Тахмина Амиргазина

35

Әңгімелер

Қазақ тіліне аударған Ерлан Умашев

 

Жолдас

 

Биыл қыс суық. Қала тұрғындары жаңа-жылдың жақындағанын ойлап, өз жандарын жылытып, жұбататын. Жаңа-жылда ғажайып құбылыс пен өзгерістің болатынына үлкендер де сенетін.

Қаһарлы қыстың желі ешкімді аямай өткен-кеткендерді жұлмалап жатқанда, жайлы мейрамхананың бұрышында аяғын астына бүгіп Құдайберген жайғасқан. 10 жастағы бала сүйсініп кітап оқып отыр. Бір кезде көзінің қиығымен мейрамхана есігінің алдында тұрған баланы байқап қалды. Ол бала жылыну үшін біресе секіреді, біресе аяғын-аяғына ұрады. Бірақ мейрамханаға кіруге батпай тұр. Бала Құдайбергеннің қарап тұрғанын сезіп, ыңғайсызданып қалды, тіпті кеткісі де келген сияқты. Құдайберген оған қолын бұлғап, ішке шақырды да, өзі оған қарай жүрді.

— Ішке кір, — деп есікті ашып, суық желден тітіркеніп кетті. — Саған бірдеңе болды ма?

Бала «Иә» дегендей басын изеп, ішке кірді.

— Телефоным мен ақшамды ұрлап кетті, үйіме дейін 7 аялдама бар. Жаяу баруға бел байлап едім, болмайды екен, тоңып қалдым. Сенің телефоныңнан ата-анама қоңырау шалсам бола ма?

— Әрине! — деп қуанып кетті Құдайберген. — Неге бірден кірмедің? Тоңып тұрсың…

— Ыңғайсыздандым, — деп мұрнын тартты.

— Өй, қойшы тегі! Мә, анаңа хабарлас! — деп телефонын беріп, өзі ішке қарай кетті.

Тоңып қалған саусақтарымен анасының нөмерін теріп:

— Анашым, бұл мен ғой. Бәрі жақсы, уайымдамаңыз. Ақшам болмағандықтан үйге қайта алмай тұрмын. «Аура» мейрамханасын білесіз бе? Сізді сол жерде күтемін.

— Қоңырау шалдың ба? — деп қолына бір кесе шай мен бәліш ұстап Құдайберген келді.

— Иә, көп рахмет! Анам қазір келеді.

— Оқасы жоқ, отырып шай мен бәліш жеп ал, — деп Құдайберген баланы үстелге шақырды.

— Бұл не? — деп бала таңғалды.

— Шай мен бәліш. Қатты тоңып қалғансың ғой, жылынып ал, болмаса ауырып қаласың.

Аяз бен қоса ұят баланың денесін байлап алғандай.

— Бірақ менің ақшам жоқ әрі бұл жер қымбат сияқты. Анам ұрсады.

Құдайберген жымиып:

— Шай мен бәліш менің атымнан, бұл менің әкемнің мейрамханасы, — деді.

Құдайберген күштеп отырғызбайынша бала үстелге отырғысы келмеді.

— Рахмет, айтпақшы, менің атым — Қасым, — деп сыбырлады да телефонын қайтарып берді.

Телефонның экраны енді сөне бергенде алтын түсті ритривердің суретін көріп:

— Сенің итің бе? — деді.

Құдайберген күрсініп:

— Солай болғанда ғой…

— Ата-анаң рұқсат бермей ме? — деді, бәлішін ашқарақтана тістеп.

— Жоқ, әкем рұқсат етті, бірақ… Бұл туралы оның ойы басқаша. «Біз үй жануарын сатып алмауымыз керек, жануар бізді досы ретінде өзі таңдауы керек,» –дейді әкем.

— Ол қалай сонда? — деп таңдана сұрады Қасым.

— Ол дегеніміз, сен итті сатып алмауың керек, бірақ көше кезген итті көрсең оған жылулық танытуың керек. Қандай ит болса да бәрібір.

— Қызық екен, — сәл жылынған бала ойланып қалды. — Байлардың өзінің қызық бірдеңелері бар.Сен өзіңе кез-келген ит тұқымын сатып ала аласың ғой. Мысалы: лабрадор.

— Иттерді олай бөліп жаруға болмайды. Ең жаман деген иттің өзі сенімен қуана ойнап, мектептен күтіп алады немесе қорғауы мүмкін. Бастысы оған жақсы қарау. Өкініштісі адамдармен олай емес.

— Кез-келген ит дос бола алады, бірақ адамдар емес, — деген ой түйді Қасым.

— Дәл солай, — Құдайберген қуанып кетті.

— Енді сен иесіз иттің кездескенін күтіп жүрсің бе?

— Иә, күтіп жүрмін. Бірақ біз қаланың ортасында тұрамыз, біз жақта иттер көше кезіп жүрмейді.

— Дұрыс емес жерлермен жүретін шығарсың, — деді Қасым жымиып.

— Солай шығар.

— Көңіл-күйіңді түсірме, сенің орныңда итсіз де бақытты болар едім.

— Неге? — деді Құдайберген түсінбей.

— Мына жерге қарасам, ақшаң көп сияқты, — деді Қасым.

— Сенің ойыңша бақыт ақшада ма?

— Ақшаң жоқ болса, бақыт ақшада болып көрінеді, — деп қонақ ұялғаннан төмен қарап.

— Егер ақшаң болса, ақшасыз одан да жақсы болар еді, — деп мейрамхана иесінің баласы күрсінді.

— Біз бір-бірімізді түсіне алмаймыз, — деп Қасым қарсыласқысы келмей жауап берді. Осы біртүрлі балаға риза болды.

— Адамдар бір-бірін көп түсіне бермейді, — деп Құдайберген де келісті.

— Дәл солай! Бірақ бірдеңені түсіндім, — деді әбден жылынған бала.

— Нені түсіндің?

— Байлар да — адамдар, — деп Қасым жымиды.

Балалар күлкіге қарық болды. Сол кезде Қасымның анасы да келіп қалды.

Таңертең халық ертегі әлемінде жүргендей оянды: табиғаттың өзі даланы жаңа-жылдық кейіпке түсірген. Адам қолымен мұндай әсемдікті істей алмайды. Жаңа жауған қар адамдарды баурап, жүрген кезде құлақ құрышын қандырарлықтай сықырлап тұр. Жаңа-жылға бірер сағат қалды.

Көліктен шыққан ересек адам бір адым жасамастан, бетіне жентек қар келіп тиді.

— Ай, бұлай ескертпей шабуылдауға бола ма, әділетсіздік, — деді ересек адам.

— Әділ, әділ! Әкеңмен ойнап жатсаң, әділ, — деп айқайлады езуін жия алмаған Құдайберген.

— Ах, солай ма, онда сақтан! — деп әкесі де қар атқылай бастады, бірақ бес минут болар болмас тоқтатуын сұрап жалына бастады.

— Осы-ақ па? Мен сізге мүмкіндік беріп тұрмын, — деді оңай жеңісті қаламаған баласы.

— Балам, білесің ғой, мені жұмыс күтіп тұр.

— Жұмысыңыз хатико сияқты, әркез күтіп жүреді, — деп Құдайберген ренжіді.

— Солай болуы керек, өскенде мені түсінерсің.

— Күмәнім бар… — деп терең күрсінді де, — Жарайды, кеттік, — деді бала.

— Хатико-жұмыстарымды тез аяқтауға уәде беремін, — деп әкесі баласының көңілін тапқысы келді.

— Әке, сенің нағыз достарың көп пе? — деп кенеттен сұрақ қойды Құдайберген.

— Жай сұрадың ба әлде мені сынағың келіп тұр ма? — деп әкесі таңдана сұрады.

— Жауап беріңізші!

— Өкініштісі бұрыңғыдай көп досым жоқ.

— Неге? Олар қайда кетті?

— Тоқетерін айтсам: нағыз дос қиындықта емес, табысты болғанда сыналады. Не тек менің жағдайымда, — деді ойға шомып кеткен әкесі.

— Сізбен келісемін, — деді сезімге берілген баласы.

Әкесі баласына ұзақ таңдана қарап тұрып қалды. Әкесінің жетістігі баласына кері әсер етіп жүргені ме сонда?

Бірақ бір сәтте Құдайбергеннің мұңды көздері таңқалғаннан шарасынан шыға жаздады…

— Әке! — деді өз көзіне өзі сенбей.

Мейрамхана алдында кішкентай күшік тұр. Адамдарды көріп оларға жақындады. Баланың қуанышын көріп құйрығын бұлғаңдатты.

— Әке! — деп қуанышы қойнына сыймай баласы айқайлап жіберді.

— Иә, иә, есімде. Бірақ оны алдымен мал дәрігеріне апаруымыз керек.

Құдайберген күшікті қолына алып, құшақтады. Оның көзі жайнап кетті.

— Мен оны Жолдас деп атаймын, — деп еркелете бастады.

— Сенің нағыз досың пайда болған сияқты, — деді әкесі.

Есікті жауып жатқанда, кешегі баланы көрді. Өзін көргенін байқаған Қасым оған қолын бұлғады.

— Тіпті екеу, — деп Құдайберген жымиды.

 

Ұрланған қуыршақ

 

Күнделікті аула шуының арасынан кенет қыздың ақырын жылаған дауысы естілді. Сол сәтте қыздың қасына екі бала жүгіріп келді. Бірі — қара шашты Ербол, екіншісі — аққұба Еркін.

— Не боп қалды? Неге жылап отырсың? Бір жеріңді ауыртып алдың ба? — деп сұрады қатты алаңдаған тоғыз жасар Ербол. Ол үйдің үлкені болғандықтан өзінен кіші іні-қарындасына бас-көз болу өз міндеті деп есептейтін.

— Ұ-ұ-ұ-рлап кетті! Қуыршағымды ұрлап кетті! — деп Еркежан дауысын әстен-әстен көтеріп жылай бастады.

— Өй, сен де бір! Адамды қорқыттың ғой. Неге бірден ұрлап кетті деп ойладың? Мүмкін бір жерде қалдырып кеткен боларсың?

— Мен барлық жерді қарап шықтым, еш жерде жоқ, — деп үйдің кенжесі дауысын одан сайын көтеріп, жылай түсті.

— Жүр, қайтадан қарап шығамыз, — деп Ербол қарындасын жетектеп, қуыршақты іздеуге шықты.

Үйдің ортаншысы Еркін де бірге іздесті. Бірақ еш жерден таппады.

— Шынымен ұрлап кеткен сияқты, — деп мойындағандай Ербол үнсіз желкесін қасыды.

— Бұл ең қатты жақсы көретін қуыршағым еді деп, — Еркежан тағы жылай бастады.

— Онда қуыршақты кім ұрлағанын табайық, — деді Еркін.

— Оны қалай таппақшысың? — деп күлді Ербол.

— Әке-шешемізге айтуымыз керек, — деп үйдің тұңғышы сөзін жалғастырды.

— Оларға айтамыз дегенше ұры қашып кетеді. Дұрысы: қазір кімнің сөмкесі немесе дорбасы бар, соларды тексеріп шығайық. Қуыршақ кішкентай емес, оны қалтаға сала салмайсың, — деп Еркін ұсыныс айтты.

— Сендерге не керек? — деді қыз, оларға жақтырмай қарап.

— Мына жерден қуыршақ көрмедің бе? — деді үш «із кесуші».

— Жоқ, — деп қыз артқа бұрылып кете берді.

Бірақ үшеуі одан жауап алмай кетпеуге бел байлағандай, қайта сұрақ қойды:

— Сөмкеңде не бар екенін көрсете аласың ба? Біз қуыршақтың сенде емес екеніне көз жеткізуіміз керек, — деп Ербол қызға жақындай түсті.

— Не үшін сөмкемді көрсетуім керек? Қазір анамды шақырамын, — деп қыз үшеуін қорқытты.

— Тоқтай тұршы, біз еріккеннен тексерейін деп жүрген жоқпыз ғой, — деп Еркін алға шықты. — Сөмкеңді көрсетсең, шоколад беремін, – деп қалтасынан шынымен шоколад алып шықты.

— Пара, — деп Ербол ала көзімен қарады, бірақ бұл әдіс жүзеге асты.

«Кінәлі» жаймендеп сөмкесін Ерболға берді. Сөмкенің ішінде қуыршақ бар екен. Бірақ ол Еркежандікі емес. «Із кесушілер» ештеңе таба алмай құр қол қайтты, ал қыз «параның» көзін бірден құртты.

Енді екі жасар баланы тексеру керек. Ол құммен ойнап отыр, ал дорбасы қасында шашылып жатыр. Жақын жерде анасы баласын бақылап отыр. Ол дорбаны тексеруге рұқсат бермейтінін біліп Ербол:

— Мен анасын алаңдата тұрайын. Еркежан, сен сол кезде дорбаны тексеріп кел. Еркін екеумізді байқап қояды, — деді.

Еркежан келіскенін білдіріп басын изеді. Сол сәтте Ербол баланың анасына барып:

— Кешіріңіз, сіз осы үйде тұрасыз ба? — деп оның назарын өзіне аударды.

Әйел адам таңдана:

— Иә, не боп қалды? — деді.

Еркежан баланың қасына жетті, бірақ тастай қатып, қозғалмай тұрып қалды. Балалардың жоспары іске аспай қалатындай.

— Сізге су үшін түбіртек келді ме? — не дерін білмеген Ербол, үлкендерден естіген сөзін айта салды.

— Түбіртек? Су үшін? — деді әйел таңданып. — Келді, электр энергиясы үшін де түбіртек келді, — деп сөзін жалғады.

Еркежан әлі қозғалмай тұр. Сол кезде Еркін жүгіріп барып, дорбаны қарап үлгерді. Ішінде қуыршақ жоқ болып шықты.

— Қызық екен, бізге келмеді, — деп Ербол кетіп қалды.

Әйел біртүрлі қарап, Ерболды шығарып салды.

Еркежан әрең дегенде есін жиып, ағаларының артынан жүгірді.

— Енді не істейміз? — деді Ербол. Ойына ештеңе келмеген Еркін тек басын шайқады.

Тексерілмеген тек белтемірдің қасында жүрген балалар қалды. Олар мектеп жасындағы жеткіншектер еді.

— Мүмкін қуыршақ соларда шығар? Бірақ олар қуыршақты қайтсін? — деді барып сұрауға қорыққан Еркін.

Ербол інісінің ойымен келісті, бірақ артқа қайтар жол жоқ. Қарындасы жылап, інісі қорқып тұр.

— Сендер осы жерде тұрыңдар, өзім барып сұраймын, — деді Ербол.

— Ассалаумағалейкүм, жігіттер, — деп амандасты «аға із кесуші». Жігіттер оған назар аудармады.

— Тыңдаңдаршы! Маңызды әңгіме бар! — деді Ербол.

Олар бұған бағалай қарады, тіпті біреуі белтемірден түсіп:

— Қандай әңгіме ол? — деді.

— Менің қарындасым қуыршағын жоғалтып алған. Біз барлық жерді қарап шықтық, адамдарды да тексердік, тек сендер қалдыңдар. Сөмкелеріңде не бар екенін көрсете аласыңдар ма? — деді Ербол.

— Сен не деп тұрсың? — деп жігіттер ашулана бастады.

Ербол сөзін жалғап:

— Қуыршақтың сендерде емес екенін білемін, ал егер мен сөмкелеріңді тексермесем інім мен қарындасым «қорықсаң болды, беріле салу керек» деп ойлап қалады. Мен өтініп сұрап тұрмын, — деді Ербол.

— Сен құтырған екенсің, — деп белтемірден түскен бала Ерболдың жағасынан алды. «Аға із кесуші» қорыққаннан көзін жұмды. Кенет:

— Тоқта, жібер оны, — деді екінші бала. Ол жаймендеп Ерболға жақындап сөмкесін көрсетті және басқаларға да сөмкелерін көрсетуді бұйырды.

Ербол үндемей сөмкелерін қарап шықты, күткендей қуыршақ оларда емес екен.

— Рахмет, жігіттер! Сендерге қарыздармын! — деді өзінің жолы болып кеткеніне сенбеген Ербол.

Еркін мен Еркежанның көзіндегі мақтаныш отын көрген Ербол, тәуекел етіп балаларға барғанына өкінбеді.

Достарының біртүрлі қарағанын байқаған жігіт, белтемірге қайта асылып:

— Менің де іні-қарындасым бар, — деді.

Жас із кесушілер үйге қуыршақсыз қайтты, бірақ бойларында мақтаныш сезімі қайнап жатты.

Үйге кіргенде олар сілейіп тұрып қалды. Есіктің алдында көзі бақырайып жатқан қуыршақты көрді.Үшеуі де ішек-сілесі қатып күлді.

Сәлден соң есін жиып, демін алған Еркежен ағаларынан:

— Пара деген не? — деп сұрады.

Тахмина Амиргазина

Тахмина Амиргазина — учится в ОЛША на курсе по детской литературе. По образованию — детский кардиолог. Автор сценария пьесы «Волшебная книга», подростковых сериалов «Мы», «Переворот» и нескольких короткометражных фильмов.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon