніңе сенгем! 

 

СОҢЫ

 

***Бұрындары қазақ отбасында кішкене бала ауырса ата-анасы оның дертінен айығып, жанын аман алып қалу үшін мына ырымды жасайтын болған. Оның 2 түрі бар. Алғашқысы, баласы ауырғанда ата-анасы киімін теріс аударып киіп, мойнына белдік іліп, оның «төменгі әлемге түскенін» білдіріп, баласын айнала бастаса, екіншісінде, баланы киіз үйдің дәл ортасына жатқызып, үш мәрте айналып, есікке келген сәтте «айналайын» деп дауыстайды екен. Бұл ырымнан кейін, ең қызығы, бала сауығып, ауру сол ырымды жасаған адамға ауысады екен. Қазақ содан бері бұл асыл сөзді ұмытпай, балаларына «Айналайын» деп еміренеді екен. Ондағысы «Сенің жолыңда менің жаным құрбан», «сенің мұңыңды маған берсін» дегені екен. 

Айдана Аламан

Айдана Аламан — 1990 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданы Сарыжаз ауылында туған. 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кинотеледраматургия мамандығының драматург С.Балғабаевтың шеберханасы бойынша бітірген. Түрлі драматургиялық байқаулардың лауреаты. М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында «Жүрегімнің иесі», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Жалқаудың жыры» пьесалары репертуарда қойылып жүр.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon