Жаңылхан Асылбекова

137

Ізгілік бастауы

Сен мені қайрамасаң

 

Сен мені қайрамасаң мен өткір

болмас па едім,

Ауылдың әнін айтқан сары ауыз балапаны.

Құздарға мың ұмтылып қияны

шалмас та едім,

Ұйқысыз атпаушы еді алдымда

ала таңым.

 

Батылым жетпес те еді барымды көрсетуге,

Бұйығы қалпымменен сүрер ем

өмірімді.

Тағдырдың кемесінде сең соғып теңселтумен,

Сен маған үйрете алдың жеңу мен жеңілуді.

 

Жеңілсем жаным жасып сырымды

қалам ұқты,

Үйрендім әр кезеңнің сәтімен

келісуді.

Қанша рет қайрат қылып төзімді

сабыр тұттым,

Ішіңнен мойындадың менің әр

жеңісімді.

 

 

Ізгілік бастауы

 

Құдіреттің күшті ісіне таңғалма,

Адамдықты аялай біл, аңғар да.

Ажырамас сәттер өтер бір күні,

Аяқталар атпай қойған таңдар да.

 

Болмай қалса ойлағаным, күткенім,

Иілмедім, иығымды тіктедім.

Өткіншіге үгілмейін бор болып,

Тағдырыма уәжім жоқ түк менің.

 

Жете алмасам, жеткізбесе болмасын,

Қона алмаса, қонбай қойсын, қонбасын.

Тірілердің қамқорлығын көрмесем,

Бабалардың шапағаты қолдасын.

 

Кездерім көп келіспеген, көнбеген,

Кердергіні көрдік жатқан көлденең.

Өміріңді сүрсең жақсы, сүре алсаң,

Әйтеуір бір пенде болмай өлмеген.

 

Таусылмасын айтарым да, жазарым,

Көрсем көрдім сол жазудың азабын.

Іздеп шықтым ізгіліктің бастауын,

Игіліктің ізет толы базарын.

 

Содан табам барымды да, жоғымды,

Жалғызымды, жаны ашитын тобымды.

Басталуы басталды ғой тірліктің,

Биіктерде бітірсем ғой соңымды...

 

 

Бір үзік сәт

 

Бағытымды адастырып көшімнен,

Бір үзік сәт шығар емес есімнен.

Шығар емес сол үзік сәт санамнан,

Ұмытпақ бол әлденеше өшіргем...

 

Кете алмасам, жете алмасам амал не,

Аман ба екен менен оған сәлем де.

Баяғыдай бал-бұл жайнап жүр ме екен,

Таязданып кетпеді ме ол тереңнен?

 

Мен жайында сұрамаса үндеме,

Сағынып жүр, қамығып жүр біл деме.

Сені ойласа көз жасына күші бар,

Қиналып жүр дей көрмеші, дым деме.

 

Сұрай қалса бақытты де, күліп жүр,

Еш алаңсыз көңілді өмір сүріп жүр.

Жыр оқиды дей сал оған шаттанып,

Көңілі оның дей көрмеші бұлыңғыр.

 

Әдемі де, ақылды де, ару де,

Елегізіп жүр демеші әр үнге.

Риза дей сал тағдырына, барына,

Кешіре алған, түсіне алған бәрін де!

 

Айта салшы жыр жазад деп тұнықтан,

Алаң көңіл сабырға кеп шыныққан.

Бәрі өткінші екенін ол ұқты де,

Дей сал оған ол да бәрін ұмытқан.

 

Білгісі оның келмейді де сен жайлы,

Екінші өмір болған емес, болмайды!

Көріп тұрып, біліп тұрып айта алмай,

Іштен тынсаң бәрінен де сол қайғы.

 

Сені аңсаған сәттеріне назалы,

Сондықтан да дамылсыз жыр жазады.

Дей сал оған адам азса егерде,

Сенімінің жоқтығынан азады.

 

Айта салшы мұңайса да ол азған жоқ,

Бір үзік сәт өртеп өткен жалған боп.

Бір үзік сәт ғұмырына сәуле боп,

Бір  үзік сәт қалған дей сал арман боп.

 

Дей сал оған бәрі жақсы, керемет,

Ай аялап, аспан сүйед, жел өбед.

Сұрамаса айтпай-ақ қой ештеңе,

Көңіл тамшы өтер бір күн себелеп.

 

Бір үзік сәт қандай ғажап, керемет,

О, жаратқан, түйгенімді терең ет.

Ұлылықтың бәрі үзік үркердей,

Үркер сезім, үлбір күндер — көбелек.

 

 

Қара шаңырақ

 

Ауылда бір үй бар ат басын тірейтін,

Еркелеп төрінде еркін бір түнейтін.

Сол үйде балалық өткен ед біздердің,

Үңіліп қараймын қалған сол іздерге.

 

Сол үйде бой жетіп, сол үйден ұшқанбыз,

Ұясын қалдырған қанатты құстармыз.

Оралған сәттерде сәби шақ қарсы алар,

Күйімнен айығам күйбеңнен шаршаған.

 

Ауылда бір үй бар түсімде шақырған,

Кітапты оқушы ем етпеттеп жатып ап.

Армандап қараушы ем аспанға, жұлдызға,

Сұлу ай сыр айтқан қиялшыл бір қызға.

 

Ауылда бір үй бар сағынтқан әрдайым,

Өзіңді бетке алсам зулаймын, самғаймын.

Ол — қара шаңырақ қасиет дарыған,

Қара орман өзіңді аңсаймын, сағынам.

 

Ауылда бір үй бар көп келер кісілер,

Жайыңды жасайтын жаныңды түсінер.

Ол — қара шаңырақ әр жанды ұшырған,

Тілеуші- қолдаушың, жақсысын ұсынған.

 

Ол — қара шаңырақ үлкеннен бата алған,

Қалқиған қалпында киелі үй атанған.

Әкем де, анам да сол үйде тербеген,

Сол үшін асығыс аттанам елге мен.

Ол — қара шаңырақ.

 

 

1937 жыл

 

Отыз жеті... Жылдардың ең қаталы,

Қанша адамды жер құштырды қаһары.

Кешегі ердің «халық жауы» атанып,

Қайғырғаны қабырғаңа батады.

 

Отыз жеті. Отқа айдаған заманы,

«Елім-айлап» боздақ кетіп барады.

Шерменде жан шерлі жүрек қан жұтып,

Қынадайын қырылған ел қатары.

 

Отыз жеті, қолдан жасап тамұқты,

Жан алуға неге сонша ол құнықты?!

Ерте ес жиған есті жандар оққа ұшып,

Жесір, жетім үнсіз тынып құмықты.

 

Отыз жеті... Өсті ұрпақ  өлмеген,

Әке атылып, ана айдалып шерменен.

Сатқындықтың дәмін ерте татты олар,

Жылдар бойы шындықты іште жерлеген.

 

Отыз жеті, үнсіз қалмас замана,

Сарыуайыммен сарғайды дала да.

Ақтаңдақ жыл- орны толмас қасірет,

Ауық-ауық сілкінеді Жер-Ана.

 

Отыз жеті. Қорқынышпен көз ілем.

Жан ұшырған сан елеске кезігем,

Сөйте тұра тұнығында тұна алған,

Ұлы Алаштың өлмес рухын сезінем!!!

 

Отыз жеті...

Мұңға оранған мұқалмаған төзім ең.

Қайсар жұртты қайратты еткен өзің ең.

Аждаһаның аузындағы оттан да өр,

Ұлы Алаштың өлмес рухын сезінем!

Ұлы Алаштың өлмес рухын сезінем!

 

 

Мен Айседора емеспін

 

Ішінде жүрсең елестің,

Ұға қоймайды сені ешкім.

Қанша қиял болса да

Мен

Айседора емеспін.

Өтсе де күндер сарылып,

Өзге ел — өзге соны ұқ.

Жаутаңдамай

Жанарыңда тола үміт.

Ерлік те жоқ мақтанар,

Көптен көңіл сақтанар.

Жүрегім бар бір сенгіш,

Жараланса

Жарылуға шақ қалар.

Міндетім жоқ ешкімге,

Еліктірме,

                 кеш мүлде.

Нем бар менің әуре боп,

Бағы таймақ бес күнге?!

Тағдырыңмен егестің,

Қарлы шыңмен теңестің.

Сен

Есенин болсаң да

Мен

Айседора емеспін.

Елес түн,

                 Елес күн, елеспін...

 

 

Арылу

 

                             Әруағым өкінбесін
                                           Клод Моне

«Өрте бәрін, көзін құрт солғындарды,

Ақшаға құнықтырмай малғұндарды.

Менің қолым қалған із ғасырлардан,

Тәнті етер көңілі ояу алғырларды.

 

Сонда менің әруағым ұялмайды,

Шын ұққандар өнерге күй арнайды.

Мен өтсем де атыма шаң қонбасын», —

деп Моне тірі кезде қиялдайды...

 

Мұз қатып сақалына, кірпігіне,

Қарысып саусақтары күн, түні де.

Ойына алған нәрсе шықпай қалса,

Өрт құшып, аман қалған ілкі біреу!

 

Өзіне риза болып күн кешпеген,

Жанына жақпағанмен тілдеспеген.

Шын өнер үшін бәрін құрбан еткен,

Бір сурет аман қалып мың кестеден.

 

Алдамшы атақ, сыйдан дәметпеген,

Уақытын бос өткізбей әлекпенен.

Мәңгілік өмірінің арын ойлап,

Өзі түгіл

әруағым өкінбеуі керек деген!

 

Осылай өткен дейді сурет пірі,

Көз алдыма кеп тұрад күйректігі.

Өмірің өнеріңмен ұштаса алса —

Ұғыну керек екен сый деп мұны!

 

 

Мәңгілік

 

But we loved with a love

that was more than love...

Edgar Allan Poe (1809-1849)

 

О, Вирджиния,

Сенің өлмес сезіміңді,

Жырына Аллан арқау етті.

Ақын өзі көзін ілді,

Өлеңі өлмей бізге жетті.

 

Қаңқу сөзге қайғырдың ба,

Неге жастай күйредің?

Сен едің ғой айбынды жан,

Түңілтті ме түйгенің...

 

Қасастық пен күндестіктен,

Талқан болды тағдырың.

Арманың мен үндестікті,

Қай белесте қалдырдың?

 

Қайран жастық қимай өттің,

Қиянаттан қайғы жеп.

Бұл жалғанға сыймай кеттің,

Сертінен ер тайды деп.

 

Бар болғаны хат жазды ол,

Шалқар шабыт өлеңмен.

Бар болғаны топты озды ол,

Дақпырт қуғыш өлермен.

 

Қашан халық иманы кең,

Бағалайды дарынды?!

Өз жаныңды қиғаныңмен,

Қия алмадың жарыңды...

 

Аннабель Ли — өлмес бейне,

Сенің өлең — есімің.

Ақын жанын кес кестей ме,

Өзгермейтін шешімің...

 

О, Виржидния — Аннабель Ли,

Эдгар Поның әлемі.

Көк те, жер де көрсеткен сый,

Өлмес жыры дәлелі.

 

Дамылда енді ертегіңде,

Махаббаттан жаратылған.

Кеткеніңмен ерте мүлде,

Есте қалды дара тұлғаң.

 

 

Қаhарман Марашқа

 

Түркиядағы жер сілкінісінен 40 000 адам қаза тапты.

Ақпарат көздері, 6.02.2023

Елесі кезіп ананың,

Шырылын естіп баланың

Жеті қат жердің үстінен,

Кім білген іздеп табарын?!

 

Сынақтан көзін ашпаған,

Қаhарман Мараш асқақ ән.

Жауыңды жойған шахар ең,

Қабірің болды-ау баспанаң.

 

Үмітін үзбей жұртың тұр,

Ауыр боп қалды ау бұл күн бір.

Аққа орап құшып, қоштасып,

Арулап қою — ғұрпың бұл.

 

Денені іздеп теңселіп,

Өзегі жанның өртеніп.

Қырық мың кісі қазасын,

Көтермек елің еңсеріп.

 

Назары ауып ғалам бар,

Адамға адам алаңдар.

Қырық жыл қырғын болса да,

Ажалды өлер деген бар.

 

Жаншылған үйде жаның бар,

Түркі елі деген қаным бар.

Әр бір сәт қымбат, санаулы,

Талмаңдар, іздеп табыңдар.

 

Сәбисіз ана жылайды,

Анасыз бала мұңайды.

Түркіге құдай сабыр бер,

Сабыр бер соны сұраймын.

 

Толқынмен сырласу

Жасандылықтан жалыққаныңда,

Түсінбестіктен тарыққаныңда,

Табиғатпенен астасып кет те,

Әзіз жаныңды алып бар жырға.

 

Алып бар дағы мекенде түнді,

Айлы аспанды, нұр сәуле күнді.

Терең теңізбен бірге тыныстап,

Жағаны соққан толқынмен күлгін.

 

Толқын да саған сырын айтады,

Теңселер пальма желге жайқалып.

Алып мұхиттың күшін сезінсең,

Сана да сергіп күш ап қайтасың...

Жаңылхан Асылбекова

Жаңылхан Асылбекова — филолог, ақын, журналист. Алматы облысы, Кеген ауданы Жалаңаш ауылында 1970 жылы 25 маусымда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің филология факультетін қызыл дипломмен бітірген, филология ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі, қазақ журналистикасының қайраткері. ҚР ақпарат саласының үздігі. Үш поэзиялық кітаптың авторы.«Қазақстандағы кімнің кім екендігі» өмірбаяндық анықтамалық кітабінің редакторы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon