Ольга Кобылянская

182

Меланхолиялық вальс. Үзінді

Орыс тілінен аударған Меруерт Таир

 

Үш құрбы бірге тұрдық.

Басында екеу ғана болатынбыз. Бір суретші қыз және мен. Ол — кемеліне келіп қалған әртіс, жұмысы бір ғана суретпен болып, ал оны сатқаннан соң, Италияға аттанып, ол жақтың өнерін тамашалап, сол жерде өзінің жолын ашпақшы болған.

Жиырмадан енді асқан, неміс болып кеткен поляк қызы ісіне бей-жай қарамайтын. Сурет салған кезде ойнақылық пен оғаш қылықтар көрсетсе, ал күнделікті өмірде — сүйкімділердің сүйкімдісі болатын.

Әріптестерінің өзін ұнататынына қуанатын, соған қоса оқушыларына кейде ізетсіздікпен қарайтын турашыл профессорлардың өздері, қызындай жақсы көріп, айтпағы болса, жүрегін ауыртпай, жұқалап айтатын. Адамдар оны «Dаs schonste Gluckskind[1]» деп атаса, өзі үшін «Ісh — das Gluckskind[2]» - тен басқа атты тең көрмейтін.

Ал мен қабылдау емтихандарының қамымен, мұғалімдікке дайындалып жүргенмін.

Музыканы да үйреніп, тілдерді де оқып, алуан түрлі қолөнер түрлерін де игеріп көрдім. Жалпы алғанда, капиталға айналдыруға келетін, ал кейін пайда әкелетін істің түр-түрін  танып білдім. Жинаған дүние-мүлкім болмады, ал өмірдің талабы – жас кінәмшіл бойжеткеннің қалауы сияқты тым жоғары еді.

Балалық шақтан бірге өстік, қазір де үйіміз бір болды.

Үлкен, әдемі, қол жетерлік ынғайлылықпен жабдықталған екі бөлмеміз бар еді: құрбым текті жерден шығып, жинап-тергені көп болмаса да, кекірейген мінез бен еркелік көрсететін. Мен оған кей қызықтардан бас тартып, ақшаны үнемдеп жарату керек екенін есіне салған сайын, «Мен өйтіп сен сияқты барлығынан бас тарта алмаймын!» — деп, ашуланатын.

Айтпай-ақ қойшы! — деп ызаланатын ол. — Сен бәрібір мұны түсінбейсің. Мен — әртіспін және шығармашылықтың заңдарымен өмір сүремін. Қаласаң,  борышыңды өтеп, тар мөлдегіңде жетіле бер, ал менің далам — кең байтақ, шексіз, сондықтан өмірім де оған сай. Әзірше ол толығымен көңілімнен шықпаса да, мүмкін кейінірек, өз-өзіме қожа болып, аспанмен астасып, қанатымды да жазармын. Бұл — әртістік сезім талабы. Барлығының қайнар көзі – шығармашылық мен үшін. Сенің де оған бет бұруың абзал. Барлығы да, бүкіл қоғам да осы ойды қолдауы қажет. Қап, осы дүниедегі барлық адам сезімнен бастап стильге дейін білікті, әрі өнегелі әртіс болса, әлемді қазіргідей қастық пен бақытсыздық емес, үйлесімдік пен сұлулық қана билер еді. Ал тап қазір ше? Төңірегімізде не бар? Осы өмірдегі көркемдікке дем беріп отырған — біз, әртістер ғана. Біз, әртістер —  қоғамның таңдаулы бөлігіміз, түсінесің бе?

—  Түсініп тұрмын.

Түсіндім дейді ғой! Мені түсіне алмайтын сияқтысың. Сені не үшін жақсы көретінімді де білмейді екенмін, — деп менің алдымда en passant[3] ақталғандай болды. — Шектен тыс сынап та кетесің. Соның бәріне анау тоғышар санаң, үй тұрмысымен алысқан таяз көзқарасың мен ескілікке тәуелді әйелдік қылықтарың кінәлі. Қомытыңнан бір рет болса да, қол үзіп, жаңартшы кейіпіңді, сонда мен анда-санда сенен де бірер бірлік күшін жиып... новаторлық нәрсені үлгі тұтар едім.

Қой, сәулем, ескі тұрпатымда қала берейін, — дедім байсалды дауыспен, оның пәк, екіжүзділігі жоқ табиғатымен әбден таныс болған соң, қапылыста айтқан сөзіне өкпелемедім. Қайта жүзінші рет «ескі қомытымнан» ажырамай, қасында болмасам, көркемдіктің соңына түсіп, өмір тосқауылының түнерген күбірін елемей, сан рет қайғы жұтуға жақын жүрген құрбыма осыған дейін шаң жұқтырмай келген өз-өзіме адал болуды шештім... Мен, оның аңсаған жаңа кейіпіне жарамасам да, «таңдаулы жан» немесе «нәсіл мақтанышы» атауларына сай келуге ұмтылмасам да, шынайы әртістік болмыстың көксегеніне қашан және қалайша қол жеткізуді, қай уақытта аспанда қалықтау ықыласына беріліп, ал қай кезде болашаққа деген сенімді сақтап қалу керек екенін түсініп, білуші едім.

Тұрмысқа шықпасақ, — «кәрі қыз» деген сөзді жек көрген соң, осылай айтатын, —  онда бұрынғыдай бірге тұра береміз. Екі адам жарамайды, бір бағдарлама да, жарғы да қабылдай алмайсың — қасымызға үшінші бір серіктес алайық. Ол кісінің мінез-қылығын біліп, темпераментін байқап, білімін, алды-артын қаншалықты бағамдай алатынын сынап, артынша арамызға қосамыз. Тұрмыс құрмағандарды қорқыту үшін айтылатынның барлығы: жалғыздық, дәрменсіздік, дарақылық және басқасы да басымызға тусын. Сонда да жалғыз болмаймыз. Күлкі-мазаққа қалмай, қалайша айтсам екен... кем болмаймыз. Өз қоғамымызды құрып, жүрек қалауымен өмір сүреміз, еркектермен де араласамыз, еркексіз күн бірсарынды емес пе. Сол кезде ғана жұрт бойдақ әйел әжуа немесе аяныш нысанасы емес, толыққанды кемеліне келген тұлға екеніне көз жеткізе алады. Ол дегенім, мысалы, ердің жұбайы немесе біреудің анасы емес, тек қана әйел боламыз. Түсініп тұрсың ғой? Ешкімге жар да,  ана да болмаған, бірақ толығымен жетілген адам боламыз... Бірақ оны асыл мұратым деп айта алмаймын. Өмірімнің тынысы – өнер, жанымды да толтырып жүрген сол. Бүкіл дүниеммен берілем бе оған, ал берілмесем де, жүрегі шайлыққан құстай ер таппағаным үшін бүкіл әлемнен кешірім сұрар ойым жоқ Ал сен ше?

Мен де, Ганнуся.

Менің ойым да шынымен оныкімен бірдей еді. Зиялылыққа деген көзқарасымен табиғаты үйлескен, күйеуге шықпаған екі-үш әйелге бөлек емес, неліктен бірге тұрмасқа? Бұл менің «әртістіктен ада тоғышар санамның» сөз қағыстыра алмайтын новаторлық ойлардың бірі болатын!..

Ол мені бағыныштысы сияқты басқаратын, мен оның ырығына бағынбай, өз-өзіме қожайын бола алсам да, айтқанына көнетінмін. Оның билігін ауырсынбайтынмын. Ішімде тіпті қарсылық күші де оянбайтын. Керісінше, бір жұмыстармен үйден алыс кеткен кездерімде сағынатынмын. Өзін де, одан тарап, қарым-қатынасымызға өзге реңк пен дем беріп тұратын күшін де сағынатынмын...

Өзі көркем еді. Келбеті жарқын, бет-пішіні айқын, жанары өткір, әрі үлкен, ұшқындап тұратын нұрлы, шашының түсі күлгін түске жақын аққұба ару болатын. Дене бітімі де сымбатты... Ал пайымын шапшаң, әрі дәйексіз білдіретініне келсек — оны шексіз сүйетін едім: айтқанына шәк келтірмей, оның үстіне өзім сияқтыларға сыңайлас болып, бұл өмірде де теңіздегідей көзден таса болу үшін, анау өзендей көнігіп, салынған арнамен баяу ағатынмын.

Содан болар, мені шын жүрегімен сүйіп, «өз әйелім» деп те атайтын... Осылайша дәм–тұзымыз жарасып, ұзақ уақыт екеуміз бірге тұрғанбыз.

Өзімнің әртүрлі емтихандарыма ықылас қойып, дайындалып жүрген едім, ал ол сурет салумен болатын. Екі беті албыраған, жүрегінің түбін бойлап, салып жатқан суреті — Корреджоның «Залым арудың»  көшірмесі еді. Бұл іс қолынан келетініне құлай сеніп, барынша иланып салатын ол суретті. Мүмкін, талантын жандандырып, мұратына жететіне сенім ұялатқан да сол шығар...

 


[1] Тағдырдың еркетай аруы (нем.).

[2] Мен — тағдырдың еркесімін (нем.).

[3]3 Cөз арасында (фр.).

Ольга Кобылянская

Ольга Кобылянская — украин жазушысы және феминист. Ол 1863 жылы 27 қарашада Оңтүстік Буковинада (қазіргі Румыния) дүниеге келген. Әйелдер теңдігінің жақтаушысы. Ұлы Отан соғысы кезінде ауыр науқас Ольга Кобылянская кете алмай, фашистердің қолына түсіп, оны әскери сотқа беру туралы шешім қабылдады. 1942 жылы 21 наурызда қайтыс болды.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon